Әнім сенсің, туған жер!

735

0

Ол теңіз ортасындағы Ұялы аралында, бір кездері көкжал толқындар жан-жағынан асыға жететін, асыға жететін де ару жағаға жеткендеріне шаттана аспанға ақ көбік ататын құт мекенде, аймаққа құс базары ретінде танылған, құстың неше атасы ұрпақ өрбітетін қасиетті Ұялы ауылында, аты аңызға айналған балықшылар мекенінде өмірге келген болатын.
Адамзат тарихындағы аса бір қанқұйлы соғыстың – ІІ жер-жаһан­дық соғыстың біткеніне бес жыл толып, ел енді ғана еңсесін тіктей бастаған кез болатын. Жұмыста жүр­ген әкеге «Әйелің қошқардай ұл тапты!» деген сүйінші хабармен бірге «Сәбидің атын өзі қойсын», – деген сәлемдеме қабат жеткен еді, 12 мамыр күні. Қуаныштан есі шығып кеткен әке: «Қош­қардай» дей ме?» дегенді қайталай беріпті. Сүйінші беріліпті, хабаршы дуылдаған көп адамның ішінен оның қайталап айтып отырған сөзін жөнді ұға алмай, «Аға! Баланың атын – Аққошқар қоямын дейсің бе?», – десе ол: «Иә, солай болсын. Құдай аузыңа салған шығар» – деген көрінеді.
Ее… ол да бір заман екен. Болашақ сазгер-ұстаз Аққошқар Сералиевтің балалық шағы өз тұстастары сияқты қаражоңқа қоңыр тіршілік аясында өтті. Қосшегендегі төртжылдық мектепті бітірген жылы Мұратбай ағайлары зейнетке шықты, бұлардың әрқайсысына бір-бір дана «Халық мұғалімі» журналынан беріп тұрып:  «Сендер бастауыш мектепті бітір­діңдер. Бұрынғы кезде бұл әжептәуір білім болатын. Ал, білім деген ұшан-теңіз сынды, соны түсінген, қиын­дығына төзе алған ғана еліміздің адал азаматы болып шығады. Сендер біздің болашағымызсыңдар, осыны есте ұстаңдар», – деген еді.
Жазғы каникулда ептеп домбыра шерте бастады. Үй төрінде арал­дықтар түрікпен домбыра атандырған мойны ұзын домбыра ілулі тұрғанмен, әкесі оны ұстауына тыйым салған болатын. Оның да себебі бар екен, балалық құмарлық деген маза бере ме, әкесінен бірде сұрағанында «Балам, теңіз жағалай отырған елде небір керемет домбырашылар болды, ой, несін айтасың, дүлдүлдер еді ғой олар шашасына шаң жұқпайтын, көбі кешегі бір кезде ұсталып кетті. Менің Пірімбет атты балам көрерге көз керек сымбатты, сері жігіт болып өсіп еді. Жыр да айтатын, күй тартуы тіпті ғаламат болатын,  ал ән салғаны ерекше бөлек еді. Сонау жылдары біздер бірнеше жыл түрікпендер арасын паналадық, заман солай болды ғой. Сол елде оған тең келетін өнерпаз жоқ еді. Көз өтіп, он жетіге толар-толмасында өмірден озды. Айналайын, көзге түсіп, елден озбай-ақ қой, амандығың жақсы. Домбырашылық бізге жаға қоймайды», – деген болатын. Бірақ, баланың    аты – бала емес пе, әке ауылда жоқ кезде домбыраны үйден алып кетіп, құмның арасына барып тартып жүріп, үйреніп алды, даусын қосып, ыңылдап ән айтып та көрді.
