Құс қанатының суылындай

552

0

Ел арасында: «Арқаға барып әншімін деме, Сырға келіп жыршымын деме» деген сөз қалған. Арқаның көкейкесті, асқақ әуезді, өресі биік әндері ықылас қойып тыңдасаң тынысыңды ашып, көкірегіңе күй күмбірлеткендей болады.

Ал Сыр бойы ше? Әсіресе, жыраулық дәстүр-атадан балаға қонған Қармақшы өңірі талайларды тәнті етіп келе жатқан жоқ па?! Ұлы Қорқыт бабаның жамбасы тиген сайын далада қобыз сарыны мен домбыра сазы төгіліп, бейнелеп айтсақ «құс қанатының суылындай» жыр парлап жатыр. Қатпар-қатпар, иірім-иірім болып көмейден қайырылатын керемет нақышты әуез бізден басқа аймақта жоқ та шығар бәлкім?! Мұны «Жаратушының бере салған керемет сыйы» деп айтсақ, қателесе қоймаспыз. Осы өңірде Құрманғазымен достасқан Ешнияз сал, Балқы Базар, Дүр Оңғар, Жиенбай жырау мен Тұрмағанбет шайыр, Шораяқтың Омары мен Кете Жүсіп, Тұрымбет пен Тасберген және Сәрсенбай жыраулар өмір сүрген. Шайырлар тілге орамды, көңілге қонымды маржан сөздер тізсе, жыраулар оны сан мақаммен құбылта орындап, тыңдаушысының құлақ құрышын қандырған, елдің еңсесін тіктеп, көңілін көтерген, рухани нәр сыйлаған. Кешегі кеңестік дәуірдің өзінде Рүстембек, Балқашбай, Шәмшат жыраулар топтан суырылып шығып, айшықты өнердің туын тіктеді. Бір жылдары іркіліңкіреп қалған жыр көшін Қуандық пен Көшеней іле тартып, алға оздырғанын білеміз. Қуандық ел асып, жер түбіндегі Жапонияны таңырқатса, Көшенейдің күйтабағы шығып, мұны қосып қойып үйреніп, қасиетті өлкені жыр-термеге бөлеген жастар көбейді. Бидас Рүстембеков, Алмас Алматов, Берік Жүсіпов, Берік Саймағанбетов, пен Арнұр Көшенейұлы, Ұлжан Байбосынова, Айдос Рахметов, Әйгерім Ешпаева мен Майра Сәрсенбаева, Руслан Ахметов пен Серік Жақсығұлов, Бисенбек Төлеубаев, Күнсұлу Түрікпен жыр-керуеніне иелік етті. Қаулап өсіп келе жатқандары қаншама?!

Жыр-толғаулар айтылып жатса, сүйсіне тыңдаймын. Өнердің түрі көп қой, бірақ мен үшін жыраулық өнер – өзінше бір төбе. Өйткені бала күнімнен әкем Әубәкір Есжанұлынан жыр тыңдап өстім. Әкем «Шәкір-Шәкірат», «Самұрық құс» атты дастандарды жырлайтын. Тұрмағанбет пен Шораяқтың Омарының нахлихатқа толы термелерін айтушы еді. Ал анам Улықызы Алтын қармақшылық болатын. Естуімше, Қарақұмның бір етегінде «Улы кезең» деген жер болса керек. Қырда жаз жайлап, қоңыр күзде Сырға құлайтын мал баққан ел емеспіз бе, сол жерде дүние есігін ашқан менің нағашы атама Улы деп ат қойған.

Улы атамның үйінен қонақ арылмайтын. Өткен ғасырдың 50-жылдары ат арытып алыстан бір шал келетін. Кейін білгенімдей, атамды іздеп келіп жүрген туысы, сойырғас кете Төлеп ақсақал екен (жырау Шәмшат апаның әкесі). «Таң» ауылының тумасы ақбет керейт Қожаназар қызы Қалампырмен шаңырақ көтерген соң, нағашы атам осы ауылда тұрып қалған.

Ұмытпасам, 1956 жылдың жазы болатын. Ауылға концерт келді. Рабайда бір келетін артистердің өнерін тамашалауға жұрт көп жиналды. Есімде қалғаны Балқашбай деген артистің домбыраға қосылып салған термесі еді. Бірер қатарын бере кетсек, зерделі оқырман кімнің сөзі екенін ажыратып алар:

– Ерін күткен әйелді

ханым десе болады.

Ойлы туған ерлерді,

ғалым десе болады.

