«Ой салатын туынды қалтарыста қалмайды»

1350

0

Бүгінде 70 жасқа толғалы отырған Ш.Айтматов атындағы Халықаралық қоғамдық ғылымдар академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Зинол-Ғабден Қабиұлы Бисенғали ұзақ жылдар бойы қазақ әдебиеттану ғылымында талмай қызмет етіп келеді.

Ол ХХ ғасыр басындағы қазақ прозасының өзекті мәсе­лелерін, оның ішінде роман жанрын зерттеуге елу жылдан астам уақытын арнады.  Қазақ әдебиеттану ғылымына қосқан үлесі ұшан-теңіз.  Қазақ проза­сының шығу төркіні, даму жол­дары жайлы: «ХХ ғасыр ба­сындағы қазақ прозасы» (1989), «ХХ ғасыр басындағы қазақ романы»», (1997), «Ка­зах­ский роман начала ХХ ве­ка» (2003), «Қазақ романы» (2003), «1940-60 жылдардағы қазақ әдебиеті» (2006), «Қазақ про­засы: ХХ ғасыр басы: Жаңа роман жолында. Зерттеу» (2010) монографиялары мен оқу құ­рал­дарын жазды.

Қазақ романы өз тарихында түрлі саяси-әлеуметтік, ресми идеология тарапынан қаншама кедергілерге тап болса да, адам­зат баласы таңданып, та­ңырқап оқитындай, мәңгі өл­мей­тін ту­ын­дыларды дүниеге әкелгені белгілі. З.Ғ.Бисенғали Т.Жо­март­­баевтың «Қыз көре­лік», С.Торай­ыровтың «Кім жа­­зық­ты?», «Қамар сұлу», С.Кө­беев­тің «Қалың мал» туын­ды­­ларын­да халық про­засы үлгі­лерінің әсері басым­дығын, ал халық­тық дастандар фабуласын роман­ық сюжеттерге көшіру тәжірибесін С.Мұқановтың «Сұ­лушаш» романынан тануға болатындығын зерттеушілер арасында кәсіби  маман ретінде алғашқы ғылы­ми тұжырым жа­саған әдебиет­танушы-ғалым.

Зерттеуші Т.Жомартбаевтың «Қыз көрелік», С.Мұқанов­тың «Сұлушаш», Ж.Аймауытұлы­ның «Ақбілек», «Қартқожа» ро­­ман­дарында ертегілер мен фо­льклорлық мотивтерді, мис­тиканы адам өміріндегі бей­са­налық жұмбақтау құбылыс­тарының сырын ашуға, кейіпкер психологиясын бейнелеуге ше­берлікпен қолдана білгендік­терін жүйелеуде білімділік пен біліктілік танытты.

Алаш ардақтылары  М.Ду­латов­тың «Бақытсыз Жамал», Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешу», Ж.Аймауытұлының «Ақ­­білек», «Қартқожа», Ш.Құ­дайбердіұлының «Әділ мен Мария», М.Әуезовтің «Қилы заман» романдарындағы қоғам­дық сана мен жанр дамуының стильдік ерекшеліктеріне жа­ңа­ша көзқарас тұрғысынан тео­рия­лық талдаулар жасады. Қазақ романдарының түп-тамырын қазбалай зерттеген профессор Зинол-Ғабден Бисенғали: «Қа­зақ романдарының көлемі ша­ғын, көркемдігі нашар, сон­дық­­тан олар роман жанры та­ла­бына жауап бере алмайды. Қазақта роман болған жоқ. Ро­ман қазақ әдебиетіне кеңес үкі­метінен кейін келді» деген қасаң, біржақты айтыла салған пікірлердің тас-талқанын шы­ға­рып, ғылыми негізде дә­лел­деп берді. Мысалы, М.Дула­тов пен Т.Жомартбаев, С.Кө­беев пен С.Торайғыров шы­ғар­малары Ф.Достаевский мен Л.Тол­стой­­дың шығармала­рына, роман­дарына неге ұқсамай­тындығына талдау жасай отырып, роман жазудың теориялық негіздерін меңгерудің романшыға қан­шалықты қажеттілігін танытты. Кешегі күнге дейін оқулықтар мен әдебиет тарихына енген романдардың идеологияның ық­палынан шыға алмай, ком­мунистік методология бағы­тында сөз болғандығы  шындық. Бұл тұрғыдан келгенде оқулық­тардағы шығармаларды сұрып­тауға да ғалым көп еңбек сіңірді. 

