ТАБИҒАТ ТАМЫРШЫСЫ ЕДІ

425

0

ТАБИҒАТ ТАМЫРШЫСЫ  ЕДІ Әлемдік экологияның жағдайы бүкіл жаһан жұртын алаңдатып келе жатқанына көп жылдардың жүзі болды. Ондағы сын-қатерлерге қарсы тұру, күрделенген мәселені шешу – барша адамзаттың ортақ шаруасы. Қоршаған ортаны қорғау мәселесі біздің еліміз үшін де аса маңызға ие.
Мәселен, біздің облыста экология басқармасы 1988 жылы құрылса, оның аудандағы бөлімшелері 1989 жылдан жұмысын бастады. Мен осы жылдары облыстық экология басқармасының Жаңақорған ауданындағы өкілі, бас маманы, аудандық экология басқар­масының басшысы қызметтерін атқар­дым. Ол кезде облыстық басқарманың басшысы Тыныштықбаев Елтай Байназарұлы болатын. Одан кейінгі кезеңдері Шапшаңов Қуаныш­қали Рахманбердіұлы ағамыз басшылық етті.
Қай саланы алмайық оның жұмысының жақсы жүруі білікті кадрларға байланысты. Кеңестік кезеңдегі “Кадрлар бәрін шешеді” деген ұрансөз қай кезең, қандай қоғам болса да маңызын жоймайды деп ойлаймын. Экология басқармасы құрылып, жұмыс істей бастаған жылдары бұл  салада арнаулы дайындалған мамандар жоқтың қасы еді. Десе де жаңа істе үлкен жауапкершілікпен жұмыс істеген азаматтар аз болмады. Міне, енді бүгін Бүкіләлемдік қоршаған ортаны қорғау күні қарсаңында, сондай-ақ биыл экология саласының құрылғанына 30 жыл толуына орай сондай жандардың бірін еске алып отырған жайым бар.
Ол – Тілеубеков Бақыт Оразбекұлы. Бұл азаматты бұрыннан да көріп жүргеніммен танысуым жол үстінде болған еді. 1992 жылдың жазында облыс орталығындағы басқармаға есебімді тапсырып келе жатқанымда Бақыт екеуміз бір вагоннан табылдық. Ол жігітті күнделікті үйімнің жанынан жұмысқа кетіп бара жатқанын көріп, оның киім киісі мен жүріс-тұрысына риза болып жүретінмін. Ал вагон ішінде екеуміз шүйіркелесіп жақсы сөйлесіп кеттік. Артық сөзі жоқ, мәдениетті жан екенін сезіне түстім. Мен сол жолы басқармадан бір қосымша штат бірлігін алып келе жатқан болатынмын. Маған маман керек екенін айтып, Бақытбекке ұсыныс жасадым. Ол бірден келісімін берді.
Осылайша ауыл шаруашылығы саласының маманы Б.Тілеубеков экология басқармасының қызметкері болып шыға келді. Оның ауыл шаруашылығы мамандығы бойынша алған білімі мен жұмыс тәжірибесі экология талаптарын орындауда өте көп пайдасы тиді. Мысалға, сол уақыттары шаруашылықтар күріш өнімділігін арттыруды көздеп, тыңайтқыштарды бекітілген нормадан артық қосуды әдетке айналдырған екен. Бақыт осы келеңсіздікке тосқауыл қойып, оны нормаға сәйкестендіруге көп күш салды. Бұл өз кезегінде аяқсу сапасының  тазаруына әкелді. Сол секілді “Шалқиядан” шыққан зиянкес заттардың бей-берекет тасталуының жолын кесті.
Ол жұмысына тиянақты болып, үлкен жауапкершілікпен қарады.  Барған жерінде адамдармен тіл табыса білді. Жан дүниесі таза адам еді. Таза табиғат – халық байлығы деген ұстаныммен жұмыс істеді. Сол секілді “Табиғатқа қамқорлық – ең алдымен адамға қамқорлық, одан табиғатымыз ғана жаңарып қоймай, адам санасына да өзгеріс енеді. Адамдар қайырымдырақ бола түседі. Табиғатқа қамқорлық барлық жерде, әр үйдің ауласынан басталса, оның ауқымы да кеңи түспек” деген ойды жеткізіп жүретін. Содан да болар “Бақыт-эколог” деген атқа ие болып, абыройлы қызмет атқарды.
Мен 1999 жылы қызмет бабымен Қызылорда қаласына ауысқанымда орнымда басшы болып Бақыт қалды.
Тәуелсiздiк жылдары Қазақстандағы экологиялық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң тың жүйесi құрылуының және қалыптасуының кезеңі келді.
Ондағы жетістіктер өз саласын жетік түсінген, адал қызмет жасаған басшылар мен мамандар еңбегінің нәтижесінде жүзеге асты. Бақыт Оразбекұлы солардың бірі еді. Оның атқарған жұмыстары  министрлік, облыстық әкімдік және басқарма тарапынан лайықты бағаланып, түрлі марапаттарға ие болды.
Әттең, өмірден ерте озды. Ол аудандық басқарманың басшысы болып жүргенде науқастанып, 2012 жылдың қаңтарында дүние салды. Балаларын жетілдіруді жолдасы Райкүлге қалдырып кетті. Бүгінгі күні үлкен қызы Айдана, ұлы Бауыржан бір-бір мамандық иесі. Кіші қызы Аружан студент.
Иә, өзі кеткенімен, артында жақсы істері жарқырап тұратын асыл жандар бар. Бақыт сондай азамат еді…

Байкенже АХМЕДОВ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<