Тұяқтары сыртылдап, ойқастаған ортеке

1730

0

Ағаш қуыршақтар дегенде, Пиноккио мен Буратино еріксіз есіңе түседі. Бала күнгі достарымыз болған соң ба екен, кім білсін?! Пиноккио – итальяндық жазушы Карло Коллодидің 1883 жылы жарыққа шыққан «Пиноккионың оқиғалары» ертегісінің кейіпкері болса, Буратино – орыс жазушысы А.Толстойдың 1936 жылғы «Алтын кілт немесе Пиноккионың шытырман оқиғалары» ертегісінің басты кейіпкері. Бастапқыда А.Толстой 1923 жылы Н.Петровская жасаған Коллоди ертегісінің аудармасын өңдеді. Түпнұсқадан біраз ауытқыған шығармада итальяндық шындық орыс мәдениетімен ауыстырылып, басқа бағытта өрби бастады. 1933 жылы А.Толстой «Детгиз» баспасымен аударманы толыққанды әңгімеге айналдыру туралы келісім жасайды және оны 1935 жылдың тамызына дейін аяқтайды. Нәтижесінде 1936 жылы түпнұсқалық шығармадан ауытқыған А.Толстойдың бөлек толыққанды шығармасы ретінде қайта басылады.

Ал, енді ойлаңыз! Пиноккио ХІХ ғасырдың аяғында К.Коллодидің фантазиясымен дүниеге келсе, Буратино – ХХ ғасырдың басындағы кейіпкер, прототипі Пиноккио. Бұл – Кеңес уақытында дүниеге келген балалардың, яғни біздің балалық шақта оқыған шытырман әңгімелеріміз бен көрген мультфильмдеріміздің кейіпкерлері. Негізі, әлемде әр елде өздеріне тән ағаш қуыршақтары болған десек те, осы бір ағаштан жасалған қуыршақтардың әлқиссасы түркі әлемінде жатқанын бірі білсе, бірі біле бермес.

Әңгіме үш мың жылдық (кей әдебиетте бес мың жылдық) тарихы бар қуыршақ өнерінің бастауында тұрған ортеке туралы болмақ. Облыстық тарихи-өлкетану музейі ортекені «Археология және этнография» бөлімінің этнографиялық ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде арнайы тапсырыспен жаңғыртты. Музей директоры Сапар Көзейбаевтың қолдауымен Сыр елінің тумасы, елге белгілі ұста-шебер Бекзат Жақыпов ұлттық құндылық – ортекені этнографиялық негіздемелерге сүйене отырып жасап шықты. Қазір ата теке, әке теке және бала теке «Этнография» залының төрінде домбыраның күйіне билеп, келушілерді таң-тамаша қылуда. 

Итальяндық К.Коллоди ертегісінің сюжеті бойынша, ағаш ұстасы Антонио ерекше бөренені кездестіреді, шебер оны өңдеуге тырысқанда, бөрене кенеттен «қытығым келіп жатыр» деп шағымдана сөйлей бастайды. Антонио оны досы Гепеттоға беруге шешім қабылдайды. Ол кішкентай баланы бөренеден жасап, Пиноккио (итальян тілінен «қарағай көзі» деген мағынада) деп ат береді. Ағаш қуыршақ сөйлей және жүре алатынымен қатар, біреуді алдаса, мұрны өсетіндігімен ерекшеленеді. Буратино да – осы ертегі желісінің көшірмесінен туындаған образ. «Буратино» итальян тілінен аударғанда «ағаш қуыршақ» деген мағынаны береді. Әу бастағы К.Коллодидің фантазиясынан туындаған осынау образ А.Толстой шығармасында көрініс табады.

Бүкіл әлемді тамсандырған ұзын мұрынды қуыршақтарға тек сіздің қиялыңызда ғана жан бітеді. Тек сіздің ойыңызда ғана сөйлейді, қимылдайды, тіпті ән айтады. Ал, ортеке ше? Ағаш текелер көзіңізді жұмып, қиял әлеміне еніп, тау-тас аралап жүрсеңіз де, қасыңызда секіріп жүреді, көзіңізді ашып қарасаңыз да, дәл алдыңызда тақ-тақ етіп секеңдеп тұрады. Керемет, иә?! Қазіргі қуыршақ театрларындағы жіпке байлау арқылы басқарылып жүрген қуыршақтар ортекеден бастау алған дегенге сенбеске болмайды.

Ортеке арнайы жасалған тұғырға орнатылып, домбырашының саусағына жіппен байланады. Күйші аспапта ойнай бастағанда, саусақ қозғалысымен ағаштан жасалған тау еркелері әсем биге баса жөнеледі. Ата теке, әке теке және бала теке күйге билеп, домбыраны енді үйрене бастаған жастарды шабыттандырады, қызығушылығын оятады және ойын-сауықтың сәнін кіргізіп, әдемі көңіл-күй сыйлайды.

