Руханиятты түлетудің тың бастамалары

422

0

Биыл Қызылордада «Адал ұл ер болып туса – ел тірегі» атты әкелі-балалы жұптар сайысы, оқушылар арасында «Әкеме хат» шығармалар байқауы болады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов журналистерге «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жоспарын таныстырды.

– Игі бастама әкенің қоғамдағы ролін арттыру, беделін көтеру мақсатында қолға алынып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Одан бөлек, «Ұлы дала fest» тақырыбында ұлттық дәстүрлер фестивалін, дем­алыс орындарында «Көне аспаптар сыр шертеді» жобасын, «Ертегі – тәрбие берудегі ізгілік бастауы» атты ертегі айтушы әжелер байқауын өткізу жоспарланып отыр. «Отандастар» қоры және бірнеше облыстың қаты­суымен «Алпамыс батыр ізімен…» тақырыбында Өзбек­станға біріккен экспедиция, Ресей, Өзбекстан және Қыр­ғызстанның қазақтар тығыз қоныстанған аймақтарына жас жыраулардың шығармашылық іссапары ұйымдастырылады. Ал «Тал бесіктен – жер бесікке дейін» прагматикалық жобасы азаматтардың ысырапшылдық деңгейін төмендетуге бағыт­талған.

– Хакім Абай айтқан «бекер мал шашпақтан» бас тартуымыз, даңғойлыққа са­лынуды доғаруымыз керек. Бір кісіден «тойдан кейін не қалады?» деп сұрағанымда «оның несін айтасың, тойдан кейін қол сүртетін қағаз бен жас жұбайлардың берешегі қалады» деген еді. Иә, той өтеді, бірақ ақырына терең бойлай бермейміз, – деді Наурызбай Байқадамов.

«Ізденіс» жасыл акаде­миясының «Сәтті жобалар» жинағына енген бастамасы жастарды бау-бақша өнімін өсіруге тартуды, еңбекке бау­луды көздейді. Өңірдегі бүкіл мектеп биыл осыны жүзеге асырмақ. Одан бөлек, туристік экскурсия, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы жеңімпаздарының қатысуымен TALKS форматындағы кездесу, республикалық жас­тар слеті өтеді. «Жомарт жүрек» байқауының облыстық кезеңінің жүлдегерлері ма­ра­патталып, жергілікті меце­наттар қайырымдылық акция­сына үлес қосады.

Қызылордада туған жерді түлетуге атсалысып жүрген кәсіпкерлер мен белгілі аза­маттар қатары қалың. Бағдарлама шеңберінде был­тыр атқарылған жұмысты кеңінен әңгімелеген спикер олардың құрылыстың қарқын­ды дамуына, әлеуметтік мәсе­лелердің оң шешімін табуына айтарлықтай еңбек сіңіргенін атап өтті.

– Болат Өтемұратовтың жеке қоры есебінен тұрмысы тө­мен көпбалалы, «Жаңарған Жаңа­қорған жастары» ерік­тілер тобының ұйытқы болуы­мен мүмкіндігі шектеулі мүшелері бар отбасыларға арнап тұрғын үйлер салынды. Бизнестің әлеуметтік жа­уап­кершілігі негізінде «Қаз­ГерМұнай» біріккен кә­сіп­­орнының демеушілік қол­­дауымен облыстық жастар орта­лығының ғимараты пайда­­лануға берілді. Бірнеше ауданда әлеуметтік дүкендер жұмыс істеп тұр, – деді облыс әкімінің орынбасары.

«Қорқыт ата» мұрасының ЮНЕСКО-ның материалдық емес рухани мұралар тізіміне енуі Сыр бойы жұртшылығы үшін ғана емес, жалпы ел, бүкіл түркі жұрты үшін үлкен мәдени құбылыс болғаны рас. Бұл түркі әлеміне ортақ құндылықты кеңінен дәріптеуге жол ашты. Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бастамасымен қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жарық көрген «Қорқыт атаның даналық сөздері» кітабы «Сәтті жобалар» жинағына енді. Қорқыт есімін әлемдік деңгейде насихаттаудың бес­жылдық кешенді жоспарына сәйкес облыстық филармония жанынан қобызшылар ан­самблі құрылды.

«Рухани жаңғыру» қазақ­стандық қоғамдық даму институтының соңғы үш айдағы мониторингіне сәйкес, бағдарламаны ақпараттық қамтамасыз ету жөнінен біздің облыс үздік өңірлер қатарында. Бағдарлама биыл институт ұсынған жаңа талаптар негізінде әзірленіп, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен келісілген кешенді іс-шаралар жоспары бойынша жүзеге асырылады.

Назерке Саниязова.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<