СӨРЕДЕ – ҰЛТТЫҚ БҰЙЫМДАР

1638

0

Шетелге шыққанда жақындарыңыздың «Сыйлық алуды ұмытпа!» деген сөзін жиі еститін шығарсыз. Ал Сырға келген меймандар естелікке қандай зат алып кетеді, көз жауын алар кәдесыйларды қайдан алуға болады? Көптің көкейінде жүрген сан сауалға жауап іздеген едік.

Байқағанымыздай, бізде ол үшін арнайы сауда нүктелері ашылған. Соның ішінде белгілі қолөнер шеберлері мен суретшілердің, зергерлер мен этно-дизайнерлердің қайталанбас туындыларын нарыққа шығарып отырған «Қолөнер» орталығының әрбір дүниесі ерекше әсер қалдырады. Орталық қаладағы бес жұлдызды «Sultan Plaza» қонақ үйінің ішінен дүкен ашқан. Құрылтайшысы Аида Керімқұлованың айтуынша, туристер ағылатын мұндай нысанда ұлттық брендті дәріптеумен қатар кәсіптің көркін қыздыруға мүмкіндік жоғары.

– «ПромКоммерц КА» жеке кәсіпкерлігін ұмыт бола бастаған ұлттық туындыларды жаңғырту үшін аштым. Оның ерекшелігі – ісмерлікке ден қойған жандардың басын қосуында. Бұрын бұйымдарын рұқсат етілмеген орындарда сататын қолөнершілер түрлі қиындық көретін. Осы жағдайды саралай келе тәуекелге бел будым. Оның үстіне қазір кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді. «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту жылы» бастамасы біз үшін үлкен қолдау болып отыр. Ресей, Үндістан, Қытайдан келген қонақтар әуелі осында келеді. Тың туындыларға таңданып, бағасын беріп жатады, – дейді кәсіпкер.  

Дүкенде Бекзат Жақыпов, Жәнібек Маханбетов, Құдайберген Құлмамбетов, Жібек Алтаева, Айсұлу Әскербекова секілді қолөнер шеберлері мен суретшілердің туындылары қойылған екен. Сыр елінің символын бейнелеген кәдесыйлардың жөні бір бөлек. Мұнда ұлттық нақышта тігілген кеңсе киімдерін, жолсөмке, қоржындарды да кезіктіруге болады. Қызметкерлер жарнама ісінде де ерекше тәсіл қолдануды жолға қойған. Олар әлеуметтік желіде тұтынушысына ұсынып отырған әр тауардың шығу тарихын, оның салт-дәстүрге қатысты маңыздылығын сипаттап отырады. Бұл бір жағынан қазіргі таңда кәсіп жүргізуде қажетті әлеуметтік желі маркетингінің маңызын айқындап тұр.

– Ата-бабадан қалған көнекөз асыл мұра, қазақтың ұлттық қолөнеріне деген ықылас сонау ғасырлардан бері өзектілігін жойған емес. Алайда, бұрындары біз төл туындымыздың небір асылынан айырылып қала жаздадық. Бірақ, ел ішінен шыққан шеберлер ұлттық дәстүрдің, ұлттық бірегейліктің белгісін жоғалтпады. Бүгінде қазақтың дәстүрлі өнеріне ден қойылып, оны қайта жаңғыртуды өзіне міндет еткендер көп. Біздің орталықта да қолөнерді заманауи технология тілімен үндестіріп жүрген жандар аз емес. Олар отандық тауарға деген қызығушылықты арттыруға септесіп келеді. Мәселен, алыстан ат арылтып келген қонақтар шеберлердің еуропалық киімді өзіміздің ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендіріп, жарыққа шығарғанына тәнті, ағаштан ойылып жасалған Қорқыттың қобызы оларға рухани серпіліс сыйлайды. Бағалар қолжетімді. Бұл дүниелер өзіндік бренд қалыптастыруға да үлкен көмек, – дейді А.Керімқұлова.

Мақаланы бизнес саласының танымал авторы Йеспер Кунденің «Бренд – табыс әкелетін кепіл» деген сөзімен қорытындылауды жөн санадық. Себебі, бізде бренд барына ешкімнің таласы жоқ. Тек мақтауын асырып, қолдаудан танбасақ, өзіндік брендіміздің берекесін кіргізуге болатынын айтқымыз келеді.

М.СНАДИНҚЫЗЫ. 

 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<