Әсет пен «Алтын арай»

351

0

Өткен ғасырдың 1950- 1960 жылдары қазақ ән өнерінің қарыштаған кезеңі болды. Әбілахат Еспаев, Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов әндері бірінен соң бірі шығып, жүрек тербейтін еді. Қала да, дала да керемет әуендердің құшағына енетін десем асыра айтқандық бола қоймас. Біздің бозбала дәуреніміз осы жылдарға сәйкес келді. Аталған композиторлардың әндерін радиодан естіп, оңай жаттап ала қоятынбыз. Жан жадыратып, көңілге арман, жүрекке сезім ұялатқан әндер ерекше әсерге бөлейтін. Әнмен есейіп, әнмен ержеткенімізді білмей де қалыппыз ғой… Мектеп бітіріп, жаңа өмірдің белесін аттадық та, жан-жаққа тарап кеттік. Осы кезеңде Әсеттің «Армандастар» әні шыға келді:

– Біз дәуірдің мөлдіреген аспаны едік,

Бәріміз бір өмір жолын бастап едік…

Армандастар қайда, абзал достар қайда?

Замандастар, қарлығаштар қайда екен? – деп көңіл-күйімізді дөп басқан керемет әнмен бір-бірімізді сағына еске алдық. Ән авторы қайталанбас талант, композитор Әсет Бейсеуов болатын. Әсет кім еді? Біреу біліп, біреу білмес, өмірдерегіне көз жүгіртейік.

Әсет Көпбайұлы Бейсеуов 1938 жылы 13 қазанда Алматы облысы Жамбыл ауданы «Қарғалы» деген ауылда дүниеге келген. Әкесі Көпбай оқыған, білімді кісі екен. Оның үстіне музыкалық аспаптарда еркін ойнап, ән салатын да өнері болған. Көпбай Бейсеуов 1928-1933 жылдары «Қарғалы» шұға комбинатының директоры қызметін атқарған. 1934 жылы Орал облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы қызметіне тағайындалады. Осында жүргенде Рахима есімді әнші қызбен танысып, отау құрады. Көпбай қазаққа белгілі әнші-сазгер Әсет Найманбаевпен сыйласып, жақсы қарым-қатынаста болған сыңайлы. Содан да болар өмірге келген баласының есімін Әсет деп қойған. Әке қаны мен ана сүтінен дарыған қасиет баланы айналып өтпеді.

Өкініштісі талай жарды сүйгенінен айырып, талай баланы жетім еткен сұм соғыс Бейсеуовтің де шаңырағын шайқады. 1941 жылы соғысқа аттанған Көпбайдан көп ұзамай «қара қағаз» келеді. Неге екенін кім білген, анасы Рахима баласын тастап, туған жері Оралға қайтады да, Әсет әкесінің ағасы Қожамқұлдың қолында қалады. Ауыл-аймаққа қадірлі, ел ағасы атанған Қожамқұл інісінің баласын қатарынан кем қылмай тәрбиелейді.

Мынадай бір әңгіме бар: 1943 жылдың жазында Қожамқұлдың үйіне көптен сыйласып жүрген замандасы, ақын Жамбыл келеді. Қадірлі қонақтың алдына 5 жасар Әсет барып отырып алса керек. Сонда ақын: «Мына баладан бірдеңе шығайын деп тұр ғой» деп басынан сипап батасын берген екен.

Бала Әсет «Қарғалы» ауылындағы жетіжылдық мектепті бітірген соң, Алматыдағы №12 мектеп-интернатқа келіп орналасқан, мектепте өнерімен көзге түседі. Түрлі байқауларға қатысады. Жамбыл атаның батасы қабыл болып, 9-сыныпта жүргенде бірге оқитын Мұқатай Жылқайдаров деген жолдасының «Алмалы Алматым» деген өлеңіне алғашқы әнін шығарады. Мұнысын мектепте ән және музыкадан сабақ беретін Ибрагим Нүсіпбаевқа көрсетеді. Сол жылдары сазгерлігімен көріне бастаған ұстазы нотаға түсіріп, әннің тұсауын кеседі. Әсетке: «сен болашақта атағы асқан композитор боласың» депті. Сан нақышты, бір-біріне ұқсамайтын, гармониялық үйлесімі мол, тақырыбы әр алуан әндерінің басы осы «Алмалы Алматымнан» бастау алған.

