Ұлт өркениетін қалай үстем етеміз?

428

0

Ғылым тарихын мазмұны мен дамуы бойынша талдап шыққан профессор Борис Поршневтің «Тарих акселерация» деген теориясы бар. Акселерация – қазақ тілінде жылдамдықтың үдеуі. Профессор Поршневтің айтуы бойынша, тарихтағы кез келген кезең, одан кейін келетін кезеңнен екі есе ұзақ, келесі кезең алдындағысынан екі есеге қысқа. Мысалы, тас дәуірі қола дәуірінен екі есеге ұзақ. Одан кейінгілер де 2 есе жылдамдықпен қысқарып отырған. Әр кезеңнің өз өркениеті болады. Осы өркениет – сол кезеңнің қандай жылдамдықпен өтетінін анықтаушы. Бұл орайда, кез келген талдауға қабілеті бар адамның қояр сұрағы «Өркениет қалай пайда болады?» болмақ. 

Өркениет – бір заманда өмір сүрген бірнеше мәдениеттің син­тезі. Ал, мәдениет қалай өрке­ниетке жол бастамақ? Мәдениет жетістігі қалай пайда болады?

Осы орайда, ойға психология ғылымының негізін қалаған З.Фрейдтің тұжырымдамасы ке­ле­ді. Фрейд бойынша, адам болмысынан анти-әлеу­метті, оны қатынасқа қоғам үй­ре­теді. Алайда, қоғам адамды қаты­насқа үйрету барысында өз қажеттіліктерін қанағат­тан­дырып, адам қалауларын ұмыт қы­лады, яғни, өз талаптарын қойып, қысым көрсетеді. Қысымға ұшыраған адам инс­тинк­терін, қалаулары мен қа­жет­­тілік­терін қанағаттандыру үшін бар энергиясын шығар­машылыққа бағыттау арқылы оны компенсациялайды.

Осы теорияға түсінік беру үшін, мысал ретінде Ренессанс дәуірін алғым келеді. Бұл дәуір басталар кезде, Еуропада діни фанатизм белең алып тұрған еді. Әйелдерде нәзіктікке тіпті, ишара да болмауы тиіс, әйел әрдайым еркектен төмен, саясатқа араласа алмайды, әлеуметте оның статусы – тек баланы өмірге әкелетін инкубатор еді. Өнер тек діннің аясында болуы керек. Ғылым мен пәлсапа ұмыт болуы керек, егер де «ғылыммен не өнермен айналысты» деген сыбыс шықса, оны шіркеу дереу қуғынға салады. Ал банкирлер болса, шайтанның жандайшаптары. Естеріңізге ешнәрсе салмай ма?

Қоғамның адамға көрсет­кен қысым деңгейінің жоғары бол­ғаны соншалық, тіпті, компенсациялаушы – шығармашылықтың өзіне шектеу қойды. Алайда, басылған инстинкт қалай да шы­ғу жолын табады. Қысым­ның қаттылығынан шыққан шы­ғар­машылық, өзін тудырған қы­сымға агрессия танытады. Бұны Ренессанстың алғаш­қы өкілдерінің мәдениет жетістік­терінен көреміз. Мысалы, Донателло ди Бардидің сол кезде тыйым және мінмен қудаланған, антикалық дәуірден кейінгі алғашқы жалаңаш мүсін «Дави­ді», Брунеллескидің атын мәңгі еткен, дін өкілдері «бәленің ісі», замандастары «ұсқынсыз» деп тапқан Санта-Мария дель-Фьоре соборы.

Итальяндық Ренессанс еуропалық Ренессанстың басы болып, сол заманның өркениетін жасады, яғни үстем мәдениет болды. Өркениеттің өлімі – үстемдігінен айырылуы.

Енді, Ренессанстың бет тү­зері болған антикалық дәуір­ге келейік. Оскар Уайльд «Анти­калық мінсіздік» деп тамсанған, сұлулық пен нағыз өнердің эталоны, кербез мүсін жігіттері мен паң қыздары бүгінгіге таңдай қақтырған антикалық дәуірдің соңы не болды? Рим империясы өз өліміне жақындар тұста қандай феномен пайда болды?

Қазіргі өркениетке келейік. Бүгінгінің үстем өркениеті – батыстық өркениет. Қазіргінің баласы да, кәрісі де сол Ба­тысқа қарап бой түзейді. Біз политикалық құрылымымызды да, өнерімізді де, оның ішінде танымал болу жолымызды, сти­лімізді (өзін батыстық мәде­ниетке сай ұстаған – қазір сәнде емес пе?!), тіпті, оқитын кітап­тарымызды да соларға ұқсат­қымыз келеді. Солардың идеологиясын мыңжылдықтар бойы қалыптастырған, қасиетті ұлт­тық идеологиямыздан жоғары қоя­мыз. Олардың идеологиясы жа­ман демеймін. Идеологиясы – ғажап. Өкініштісі – біздің идеологиямыздың ақсап, өз пікірімізден айырылғанымыз. Біз басқаға еліктейміз деп, өзімізді ұмыттық, өзімізді тек басқалар қойып берген стереотиптер арқылы ғана танитын күнге жеттік. Өзіміздің іштен шыққан таланттарды қас­тер­леу­дің орнына, оларды бас­қалардың мойындауын күтеміз. Қазақтың талантты суретшілері тегін көр­ме жасаса да бармаймыз. Шетелден келген суретшісымақ екі ағашты айқастырса (контемпори арт), соны көру үшін ақшамызды аямаймыз. Біздің суретшіміз болса, әр түні жатарда, өзінің бағаланғысы келетінін айтып, жалбарынып жатады. Біз студенттеріміз оқу­ды оңтай­ландыратын тәсілді айтса, «әлі жассың» деп жылы жауып қоя саламыз. Бір шетелдік келіп, дәл сол нәрсені айтса, ойланбай жасауға дайын тұрамыз.

