Жұпар күй әуенінің жұбы

1470

0

Домбырамен егіз туғандай жандар болады. Осы бір киелі аспап олардың қолына тигенде безілдеп бар мұңын төгеді, қанат байлап көкке көтеріліп кетеді, бір сәт сіз тыңдаушы есебінде төменде қалып бара жатқаныңызды сезінесіз.


Шиелі ауданы Тұрсынбай датқа ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Батырхан Махановты дәл осы бір суреттеудің төл кейіпкері десек, дөп түсеміз.


Қара домбыраның үнін естісе қарадай есі кететін баласының қабілетін байқаған әкесі Бектұрған ағаш шебері Әбсаттар ақсақалға домбыра жасатып ұстатқанда Батырхан әлі алты жасқа да толмаған еді. Әкесі совхоздың қойын бағатын. Сондықтан Батырханды бірінші класқа Қызылордадағы малшылардың балаларына арналған Гагарин атындағы мектеп-интернатқа берген. Домбырамен «Ақжа­йықты» аңыратып келген шы­нашақтай баланы көрген мұғалімдері таңғалысты. Осы кезде ел ішіндегі дарынды балаларды жинап жүрген Ал­матыдағы А.Жұбанов атын­дағы музыка мектебі мұғалім­де­рінің көзіне түсті. Бірақ, Батырхан Алматы дегенді барса келмейтін жер түбі деп түсінді, әке-шешесін сағынып жүрген бала ауылдан келген кісілердің шалғайына жабысып, алыс сапардан қашып кетті.


Содан қайтып қалаға келмеді, мектепті ауылдан бітірді. Мектепте жүріп «Балауса» вокалды аспаптар ансамблін құрды. ВИА-лар сол кездің үрдісі еді. Осы ансамбль құрамында ол аудан асып, облысқа танылды. Мектептен соң баяғы өзі қашқан Алматыға аттанды, Құрманғазы атын­дағы консерваторияның да­йын­дық бөліміне түсті. Ауа райы жақпады ма, ақыры тұрақтамады.


Домбыраны дүрілдетеді, гитараның құлағында ойнайды, аккордионды аңыратады, осы маған музыканың оқуы не керек деп ойлады сосын.

Түркістандағы ағасының үйі­не келіп, техникумға түсті. Бола­шақта мұнаралы кран жүргізушісі болмақ. Жаны биіктікті қалайтын, мына мамандық өзіне ұнап-ақ қалды. Осы техникумда жүріп, «Юность» вокалды аспаптар ансамбліне жетекшілік етті. 1981 жылдың күзінде Барнаул қаласында өткен бүкілодақтық жастар фестиваліне қатысты. Домбырамен жеке ән орындап, фестивальдің 1-ші орнын алды. Мұны естіген облыстық партия комитетінің идеологтары Батырханды бірден Шымкент музыкалық училищесіне шақырды. Осы училищеде бүгінде елге белгілі эстрада жұлдыздары Жеңіс Сейдулла, Ұлықпан Жолдасов үшеуінің бірге оқығаны бар.


Училищеден соң жалғыз баланы сыртта қалдырғысы келмеген әкесі оны Тартоғайдағы совхоз клубына жұмысқа тұрғызды. 1989 жылы Тар­тоғайдан Сұлутөбедегі музыка мектебінің филиалы ашы­лып, осы филиалдың меңгерушісі болды. Сол кезде өзінен сабақ алған Сламбек Жүсіпбеков қазір Президент оркестрінде қызмет етеді, ал, Кәмшат Рахматуллақызы – Қызылордадағы Тұрмағамбет оркестрінің мүшесі.


Батырхан 1996 жылы Ә.Бөріқұлақов атындағы об­лыстық термеші-жыршы, күй­шілер байқауында бас бәйгеге лайық болды. Мұнан әрі ол Алматыда өткен республикалық байқаудың бас бәйгесін ие­леніп, Иранда өтетін Түркі халықтары фольклорлық фес­ти­валінің жолдамасын жеңіп алды. Бірақ, қаржы тапшы­лығына байланысты осы фести­вальға бармай қалды.


Сонан кейін алысқа ұзап шыққан жоқ, ауыл мәдениетіне қызмет етумен келе жатыр. Домбырасы жанында, кейде бір тылсым әлемге еніп кететіні бар. Қазір байқауларға өзі емес, сондай шақта туған күйлері мен әндері қатысып, жүлдемен оралып жүр. Композитор Кеңес Дүйсекеевтің ерекше назарын аударған «Ғасыр пернесі» күйі онлайн түрінде өткен республикалық байқаудан 2-орын алса, тағы бір шығармасы аудандық байқаудан бас бәйге алды.


Бала күнімнен бірге өскен досым жайында әңгімелегенде менің ойыма мына бір нәрсе оралады.


Моңғол Алтай тауы сілемі жотасынан табылған домбыра тектес екі ішекті, тоғыз пернелі көне саз аспабын ғалымдар біздің заманымызға дейінгі 5-6 ғасыр жәдігері деп санайды. Аспаптың шанағына бұғының, бұланның бейнелері ойылып салынған, ежелгі түркінің руна жазуы бар. Осы жазуды алғаш берлиндік түркітанушы ғалым Питер Сим оқыған. Ол «Жұпар күй әуені бізді сүйіспеншілікке бөлейді» деген сөз екен.


Батырханның болмысы сол бір жұпар күй әуеннің жұбындай сезіледі. Ол ешқашан домбыра үнінен ажыраған емес. Қанша қашса да оны домбыра киесі қуып жүріп, ақыры өзінің қасиетіне қаратып алған.
Батырханның бұл жұмбақ күйін жазу үшін ұзақ сөз керек…


Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<