ОҚЫРМАНДАР ОРТАСЫНДА

557

0

 Қызылорда қалалық білім бөлімінің ұйымдастыруымен №268 орта мектепте белгілі жазушы Бегімбай Ұзақбаевтың 70 жасқа толуына арналған оқырмандар кездесуі болып өтті.
Кеште қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сайлаубай Әбішов, белгілі қаламгерлер Толыбай Абылаев, Жұматәли Әбдіраман, ғалым Шанжархан Бекмағамбетов жазушының шығармашылығы, азаматтық болмысы жайлы кеңінен әңгімеледі. Тарихи тақырыпқа қалам тербеген ол «Жалаңтөс баһадүр», «Сартай батыр», «Байқазақ» атты туындыларды дүниеге әкеліп, әдеби қауымнан лайықты бағасын алды. Сонымен бірге «Қарабура», «Сопы Әзиз пір», «Марал баба» кітаптары да танымал әулие-әмбелерді халқымен қауыштырды. Деректі прозада жазушы еліне аянбай қызмет еткен азаматтар жайлы дәйегі мен мәйегі мол шығармалар ұсынған.
Тарих пен уақыттан сыр шерткен қарымды қаламгер Б.Ұзақбаев оқушылар мен ұстаздардың сұрақтарына жауап беріп, кітапханаға туындыларын сыйлады. Шәкірттер жазушының ертегілерінен сахналық көріністер қойды. Қалалық білім бөлімінің әдіскері Рита Мақашова жазушыны мерейтойымен құттықтап, ұлттық дәстүрмен иығына шапан жапты.
Мектептегі әдебиет пәнінің мұғалімдері өткізген әдеби кеш шәкірттерге тағылымы мол кездесу болды.
Ж.ӘБІШОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<