Сөзіміз жалаң болмас үшін Әсеттің досы, жазушы Досан Жанботаның естелігінен үзінді келтірейік: «1956 жылы Одақтық фестивальде Ибрагим Нүсіпбаевтың дирижерлігімен әнді Орталық стадионда 300 әнші орындағанда әсем Алматы теңіздей толқыды. Әннің өлеңін жазған Мұқатай Жылқайдаров, Әсет және мен үшеуміздің сол күнгі қуанышымызды жазып жеткізе алмаспын…».

№12 мектеп-интернатты бітіргесін Әсет Бейсеуов Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның табалдырығын аттап, қазақ елінің түкпір-түкпірінен келген 42 баламен бірге дайындық курсына түседі. Кәсіби музыка мамандарынан білім алады. Бұлардың арасында болашақ әнші Нұрғали Нүсіпжанов та бар еді. Консерваторияға әнші боламын деп келген Әсет жаңа әндерді бірінен соң бірін өмірге әкеле бастайды. Дарынын байқаған ұстаздары оны композиторлық бағытқа бұрады. 1961 жылы Зоя есімді қызбен бас қосады.

Әсет – шарықтаудың да, құлдыраудың да дәмін татқан тағдырлы жан. Ол заманда Алматыдан жұмыс табу мүлде қиын екен. Амалсыздан Текелідегі музыка мектебіне барып, 3 жыл мұғалім болады. Одан Алматыға оралып келгенде тағы да жұмыс таба алмай сандалады. Жалғыз «Қазақконцерт», онда орын жоқ. Күнкөріс көзі – Қазақ радиосы. Жазған әндерін көркемдік кеңес бірде қабылдап, бірде қабылдамайды. Қабылданбаса әуе толқынына ән жіберілмейді. Қабылданған әндерінен ғана түскен қаражатты талғажау еткен. Тағы да сыртқа кетіп, Есік музыка мектебінде бір жылдай сабақ беріп, мұнан кейін «Ұзынағаштағы» мәдениет үйінде көркемдік жетекші болады.

Көзкөргендердің айтуынша тұрмыс тауқыметі мен бір-бірін түсініспеушілік Әсет пен Зояны ажыратып тынған. Екінші бас қосқан жары Зәмзура екеуі бір-бірін түсінген. Екеуінің бірге өмір сүрген жылдары композитор шығармашылығының шарықтаған кезеңі болды дейді білетіндер. Асыл жарына бірнеше ән арнапты. Мақаланы жазарда Ә.Тәжібаев атындағы облыстық кітапханаға барғам. Қолыма «Әсеттің 500 әні» деген екі томдық кітап түсті. Нұрғали Нүсіпжановтың құрастыруымен 2015 жылы Алматының «Өнер» баспасы басып шығарған екен. Кітаптың алғашқы бетін аша бергенімде мынадай жазуды оқыдым: «Қолдарыңыздағы «Әсеттің 500 әні» атты қос томдықта композитордың ел арасына кеңінен танылған әндерін жинақтап, ұсынып отырмыз. Әсеттің өзге музыкалық мұраларын әлі де жинақтай түсу – алдағы күндердің мүддесіне жататыны ақиқат…» Еріксіз таңғаласыз, сонда Әсет Бейсеуов 500-ден де көп ән шығарған ғой. Шығармашылық байланыста болып, біраз әндерінің мәтінін жазған Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Серік Тұрғынбектің мына бір сөздері есіме түсе кетті: «Әсет қазақ эстрадасының негізін қалады, оны дамытты. Әндері лек-легімен, толқын-толқын болып шығып жататын. Әндерінің көптігі, үйлесімі және тақырып ауқымының кеңдігі жағынан оған ешбір композитор таласа алмайды…»

…1961 жылдың мамыр айы. Алматы түні. Әсет таза ауамен тыныстайын деп бір сәт балконға шыққанда, көше бойында қол ұстасып бара жатқан қыз бен жігітті көреді. Біршама уақыт оларға сүйсіне қарап тұрған композитордың күйсандыққа келіп отырғаны сол-ақ екен, вальс екпінімен бір шалқыған әсем саз төгіле береді. Бұл «Сырласу вальсі» еді. Сөзін Әнуарбек Дүйсенбиев жазды:

– Түн жамылып келеміз, айсыз ашық аспан,

Төбемізде жұлдыздар үнсіз жымыңдасқан,

Бара жатқан зымырап байқалмайды уақыт,

Бұл не деген қуаныш, бұл не деген бақыт?!

