Сыр өңірінде кино өнерін өркендеткендер

708

0

Жарты ғасырға жуық Сыр өңірінің кино саласында қызмет істегенімде, осы мамандығымның қыры мен сырына қанығу үшін ел ішін көп араладым. Өз ісін сүйетін, мамандығын құрметтейтін талай атпал азаматтармен дастарқандас, тұздас-дәмдес, іссапарлас, кей кездерде сырлас болып жүріп зейнеткерлік жасқа жеткенімді де білмей қалыппын. Бұл – жұмырбасты пенденің бәріне бірдей тән құбылыс. Өткен күндеріме бүгінгі жасымның биігінен қарасам, бұрынғы қызметтестерімнің көпшілігі о дүниелік болған. Бірақ маған медет болатыны – сол жайсаң жандардың ұрпақтары мен жақындары, туыстары бар. Міне, соларға арнап Сыр өңірінің кино саласын өркендеткендер мен дамытқандар туралы айтсам деймін…

Киноның шын аты – синема. Оның алғашқы ота­ны – Франция. Осыдан 125 жылдай бұрын француз аза­маты Л.Гомон деген кісі био­скоп аппаратын ойлап та­бады. Іскерлігіне ақы­лы сай әрі пысықтығы да бар ол осы еңбегінің пайдасын көр­гісі келіп «Гомон и К» де­ген фирма ашады. Өзі ойлап тап­қан аппаратына патент ала­ды.  Дүниежүзілік кино күні – 28 желтоқсан, өйткені 1895 жылы дәл осы күні ағайынды Луи мен Огюст Люмьерлер Францияның астанасы Парижде ойлап тапқан киноаппарат не­месе жанды фотография (жыл­жымалы суреттер) әлемді таң­дай қақтырған. Сөйтіп қала­лық демалыс паркінде бірін­ші киносеансын (ол кезде бұл «тех­никалық аттракцион» деп аталған) өткізген. Кино өне­рі Ресейге ХХ ғасырдың ба­­сында 1918 жылы, ал Қа­зақстан­ға 1921 жылдың екінші жартысына таман келді деген деректер бар. Кеңес өкіметі ор­наған соң, жекешедегі кино­залдар тәркіленіп, мемле­кет қа­рамағына алынады. Қазақ ав­тономиялық республикасы­ Халық ағарту комитеті Саяси Бас басқармасының ки­но­фото бөлімі ашылады.

«Главкинопрокаттың» Қы­зылорда облыстық кино бө­лім­шесінің директоры Ра­фа­ил Ибрагимовтің 1950 жы­лы жазған анықтамасына қарағанда, облыста барлығы 43 киноқондырғы болған. Оның 33-і мемлекеттік, 6-ы кә­сіподақтық (профсоюзные) оның ішінде 7-і қалалық, 32-сі селолық жерде. Барлық киноқондырғының 4-і жабық мекемелерде орналасқан. Об­лыстық фильмқоймада 1951 жылдың 1 қаңтарына 323 ки­нофильм, оның 532 кө­шір­ме­сі болған. Барлық кино­кар­тинаның 9-ы ғана 16 мм тас­пада еді.

1968 жылдың 1 шілде­сінен бастап КСРО Үкіметі мен ВЦСПС-тың бірігіп шы­ғарған қаулысымен село­лық ұжымдардағы (совхоздар­дағы) және теміржол бойын­дағы клубтардағы кино­қон­дыр­ғы­лар­ды аудан­дық кәсіподақ­тар­дың, «Дорпрофсож­дардың» ба­лансына беріп, облыстық кә­сіп­одақ комитетінің жанынан Кино жөнінде кеңес (Совет по кино) бөлімдері ашылды. Облыстағы кәсіподақ комитеті жанындағы Киносоветті бірінші болып бұрын партия мен кеңес қызметкері болған Жұмабай Әбдреев көп жыл басқарып, зейнеткерлікке шықты.  Содан соң менің ұстаздарымның бірі, кино маманы Владимир Ким істеді. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары жаппай қысқартудың кезінде кәсіподақтың кино­қон­дырғыларының бірінші ке­зекте жойылғанына қатты қамық­қаннан болуы керек, Владимир Васильевич те дүниеден озды. Мемлекеттік кино жүйесіндегі киноқондырғылардың саны жыл­дан жылға азая бас­тады. Тек мемлекеттік жүйе­дегі ки­нотеатрлар мен киноқон­дыр­ғылар саны ғана жүргізілді.

ҚР мәдениеті мен кинема­тографиясының еңбегі сіңген қызметкері, КСРО спорт ше­бері, Бүкілодақтық футбол тө­решілерінің мүшесі, І санатты «КСРО Құрметті футбол төрешісі» Рафаил Ибрагимов туралы бірер сөз. Рафаил Якубұлы Семей қаласында 1922 жылы 12 тамыз күні дү­ниеге келіпті. Әкесі Якуб Иб­рагимов әскери қызметте бол­ған, сондықтан оны 1937-1938 жылдары Қиыр Шығыстан (При­­морский край) кәріс хал­қын депортациялағанда солар­дың көшін түзеп, Қызылордаға отба­сымен қоныс аударған. Жас жеткіншек Рафаил Қызыл­ор­дадағы бұрынғы Ленин кө­ше­сіндегі №1 аралас орта мек­тепті бітірген. Сөйтіп 1940 жыл­дан бастап кино саласына жұмысқа кірген. Ұлы Отан со­ғысына қатысып, офицер шенімен, Жеңіспен елге орал­ған. Сөйтіп кинодағы жұмысын жалғастыра берген. Жас офицер тәжірибе жинаған соң, оны «Главкинопрокаттың» Қы­зыл­орда облыстық бөлім­ше­сіне директор етіп тағайын­дайды. Облысы­ның киноландыру мен кино­фильм­дерді прокаттау ісіне өлшеу­сіз үлес қосқан азаматты пар­тия мен кеңес басшылығы қыз­метін жоғарылатып, 1952 жылы Алматыға ауыстыруға ұсыныс жасап, республикалық «Казглавкинопрокат» мекемесі­нің директоры қызметіне ауы­сады. Рафаил Якубұлы ки­но са­ласы мен спортты да қа­тар алып жүріп, көптеген же­місті же­тістіктерге жетеді. Ал­дымен «Қазкинокомитеттің» Бас басқармасының басшысы, содан кейін төрағаның орын­ба­сарлығы қызметтерін абы­рой­лы атқарады. Республикалық кинематография басшылы­ғын­­да 40 жылдан астам еңбек етіп, зейнеткерлікке шыққан соң да жалғастырды. Тек 80 жас­тан кейін ғана бірыңғай де­малысқа бет бұрады. Ре­кең демалысқа шықса да, жыл сайын Қызылордадағы жо­ғар­ы лиганың футболдық кез­десу­леріне мемлекеттік ко­мис­сары есебінде қатысып отырды. Келген сайын мені ертіп алып, Қызылордадағы ескі бейітте жерленген әке­сі­нің басына Құран ба­ғыштап қайтатын. Рекең «Қаз­кино­комитетте» істеп жүр­генінде біздің облысқа іссапар­мен келсе болды, әйтеуір уақыт тауып, өзі оқыған мектепке соғатын. Ұстаздармен кездесіп, сыныбына кіріп, отырған пар­тасын көріп кететін. Қызыл­орда қаласындағы мектептерге киноаппаратура қойыла бас­тағанда, бірінші өзі оқы­ған мектепке орнатуды ұсынды. Мен Рафаил Якубұлының қа­рамағында қызмет істеген кез­де­рім­­де, шә­кірті ретінде көп тә­лім-тәрбие алдым.

