Оңай өмір сүруге бола ма?

788

0

Кей адам оңай өмір сүреді


Тағдырдың еркесі дерсің. Сәттілік маңдайынан өпкен бе екен? Правасын ауыстырып, баласын туып, дипломын алып, тағы оқып, теңізге демалысқа барып, мысығын емдетіп, шашын сәнді қылып қырқып, елмен достасып, кейде дауласып, бірақ бір түрлі оңай өмір сүріп жатады. Жарқырап жүргені сол.

Тағы бір адамдар бар – оларға өмір сүру қиын. Сүреңсіз. Үнемі шағынып, әлденеге шамданып, ұрысқа беріс керіс жасап жүргені. Не істесе де, кедергісі көп болып шығады. Праваны ауыстыруға кезекке тұру қиын. Салық бастан асады. Теңізге баруға – билет қымбат, теңіздің жағажайы лас, теңіздің суы суық. Жүктілік тоғыз ай дертке айналып кетеді. Тапқан баласы – үрей мен қорқыныштың елесіне айналады. Шаш қырқу – жыр болады. Оқу – барып тұрған түнек, жан қинау.

Солай. Бір қарағанға елдің бәрінде сол жайт. Біріншілерде де сол, екіншілерде де сол. Әкетіп бара жатқан айырмашылық жоқ. Тек кей адам қарапайым дүниеден асу бермес асқар тау жасап алатыны болмаса. Кей адам алаңдайды, бірақ ары қарай өмір сүре береді. Оңай. Әлде оңай өмір сүретіндей көріне ме? Олар тыныстайды, екіншілер ауыр дем алады. Дүкеннен қант әкелуді де қиынсынатындар бар. Тағдыры ауыр адамдар еркетотайларға қарап, іштері күйеді. Олар қарапайым дүниені байқамайды – өмірде кездесетін жайттар біркелкі, бір-біріне ұқсас. Кейде күн жылы, кейде суық. Бірде қараңғы, бірде жарық. Бірде тәтті, бірде ащы. Адамның бәрі ауырады. Уайымдайды. Қайғыға беріледі. Ақшасыз қалады. Құжат жоғалтады. Ет жақынынан айырылады – өмір ғой. Жазмыштан озмыш жоқ. Өмірді оңай сүру керек. Жеңіл тыныстап. Ширақ қимылдап. Бұл адамның таңдауы ғой. Не алысып өтесің, не жеңіл тыныстайсың. Ал, жағдай бәрінде де бірдей…


Анна Кирьянова

Аударған Шынар Әбілда

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<