Роман жанрына қатысты дау­лы мәселелерді қарастыр­ған­да: «Роман жазуды кәсіп ет­пек түгіл, шығармашылықтың өзімен тиіп-қашып айналысқан жандардан аса күрделі, жүйелі, көркем роман күту мүмкін бе? Роман жанрының қиындығы сонда, оны жазуға отырған қа­ламгердің өзі романдық ойлауға жетуі керек. Романға қажет тіл қалыптастыруы керек. Роман кейіпкерлерінің қақтығыстағы, дау-дамайдағы, рухани ішкі әле­міндегі, ойлауындағы тіл­дік ерек­шелігін сақтай оты­рып, осы шын­дықты көркем маз­­мұнда сақ­талатындай үн­дес­­тікке ұластыра бірлікке әкелу керек. Романның ұлы мақсаты – тағдырлар талайы мен тартысының тарихына же­тетін жеріне дейін жетелеп оты­ру» дегенде ғалымның бас­ты сүйенер Темірқазығы роман теориясына қатысты бай­салды ой-тұжырымдар біл­дірген ұлттық әдебиеттану ғы­лымының басында тұрған Алаш ардақтылары Ә.Бөкей­хан, А.Байтұрсынов, М.Әуезов қи­сындары болды. Ғалымның осы бағыттағы ғылыми-танымдық зерттеулері санамызда серпіліс туғызды, қазақ әдебиеттануына мазмұндық жаңалық әкелді.  

ХХ ғасыр басындағы қазақ романдары туралы зерттеу­ле­рінде ғалым есте болуға тиісті үлкен мәселенің бірі өзге елдер романдарының үлгісіне қарап жалтақтай берудің қажетсіздігін бағамдады. Әр ел мен ұлттың, адамның өзінше ойлап әрекет ететіні тәрізді, өнерде де өзін­ше көркем өрнектер болатын­дығын, қазақ халқының ойы мен сөзінің эстетикалық қуатын өзге тілде жеткізудің қиындығы қаншалықты шындық болса, оның қазақы табиғаты да сон­шалықты айқындығын, сондық­тан да бір елдің өлшемдік бір­ліктері екінші ел үшін шартты ғана болатындығын ес­кертті. Сонымен бірге, ХХ ғасыр ба­сындағы роман жанрына қалам тартқан барлық қазақ жазу­шыларының шығар­маларынан қоғамдық, адами мәселелерді кең мәнінде қозғай алатын фи­лософты іздеу қиянат екенін дәлелдеп көрсетті. Романшы­ларға қойылар талаптың ауыр екендігін зерделей келе: «Роман арқылы қаламгер оқырманына не жеткізеді, мәселе осында. Мұның түрі де көп, тәсілі де көп. Талантты қаламгердің әр романы – дәуір, заманаға қажетті, қасиетті дерек. Ұрпағына, сол арқылы адамзатқа қалдырған асыл мұра. Ол оқушысын тап­қанша сақталуға тиіс. Адам­зат тарихының жинаған мұра­ларын бір адамның түптей білуі қаншалықты мүмкін болмаса да, талантты жазылған роман­ның қашан да оқушысын таба­ры сөзсіз. Романның жарық көр­ген күннен бастап қоғамдық санаға қозғау салатыны, кезегін күтіп сөрелерде, жеке адамдар қолында, арнайы қа­мауда сақталатындары болады. Дегенмен, адамзатқа, қоғамдық санаға ой салатын туынды қал­тарыста қалмайды».

Адамдардан мейір, көл-кө­сір шапағат, терең парасат, биік адамгершілікті аңсап өт­кен әрі игі жақсылармен өткіз­ген әр сәтін бір-бір жасқа ба­лап, тарихта мың жасады де­ген атаққа ие болған Лұқпан Хәкім былай депті: «Адамдарға жасаған жақсылығыңды ұмыт. Өмірдің өткінші екенін сезін».

Бір ғажабы Зинол-Ғабден Би­сенғалиға кандидаттық дис­сер­тациясын қорғау бары­сын­да ресми оппонет ретінде алғаш пікірді, қасиетті батаны Сыр елінің ғұлама ғалымы Ә.Қоңыратбаев берген екен. Алғашқы оң көзқарас, ыстық ықылас, жылы пікірді біз ту­ып-өскен елдің ғұламасынан алуы Сыр елінің жастарына Зей­нол-Ғабден Қабиұлының бар мейірімін төккендей. Отба­сылық өмірлері барынша жа­ра­сымға, сыйластыққа, ме­йірім­ділікке, бауырмалдыққа толы, қазақ жұртына үлгі боларлық Бисенғалиевтер шаңырағында талай бас қостық. Ғалымның зайыбы, белгілі тілші-ғалым, ф.ғ.д. Жамал Манкеева. Бір от­басындағы қос ғалымның ғы­лыми жетекшілігімен бүгін­де Сыр елінде, жоғары оқу орын­дарында қызмет атқарып жүрген З.Алпамысова, Ә.Ал­мауы­това, Ш.Елемесова, Г.Кә­мішова, А.Айтбаевалар тіл бі­лімі мен әдебиеттанудың өзек­ті мәселелері бойынша кан­ди­дат­тық диссертацияларын қор­ғап, ғылым мен ағартушылық саласында табысты еңбек етіп жүр.

Бүгінгі мерейлі 70 жасында Сыр өңіріндегі ғалымдар қауы­мы атынан үлкен жүректі ұстаз -профессор Зинол-Ғабден Би­сенғалиға ғылым көкжие­гін­дегі жұлдызыңыз жарқырай түс­сін, адамдық, ғалымдық болмы­сы­ңыз биіктей берсін  демекпіз.

Бағдат Кәрібозұлы,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры.

Айман Айтбаева,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің доценті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<