Ырыс ынтымаққа тұрақтайды

540

0

Шаңырақ шаттығы, отбасының жарасымы – береке-бірліктің қайнар көзі. Оның сондай-ақ, жалпы қоғамның ынтымағын ұйыстыратын, мерейін өсіретін құнды қасиет екендігіне дау жоқ. Қазақ «бір күн ұрыс болған үйге, қырық күн періште жоламайды, берекесі кірмейді», дейді. Сондықтан, бұл құндылықты өз дәрежесінде сақтаудың оң ықпалы орасан деп түсініңіз. 

2013 жылы Елбасы Жарлығымен «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жарияланды. Сол мерзімнен бері аталған байқау сәтті жалғасын тауып, көпшіліктен қолдауға ие болды. Мұның бір жағы үлгілі отбасыға еліктеп, әулеттің ынтымағын арттырып, өнегелі болуға ұмтылуға үлкен ықпал етуде. Соңғы үш жыл бойы «Мерейлі отбасы» байқауында шиеліліктердің бәсі жоғары болғандығын  мақтанышпен айтып, құрмет тұтуға болады. Мәселен, әуелі Нартай ауылынан Исламхановтар отбасы облыста озық шықса, өткен жылы еңбекшілік Ишанқұловтар отбасы республикада жоғары бағаланды. Ал, биылғы жылы Бидайкөл ауылынан Қиянбековтер облыста бас жүлдені жеңіп алды.  

Байқау шарты бойынша әр аймақта алдымен аудан-қалаларда іріктеу кезеңі өтеді. Мұнан соң облыстық шарада өңір намысын қорғайтын әулет белгіленеді. Бұл сенім, әрине, мықтылардың мықтысына бұйырары анық. Шаңырақ шуағы мен ұлттық тәрбиені ұлықтайтын байқау осылай жылдан-жылға құндылығын арттыра түсуде.

Сонымен әңгіме ауанын  «Мерейлі отбасы-2019» ұлттық байқауының облыстағы бас жүлдегері Қиянбековтер отбасына ойыстырайық. Отағасы, әулеттің тірегі – Әмір Сағымбайұлы Қиянбек байырғы механизатор. Кешегі кеңестік жоспарлы экономиканың қара жұмысын атқарған маман. Бірнеше орден, медальдардың иегері. 

– 1959 жылы 1 май совхозының Майлытоғай бөлімшесінде механизатор болып жұмыс бастадым. Ал, 1967 жылдың ақпан айынан бастап, Гигант колхозында механизатор болып отыз жылға таяу еңбек еттім. Жылма жыл социалистік жарыс жеңімпазы атанып, жоспарымды асыра орындадым. Еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары айлықтың уақытылы берілмегеніне қарамастан, Сыр өңірінің дара дақылы – күріш­тен мол өнім алу жолында уа­қытпен санаспай тер төктім. Адал бейнеттің наны да тәтті болады екен, шүкір, балаларым да бейнеткеш болып өсіп, өз қатарларының алды болып жүр, – дейді отағасы. Әбекең қазір зейнеткер, сексен жастың сеңгіріне көтерілді. Елдің ұйытқысы, қадірменді ақсақал. Ал өмірлік қосағы – Қалкүл Жүсіпбекова денсаулық саласында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеді. Ауылдық аурханада медбикенің тынымсыз қызметін абыроймен атқарды. Өз міндетін адал атқара жүріп, балаларына өнегелі тәрбие бере білді. «Алтын алқа» иегері атанды. Отағасымен жарасымды өмір сүріп, 6 ұл, 4 қыз тәрбиелеп өсіріпті. Бұл күндері кешегі жас келіншек 45 немере, 15 шөбере сүйіп отырған мәуелі отбасының отанасы. Атқан оқтай, шапқан аттай зырлаған уақыттың құдіреті қандай десеңізші!

– Үлкен ұлымыз Аманәлі мектепте мұғалім қызметін атқарып, шәкірт тәрбиелесе,  оған тетелес ұлдар  Қыдырәлі, Көшекәлі және қызымыз Әлимаш  жеке кәсіпкер. Ол да бауырынан балаларын өрбіткен «Күміс алқа» иегері, – дейді Қалкүл. Серәлі есімді жігітіміз «Казатомпром» компаниясында қызмет атқарады. Жұбайы Қарлығаш Айымбетова «Алтын алқа» иегері атанып  үлгерді. Онан кейінгі қыз Айнаш балабақшада тәрбиеші болып жұмыс істейді. Ортаншы ұл Ғалымжан «Бидайкөл» шаруа қожалығында есепші қызметін атқарады. Ал, Бинаш Әмірқызы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс жасаса, кіші қызымыз Қарлығаш облыстық №5 мектеп-интернат ди­рек­торының орынбасары. Кенже ұл Бауыржан мектепте іс жүргізуші қызметін атқарып жүр.

Үлкендердің тәрбиесі мен тәліміне қанығып өскен отбасы балалары жақсы оқумен қатар өнерге де бейім болған. Қыздар кілем, кесте тоқуға алымды болып  жетілсе, ұлдар ұсталық өнерді меңгеріпті. Олардың жарқын жолдарын немерелері – Гүлнұр, Айнұр және Аружан жақсы жалғастырып келеді. Аудандық, облыстық байқауларда жүлде алып жүрген отбасы мүшелері ата-әжесінің қуанышы. 

Бір сөзбен айтқанда, шаңырақ беріктігі – көптеген игі бастамалардың арқауы. Ырыс ынтымаққа тұрақтайды деген осы.

 

Нұрмахан ЕЛТАЙ.

Бидайкөл ауылы,

Шиелі ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<