Ұрпақ үшін (әңгіме)

1195

0

Дағыстан деген ел халқы жағынан бір миллионнан аспайды, бірақ бір-бірінің тілін түсінбейтін бөлек-бөлек отыз ауыл бар. Кешегі күнге дейін олардың елінде жер-су, барымта дауы, жаугершілік көп болған. Авар ауылының қорғанышы Хошбар батыр сыбызғышы әрі биші және ауылының шаң жуытпас ері екен. Хошбардың көзін жою біраз ауыл биінің арманы болыпты. Сондай бір күні көрші ауылдан Хошбарға хабар жетеді. «Қатар жатқан елміз, ашу-ызаны қояйық. Алдағы болар тойыма құрметті қонақ бол» деп жазған екен. Батыр ойланбастан «Иә, барамын» деген уәдесін беріп қояды. Хошбардың уәдесін беріп қойғанын, той жасап жатқан байдың бір бүкпесі ішінде залым адам екенін білген ауыл ақсақалдары жиылып, Хошбарға келеді.

– Хошбар, бір әнтектік кеткен екен. Сөзіңді қайтып ал. Барған жеріңде жазым етіп жүрер. Осы сапарыңнан қайт – дейді.

– Байдың қандай адам екенін білесіңдер ме? – дейді Хошбар шалдарға қарап.

– Сөзінде тұрлауы жоқ, жауыз адам. Ертең уәдесінен аунап түседі, өзіңе ауыз салады.

Хошбар қатты ойланып қалады. Қарттарын да, ауыл аймағын да, өмірді де қимайды. Ақыры, сөзге келместен атқа мінеді. Қамшының сабын Қап тауына қарай созып:

– Қадірлі қарияларым! Анау тауға қараңдаршы… Басында не жатыр екен?

– Ақ қар жатыр, ақ қар жатыр, – деп шулайды ақсақалдар.

– Ендеше сол таудың басы ақ па, сендердің сақалдарың ақ па? – дейді Хошбар.

– Таудың басы ақ, – дейді қариялар.

– Мен сол ақбас Қап тауының баласымын. Оның басы сіздердің сақалдарыңнан қадірлі. Уәдемді жұта алмаймын, – деп Хошбар желе жортып жүре береді. Қасына адам ертпейді.

Бай батырды құрметтеп, бөлек үйге түсіреді. Алдына дәм, шарап қояды. Шарап буынына түсіп, босай берген Хошбарға бірнеше жа­сауыл жабылады да, бір биік төбенің басындағы жалғыз ағашқа апарып байлайды. Жауыз бай жалғыз баласын үйлендіріп жатқан күні Хошбардан құтылмақ болған екен. Ағашты айналдыра қау ете түсетін құрғақ отынды үйеді. Халқын жинайды. Ағашты айнала от қояды да көпшілікке қарап:

– Қазір Хошбар өледі, өлер кезіндегі үш ауыз тілегін тыңдайық, не дер екен? – дейді.

Жұртшылық жанған оттан үрейленген Хошбар жанына сауға сұрар деп қалған, бірақ от жалынына шімірікпей қараған ол:

– Зұлым бай, тілегімді сұ­расаң орында. Бірінші тілегім, екі қолымды шеш. Көз жұмар сәтімде өмірлік серігім болған сыбызғымды ойнайын, – дейді.

Бай батырдың тілегін орындап, қолын шешеді. Хошбар беліндегі сыбызғысын алып, бір мұңды әуенге басады. Мұны естіген аң мен құс, айналасындағы адамдар ауыздарын ашып тұрып қалады.

Хошбар екінші тілегін айтады:

– Енді менің аяғымды шеш. Ақырғы рет билеп көрейін. Қашпасыма кәміл сен, – дейді.

Бай Хошбардың аяғын шешеді. Сыбызғымен қосыла билеген Хошбар тамызыққа өз қолымен от қояды. Айналасы алауға бөленеді. Сол алаудың ішінде жанұшыра билеген батыр көпшілікті таңғалдырады. Соның ішінде бай мен баласы қатар тұр екен. Аңдаусызда жалт ете қалған Хошбар байдың үйленіп жатқан жалғыз ұлын қағып түсіп, от ішіне қайта сүңгіп кетеді де, қайтып шықпай қояды. Баласының жан даусы шыққан кезде бай от айнала жүгіреді. Сонда Хошбар:

– Жауыз бай, тез арада қасыма кел. Егер ұрпағыңа шын жаның ашыса, егер ұрпақ үшін өмір сүретін болсаң, егер шаңырағым қурап артта қалмасын десең, жалғыз балаңның орнына өзің түс, балаңды босатамын. Ол бізден соң шындық пен жалғанды білетін болады, – дейді.

Бай баласы үшін отқа түсе алмай, шыр айналып жүгіре береді. Бұл кездері байдың баласын уысынан шығармаған Хошбар алаулап жанған оттың ортасында ағашпен бірге жанып тұр еді дейді.

Жалғыз баласынан да жанын аяп, Дағыстан еліне тірілей масқара болған жауыз байдың қалған өмірі қорлықпен өткен екен. Қай заманда да ұрпақ үшін отқа түспей, келешекке кемел мұра қалдыра алмайсың.

Еркін ӘБІЛ.

Жазушы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<