Мағдум Мағзам-Мағзаман әулие

1239

0

Сайын дала саңлақ перзенттерін ешқашан ұмытқан емес. Арада сан ғасыр өткенімен, олардың есімдері жамағаттың санасында берік орныққан. Егемендік алғаннан бері мәдени мұрамызды жаңғыртып, текті тұлғаларымызды қастерлеу үлгілі үрдіске айналды.

Тар жол, тайғақ кешуде бұқараның қамын ойлаған абыздар ұрпағымен қайта қауышты. «Жақсының аты өлмейді».

Майлыбас бекетінің маңынан салынған Мағдум Мағзам-Мағзаман кесенесі осынау қағиданың өміршеңдігін көрсеткендей.
Дерекке жүгінсек, бабамыз ел жадында Мағдум Мағзам-Мағзаман әулие есімімен сақ­талған. Азан шақырып қойыл­ған ныспысы Сайд Ахмад Жа­лаладин Косани. 1461 жылы Фер­ғана аймағының Қосан ша­һарында дүниеге келген. Оқы­мысты, ақын, дін және мем­лекет қайраткері. Алғашқы ұс­­тазы Маулана Мир Сайд Әли­дің медресесін тіл білімінің син­таксис, морфология саласы бо­йынша үздік бітірген.

Мұнан кейін Маулана Мұхаммед Қази, Қожа Ахрар Уали, Абдрахман Жами тәрізді ғұламалардан дәріс алады. Ең кереметі, «Мағдум Мағ­зам» атағын 30 жасқа жетпей иеленіпті. Бұл – «Хазіреттердің ұлығы» деген діни білім дәре­жесіне берілген ең биік мәртебе.


Ол соңына көптеген ғылыми, мемлекеттік іс басқару жүйелері туралы құнды еңбектер жазып қалдырған. Өзі өмір сүрген дә­уірдің діни, саяси-әлеуметтік мә­селелеріне белсене араласқан қай­раткер. Алшын жұртына пір сайланған. Сарыбайдың қызы Қамар анамызға үйленіп, ер ба­лалы болады. Кейін ұлы Хақ­на­зарды өзінің орнына қалдырып, Самарқандқа оралады.


Мағдум Мағзам Жәнібек сұлтанның арнайы шақыртуымен мемлекет ісіне араласады. Сұлтан оған Миянкөл деген аралды сыйға береді. Бұл жерде 4 некелі болады. Жаңа қоныста Мағдум Мағзам еккен 10 түп шынар кейін зәулім ағаштарға айналыпты. Ас­қан ғұлама Сайд Ахмад Жа­лаладин Косани 81 жасында пәниден озады. Қабірі Самарқанд қаласына іргелес Дахбет елді мекенінде.


Дахбет – парсыша он түп тал деген ұғымды білдіреді. «Атадан тал қалсын» дегеніміз осы болар. Ұлы жолдың бойындағы кесене тым айбатты көрінеді. Қабырғасы Самарқандтың қыш кірпішінен қаланып, көк мәрмәрмен қап­талса, есіктері Хиуадан әкелі­ніпті. Бұхаралық ұсталар өрген ғимараттың биіктігі 21 метр болуының да себебі бар. Түп-төркіні киелі 7 – санының 3 есе­­ленген түрінен алыныпты. Сыр бойы Қорқыт бабаның, Үш жүздің пірі Мүсірәлі Әзиз со­пы­ның, Жанқожа батырдың, Ай­қожа, Құлболды, Марал, Қо­сым ишандардың құтты мекені. «Тұлпар тектіден туады». Айту­шы­лардың сөзіне қарағанда атақ­ты Домалақ ана бабаның немере қызы болып есептеледі екен.


«Мағзаман әулие Мұхаммед пайғамбарымыздың аналарды құрметтеу сынды үрдісін жалғас­тырушы. Көптеген мешіт-медресе ашқан. Әйелдерді ер адамдармен қатар оқытып, сауаттандыруды өмірге енгізген. Мағзаман баба­мыздың баласы Ақсақ Те­мір­дің, немересі Жалаңтөс баһа­дүр­дің пірі болған. 1997 жылы Самарқандтағы Жалаңтөс баһа­дүрдің басына зират еттім. Сол жерде Мағдум Мағзамның өзіне қоса 30 ұрпағы жатыр екен» дегенді кезінде марқұм Сейілбек Шаухаманов көкемізден естіген едік.


Қазалы ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<