Шөлдеп ішкен сусынды,

палым десе болады…

Басы жеңіл басталып, аяғы бірнеше әсерлі ырғақпен көмкеріліп қайырылатын терме тыңдаушыларға ұнады білем, сатырлата қол соғылды. Айтайын дегенім сол Балқашбай жырау менің нағашы атамның жақын інісі екен. Атам бір қойын сойып, артистерді қонақ етті. Шәйланып алғасын қонақтар атамның екі бөлмелі қоржын тамын ән-жырға бөледі. Үйге сыймаған көрші-көлем есік аузында отырып тыңдады.

1958-1960 жылдары Жалағаш ауданының №34 орта мектебінде Көшеней Рүстембеков менен екі сынып жоғары оқыды. Мектеп жанында қашықтан, басқа ауылдан келіп оқитындар үшін интернат болушы еді. Көшенейдің сол интернатта жатқанын білемін. Бірде мектепте тәрбиелік іс-шара өтіп, Көшенейдің «Қолайна» деген әнді айтқаны есімде қалыпты. Сол жылдары әкесі Рүстембек жырау «Таң» ауылынан 3-4 шақырым жерде Сталин каналының сағасындағы су тоспасы маңында отырды.

Арада біраз жылдар өткен. 1971 жылы жазда Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогика институтын бітіріп, ауылға (Жалағаш ауданының «Таң» ауылы) қайту үшін автовокзалға келсем, Көшеней жүр. Бұл кезде жыраулық өнердегі атағы асқақтап тұрған шағы. Бір-бірімізді тани кеттік. Ол жылдары қазіргідей көп автобус жоқ, тек «Жосалы-Қызылорда» бағытына бір қос есікті «Пазик» автобус жүреді. Ол «Ақжарға», мен «Таңға» билет алдық. Күре жолға түскесін, отырғандардың ішінен біреулер таныды білем, жол қысқарсын деп Көшенейден ән-жыр қолқалады. Содан терме айтты, арасында ән де орындады. Әнге келгенде мен де қосылып кетемін. Риза болған жолаушылар жолай «Шағаннан», «Аққұмнан», «Еңбектен», қазіргі Бұқарбай батыр атындағы ауылдан түсіп қалып жатты. «Таң» ауылының тұсына жақындағанда мен де түсуге дайындалдым. Автобус тоқтады. «Сау болып тұр, сенің бізге жиен екеніңді енді білдім ғой» деп қолымды қысты Көшеней. Көлік шапшаң қозғалып, жүріп кетті. Екі жылдан соң, яғни 1973 жылы 27 жасында талайды тамсандырған тума талант Көшеней Рүстембеков жалған дүниеден озып кете барды ғой.

Ауылда шешемнің немере ағасы Сәду Исаев деген кісі тұрды. Сол кісі жылына бір рет Қармақшының «Жаңақала» кеңшарына барып, жақын ағасы болып келетін Қаратай Қуаңбаевқа сәлем беріп қайтатын. Қызылдың қиясында жаңадан ашылған қой шаруашылығының алғашқы қазығын қағып, сол жерді сәнді қалашыққа айналдырған Қаратай Қуаңбаевтың көп жылдар бойы кеңшар директоры қызметін атқарғанын ел-жұрт білетін болар. Өзі жыр жырламағанымен, бұрынғы өткен шайырлардың маржан сөздерін дәптерге түсіріп жүрген. Ондағасы рухани қазына ұмыт қалмай, кейінгі ұрпақтың кәдесіне жарар деген ниетінен туса керек. (Жуырда Қаратай Қуаңбаевтың 100 жылдығы аймақтық деңгейде аталып өткенін білеміз. Т.Е.).

2010 жылы жерлес әрі ағайын болып келетін, Қаратай Қуаңбаевтың қарамағында қызмет еткен Әбет және Сардарбек есімді қариялармен сұхбаттасып, «Халқының Қаратайы еді» деген көлемді мақаламды баспасөз бетіне жариялаған едім. Сонда Сыр бойындағы жыраулық өнердің шын жанашыры жайлы кеңінен тоқталғанмын.

1993 жылдың қазан айының ортасы. Ауылға сол жылдардағы облыстық мәдениет басқармасының басшысы Аманкелді Жұматаевтың өзі бастап, бірнеше әнші-жыршы келген. Өнерпаздардың арасында жоғарыда атап кеткен Төлеп нағашымыздың қызы, белгілі жырау Шәмшат Төлепова бар екен. Шәмшат апаймен дастархандас болып, әңгімелесудің және жыр-термесін тыңдаудың сәті түсті. Сөйтсем, Шәмшат жырау менің анамды жақсы білетін болып шықты: «Сонау 1948-1949 жылдары Алтын апаммен жақын танысып, сіздің үйде бірнеше рет болдым ғой» деді сөз арасында.

