Сүбелі сөз, ескі шежіре, есті әңгіме –рухани ілімнің жиынтығы

1430

0

Бүгінде сұлу сөйлеу, әсерлі әңгіме айту, тұшымды тақырып қозғау, ойлы оқиғалардың майын тамызып жеткізу әдебі үзіліп қалды. Пікірлесулер амандық-саулық сұрасудан аспай, адамдар арасындағы байланыс шегіртке тиген қамыстай селдіреп бара жатыр. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін облыстық мәдениет және спорт басқармасының қолдауымен бабалар дәстүрін жаңғырту мақсатында «Қоңыр әңгіме» жобасы жүзеге асып келеді.

Бұл жолғы «Қоңыр әңгіме» рухани кеші жырау, фольклортанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Алмас Алматовтың қатысуымен өтті. «Достық үйінде» ұйымдастырылған тағылымы мол рухани кешті үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов жүргізді.

Шара әң әуелі қазақтың қоңыр түсінің мәнін ашатын бейнекөрсетіліммен басталды. Иә, расымен де халқымыздың жанына жақын түстердің бірі – осы қоңыр. «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» оған байланысты тура және ауыспалы сөздер тізбегі берілген. Мысалы, қоңыр әңгіме, қоңыр аю, қоңыр ән, қоңыр дауыс, қоңыр жел, қоңыр күз, қоңыр қаз, қоңыр салқын, қоңыр тарту, қоңыр үн деп тізбектеле береді. Соның ішінде қоңыр әңгіменің жөні бір бөлек.

Ә.Кекілбаев: «Қоңыр деген жалғыз сөздің аясына күллі қазақтың ата-баба заманынан бергі бар тірлігін, мінез-құлқын, ұлттық сипатын сол қалпында қызыл тілдің құдіретімен жеткізе білген» деп баға берген. Ал біртуар ақын Ж.Нәжімеденовтің шығармашылығында қоңыр сөзі ерекше орын алады. Атап айтқанда, «Қоңыр түс» атты өлеңі қарапайым қазақтың қоңыр тірлігін былайша суреттейді:

– Қоңырайып жатыр алда жол әлі –

Кеудем кейде қоңыр күйге толады.

Қоңыр әнмен қазақ бесік тербетіп,

Өргізіпті-ау қоңыр-қоңыр баланы.

Қоңыр күпі, қоңыр дала, қоңыр үн…

Қоңыр күймен өтіп жатыр өмірім, –

деп келетін өлең әлі күнге халық жадында.

Жаңашылдыққа жаны құмар, болса елге болсын деп руханиятқа сүбелі үлес қосып жүрген Нұрмат Мансұров пен Мұхтар Ниязовтың тың бастамасы «Қоңыр әңгіме» рухани кеші тыңдармандарын осы себепті де серпілтіп тастады.

Алмас жырау өзінің төл туындысы «Қазына» тарихи дастанының желісін баяндап, кештің көрігін қыздырды. Екі сағатқа созылған кештің әңгімесін селт етпей тыңдап, сүбелі сөзге шөліміз қанып қалды. Басқасы басқа, адамдар бір-біріне жақсы сөзін қимай жүрген мәсінің қонышындай тар заманда мұндай тәлімі зор әңгіме халыққа мол рухани азық сыйлады.

«Қазына» дастанындағы кейіпкерлердің сөздері баяндалғанда төбе құйқамыз шымырлап, кей жерінде әттеген-айлап отырдық. Тарихи дастан, ондағы оқиға, оны халыққа жеткізу – Алмас Алматовтың топ алқаны игерудегі үлкен шеберлігі. Бір сөзбен айтқанда, тамаша рухани кеш өтті.

Сахнада «Ақмешіт» ансамблі нөсерлете күй төгіп, жырау Руслан Ахметов мен Малика Алдамжарова жырдан шашу шашып, Н.Бекежанов атындағы драма театр артистері «Қазына» тарихи дастанындағы Арғынбайға анасының тоқтау айтатын тұсынан үзінді сомдап, кештің ауқымын кеңейте түсті.

– «Сабынды неден жасайды?» дегенде «білмеймін, мылжыңнан жасайтын шығар» деп келетін әңгімесі бар Алмас ағаның. «Алыстан жеткен әңгіменің етек-жеңі жырым-жырым болады» деп ағаның өзі айтпақшы, біздің көкірегіміздегі көрікті ойдың ауыздан шыққанда ажары қашады ғой. Көп адамда солай. Ал Алмас аға әр дәуірдің адамдарын да, руларын да, құндылықтарын да, сол дәуірдің өмір салтын да қатарын бұзбай, қалпын кемітпей, тап ортасында отырғандай айтады.

Өткенде бір жерде Нұрлан имам «қазіргі балаларға қойдың құлағын берсең иіскеп-иіскеп қоя салады, миын берсең мүлде аузына апармайды, құлақ пен миға тамақ ретінде де қызығушылық төмендеп бара жатқан сияқты» деп әзілге сүйеп бір әңгіме айтқан. Әлбетте астарлы қалжың. Еститін құлақ, қорытатын ми болмаған соң Абай атамыз айтқандай «көзінен басқа ойы жоқ» балалар көбейе береді.