Жүректен шыққан керемет сазды әуен жүректерге жетті. Әсіресе жастар жағы мұны іліп әкетіп, тез жаттап алды. Ән сахнаның да, жиын-тойлар мен кездесулердің де көркін ашты.

Ән әлемінде өзіндік орны бар шығармасы – «Шақырады көктем». Мұны Қазақстанның Халық артисі Роза Рымбаева жылма-жыл әр көктемдегі есеп беру концертінде орындап келеді. Р.Рымбаева былай дейді: «Әсетті, Әсеттің әндерін білмейтін, тыңдамайтын қазақ жоқ та шығар бәлкім?! Қазақ барда, Әсет әндері болады. Ғасырдан ғасырға жалғаса береді. Менің «Көктем шақырады, мен шақырамын» атты концертімнің бастауы – осы ән. Тәңірім қанша ғұмыр берсе, мен сонша рет бұл әнді орындай беремін деп сөз беремін» дейді. Неткен ықылас, неткен құрмет?!

Әсеттің туған жері «Қарғалыға» арнап шығарған «Ауылым» әнін барқыттай жұмсақ, баритон дауысымен Нұрлан Өнербаев айтып жүр. Ән, кіндік қаны тамып, туған жерінен жырақта жүрген талай азаматтың көңіл-күйін дөп басып, ауылына деген сағынышын үдетеді, жүрегін елжіретеді. Ән құдіреті дегеніңіз осы болар?!

Әсет әндері талай әншінің бағын ашыпты. «Ағаларым» әнін Қазақстанның Еңбек сіңірген артисі Сұлушаш Нұрмағанбетова менің жұлдызды әнім болды дей келе былайша еске алады: «Оспанхан Әубәкіровтің сөзіне жазылған осы ән мені әнші ретінде халыққа танытып, бағымды ашты. Әнді Республика сарайында шырқадым. Концерттен соң Әсет ағай келіп: «Мына ән әншісін енді тапқан екен» деп ризашылығын білдірген…» Кейінгі жылдары осы әнді жерлесіміз Бахтияр Тайлақбаев орындап жүр.

Сондай-ақ, ерлі-зайыпты Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтердің төлқұжатындай болған екпінді ән – «Жолың болсын жолаушы». Сөзін жазған жоғарыда атап кеткен ақын Серік Тұрғынбек.

Екі дауыста: (дуэттік орындауға арналып жазылған)

– Аспанда да, жерде де,

Асуда да, белде де

Жолың болсын,

Жолың болсын жолаушы, – деп қос домбырамен құйқылжыта қайырғанда ән әуеніне кәдімгідей беріліп, өзіңді сапарлап бара жатқан жолаушыдай сезінесің.

Әсет балаларға да біраз ән арнаған:

– Жазда атамның аулына, барып едім қыдырып,

Бір қошақан алдымнан, шыға келді жүгіріп, – деп басталатын әнді бала біткеннің бәрі айтпаушы ма еді?!

Әсет Көпбайұлы барынша ақкөңіл, жан дүниесі аққудай аппақ, қоғамшыл, кішіпейіл азамат болған. Бір көрген адамның онымен дос болмауы мүмкін емес екен. Қолындағы барын бөліп беретін жомарт, кісіге жұғысқыш, көпшіл еді деп еске алады көзін көргендер. Сөзімізді нақтылай түсу үшін Әсеттің мектепте бірге оқыған сыныптасы, Еңбек ері Гүлдария Тоқсейітованы тыңдайық: «…Алдарынан шығып мынау – менің досым, мына кісі – менің ағам, мынау – бауырым, мынау – жолдасым» деп құрақ ұшқанының куәсімін.

– Сен қазақ елі түгел білетін үлкен тұлға емессің бе, өзіңді бұлай ұстамасай, – десем ол:

– Олай етуге менің жаратылысым келмейді ғой, – деп ағынан жарылатын.

Әсет Бейсеуов қазақтың ақындарымен шығармашылық байланыста болды. Айтар болсақ, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Тұманбай Молдағалиев, Фариза Оңғарсынова, Оспанхан Әубәкіров, Әбдірахман Асылбеков, Мұхтар Шаханов, Серік Тұрғынбек, т.б.