Қолқалап, қонақкәде сұрадық. Тұрмағанбет шайырдан бастап, Сыр сүлейлері Шораяқтың Омары, Жиенбай жырау мен Кете Жүсіптің шығармаларын орындады. Әсіресе, жерлес ақын Әбдікәрім Ахметовтің:

– Дос жүрегі – шарайна

Сындырып алма, абайла!

Абайла бауырым, абайла! – деп соза қайырғаны құлағымда қалыпты. Неткен дауыс, неткен шебер қайырым деп іштей таңданып, риза болып едім.

Жырауларда «жыр қоржын» деген болады және сол қоржындағы «дүниесін» сан мақаммен құбылтып, тыңдармандарды сергітіп отыру бұл біздің аймаққа ғана тән-ау деп қалам. Әр жердің жыр мәнері әр басқа, бірақ Сыр бойы жырауларының орындаушылық шеберлігіне не жетеді?! Жоғарыда мен арнайылап атап кеткен Балқашбай, Шәмшат, Көшенейлер бір тума таланттар еді ғой. Қазіргі жыраулардың ішінен айтар болсам, Серік Жақсығұловтың дауысы, сазы, орындаушылық шеберлігі Көшенейге келеді. Ұқсастық бар.

Сүлейлерді тілге тиек еткенде, жұрт ести бермеген тағы бір жүйрік өткен екен. Есімі – Темір. Ол ақындығымен қоса сері, құсбегі кісі болыпты. Серік Жақсығұловтың Темірдің толғауын орындағанын тыңдағам. Керемет! Заманындағы ақын-жырауларға лайықты баға берген толғауды кейінгі ұрпақ тыңдай жүрсе еш артықтығы жоқ. Айтпақшы, республикалық «Мен қазақпын!» мега жобасының ақтық айналымында Күнсұлу Түрікпен Темірдің осы толғауын орындап бас жүлде иемденген.

Осы ретте әкемнен біраз жылдар бұрын жазып алған әңгімені бере кетейін: «Ертеректе Қызылқұмның Сырмен шектесетін шұрайлы жерінде Темір есімді ақын, құсбегі әрі сері кісі өмір сүріпті. Бір жылы күзде Қармақшы өңірінен шыққан ақын-жыраулар Қарақалпақ еліне қарай бет түзейді. Жолай Темір ауылының үстінен түседі. Қадірлі қонақтарды ықыласпен қарсы алған сері қысырдың тайын қонақасыға сойған екен дейді. Шай ішіп болып, сыртқа шыққан шайырлар сексеуіл томарынан өріліп, үйілген үйшіктің үстінде отырған бүркіттің жеті бірдей тастүлек балапанын көреді. Тамашалап болғасын үй иесінен:

– Аң алатын бүркіт қандай болады? – деп сұрайды. Сонда Темір былай депті:

– Қызылдың балапаны ірі болса,

Аң алмай, сірә қалмас тірі болса.

Ор болса орта санның балақ жүні,

Жеті елі желкесінің гүлі болса…

Басы әйдік, жуан балтыр, қалың топшы,

Тырнақтай қызыл-жирен көгі болса.

Сары еттің түсі батық, кейкі тұмсық,

Көзінің көк буалдыр түбі болса.

Қылменен қойдың майын тамызғандай,

Ағының әр жерінде дағы болса.

Әм және алқа болып төске біткен,

Аралас қызылменен сары болса…

Тап келсе таланына мұндай бүркіт,

Аң алар егесінің ебі болса.

Сөз мәйегін сүзіп жүрген өңкей сүлейлер Темірдің мына теңеуіне риза болысыпты.

Ақын-жырауларды өнер қайраткерлері десем, артық емес. Тереңнен ой толғап, сөз маржанын терсе, ерекше сазды әрі әсерлі жырларымен тыңдаушысын тербетіп, мерейін тасытса, мұнан асқан не қызмет бар?! Асыл мұраттары – керемет мақам мен сүлейлер аманаттап кеткен кестелі сөзді кешеден бүгінге жеткізу, осы арқылы сананы рухани жаңғырту, тәлім жырлармен тәрбие беру. Расында, жыраулық дәстүр киелі Сыр бойында ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Бұған шын ықылас білдіріп, қуануға  әбден болады.

 Темірбек ЕСЖАНОВ,

Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі