Жауһар жырдың дүлдүлі

902

0

Ұшы-қиырына көзің жетпей жанарыңды талдыратын қазақтың даласында өнегелі даналар көп болған. Әсіресе, Сырдың бойын жайлаған жайсаң жұртта жарқын бейнелі жандардан қалған өнегелі сөздердің әлі күнге құны жойылмай, қасиеті өшпей келеді. Әрбір адамның  туған топырағы – сол адам үшін жер бетінде жұмақ мекен. Ал, әлгі адамның бойындағы бүкіл қасиет те сол топырақтан болады. Сондықтан да адамзат баласы кіндік қаны тамған жерін қастер тұтады. 

Бұл әлем – ішкі және сырт­қы сырлары толық ашылып бол­маған құпия. Осы туған жер­де де біз білмейтін үлкен сыр барына өз басым иланамын. 

Өт­­кенде белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғай ағамыз­дың әлеуметтік желідегі парақша­сынан «ішің білсін» деген қа­зақтың сөзінде терең мән болатыны туралы оқығаным бар. Ұққаным, адамның ащы іше­гінде, сырттай жобаласақ, кін­дік тұсында жұқа пленка болады екен. Сол пленканың, әр адамға төнетін қауіпті, болмаса қуанышты алдын ала сезетін қасиетке ие екені таң қалдырды. Қазақ «ішім сезіп тұр» дегенді ықылым заманнан айтады жә­не тұрақты сөз тіркесі болып қорымызға еніп кеткен. Дүние жүзі ғалымдары биыл әлемге айқайлап, сенсация қылып жат­қан жаңалықты баба қазақ бұ­дан бірнеше ғасыр бұрын біл­ген. Бұл бабаларымыздың да­­налығы емес пе?! 

Сол сияқты туған топырақта да бүккен сыр барына күмәнім жоқ. 

Өткеннен ойысып келе жат­қан асыл тек белгілі жырау, ҚР Мәдениет қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері  Руслан Ахметовтің де бойында тулап жатыр. Ол бала күнінен өнерге бейім болды, дарынды баланың бо­йындағы талант өнердің ауылына қосын тігуге итермеледі. Онжылдықты бі­тіргеннен кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемле­кеттік университетінің музыка факультеті «Халық әні» кафедрасына оқуға түсті. Осы жерде жүріп, өнердегі алдыңғы толқын ағаларын тыңдап, тың­дағанын көңіліне тоқып, алдас­пандай шыңдалды. Оның жыр орындаудағы ешкімге ұқса­майтын екпіні, таудан төмен қарай төңкеріле аққан бұлақты есіңе салады. Домбыраны шебер орындауының өзі қатарлас жыршыларда кездесе бермейтін қасиет. Русланның тағы бір ерекшелігі – Батыс пен Жетісу дәстүріндегі мақам-саздарды жатсынбай сала беретіндігінде. Мұзбалақтың осы кезге дейінгі өмірі Сыр елінің көз алдында десе де болады. Өнердің хан базарының көрігін қыздырып, талай-талай аламанда еліне олжа салған ақтаңгер өнерпаз, негізгі міндетім – кейінгі ұр­паққа қас өнерді үйрету деп біледі. Өзі де осы салада жемісті еңбек етіп, көптеген шәкірт тәрбиелеп келеді. Шәкірттерінің көбісі облыс өнерінің жалауын жықпай, халыққа қалт­қысыз қызмет етуде. Ұрпақ тәр­биесіне атсалысу елдің дамуына қосып жатқан үлестің ең үлкені деп білемін. Кейде оңаша отырып, болмыс туралы қиялыңды қияға ұшырып, өзіңше ой кешесің. Сонда ғана «тек» деген ұғымның тамыры терең екенін және өмірді мәнді сүрмектің өзі сол текте жатқанына шүбә келтірмейсің. Русланның әр жағдайда өзін бірқалыпта ұстауы, сабырдың суынан қанып ішкен болмысы арғы тегінде бар қасиеттің айғағы секілді.

Жыраудың жыр қорында Балқы Базардың «Әми­на қыз», исі түркінің ортақ жыры – «Көрұғлы» және де басқа дас­тандар мен терме-толғаулар бар. Осы жерде тың­­дармандар мәселесі тол­ған­­­дыратынын айналып өте ал­май­тынымызды да айтудың реті келіп тұр. Өйткені тыңдау мәде­ниеті бірінші кезекте тұрады. Ұлы Абай жарықтық «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» дегенде, тыңдалмаған сөздің жетімдігін айтып еді. Алқалы топқа түскен жыраудың көзі тұманданып, жүзі қызарып өзі тыңдаушының ортасында отырғанмен, рухы басқа әлемде жүретінін айтушыдан басқа ешкім білмесе керек. Бұл арқалы жырауда кездесетін жағдай жә­не ол – біздің сөз етіп отырған кейіпкерімізге тән қасиет.

Ақ­параттар ағыны тасқын судай қаптаған заманда құлаққа да өкпе жүрмейді, ақиқатында кө­сегемізді көгертетін саналы ұрпақ тәрбиелейміз десек, сол өскелеңдерді жырдың тың­дарманы ету керек. Руслан жырау – жырды жанына серік еткен, жауһар жырмен өмірін өрген майталман. Алдағы уақытта мұз­балақ өнерпазға шалқар ша­быт, ұрпақ тәрбиесіндегі қыз­метіне толағай табыс тілей­міз. 

Берік САЙМАҒАНБЕТОВ,

жырау, ҚР Мәдениет қайраткері.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<