1968 жыл. Көктемнің бір жаймашуақ күні. Әсет пен Нұрсұлтан Әлімқұлов екеуі Алматы мен Каменканың арасындағы көздің жауын алардай гүл алқаптарын жаяу аралайды. Шабыты келген Нұрсұлтан ақын табанда:

– Қызыл гүлдер, сары гүлдер көк гүлдер

Қызғалдақтар, сарғалдақтар көп гүлдер

Қызықтырып жігіттер мен қыздарды,

Неге мұнша қырға қаптап кеттіңдер, – деп ағытылып жүре берген ғой.

Сұлулықты жанындай сүйетін Әсеттің әнсүйер қауымды тамсандырған «Гүлдер» әні уақыт күттірмей шыға келеді. Бұл ән кейін өзі ұйымдастырған ансамбльдің атауы болған.

Халық арасына тез тарап, жұртшылыққа ерекше ұнаған тағы бір әні – «Алтыным». Ән Алтын Әліпбаева деген әнші қызға арналған деген дерек бар. Мұны кейіпкердің өзі де жоққа шығармайды: «1965 жылдың желтоқсан айында менің үйлену тойым өтетін болды. Осы қарсаңда Әсет пен Нұрсұлтан Әлімқұлов келіп, «үйлену тойларыңа бір ән арнайық» деп рұқсат сұрады. Келісім бердік. Қасына шағын музыкалық топты еріткен Әсет «Алтыным» әнін тойда өзі орындап берген еді» деп еске түсіреді.

Композитордың шығармасын зерделесек, тақырып аясы өте кең. Соның ішінде махаббатты өрнектейтін әндері жетерлік. Оған Фариза Оңғарсынованың сөздеріне жазылған «Сен қайда жүрсің», «Қыз ғұмыр», «Жақсы көру» әндерін атай кетсек артық болмайды. Осылардың ішінен «Жақсы көру» әнінің бір шумағы мен қайырмасына назар аударайық:

– Күндерің қандай болса арайланған,

Қатыгез қараулыққа жолай ма адам,

Біреуді жақсы көрген қандай жақсы,

Нұрланып кетеді екен арай далам,

Жақсы көру, жақсы көру, не деген керемет ең?!

Өмірді сезінуге,

Қуанып көз ілуге,

Адамға жақсы көру керек екен…

Ақиқатқа жүгінсек, әдемі өмір жақсы көруден басталмай ма?! Келісті өлең мен саз бір-бірімен шынайы үйлесім тапқан. Әнді әдепкіде композитордан қалап алып, Сұлушаш Нұрмағанбетова, беріде Сәкен Қалымов орындап жүр. Жоғарыда арнайы тоқталып өткен әндерімен қоса «Мұңайма», «Күткенде», «Айнашым», «Меңді қыз», «Айшажан», «Өмірде мен сүйетін бір адам бар», «Бір тамаша ән үшін», «Аспан қызы», «Жайықтан қайтқан тырналар» әндері – біздің замандастарымыз үшін сонау жылдардың бойтұмарындай.

Осы әндердің арасынан кезінде айтылып, бүгінде ұмыт болып бара жатқан әннің бірі Оспанхан Әубәкіровтің сөзіне жазылған «Аспан қызы» еді. Қайырмасының алғашқы жолдары есімде түсіп отыр:

– Қас қияқтай қасы,

Қара зердей шашы,

Құлпырады тотыдай

Қаншада екен жасы, – деп келуші еді.

Мәдениет министрлігінің тапсырмасымен композитор Әсет Бейсеуов, ақын Оспанхан Әубәкіров, балетмейстер Равиль Сүлейменовпен бірге келіп, 1969 жылы Жалағаш ауданында «Алтын арай» ән-би ансамблін құрғанын кейінгі ұрпақ білмеуі мүмкін. Енді соған тоқталайық.

Осы мақала авторы ол кезде Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының студенті болатын. Аймағымызда «Сыр сұлуы» ансамблінен кейін екінші болып, жалағаштық «Алтын арайдың» өнер айдынына қосылғанынан және алғашқы концерттерін бере бастағанынан хабардар едім.

Ансамбль кімдердің бастамасымен құрылды? Қалай құрылды? «Алтын арай» деп ансамбль атын кім қойған? Енді соған келейік. Әсет Бейсеуов жайлы, оның шығармашылығы мен өмірі жайлы мақала бастағасын, «Алтын арайды» бірге қосып жазуды қажет деп санадым.