Алмас ағамен болған «Қазына» дастанының баянында заманы басқа демесең, осы қантөгіс, ұрыс-керістер тоқтаусыз әлі жүріп жатыр, қайта ол кездің қиын түйіндерінің күрмеуін шешетін көргенді билері, сөзге тоқтайтын қауымы бар еді. Ердің құны мен сөздің құны бірдей болатын. Адамзат қандай өркениетке ұмтылса да бәрібір айналып негізіне оралмай тұрмайды. Алмас ағаның әңгімесі бізге осы тұста ауадай қажет, – деді Мұхтар Ниязов.

Шынында, қазір қаптаған гаджеттер мен жалт-жұлт интернет заманында көне дәуірдің әңгімесін айтып бірдеңе өндіремін деу әурешілік сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ қолды бір сермеуге әлде де ерте сияқты. Елдің бәрі ессіз атанып, елеріп кеткен жоқ. «Қоңыр әңгіменің» көрермен, тыңдармандары жетерлік екенін шарада анық байқадық. Оның бір дәлелі – Ұларбек Нұрғалымның көшпенділер дәуірін сипаттайтын кітабының әлі күнге дейін сұраныстан түспеуі.

– Әдепті әңгіме айту, оны жеткізу – қазақтың қанына сіңген асыл қасиет. Көнекөз қариялардың кеудесіне сыйған қаншама сүбелі сөз, ескі шежіре, есті әңгіме бүтін бір ұлтты тәрбиелейтін рухани ілімнің жиынтығы еді. Бұрын да көп білетін, көп көрген қазына кеуде адамды ел ішінде ерекше қадірлеп, төр ұсынып, төбеге көтеріп отырған. Олардың аузынан төгілетін әрбір әңгімесі, адамды кемелдікке жетелейтін, сана көкжиегін кеңейтетін тәрбие-тағылым еді. Бүгін де Сыр өңірінде бастау алған, қазақтың баға жетпес сөз, шешендік, әңгіме айту өнерін насихаттайтын «Қоңыр әңгіме» жобасы – ізі бар ізгілікті қайта жаңғыртқан ұтымды жоба.

Қазақта «саф өнер саңлаққа ғана қонады» деген жақсы сөз бар. Әке мен ананың тәрбие-тағылымын, отбасы шаңырағының ұлы тәлімін ерте жастан санасына сыйдырып, кеудесіне рухани ілім етіп жинаған, бүгін де абыз ақсақал, жампоз жырау, қоңыр әңгіменің қазынасы, ұстаз Алмас аға Алматов Сырдағы айтулы жобада қонақ болды. Жырау шығармашылығынан ойып тұрып орын алатын «Қазына» дастанын әңгіме, шежіре, өлең түрінде баяндап, қалың көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Қазақтың сөз өнерін жыр күйінде, қара өлең күйінде, әңгіме-шежіре күйінде, музыкалық мақам-саз күйінде тұтас сақтап, келешекке аманаттап жүрген абыз кеуде Алмас ағамыз бүтін елдің аялы алақанында, көзінің қарашығында болуы тиіс, – деді жырау Күнсұлу Түрікпен.

Сағаттап жырланатын «Қазына» дастаны – шынымен қазақ әдебиетінің қазынасы. Ауызша тараған дастанды толықтай кітап етіп ұсынса, ел игілігіне жарар еді. Ал көрермендер жақұт жырдан өзіне ұнаған тіркестер мен шумақтарды түртіп алып отырды.

– Ақбоз үй, он бір қанат елден бөлек,

Бастырған қас шеберге сондай зерек.

Желбауын зермен ойып, үкі тағып,

Қыжымнан ою басқан дөдегелеп.

Тай тулақ кіреберіс, киік бөстек,

Патсайы көрпе, жастық шәйі жібек.

Арысын шаңырақтың бүтін шапқан,

Аяқ бау, иін бауды қойған гүлдеп.

Түргізіп туырлықты бел арқанға,

Арғынбай төрде жатыр өзін зілдеп.

Тентек жел тамашаға таңғалғандай,

Сонырқап керегеден соғады үрлеп, –

деп өріліп кететін өрелі суреттеуге «паһ» деп таңданбау мүмкін емес. Ал «Ашу – дерт, ақылыңа араласса, Сабырдың сары алтындай ұрығын сеп» деп келетін тұрақты сөз тіркесіне айналған дастандағы түйдек ойлар жастар санасына сәуле болып құйылары хақ.

Қазақтың қара сөзін қанына, сүбелі сөзін сүйегіне сіңірген Сыр елінің халқы әңгімеге ұйып, уақыттың қалай зу етіп өткенін аңғармай қалды. Бір отырыста дастанды толық тәптіштеп баяндау мүмкін емес. Дегенмен халықтың рухани байлығы артып, құлақ құрышы қанып қалды.

Осындай жарқын бастамаға қолдау білдіріп, елге керекті жобаларға жан бітіруге көмегін аямайтын аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлына, аймақтың мәдениет пен спорттың тізгінін ұстап отырған жігерлі менеджер Мира Жомартқызына ұйымдастырушылардың айтар алғысы шексіз.

Алматыдан арнайы келген қонақ, Қажымұқандай алыптардың лайықты ізбасары Тимур Сыпатайдың да өнеріне тәнті болып, қол соқпаған жан қалмады.

Кеш қорытындысында қоғам қайраткері Сәби Аңсат сахна төріне көтеріліп, халықтың атынан ризашылығын айтып, «Қоңыр әңгіме» рухани кешінің алдағы уақытта да жалғасты болатынына сенім білдірді.

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<