Революция көсемі В.Ленин халық шаруашылығындағы пай­да болған жаңа саланы ұлт­тық мүддеге пайдалану үшін декретке 1919 жылы 27 тамыз күні қол қойып жатып: «Из всех искусств, для нас важнейшим является – кино!» деген екен. Пролетариат көсемінің сол қа­натты сөзі осы кезге дейін мән-мағынасын жоғалтқан емес. Кейін 1969 жылы сәуір айында Л.Брежневтің Жарлығымен 27 тамыз – КСРО киногерлері күні болып белгіленді.

 Енді Қызылорда облысының кино тарихына келетін болсақ, біраз тарихи құжат архивте сақталмаған. Көнекөз ардагер­лерден естігенім, 1929-1930 жыл­дары қала тұрғындары мен жұмысшы-шаруалар жиналып, сенбілік пен жексенбілік ұйым­дастырып, қазіргі Қазыбек би және Қонаев көшелерінің қиы­лысындағы ес­керт­кіш ор­нына жазғы 1000 орындық «Октябрь» ки­но­алаңын салған. Сол кино­алаң 1985 жылға дейін ха­лық­қа қызмет етті.  Оның ор­­нына сол жылы қалалық де­­малыс паркінің ортасына та­ман 1000 орындық типтік жо­­бамен киноалаң салынды. Оған заманауи «Ксенон-5» ки­но­аппаратурасы қойылып, он шақты жыл халыққа қызмет істеді. Өкінішке қарай, бәсеке­лестікке төтеп бере алмай, жа­былып қалды. Иесіз тұрған ғи­мараттың силикат кірпішін тұрғындар жайлап ұрлап тасып, ақырында киноалаңды жойып тынды. Одан басқа Қызылорда қаласында қазіргі Қорқыт ата және Мұстафа Шоқай кө­ше­лерінің қиылысындағы ба­зар­дың  оңтүстік шығысына та­ман Жамбыл атындағы 400 орын­дық жазғы киноалаң болатын. Ол киноалаң  өткен ғасырдың 90-жылдары сүріліп, жері сауда нүктелерінің орнына айналған. Сондай кейіпті басынан кешір­ген – теміржол бойының күн­шығыс бөлігіндегі, тұрғындар «Шанхай» атап кеткен жердегі «Мир» киноалаңы. Оның ор­нына қазір тұрғын үйлер салы­нып кеткен.

Ең алғаш Қызылордада тип­­тік жобамен 500 орындық Аманкелді атындағы кинотеатр 1939 жылы салына бастаған. Ұлы Отан соғысы кезінде консервацияланып, соғыс біт­кен соң құрылысы 1946 жылы жалғасты. 1950 жылы толық іске берілген. Кең форматты Ы.Алтынсарин атындағы ки­нотеатрдың құрылысы 1960 жылдары басталып, 1964 жылы іске қосылған. Ал 1970 жылдың басында кең экранды кино­аппаратурасы кең форматты жаңа «КП-15» кинотехникасына алмастырылған. 1980 жылы осы кинотеатрдың фасадындағы үл­кен ветриналық айнаны пай­даланып, күндізгі (дневное) ки­но көрсетілімдер басталды. Он­да киножурналдар, киноролик­тер және жаңалықтар қойылып, кино өнерін насихаттау әдісі жаңа қырынан танытылды. Ол қала тұрғындарының және қо­нақ­тарының арасында бел­сен­ділік тудырды.

