Саналы ғұмырын елге қызмет етуге арнаған, Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан көрнекті тұлғалар көп. Ел игілігі жолында аянбай еңбек еткен жандардың есімі мен еңбегі әрдайым жоғары бағаланып, халық жадында мәңгі сақталады. Олардың ғибратты ғұмыры мен атқарған істері ел дамуына қызмет етудің жарқын мысалы ретінде дәріптеле береді.
Соның бір дәлелі – қоғам қайраткері, Қызылорда облысының Құрметті азаматы, ардақты тұлға – Алмагүл Божанқызының 80 жылдығына арналған «Еңбекпен өрілген ғұмыр» атты облыстық ғылыми-танымдық конференция. Шараға зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары, басқармалар мен аумақтық департамент басшылары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар мен БАҚ өкілдері қатысты. Конференция жұмысын облыс әкімі Мұрат Ергешбаев жүргізіп, Алмагүл Божанованың ғибратты өміржолы кейінгі ұрпақтың өмірінде ұзақ уақыт сақталатынын айтты. ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев арнайы жеделхатын жолдап, шараның сәтті өтуіне тілек білдірді.
Алмагүл Божанқызы өмірдің қай белесінде де қарапайым халықтың жанынан табыла білді. Қызметтің биік мінберінде отырса да, қарапайымдылық пен кісілікті серік еткен жанның болмысы көпшілікке үлгі болды. Халық оны лауазымы үшін емес, елге деген адалдығы мен адамгершілігі үшін қадірледі.
Ол еңбек жолын ұстаздықтан бастап, бала тәрбиесі мен білім саласында тер төкті. Кейін ел басқару ісіне араласып, қайсар мінезі мен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында үлкен жауапкершілікті істерді абыроймен атқарды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиын кезеңде Сырдария ауданын басқару – кез келген адамның қолынан келе бермейтін іс еді. Экономика тұралап, ел еңсесі түскен тұста Алмагүл Божанова туған жердің тағдырына бейжай қарамай, ауданның әлеуметтік жағдайын көтеруге бар күш-жігерін жұмсады.
Ол басқарған кезең – ел есінде еңсеру мен еңбек жылдары ретінде қалды. Ауылдың шамы сөнбей, халықтың үміті үзілмеуі үшін түн ұйқысын төрт бөлді. Әсіресе Сырдария ауданы жабылу қаупіне ұшыраған тұста көрсеткен табандылығы – нағыз елжандылықтың үлгісі. Туған жердің тағдыры таразыға түскен шақта қайсар қайраткер ауданның сақталып қалуына өлшеусіз еңбек сіңірді. Бұл – бір ауданның ғана емес, тұтас бір елдің рухын сақтап қалумен тең іс еді.
Алмагүл Божанқызымен қатар қызмет істеген әріптесі қоғам қайраткері, Нажмадин Мұсабаев үлкен тебіреніспен еске алды.
– Тағдыр бізге кемелденген социализм кезінде де, ата-бабамыз армандаған тәуелсіздік кезінде де, елдің ауыртпашылығын бірге көтеруді бұйыртты. Алмагүл Божанқызының да дүниеден өткеніне екі жылға жуықтап қалыпты. Мен оны жоғары білім алып, туған жеріне келіп, еңбек жолын бастаған кезінен білемін. Ол кісімен Тереңөзек ауданының атқару комитетінің орынбасары кезінен араласа бастадық. Алмагүл алғашқылардың бірі болып, атқару комитетінің төрайымы болып сайланды. Екеуміз қатар әріптес болдық. Тереңөзек ауданының әкімі болған уақытта, тәуелсіздік жылдарындағы әйелдер арасынан шыққан алғашқы әкім ретінде ел тарихында өзіндік ізін қалдырды. Бұл кезең – ел дамуының ең күрделі, жауапты уақыттарының бірі еді, – деді ол.
Алмагүл Божанқызы ауыл шаруашылығы мен әлеуметтік салада жүйелі жұмыстар жүргізіп, елді мекендердің сақталуына, орта және шағын бизнесті дамытуға баса назар аударды. Соның нәтижесінде бүгінгі күні өндірісі өркендеген ауылдар өз тұтастығын сақтап, даму жолын жалғастырып келеді. «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің негізін қалап, өмірінің соңына дейін азаматтық қоғамның алға ілгерілеуіне атсалысты. Қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтуға, ашық әрі тиімді диалог орнатуға елеулі үлес қосты.
Жиында Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, қоғам қайраткері Әріп Хожбанов, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожа және филология ғылымдарының кандидаты Айман Айтбаева оның ерен еңбегі мен ғибратты ғұмыры туралы естеліктерін бөлісті.
Ардақты тұлғаның еліне сіңірген еңбегі мемлекет тарапынан жоғары бағаланып «Құрмет», «Парасат» ордендерімен марапатталды. Қызылорда облысының Құрметті азаматы атанды.
Алмагүл апайдың тағы бір ерекшелігі – руханиятқа деген жанашырлығы. Ол ел тарихын, ұлт құндылығын, ананың тәрбиесін әрдайым биік қойды. Қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық тағылымды істер атқарды. Жазған кітаптары мен естеліктерінде туған жерге деген сағыныш, елге деген махаббат, уақытқа деген жауапкершілік айқын сезіледі. Қоғам қайраткерлері мен замандастары туралы естеліктер жазды. Оның ішінде «Ердің бағын жандырған Ер Балдырған», «Сыр елім – Жерұйығым» сынды 10-ға жуық еңбектерін жарыққа шығарды. Бұл туындылар – аймақ руханиятының мұрасында ерекше орын алады.
Халық даналығында «Жақсының аты өлмейді» деген сөз бар. Алмагүл Божанова да артында өшпес із, өнегелі жол қалдырған тұлға. Оның есімі – елге қызмет етудің, туған жерге адал болудың символындай.
Бүгінде оның жарқын бейнесі халық жүрегінде сақтаулы. Өмір жолы кейінгі буынға отансүйгіштіктің, табандылықтың, парасаттылықтың мектебі болып қала бермек.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
Суретті түсірген
Бағдат ЕСЖАНОВ