Ортеке туралы халық арасында әдемі аңыз сақталған. Ертеде саусағынан саз өрген дала күйшісі болыпты. Бұл адам тек домбыра шанағынан күй төккен өнерінен басқа ши үстінен шіркей атар мерген де болған екен. Күндердің күнінде күйші аң аулап жүріп, бір салмаудағы кішкене тастың үстінен қызғылт күрең жүні күн нұрымен құндыздай жалтырап, құлпырып тұрған тауешкінің марқасын көреді. Тауешкі марқасының тас үстінде буындары сыртылдап, сылқылдап, ойнақ қағып, ешнәрсені қаперіне алмай қамсыз-қайғысыз билегеніне қызыға қарап қалады.

Марқаның табиғатқа деген мұндай еркелігін көрген аңшы қорамсаққа салған қолын еріксіз кейін тартып, садағын мойнына іліп, келген ізімен кері қайтады. Ауылына келген соң сазгердің көңілін тербеген марқаның қимылы домбыра шанағынан «Ортекенің ойнауы» атты күй болып төгіледі. Содан кейінгі жерде күйші ағаштан ойып, өрнектеп марқа бейнесін жасайды да көпшілік арасында шертеді. Марқаның тірі бейнесін көргендей болған қалың қауым күйші шеберлігіне ерекше сүйсінеді. Осыдан бастап ауылдың басқа күйшілері де ортекені ойнатуды бастайды

Облыстық музей қайта жаңғыртқан ортекенің тұғыры ағаштан құрастырылып, айналасы оюланған қалың матамен көмкерілген, беткі жағына түрлі тау-төбе бейнелері ойылған. Әшекейленген тұғыр ішіне ортасынан темір сым өткізілген таяқша орнатылған. Темір сымның екі шеті иіліп, біріне қуыршақтар бекітіліп, біріне домбырашының саусағына ілінетін жіп жалғанған. Тұғыр тесіліп, жіп сыртына шығарылған. Жіпті тартқан кезде темір сым қозғалып, ортеке қуыршақтары билей бастайды. Қуыршақтардың тепе-теңдігін сақтау үшін бауырынан ілінген сым темір қуыршақтар жан-жаққа ауытқымайтындай өлшемде қақ ортасына орналастырылған. Таутекелерінің басы, сирақ буындары бөлек-бөлек жасалып, майда шегемен жалғанып, тұғырда билегенде сарт-сұрт еткен жүрісін айқын береді.

Қазір күй тартуды жаңа үйреніп келе жатқан жас балалардың домбыраға деген қызығушылығын арттыруға көмектесіп келе жатқан ортекенің әу бастағы қызметі тым бөлек болған көрінеді. Аңшылардың аңға шығар алдында жасайтын сакралды рәсімдерінің бірі   –   ағаш жануарларды арнайы постаментте ойнату. Ағаш қуыршақтардың қозғалып билеуіне байланысты аңшылар олжалы не олжасыз қайтатынын болжап отырған. Кейін отырықшылыққа көшкен халық арасында осы бір киелі рәсім музыка өнерінің атрибутына айналғанға ұқсайды. Домбыра пернесіне дәл түсуді, күйді жылдам ырғақпен ойнауды талап ететін ортеке осы күнге дейін жастардың күй өнеріне тез машықтануына көмектесіп келді. Текелердің әсем биін көрсеткің келсе, жоғарыдағы талаптарды дәл орындау керек-тін. Кішкентай бүлдіршіндерге ғажайып сиқырлы сезім сыйлау үшін ортеке жібін керегенің көзінен өткізіп, балаларға көрсетпей күйші сыртта ойнап отыратын. Ал, таутекелері таңғажайып сиқырмен өздері билеп тұрған әсер қалдыратын.

Ортеке – орға түскен теке, аңшылықпен байланысты деген бекер болмаса керек. Аңшылар таутекелердің орға түскенін аса қызығушылықпен тамашалаған екен. Шұңқырға түскен текелер оңға-солға ырғып, сыртқа шығуға амал жасайтыны анық. Осы бір көрініске аңшылар әуес болатын. Жиналып отырып, тастан-тасқа, таудан-тауға секіріп жүрген таутекелердің бостандыққа шығу әрекетін ортекелер биі санап, ұзақ қызықтайтын. Аңшылардың сакралдық рәсіміне де, аңыз-әңгіменің желісіне де осы негіз болғанға ұқсайды.

Қалай болған күнде де, ерте кезден қалыптасқан өнер  түрі бүгінге дейін жалғасып келе жатқаны көңіл қуантады. Тарихи-мәдени эволюциядан өткен ортеке әр заманда түрлі сипат алып жатса да, өзінің тарихи, музыкалық, мәдени, этнографиялық мазмұн-мағынасын жоғалтпайтынына сенімім мол. 

Әйгерім БЕКҚҰЛЫ,

облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<