Облыс кино саласы қыз­мет­керлері Қызылорда қала­сының кинокөрсетіліммен аз қамтылған шағын аудандар тұр­ғындарына рухани құнды­лықтарды насихаттауды мақ­сат тұтты. Ойластыра келе банктен ссуда алып, жаңа типтік жобамен 400 орындық, қысы-жазы тұрақты кино көр­сететін кинотеатр салу еді. Солай жасадық та, оны 1972 жылы бастап, 1975 жылы пайдалануға беріп «Жеңістің ХХХ жылдығы» деп атадық. Сол кинотеатр жиырма жылға жуық халыққа жемісті қызмет көрсетті. Өкініштісі сол, кешегі тоқырау заманында халық шар­уашылығындағы өзін-өзі ақ­­тай алмайтын әлеуметтік, ру­хани байлығымызды молай­та­тын мекемелердің түгелі дерлік жекешелендіріліп кетті. Жекешелендіруге келгенде мемлекеттік мүлік болған соң,  мәдениет үйлері, ауылдық клубтар, кинотеатрлар және басқалары «ұстағанның қолын­да, тістегеннің аузында» деген сияқты құнсыз болып шыға келді. Тіпті жекешелендіру кезінде кейбір пысықай эко­номистсымақтардың көрсе­туі­­мен ҚР Үкіметі арнайы аттарын көрсетіп, қаулы қа­былдап, мер­зімін бекітіп берді. Ондағы қызмет істеп жүргендердің пі­кіріне құлақ аспастан, сатты немесе сенімді басқаруға берді де жіберді. Сондай жолмен жекешелендіру Қызылорда қа­ласындағы Аманкелді мен Ал­тынсарин атындағы кино­театрлардың және Қазалы қо­ны­сындағы «бесінші квартал» атанып кеткен шойын жолдың күншығыс бөлігіндегі қос (қыс­қы және жазғы) залды жаңа кино­театрдың бастарына да түсті. Сөйтіп Аманкелді атындағы кинотеатры «Кең да­ла» мейрамханасы, ал Алтын­сарин атындағы кинотеатр қолдан-қолға өтіп, қазіргі кезде «Достық үйі» болып тұр. Ал «Жеңістің ХХХ жылдығы» атындағы кинотеатр мешітке айналды. Ішіндегі жап-жаңа ки­ноаппаратураны құрал-сай­ма­нымен облыста жаңадан ашы­лып жатқан әскери шека­рашылар бөлімшесі  клубы­­ның балансына беріп, сон­да киноқондырғы ашқан. Аймақ­тық жекешелендіру комитетінің айтуы бойынша олар (кино­театр­лардың сатып алған ие­лері) келісім-шарт негізінде үш жылға дейін кәсіби профилін сақтай отырып, тұрғындарға қызмет істеу керек-тін. Саудаға шығарылып, біреуге сатылмау керек болатын, ал оның бірде-бір шарты орындалған жоқ.

Тарихқа қайта оралсақ, Ми­нистрлер Кеңесінің Жарлы­ғымен 1963 жылға дейін об­лыстық мәдениет басқар­мала­­рының жанындағы кино­фикация мен кинопрокат болып кел­ген бөлімі өз алдына дер­бес облыстық кинофикация бас­қар­масы болып құрылды. Ал кино­прокаттың функциясы рес­публикаға беріліп, об­лыстарда кинофильмдерді про­каттау кеңселері ашылды. Бұл кеңсе республикаға бағынатын және содан қаржыланатын болған соң, облыс аумағындағы мем­лекеттік (кинофикация), кә­сіп­одақтардың қарамағын­дағы (профсоюзные) және ве­домст­­волардың (біздің жағ­­дайда мәдениет саласы­­ның ав­­токлубтары, киноқон­дырғысы бар ірі құры­лыс трестерінің, т.б.) кинотеатр­лары мен ки­ноқондырғыларды фильмдер­мен қамтамасыз етіп келді. 1963 жылдың тамыз айынан бастап Қызылорда облкинофикация бас­қармасына басшы болып Мәдемхан Жәнібеков тағайын­далды. Бұл қызметті  1972 жылдың маусым айына дейін атқарды. Қызылорда об­лыстық кинофильмдерді про­кат­тау кең­сесінің директо­ры болып, соған дейін Аман­келді атындағы кино­театр ди­ректорының қыз­­­метін атқарған Зубайда Кальтиева болды. Бұл мекеме респуб­­ликалық бюд­жеттен қаржы­ландырылды.

