Тағдырын өрген өлеңмен

1342

0

Жауынгер ақын аты ұрпағына қадірлі болып қалған Әбзәли Егізбаев 1907 жылы қазіргі Қармақшы ауданы Тұрмағамбет атындағы ауылда өмірге келген.

Ол ауыл мектебінде даңғайыр ақын Тұрмағамбеттен діни тәлім алған. Сонымен бірге шығыс әдебиетінің классиктері Айни, Низами, Сағди, Фирдоуси шығармаларын оқып жетілген.

1930 жылдан бастап комсомол, кеңес жұмыстарында түрлі қызмет атқарады.

1934 жылы Қызылорда педагогикалық училищесін бітіріп, Жалағаш ауданы кейін «Қызылтам» мектебінде мұғалім, мектеп директоры қызметтерін атқарған.

Ауыл әлеуетінің өсіп-өркендеуіне етене араласқан оған шолақ белсенділердің ұйымдастыруымен «мектепті жөндеу жұмыстарын қасақана ұзартқан», «ауданға ауылдағы мектепте оқитын бала санын азайтып көрсеткен» деген арыз-шағыммен «халық жауы» деген жала жабылып, 1938 жылы Сібірге жер аударылады. Магадан облысы Калыма өзені бойында орналасқан «Одинокий», «Партизанский» алтын кен орындарында ауыр жұмыстар істеп, 1941 жылы елге оралады.

Қу түрме тарылттың-ау тағатымды,

Бостандық сағынттың-ау сағатыңды.

Жау деген жаман атақ жабылғасын

Айырдың жақсы атақтан жарасымды.

Сайрандап өскен жерде жүре-тұғын,

Жалақор үзіп қойды қанатымды.

Шыдайсың сабыр қылып, туар айды,

Жарқырап аша-тұғын қара түнді, – дейтін ақын жырлары сол ауыр жылдардың жан жарасы секілді.

1941-1942 жылдары Жалағаш ауданы Жаңаталап мектебінің директоры болып жүріп, Ұлы Отан соғысына аттанған. Алғаш Батыс майданында, кейін Шығыс майданында соғысқа кірген. Талай құқайды бастан кешкен, жараланған, қайта сапқа тұрған.

Соғыстың соңғы күндерінде ол өзінің әскери бөлімімен Қиыр Шығыстағы Жапон соғысына қатысады. Бірақ, туған елге қайтуға бірнеше күн қалғанда Манчжурияда жаудың оғынан қаза болады. Сол топырақта жерленген.

Әбзәли жастайынан жырға қанып өскен. Қармақшы топырағында Сыр сүлейлерінің Отаны болды. Ол талай кәнігі жыраулардың жанында жүрді. Қанмен берілген дарыны бар жас өзі де өлең жазуға машықтанды. Алғашқы өлеңдері майдан газеттерінде жарияланған. Ал, «Жорық жолында» «Дат», «Мақсұт», «Төрт дәруіш», т.б. атақты поэмаларын соғыс жорықтарында жүріп жазды.

Ақын шығармалары кейін, 1969 жылы «Жауынгер жүрегі», 1978 жылы «Жыр-аманат», 1996 жылы «Елімнің сырын еттім жыр», 2003 жылы «Киелі Қармақшым» деген атаулармен  бірнеше кітап болып басылып шықты.

Ата-ана, бала, жар дескен,

Алашаң, майданқан кешкен.

Шығарам қалай хәлді естен,

Елімнің сырын еттім жыр, – деп өзі жырға қосқандай, есіл ер соңғы демі біткенше еліне, Отанына адал болды, сол үшін де ол қасық қанын аяған жоқ. Ақынның өзі өлгенімен өлең-жырлары туған ел-жұртының жадында мәңгі сақталып қалды. 

Бүгінде Қызылорда қаласы мен аудан орталығында жауынгер-ақын Әбзәли Егізбаев атында көше болса, Жосалы кентіндегі №121 орта мектеп Ә.Егізбаев атымен аталады және білім ордасында ескерткіш мүсіні орнатылған.

Ақынның мұрасы ұрпақтар руханиятына қызмет ете берері, қазақ тұрғанда жасай берері сөзсіз.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<