Бесінші, алтыншы сыныпты Ұя­лыда оқыған ол мектептегі көр­кем­­­өнерпаздар ұжымының мүшесі бол­ды, ауданға белгілі орденді ба­лықшы Қапаш ағасының үйін­де жа­тып оқыды. Ол бұл кезде біраз есейіп қалған болатын, демалыс күн­дері балық­шыларға еріп, теңізге де шығып жүрді. Ұялы аралының теңіз бетіндегі мүйісінде орналасқан Көкеріп (бір заманда сол шамшы­рақты жағып тұрушы Кукарев деген кісінің атымен аталып кетсе керек) маягына, түнде оның жарқ-жұрқ еткен өткір сәулесіне қызыға қарайтын, Ұялыдағылар сол кезде әңгімелер еді: «Е…Қайырла, шығар қарақалпақтан келе жатқан», – деп, не:  «Өй, ерің! Насрадинге күн-түнің бірдей ғой, гүрілдетіп келе жатқан сол болар», – деп. Бір қызығы – сол айтқандары дәл келіп жататын, бұл болса «Үлкендер қалай дәл табады» – деп таңқалатын. Кейін есейгесін білді ғой даланың да, теңіздің де хабары телефон, сымсыз-ақ тез жетіп жататынын.
Ұялы территориялық жағынан Арал ауданына қарағанмен Қазалыға жақын тұста, содан болар теңіз тар­тылған кезде Көкарал, Ұялыдан көшкен көп ел Қазалы ауданына қарай көш басын бұрған болатын, бұлар да солардың сапында болды. Қазалы ауданынан Қызыл­құм кеңшары ұйым­дастырылды да, ол жетінші, сегізінші сыныпты осында оқы­ды. Сабаққа ынта­лылығымен қатар, домбыра десе ішкен асын жерге қоятын ол күйта­бақтардан күй үйреніп, біршама төсе­ліп қалды, мұны байқаған Сәнау ағайы біраз күйлерді үйретіп, кеңшар орта­лығында, малшылар арасында өтетін мере­келердегі концерттерге қатыстыра бастады.
Сегізжылдық мектепті бітіргесін енді Қазалыдағы Қ.Сәтбаев атында­ғы орта мектепте оқуына тура келді. 9 «г» сыныбында оқитын мұның дом­бырашылығы лезде мектеп­ке белгілі болды. Бірде сынып жетекшісі Ақдәрі апай мектеп директоры Әбілқасым Маханов ағайдың шақырып жатқа­нын жеткізді. Директордың кабине­тіне имене енген бұған ағайы: «Ал, бала, енді Қызылордада өтетін көр­кем­өнерпаздардың ауданаралық жа­­рысына барасың. Талабың бар, на­мысты берме!» деді де телефон арқылы біреуге мұның аты-жөнін тәптіштеп айтып жатты. Ертеңіне белгілі домбырашы Орақ Баубековтің жетекшілігімен аудандық мәдениет үйінде дайындық басталды. Сол бай­қаудан ол жүлдемен  оралды, енді ауданда өтетін мәдени шара­лар­дың бел ортасында жүретін болды. Оның өнерпаздықпен танылуының да қажетке жараған тұсы болды, оны мектеп бітірісімен «Қызылқұм» кең­шарына клуб меңгерушісі қызметіне шақырды. Осы қызметті үш жыл абыроймен атқарған А.Сералиев 1971 жылы Қызылорда пединституты фи­лология факультетінің «Ән және музыка» бөліміне оқуға түскен еді. Өнерпаз студент бірден «Сыр сұлуы» халық ән-би ансамблінің құрамына алынды, домбырашылығына қоса түрлі плакаттарға, керілген маталарға ұрандар мен суреттер салуға әбден машықтанған жас жігітке факультет деканы Н.Жүнісов ерекше  ықыласты болды, ал ансамбль жетекшісі Мүлка­ман Қалауовтың қам­қор­лығы ерекше еді.
