Оқиғалары ойға жетелейді

1188

0

Сыр өңірінің руханият әлеміндегі көңіл қуантқан жаңалық – Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, прозашы Несібелі Рахметтің «Нөлінші қатар» деп аталатын жаңа туындысы жарыққа шықты. Жазушының бұл кітабында әңгімелер, новеллалар, көңіл сырлары, ой-толғамдары жинақталған. Шығармаларда шынайы өмір келбеті, адамдар арасындағы қарым-қатынастың сан алуан қырлары орнықты ой, ойнақы тілмен баяндалады. Оқиғалары оқырманды ойға жетелейді.

«Нөлінші қатар» жинағы қаладағы «Тұмар» баспасынан шыққан. Кітапта қырықтан астам шығарма жинақталған. Ауылда туып, аңызақ желі  кекілін желпіп, торғын топырағы табанын күйдіріп өскен соң шығар, жазушының әңгімелерін оқығанда қарапайым қоңыр тірліктің көрінісі көзіңе жылыұшырайды. Еріксіз баурап алады.

Кітаптағы алғашқы әңгіме «Түйреуіш» деп аталады. Бұл шығармасында автор болмысы таза, баладай аңғал кейіпкердің бір сәттік көңіл-күйін әсерлі әңгімелейді. Адамды қуанту үшін аса қымбат сыйлықтың керегі жоқ, тек жан дүниесінің қалауын тап басып таба білсең болғаны… Тіпті титтей түйреуіш те оны таңғалдыруы ғажап емес. Оқиғаның желісі бес күн жалған, баянсыз өмірде бәрінен де  көңіл қымбат екенін аңғартады.

«Нөлінші қатар» әңгімесінде: «Ал қатардағы қаздай тізілген орындықтар аппақ матамен қапталған. Сонан да олар өзге отырғыштардан айрықша айшықты болып көрінеді. Салтанатты, сәнді де мәнді, маңызды болып көрінеді. Сол себепті оған отыратындардың жай көрермендер емес, «ерекше жаратылған жандар», «айрықша адамдар» екенін ұғасың. Сөйтесің де ол аймақтан алпыс метр аулақ жүресің» деп ішкі толқынысын жасырмай, жайып салады. Одан әрі оқиғаны ойната түсіп, кейіпкерлердің келбетін қаз-қалпында көз алдыңа әкеледі. Көп адам күнделікті куә болып жүрсе де елең қылмайтын жайттарды ой таразысына тартып, орнықты тұжырымдайды. Қысқасы, әзілмен көмкерілген әңгіменің ар жағында салмақты ой жатыр.

Жазушы Несібелі Рахметті көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Оның шығармаларынан қалам иесінің қарапайым болмысын, өзгеге ұқсамайтын өзіндік таным-талғамын байқайтыны анық.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<