Салауатты болашаққа бастар сап: Жастар нашақорлыққа қарсы

5

0

Фото: Полиция департаменті

Қызылорда облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы тарапынан 26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Қызылорда облысының білім беру ұйымдары арасында мерекелік шеруде үздік қатысушылар колоннасын ұсыну сайысы ұйымдастырылды. Аталған іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыру, қоғам назарын нашақорлық мәселесіне аудару және өскелең ұрпақтың азаматтық жауапкершілігін арттыру болды.

Сайыс барысында білім ұйымдарының қатысушылары креативті безендірілген колонналар ұсынып, қоғамдағы бірлік пен белсенді азаматтық ұстанымды көрсете білді. Әрбір команда мазмұнды ұрандар, көрнекі композициялар мен тәрбиелік маңызы жоғары идеялар арқылы жастардың санасына салауатты өмірдің құндылығын жеткізуге атсалысты. Іс-шара барысында қатысушылардың ұйымшылдығы, шығармашылық көзқарасы мен қоғамдық бастамаларға белсенді араласуы ерекше бағаланды.

Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар қатарынан Арал ауданы бойынша білім бөлімі, Қазалы ауданы бойынша білім бөлімі, Қармақшы ауданы бойынша білім бөлімі, Жалағаш ауданы бойынша білім бөлімі, Сырдария ауданы бойынша білім бөлімі, Шиелі ауданы бойынша білім бөлімі, Шиелі ауданы Оқушылар үйі және М.Мәметова атындағы Қызылорда жоғары педагогикалық колледжі танылды.

Мұндай тағылымы мол іс-шаралар жастардың құқықтық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың бойында зиянды әдеттерге қарсы иммунитет қалыптастыруға, саналы өмірлік ұстаным мен белсенді азаматтық көзқарасты нығайтуға ықпал етеді.

Салауатты болашаққа бастар сап: Жастар нашақорлыққа қарсы