Парасат иесі

660

0

«Халық қашанда өзінің ақиық азаматтарымен құдіретті. Сол ақиық деген ұғымның ішіне кешегі, бүгінгі және ертеңгі атпал жандардың бәрі кіреді» деп айтылғандай, ел қамы үшін ұзақ жылдарғы еселі еңбегінің жемісін көріп, туған халқының құрметтісі атанғандардың бірі –  Қаршыға Есдәулетов.
Қаршыға Есдәулетұлының балалық шағы өткен ғасырдың қырқыншы жылдарының соңы  мен елуінші жылдардың ортасы, яғни неміс фашистерімен өткізген сұрапыл соғыстан кейінгі халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңмен тұстас болды. Талай дарын иелері өсіп-өнген киелі Ақжардың құмына аунап, шаңын жұтып өскен ауыл баласы өсе келе №28 орта мектептен тәлім алып шыққаннан соң, жүрек қалауымен Алматы қаласындағы құрылыс техникумын, содан кейін Жамбыл қаласындағы  гидромелиоративтік құрылыс институтын тәмамдады. Туған елге оралып, өзінің алғашқы еңбек жолын облыстық «Қызылордасельстрой-16» мекемесіне қа­расты «ПМК-1602» мекемесіне шебер болып орналасты.
Әрине, Қаршығадай жас маман ауданда өзі қызмет ететін мекеме бойынша жүргізіліп жатқан құрылыстарға белсене араласып, басшылар тарапынан қолдау тапты. Жалынды жас жоғары оқу орнында білікті ұстаздардан алған білімін өзі еңбек ететін мекемедегі ұстаздарының тәжірибесімен сабақтастыра  жүріп, өңірдегі біршама құрылыс нысандарына қолтаңбасын салды.
«Еңбек – береке бастауы» дегендей, жас та болса бас болып, еңбек майданында замандастарына үлгі көрсеткен ол көп ұзамай өзі еңбек еткен құрылыс мекемесінің бөлімше бастығы, бас экономист, өндірістік жоспарлау бөлімінің бастығы, бас инженер лауазымына көтерілді.
Көп ұзамай аталған мекеменің бас­шылығына тағайындалады. Бұл қызметті 1997 жылға дейін, яғни 17 жыл бойы абыроймен атқарды.
Осы жылдар аралығында білікті бас­шының іскерлігімен ауданда құрылыс са­ласы жақсы жетістіктерге жетті. Туған жерінің өсіп-өркендеуіне аянбай тер төгудің арқасында көптеген білім және тәрбие беру мекемелері, көпқабатты тұрғын үйлер мен  аудандық орталық аурухана,  прокуратура, салық басқармасы, қазіргі кәсіпкерлік және аудандық ішкі істер бөлімі, қазынашылық, жастар орталығы орналасқан ғимараттар, сонымен қатар Шәмшат Төлепова атындағы аудандық және Дүр Оңғар, Ақтөбе ауыл­дарындағы мәдениет үйлері мен бірнеше елді мекендегі мал бордақылау алаңдары және басқа да маңызды нысандар ел игілігіне берілді. Қаршыға Есдәулетұлы еліміздің жаңаша өрлеу кезеңінде заман ағымына ілесіп, бұрынғы «ПМК-1602» мекемесі ізімен «Арғымақ» өндірістік кооперативін құрып, төрағалық тізгінді ұстағаннан кейін тәуелсіз еліміздің жаңа бағыттағы саясатын жүзеге асыруда азаматтық үлесін қосуға бар күш-жігерін жұмсады. Сала майталманы бай тәжірибесін жас мамандармен бөлісуде тынбай еңбек етті. Ауданда кәсіпкерліктің өркендеуіне атсалысып «Қармақшы құры­лыс» ЖШС-н құрып, құрылыс саласының серпін алуына үлес қосты. Ал, 2007 жылдан құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін «Октябрь топтық су құбыры» бөлімшесінің басшысы болды. Мекеме аудан тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз етуде мерей биігінен көрінді.
Ел қадірлісі атанған азамат құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін де аудандағы қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Сондай тындырымды істердің нәтижесінде ол аға буынның қолдауымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағалығына сайланды. Міне, бүгінде аудан ардагерлері сеніп тапсырған  жауапты қызметте өзінің сан жылдарғы өмірлік тәжірибесіне сүйеніп, өңір әлеуетінің дамуына үлесін қосуда.
– Мен бақыттымын. Сол бақытымды туған еліме сіңірген еңбегімнің арқасында таптым, – дейді Қаршыға Есдәулетұлы. Бүгінгі кеңес төрағасы кезінде төрт рет аудандық кеңестің, бір рет аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланған. Сүрінгенге сүйеу, жығылғанға тіреу болды. Тәуелсіз елінің перзенті ретінде оның өсіп-өркендеуіне министрліктер үле­сін қосып, өзі тәрбиелеген шәкірттерінің қоғамнан орнын табуына еңбек сіңірді. Бүгінде Қаршекең ағамыздан тәлім алған шәкірттер еліміздің әр аймағында абыройлы еңбек етуде.
Елбасының Алғыс хаты, Құрмет грамо­талары, «Қазақстанның Құрметті құры­лысшысы» атағы, «Қармақшы ауданының Құрметті азаматы» және осы секілді өзге де марапаттар – атпал азаматқа туған халқының көрсеткен құрметі.
Өмірлік жары Күләш Нұрқасымқызымен 5 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдары Ғалымжан, Ахметжан және Әділет заң саласында қызмет етіп жүрсе, қызы Гүлназ ұстаз, ал Данасы дәрігер. Бәрі де қоғамнан өз орындарын тауып, тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне азаматтық үлесін қосуда.
Шаттықты шаңырақта бүгіндері 18 немере сүйіп, олардың қызыққа толы өміріне куә болып отырған ата-ана бақыты ұзағынан болсын деп тілек қосқымыз келеді.    

    Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ.
Қармақшы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<