Бірақ, бір жақсы жаңалық бар. Өркениет жылжиды. Ал қа­зір ол Батыстан жылжуда. Оның тенденцияларын қайдан білеміз? Жақында Американың бір штаты туған бауырлар арасындағы некеге рұқсат берді.  Барлық штатта және біраз еуропалық елдерде бір жыныстылардың үйленуіне рұқсат бар. Оларға тіпті, өз балаларын суррогатты ана арқылы жасауға болады. Алайда, ол қымбат қызмет болып саналады. Гомосексуалдар өздерінің сондай болғанына кінәлі емес. Солақайлықтың себебі тәрізді, ол да белгісіз себепке ие. Олар да – біз секілді ет пен сүйектен жаратылған жандар. Біздің «олар» дегеніміздің өзі – Құдай берген адам құқығына қол салуымыз. Алайда, бұл – табиғи өсімнің төмендеуіне әкеледі. Инцест (туған бауырлардың жы­ныстық қатынаста болуы), тіптен төртінші буындағы ағайын­­дылардың үйленуі – баланың сау болып туу ықти­мал­дығын азайтады. Демек, нағыз батыстық мәдениетті ұстанушылар азаюда. Ал, оның орнын толтыру үшін Америка не жасап жатыр? Fullbright, Work and Travel секілді программалар, стипендиялық ұсыныстар, волонтерлық бағдарламар – бәрі біздің ақылды жастарымызды, «миларымызды» өздерінде алып қалып жатыр. Green Card лотереясы эмигрантқа америкалық азаматтың барлық артықшылығын сыйлайды. Қа­зақстанда осы лотереяға жыл сайын шамамен 90 мың адам қатысады, оның ішінде мың адам жеңіп алып, Америкада нағыз американдық өмірді 10 жыл сүруге құқылы болады. Статистика бойынша, 5 жылдан кейін осының тең жартысы азаматтықтарын америкалық етіп өзгертеді. Қатысушы тоқсан мың адамның бәрі кем дегенде үш тілде еркін сөйлейді. Демек, олардың миы осында қалған адамдарға қарағанда жақсырақ жұмыс жасайтындығы хақ. Олардың ішінде бағана жалбарынып жатқан суретші бар, туған жерінде мойындалмаған әнші-күйші бар, жұмыс таба алмаған робототехник бар, жұмысы «қымбаттау» программист бар. Бәріне заманының үздігі А.Маслоу айтқан «мойындау, бағалау» қажетті. Суретші Еуропаны шулатып жатыр, әнші мен күйші әлемді, робототехник пен программист силиконды алқапқа ақша түсіруші күш болды. Бұл – ми ағымы. Өркениетке бұның не қатысы бар?

Батыста қазір қызықты тенденция басталды. Америкалық жас жұбайлар барлық қаланың берер қызығынан бас тартып, цивилизацияға жақын, бірақ табиғат аясынан өздеріне үй салыпты. Киіз үйдің жетілдірілген түрі. Миланда соңғы уақытта ерекше қонақ үй сұраныста екен. Бөлмелері киіз үй форматында, тіпті әдейі алакөлеңкеге қояды екен. Ескіні еске салсын деп. Ди Каприо мен Дональд Трамптың баласы табиғатта дем алғанды жақсы көреді. Моңғолияда. Киіз үйде. Жылқылардың арасында. Осы айтылғанның бәрі – бізге тиесілі дүниелер. Кезінде жасаған дүниелер. Бірақ ешқайсысы бізде емес. Өркениетті ақылды адам жасайды, батыл адам қорғайды, қалғандары ұстанады. Біздің ақылдыларымыз мен батылдарымыз шетелдік боп бара жатыр. Елде қалғанымен, «бізден асып кетпесін» деп алысып біз әлек.

Өркениет жылжиды. Қазір ол өркениеттің ұлығы – көш­пенділерге оралуда. Түріктер туған жерін Анадолы: «Анамыз – туған жер» дейді. Атасы – біз. Көшпенді өркениеттің өзегі – қазақ. Өзегімізге үңіліп, қазақ мәдениетін үстем етіп, жаңа өркениет құруға, темірді ыстық кезінде соғуға ең көп дегенде 5-6 жылымыз ғана бар. Бұдан қалсақ, өкініш өзегімізді өртер. Өзімізді өзіміз өртейміз. Дәл осындай мүмкіндік енді қайтып келмейді. Келсе де, оны біз түгіл, жеті ұрпағымыз көрмейді.

Олжамыздан айырылып қалмайық. Асығайық. Бәлкім, сіз осыны оқып отырғанда, ең оңтайлы сәтті жіберіп те алған шығармыз. Ал біздің тағы бір алғыр оғланымыз өзінің емес, өзгенің сойылын соғуға белді бекем буған да шығар.

Жанерке РАХМАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<