Қызылорда облыстық ки­но­ландыру басқармасының бас­шылығын 1972 жылдың маусым айынан 1975 жылдың қараша айына дейін Әби­булла Балабиев атқарып, Сыр­дария аупарткомының хат­шы­лық қызметіне ауысты. Кино­басқармаға келгенше об­лыс­тық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің нұс­қаушысы еді. Содан кейін обл­кинобасқармаға басшы болып, Тереңөзек аупарткомында хат­­шы болып қызмет істеген Кө­бейсін Исаев келді. Ол кісі кинобасшылықты 10 жылдан астам 1975-1985 жылдары ат­қарды. Содан зейнеткерлікке шы­ғып, облыстық салауатты өмір сүру қоғамдық мекемесіне басшы болып ауысты.

Қызылорда облыстық ки­нофильмдерді жалға беру ме­кемесінің бұрынғы директоры зейнетке шыққаннан кейін, оның басшысы рес­публика мен облысымызға  бел­гілі мем­лекет және қоғам қай­раткері Зейнолла Жарқын­баев болды. Бұл 1980 жылдың басы еді. Өзінің іскерлік мол тәжі­ри­бесімен, қарым-қабілетімен Зейнолла Көштайұлы облыс киносаласының өркендеуі­не, да­муына және кинотуын­ды­лардың тұрғындардың арасында ауқымды насихатталуына ерек­ше үлес қосты. Зәкеңнің 1982 жылы басқа жұмысқа – об­лыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау меке­месіне ауысуына байла­нысты, басшы болып мен тағайын­далдым.

Кинофильмдерді халыққа жақындату және оның көрсету мерзіміне көп уақыт жібермеу мақсатын ойластырып, соны­мен бірге облыстарға жібері­летін фильмдердің көшірме­сін көбейту үшін Үкіметтің арнайы қаулысымен облыстар­да ауданаралық кинофильм­дер бөлімшелері ашылды. 1978 жылы сол Үкімет қау­лы­сына сәйкес, біздің облыс орталығынан алыс орналасқан Қармақшы, Қазалы және Арал аудандарының киноқон­дыр­ғыларын аз мерзімде кино­фи­льм­дермен қамтамасыз ету үшін Қазалыда ауданаралық бөлімшесі ашылды.

1991 жылы киноландыру басқармасы мен облкинопрокат мекемесі біріктіріліп, Қызыл­орда облыстық КВО (Кино­бейне­бірлестік) құрылып, оның бастығы болдым. Үш жылдан соң, «Кинобейнебірлестік» қай­та облыстық киноландыру басқармасы болып құрылды. Осы қызметті 20 жыл атқардым.

Жаппай қысқартулар бас­та­лар алдында «Ұжымдық ке­ңестің негізін» пайдаланып, басқару аппаратындағы 8 штат­тық бірлікті екіге бөліп, обл­кинопрокаттау меке­месін дер­бестендірдім. Ал кино­фикация 4 бірлігімен «Облыс­тық кино­видеобөлім» болып мәдениет басқармасына қосыл­ды. Осы кезде басқарма бас­шысының бірінші орын­ба­сары және бөлім бастығы болып, өзімнің 3 бірлігіммен бір­ге ауыстым.

Облыстық ки­новидео­фильм­дерді жалға беру кеңсесі өз алдына дербес мекеме бол­ған соң, оның директор­лығына облыстық мә­дениет басқармасы  басты­­ғының орын­­басары қызметін атқарып жүр­ген Аман­келді Жұ­­матаев келді. Ол бұл қыз­метті 2005 жылға дейін ат­қарды. Сол жылы ҚР Үкі­ме­тінің «Бәсекелестік ортаға төтеп бере алмайтын меке­ме­лерді қысқарту» туралы қау­лысы шығып, облыстық ки­нопрокат мекемесі және оның аудандық бөлімшелерінің жұ­мысы тоқтатылды. Сөйтіп об­лысымызда халыққа қызмет істеуде 70 жылдан астам тарихы бар кино саласы дербес халық шаруашылығының бір бөлігі ретінде де, халықтың рухани байлығын жоғары көтеруде де, елімізде кең тараған өнер ретінде де, ақпарат құралы ретінде де, ең тиімді, ең арзан, жастарды тәрбиелеудегі ал­дыңғы қатардан орын ала­тын идеологиялық құрал ре­тінде де өз бағасын ала алмай жойылып кете барды.