«Жолдамамен Қазалы ауданы Кәукей ауылындағы №225 орта мектепке қызметке бардым», – дейді А.Сералиев, – «Бес жыл тек мектеп қана емес, сол ауылдағы барлық мәдени шаралар менсіз өткен жоқ десем, артық айтпаспын. Мектеп директоры Әбжали ағай, оқу ісінің меңгерушісі Сақыбай ағай және Алуадин ағайлардан ұстаздық шеберлікті үйрендім, оқушы тәрбиесіне қатысты талай ақыл-кеңестерін тыңдадым».
БЛКЖО ОК, Кәсіподақтардың Бү­кіл­одақтық ОК Мақтау грамота­ларымен, Қазақстан ЛКСМ ОК Құр­мет грамоталарымен бірнеше рет марапатталған, БЛКЖО ОК «Бес­жылдық озаты» төсбел­гілерін бір­неше рет иеленген А.Сералиев 1980 жылы Қызылорда қаласына қоныс аударып, бір-екі жыл қала балабақ­ша­ларында музыка жетекшісі бо­лып еңбек етеді де, 1982-1986 жыл­дары Н.Гоголь атындағы Қызыл­орда пединститутының «Баста­уыш оқыту­дың педагогикасы мен әдістемесі» кафедрасында лаборант болып ең­бек етеді.1986-1988 жылдары М.Мә­метова атындағы қыздар педа­гоги­калық училищесінде ұстаздық еткен ол 1988 жылы өзі бұрын ла­борант болып қызмет атқарған ка­федраға оқы­тушылық қызметке келеді.  
Оның «Университет жастарының әні», «Ұстаз туралы ән», «Астанам, ме­нің Астанам», «Менің республикам», «Гүлдене бер, Қызылорда!», «Ел мақтаны» және т.б. әндері Сыр ән­дері атты ұлы теңізге қосылған үлес екеніне дау жоқ.
«Балдәурен», «Қос қарлығаш» атты әндер жинағы жарық көрген ұстаз-сазгер жас өнерпаздар шың­да­луына, шығар­машылық өсуіне ерекше назар аударуда. Жыл сайынғы түрлі ән байқауларына студенттерін қатыстырып, бағыттап оты­руы нә­тижесінде Жасұлан Жарменов, Ай­нұр Насырова және т.б. студенттер республикалық, аймақтық әншілер бай­қауында жүлделі орындарды ие­леніп, үлкен өнер айдынына шықты.
Сазгер-ұстаз өткен жылы универ­ситет ұжымы алдында шығар­машы­лық есеп беріп, қала орталығына ән мамырлатқан әдемі кеш өтті. Уни­верситет басшылығының қол­дау көр­сетуімен өткен кеште өнер сүйер қауым ұс­таз-сазгерге осындай кездесу-кеш­терді қала мөлтек аудандары мен ау­дан орта­лықтарында өткізу жайлы ұсыныстар жасады. Бұл енді келе­шектің шаруасы ғой, дегенмен Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы жылды «Жастар жылы» деп жариялаған тұста осындай тәлімдік шараның артық болмасы да ақиқат ғой.
Республикалық әндер байқа­уында бірнеше рет жүлде алған, «Сыр әуендері» композиторлар бай­қауының жеңімпазы (І орын иегері),    ардагер-ұстаз, сазгер Аққошқар Сералиев: «Мен үшін туған жер, атамекеннен қасиетті ешнәрсе жоқ. Өмірім туған жерде өтті, осы Сыр бойында еңбек еттім, ұрпақ өсірдім. Әлі де еңбек ете беремін, жас буынға білгенімді үйрете беремін, себебі, ұрпақ үшін күрес – өмір үшін күрес емес пе?! Менің өнерім де, еңбегім де саған арналады, туған жер», – дейді. Иә, сазгер-ұстаз А.Сералиевтің әлі де талай туған жер туралы әндері өмірге келеріне шүбә жоқ.
Алдажар ӘБІЛОВ,
ҚР Журналистер одағының мүшесі, 
Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<