Отыз жылдағы орнықты орнымыз – озық істерге бастама

1326

0

Мен ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласымен танысып, ой елегінен өткіздім. Отыз жылдағы Қазақстанның келбетін көре білдім. Оқып отырып, Отанымыздың бағдары мен белесі, танымы мен тағылымы, қоғамы мен құндылығы, ұлағаты мен ұстанымын байыптап саралаған салмағы бар пікірге жолықтым.

Тарихтан бастап қазіргі кезеңге дейін жеткен жетістігіміз аз емес. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағы жарасқан заманның орнауына ата-абабамыздың әр жылдардағы ерлігі, елімізде болып жатқан өзгерістер, саяси шешімдер мен Елбасы жасаған игі істер бастама болғаны сөзсіз.

Педагог ретінде бұл мақаладағы «Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау және елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тәрбиелеу» деген ойға қатты мән бердім.

Күнделікті таңнан кешке дейін оқушы жанынан табылу, оған қолдау көрсету, тәлім-тәрбие беру басты қызметіміз болған соң, бізге артылған жауапкершіліктің маңызының зор екендігі көрінді.  Жас ұрпақ өзін мектеп қабырғасында қалыптастырып, дамытатынын ескерсек, әрбір Тәуелсіздіктің бағасын да оларға ұғындыру ұстаздар міндеті деп білемін.

Сондай-ақ, өзім қызмет ететін Назарбаев Зияткерлік мектебінде көрініс табатын дарынды балалардың идеяларын, шетелдің беделді оқу орындарында оқып жатқан түлектерімізді көз алдыма елестете отырып, Президенттің  жас дарындарға қолдау көрсету, шетелдегі жастардың ел игілігі үшін істер атқаруы, тың идеяларымен ерекшеленген ел болашағының күшін тиімді пайдалану  секілді ауқымды істерін солардың пайдасына түскен бақ деп біліп, болашағына зор сеніммен қарадым. Мұның өзі  көз қуантып, жанымызды жадырата түсті.

Әрбір жолдау мен мақалада білім саласы назардан тыс қалған емес. Қолдаудан да кенде емеспіз. Тәуелсіздіктің салмағын арттырып, жас ұрпақ санасына сіңіруде, Еліміздің елдігін насихаттауда аянбасымыз хақ.

 Азаттығымыздың ақ таңы асыл істерге бастай берсін!

Гүлзат Шынтасова,

педагогика ғылымдарының магистрі,

Қызылорда қаласындағы ХББ Назарбаев Зияткерлік мектебінің

педагог-ұйымдастырушы-кураторы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<