Теңіз төскейіндегі толағай тірлік

615

0

«Жарты ғасырдан соң қолға алынған балықшылар слеті қазір дәстүрлі мерекеге айналды. Облыс әкімінің қолдауымен 2015 жылдан бастап  Қамбаш көлінің жағасында Арал өңірі балықшыларының слеті ұйымдастырылып келеді. Биылғы жылғы  шілде айының 12-13 күні өтетін «Арал өңірі балықшыларының V слетіне  Сыр өңіріне қоса Шымкент, Ақтөбе облысынан қонақтар келеді» деп межеленуде. Аталмыш шара тұтас өңірдің келешегіне деген сенімін, бағындырған жетістігін баршаға паш ететін тағлымды жүздесу болатыны даусыз. Бұл-өткен тарихты таразылаудың айнасы іспетті» дейді Арал ауданындағы ел ағалары.
«Келгенше қонақ, келген соң үй егесі ұялады» деген бар. Толқыны көкке шапшыған, табиғаты көркем Қамбаш көлінің жағасында балықшылар тойына соңғы дайындықтар жүргізілуде. Қайда қарасаңызда, қауырт жұмыспен қарбаласып жүрген жандарды байқайсыз. Баршаның қабағы жадыраңқы, жүздерінен қуаныш лебі еседі. Олай болмағанда ше?!. «Слет» дегенменде астарында өткенді таразылап, ертеңгі күнді жоспарлайтын ұлы сезім жатыр. Бір сәт өткенге шолу жасап шықсақ.  
Теңіз тартылған тоқырау кезең Арал перзенттерінің жадына қорқынышты түстей сақталып қалды. Сол өқиын-қыстау тұста балық шаруашылығы орасан күйзеліске ұшырады. Балық өңдейтін кәсіпорындар, балық аулайтын шаруашылықтар жапппай жұмысын тоқтатты. Теңіз суының тұздылығы көбейіп, балық аулау мүлдем тұралады. Солтүстік Арал теңізінен бар-жоғы 400 тонна  камбала глосса аталатын бір ғана түрі ауланатын халге жетті. Ата кәсібінен қол үзген өңір тұрғындары тіршілік қамын жасап, жан-жаққа амалсыздан қоныс аударды. «Өлмегенге-өлі балық жолығады»деген бар. Торғайдай тозғындап кеткен теңіз перпзенттерінің көңіліне Елбасының тікелей қолдауымен жүзеге асқан САРАТС  жобасының алғашқы кезеңі үміт отын жақты. Кіші теңіздің қалпына келуі, Көкарал бөгетінің салынуы, Ақлақ тоспасын жасау ата өңірді қайта түлетті. Теңіздегі балық қоры молайды. Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі артты. Теңіз деңгейі Арал қаласына біршама жақындады. Сырдария өзенінен Солтүстік Арал теңізіне құйылатын судың көлемі көбейіп, өңірдегі көптеген биологиялық түрлер қалпына келе бастады.
Сондай-ақ, көптеген ірі көлдердің  қалпына келуі балық шаруашылығының  жандануына жол ашты. Теңізде бұрын жойылып кеткен балықтың 14 түрі қайтадан өсе бастады. Балық аулау көлемі 2000 жылмен салыстырғанда 20 есеге өсті. Ағымдағы жылға Кіші Арал теңізінен 6678 тонна, Қамыстыбас көлдер жүйесіне 335 тонна, Ақшатау көлдер жүйесіне 23 тонна, Приморский көлдер жүйесіне 31 тонна аудан бойынша барлық лимит 7067 тонна болып бекітілген.
   Бүгінгі таңда Арал өңірінде  7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. «Арал балық өңдеу зауыты», «Арал СДО», «Камбала балық», «СДО Қарашалаң» ЖШС-нің балық өңдеу зауыты балықты терең өңдеумен айналысса, «Бөген СДО», «Қуаныш», «Ар-М-Кон» шағын балық өңдеу зауыты балықты қатыру, мұздату және ыстау сияқты жеңіл өңдеумен  шұғылданады. Балық  өңдеу саласындағы 31 балықшылар бригадасында 405 адам еңбек етеді. Балықшылар бригадасы көптеген өздігінен жүретін,  өздігінен жүрмейтін флот, үлкен және шағын кемелер, құрма, кермеше ау, жылыммен қамтамасыз етілген.  Слет барысында кемелердің шеруін тамашалаған жан керемет көрініске куә болары анық.
«Төртеу түгел болса-төбедегі келеді». Өңір жұртшылығының ортақ іске жұмырықтай жұмылуы, ағайын арасындағы береке-бірліктің арқасында Арал өңірі уақыт өткен сайын кемелдене түсуде. Теңіздің жандануымен мұндағы қабырғалы қауымның  тұрмыс – тіршілігі  оңалып, балық кәсіпшілігі өзге де салалар қарқынды дамуда. Нақты кезеңде балық шаруашылығы аймақ экономикасының салмақты бөлігіне айналды.  Заманауи технологиямен жабдықталған  балық өңдеу зауыттарында  ауданда ауланып,  өңделген  балық түрлері  Еуропа мемлекеттеріне экспортталып жатыр. 

Жұмабек Табынбаев,
                                                                                                 Арал ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<