Мен, облыстың киновидео саласында 1960 жылдан бас­тап қызмет істедім. Киноме­ханиктер даярлайтын курстан кейін, Қызылорда қаласындағы Аманкелді атындағы ки­но­театрда киномеханиктің жәр­дем­шісі, сонан соң бұрынғы К.Маркс атындағы көшенің аяқ жағына таман орналасқан, бұрынғы Сырдария ауданының (аудан орталығы 1961 жылы Тасбөгет қонысына көшірілген) орталық клубы болған кино­қондырғы киномеханигі, об­лыс­тық кинопрокат мекеме­сінің қызметкері болдым. Содан кейін Жаңақорғанға ауыстым. Онда аудандық кинотеатрда механик-дизелист (электр қуаты тұ­рақты берілмегендіктен, әр кинотеатрдың жанында дизель моторын ұстайтын) болып іс­тедім.1963 жылы Алматы ки­нотехникумына түсіп, оны 1967 жылдың ақпан айында бі­тіріп, жолдамамен Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің жа­нындағы Кинематография жөніндегі комитетінің Кино­лан­дыру және Кинопрокат Бас басқармасына инженер-инс­пектор қызметіне қабылдандым. Сол қызметтен Қызылорда об­­лысы кино саласының кадрларын тұрақтандыру мақ­сатында басшылардың ше­ші­мімен өз туған жеріме жібе­рілдім. Жаңақорған аудандық киноландыру дирекциясында бір жылға жуық техникалық бас­қарушы болып жұмыс іс­тедім.

1970 жылы Қызылорда об­лысының киноландыру бас­қармасы бастығы М.Жәнібеков ұсынысымен облыс орта­лы­ғы­на қоныс аударып, бас-аяғы кинода 41 жыл, содан соң об­лыстық мәдениет басқар­масында 7 жыл қызмет істеп, зейнеткерлікке шықтым. Оның ішінде Қызылорда қала­сы­ның аумағындағы кино меке­ме­лерінің біріктірілген бастауыш партия ұйымы парт­бю­росы­ның хатшылығын 16 жыл бойы атқардым. Облыс ор­та­лығындағы қызметтік бас­пал­дағым негізінен түсінікті ғой деймін.

Жарты ғасырға жуық ки­нобейне мен мәдениет саласын­да жүріп, көптеген зиялы қауым өкілдерімен, мамандармен, қа­­рапайым жұмысшылармен, интеллигенциямен, т.б. адам­дармен кездесіп сұхбатта­сып, дидар­ласып, іссапарларда, тұз­дас-дәмдес болғанымды «Бә­рі, бәрі есімде…» кітабымда жаздым. Соның ішінде арнайы тоқталып, астын сызып айтайын дегенім мынау еді. Облыстық кинобейне саласының ХХ ғасырдағы жеткен жетістіктері мен жіберген ағаттықтарының бәрі адам баласының ойы және қолымен істелген. Сондықтан Қызылорда облысында кино­ландыруды ұйымдастыру, оны дамыту мен өркендетуге, ма­териалдық-техникалық ба­засын нығайтуға өздерінің зор үлестерін қосқан және ки­нобейнефильдерді көрсету са­ласындағы жұмыстарды ат­қа­руда аянбай еңбек еткен  жандар ұмытылмайды.

Тауасар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, 

КСРО мен ҚР кинематографиясының үздігі, 

ҚР Мәдениет қайраткері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<