Онтомдық қорға қосылды

856

0

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының қоры жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейлі мерекесіне арнайы шығарылған 10 томдықпен толықты.       

Жинақтың алғашқы томына енген өлең-жырлар әр жылдары түрлі баспалардан шыққан. Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Жамбыл атындағы қазақ әдебиеті мен фольклорын зерттеу орталығы» жарыққа шығарған нұсқалар негізінде құрастырылған.

Бұл томға ақынның кеңестік дәуірге дейінгі және кеңестік дәуір кезеңіндегі сан тарау тақырыпты арқау еткен шағын көлемдегі көңіл-күй лирикалары, философиялық, саяси-әлеуметтік, өткір сатиралық өлең-жырлары жинақталған. Жинақтың 2-томына көлемді көркем туындылары енгізілген. Ұлы жыраудың танымдық толғау-толғамдары, эпикалық жыр-дастандары, айтыстары әр жылдары жарық көрген таңдамалы және толық жинақтарынан таңдалып алынды. Үшінші томына ақынның орыс тіліне аударылған таңдамалы шығармалары енді. Төртінші томға ұлы ақын жайлы көзкөргендердің естеліктері топтастырылған. Естеліктер «Жыр алыбы» (1971), «Дастан-ата» (1989), «Ел қадірін біл, балам» (1996), т.б. жинақтардан, естелік иелерінің жеке кітаптарынан алынды. Ал 5-томға академик-жазушы М.Әуезов, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов бастаған алғашқы жамбылтанушы ақын-жазушылар мен өз зерттеулерінде ұлылардан тағылым алып, танымы қалыптасқан көрнекті әдебиет зерттеушілерінің ғылыми-зерттеу мақалалары енгізілген. Жинақтың 6-томына ұлы ақынның өмірі мен шығармашылық ғұмырнамасын жан-жақты қарастырып, толымды зерттеулер жүргізіліп, толыққанды еңбек жазған екі зерттеушінің кітаптары біріктіріліп бірге берілген. Оның бірі – Жамбылмен көзі тірісінде кездесіп, көп әңгімелескен, негізгі деректерді жыр алыбының өз аузынан естіп, ізденістері мен шығармашылығына тірек еткен, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Сапарғали Бегалиннің «Жамбыл. Өмірбаяндық хикаят» атты кітабы. Екіншісі – өзінің саналы ғұмырын жамбылтануға арнаған көрнекті зерттеуші, фольклорист-ғалым Нысанбек Төреқұловтың «Жүз жасаған бәйтерек» атты толымды зерттеу еңбегі.

Жетінші томға ХХ ғасырдың екінші жартысындағы зерттеулерден жалғасын тапқан, тәуелсіздік кезеңіндегі жамбылтанудың жаңа бағытын қалыптастыруға мүмкіндік ашқан әдебиетші ғалымдардың еңбектері топтастырылған.

Жинақтың 8-томына тәуелсіздік кезеңі қалыптастырған белгілі ғалымдар мен жас талап ізденушілердің жаңашыл көзқараспен жазылған ғылыми-танымдық еңбектері енген. Онда жас зерттеуші Алтынарай Тебегенованың жамбылтануға елеулі үлес болып қосылған «Жамбыл шығармашылығына жаңаша көзқарас: ұлттық сипат және дәстүр жалғастығы» атты монографиясы жеке берілген.

Тоғызыншы том ақынның шығармашылығы туралы ғалымдардың орыс тіліндегі зерттеулеріне арналса, 10-томға «Жамбыл Жабаев» атты ұсыныстық библиографиялық көрсеткіш енген.

Онтомдық «Қазығұрт» баспасынан жарық көрді.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<