Мәдениет – Сыр келбетіндегі көркемдік

3930

0

Соңғы жылдары Сыр елінің руханият саласында ерекше елең еткізер жаңалықтарды көп көріп, жиі естіп жүрміз.

Өткен жылы Қызылордада «Анаға тағзым», «Отбасы» орталықтарымен бірге қала іргесіндегі «Қарауылтөбе» мен «Талсуатта» және Жаңақорған ауданының «Жайылма», «Өзгент» ауылдарында 150 орындық клуб құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Бүгін Қызылорданың келбетіне көрік қосқан тағы бір тамаша мәдениет ошағының ғимараты есік ашпақ. Қала тұрғындары аймақ басшысының бастамасымен өмірге келген көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығының» ашылу салтанатын тамашалайды. Бұл салтанатқа ҚР Мәдениет және ақпарат министрі қатысады деп күтілуде.

Кеңес дәуірінде «мәдениет майданы» деген сөз тіркесі болатын. Шын мәнінде мәдениет барлық саламен сабақтас. Ол көрермен көзінде ғана емес, сахна сыртында да оттан түспейтін қазандай қайнап жатады. 

Өткен жылы облыстың мәдениет мекемелерінде 18 мыңнан аса шара өткізіліп, 134 концерт, 361 спектакль қойылған.

Концерттерді көрермен талғамына сай, кәсіби әрі жанды дауыста ұсыну үшін тұңғыш рет симфония оркестрі құрылды.

Өнер әлеміне жаңа есімдерді шығару мақсатында 2 халықаралық, 14 республикалық, 1 аймақтық және 98 облыстық байқау-фестиваль, жыр мүшәйралары, ақындар айтыстары ұйымдастырылған.

Атап айтсақ, композитор К.Дүйсекеев атындағы «Туған жер» І халықаралық әншілер конкурсы, ұлт руханиятының көрнекті өкілі, мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 125 жылдығына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, екі мәрте республикалық жыр мүшәйрасы,  «Қорқыт және Ұлы дала сазы» атты халықаралық фольклорлық-өнер фестивалінің алтыншы рет өткізіліп, оған шетелдерден және елімізден 200-ге жуық өнерпаз қатысуы, мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған арнайы «Тұран» сыйлығының табысталуы, Астана қаласының 25 жылдығына арналған Қызылорда облысының елордадағы өнер күндері, мүмкіндігі шектеулі өнерпаздардың шығармашылығын шыңдауға арналған «Арман» инклюзивті театры» үйірмесінің іске қосылуы, «Жастар театрының» өз алдына кәсіби ұжым ретінде қайта құрылуы, тағы да басқа игілікті істер.

Мұның бәрінің де әрине, облыс басшысының қолдауымен, оң көзқарасымен жүзеге асып отырғаны анық.

Бұларға қоса мемлекеттік тізімге енгізілген облыс көлеміндегі 561 тарихи-мәдени мұра нысанын сақтау, реставрациялау, көне қалашық орындарына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу ісі де толастаған емес.

Мәселен, осыдан он жыл бұрын реконструкциядан өткізілген Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата ескерткіш-кешені бюджеттен тыс көздер арқылы қайта жаңғыртылды.

Биыл мәдениет саласындағы мұндай жұмыстардың мүлде қарқын алатын сыңайы бар.

Наурыз айынан бастап аймағымыз «Руханият жылының» айшықтарына куә болады.

Ақпан айында өткен облыстық мәслихат сессиясында облыс әкімі Н.Нәлібаев: «Халқымыздың жыл басы және жаңару айы – наурыздан бастап Сыр өңірінде биылғы жылды «Руханият жылы» деп жариялаймыз» деген болатын.

Осыған орай өңірде іске асырылатын жаңа игіліктер де атала бастады.

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Мира Қазбекованың айтуынша, Мемлекет басшысының «Адал адам» концепциясы аясында облыс көлеміндегі барлық елді мекендегі клубтар мен мәдениет үйлерінде «Адал адам» рухани-мәдени орталықтары ашылатын болады.

Сонымен бірге облыс әкімінің қолдауымен 7 ауданда типтік үлгідегі «Руханият орталықтары», нақты айтқанда – архив, кітапхана, музей, неке қию залы, ардагерлер кеңесі, аналар кеңесі, жастардың басын біріктіретін орталық салынбақ.

Руханият жылы «Тұран» шығармашылық фестивалі, «Сыр ана», «Ақбаян» әншілер конкурсы, күйшілер байқауы, суретшілер симпозиумы сияқты мәдени шаралардың ғана емес, мәдениетті дамыту мен қолдауға көбірек көңіл бөлінетін жыл болмақ. Бұл хабар – барша халық үшін қуанышты ақпарат.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәдениет туралы сөзінде: «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, яғни, руханиятымызға баса мән бергеніміз жөн» деген болатын.

Жарқын болашаққа арналған осы сөздің жаңашыл мазмұны бастау алды деп білеміз.

Руханиятымыз рәуішті, мәдениетіміз мәйекті болсын.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<