Жуырда жалағаштық бірнеше кісімен хабарластым. Нақты материалдармен маған көмек қолын созған Мәдениет қайраткері, биші-балетмейстер, бүгінде аудандағы мәдениет саласы ардагерлерінің кеңесін басқаратын Роза Оспанқызы Боранбаева болды. Роза 1958 жылы теміржолшы отбасында дүниеге келген. Жалағаш кентіндегі №123 мектепте білім алды. 1984 жылы Жезқазған маңындағы Никольск мәдени-ағарту колледжін «Хореограф-биші» мамандығы бойынша бітіріп, саналы ғұмырын «Алтын арайға» арнаған. Осы өнер ұжымынан балетмейстер ретінде зейнеткерлікке шыққан. Ән-би ансамблін құруға аудандық партия, атқару комитетіне нақты ұсыныс жасап, бар жауапкершілікті мойнына алған, сол жылдары аудандық мәдениет бөлімінің басшысы қызметін атқарған, бүгінде тоқсанның төріне шығып отырған ақын-жырау, Мәдениет қайраткері Байділда Сәрсеновпен көрші тұратынын, сол кісіден қажетті деректерді алып, жіберетінін айтты. «Әсет ағалар Жалағашқа келгенде мен 11 жаста едім. «Алтын арайдың» құрылуына бастамашы болғандардың бірі әкемнің қарындасы болып келетін музыка мектебінің мұғалімі Алмаханова Хадиша әпкем екенін білетінмін. Оспанхан мен Әсет бастаған кісілерді (бас-аяғы оншақты кісі) әпкем біздің үйге ертіп келді. Қонақтарға арнап анам дастархан жайды. Жақсы отырыс болды. Інім Мейрамбек Оспанұлы бесікте еді. Әсет аға аузына түкірді» деді.

Роза Боранбаева Байділда ағамыздың аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің 2012 жылдың 21 қаңтары күнгі санында жарияланған «Алтын арай» ән-би ансамблі осылай құрылған еді?» деген көлемді мақаласын жіберген. Енді осы мақаладан үзінділер берейік: «…Алдымызда Қазақ ССР-нің құрылғанына 50 жыл, В.Лениннің туғанына 100 жыл толатын мерекесі келе жатты. Мереке қарсаңында көптеген шара жоспарланған. Осы қос мерекеге байланысты облыстық, республикалық деңгейде көркемөнерпаздар байқауы өткізілетін болды. Концерт қоюдың қиындығынан шығудың жолы тұрақты ансамбль ұйымдастыру болатын. Бірақ ансамбль құру үшін басшылардан рұқсат алу, қаржы табу, аудан көлемінен өнерпаздар жинау, құрылған күннің өзінде әрі қарай тұрақты шығармашылық жұмыс жасату, т.б. қиындықтар жетіп жатыр еді… Ойымды облыстық мәдениет басқармасының бастығы Бибіраба Досмахановаға, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Сейітнәби Мұқашевқа, аудандық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Нәзтай Сермахановаға айттым. Олар мені мақұлдады, бірақ «бұл мәселені бірінші хатшы Исатай Әбдікәрімов шешеді, сол кісіге жеткізе айтып бер» деді. Ол кісіге айтатын мәселемді қайта-қайта тұжырымдап, әбден ойланып бардым, дәлелдеп айтып бердім. Тыңдап болғаннан кейін ойласып көрейік деді.

Екінші рет барғанымда: «Ауданға қазір ансамбль керек-ақ, егер қаражатты тапсақ, керекті көмектерді берсек, ансамбль ойдағыдай болып шыға ма, алдағы мерекеде облыстық байқаудан бірінші орын ала ма, еңбек қайта ма?» деп шегелей сұрады. Мен: «егер барлық көмек болса, айтқаныңыз орындалады» деп уәде бердім. Ол кісі іске кіріс деді. Қуанып кеттім. Ауданның бірінші хатшысының рұқсат бергені жөнінде облыстық мәдениет басқармасының бастығына айттым. Ол кісі таңдана қарап, біраз ойланып отырды, шамасы бұл үлкен жұмыс, әрі қалай болар екен деген болуы керек, «министрмен хабарласып, маман және басқа да көмек сұраймын» деді. Айтқанындай 2-3 күннен соң, ақын Оспанхан Әубәкіров, композитор Әсет Бейсеуов, балетмейстер Равиль Сүлейменов келді. Ансамбль құрылып жатқаны жайлы газетке жазылды. Халық ансамбльді жаңалық ретінде қабылдады. Дайындық өз дәрежесінде жүріп жатты. Қызықтап көрушілер көбейді. Ендігі жұмыс қажетті заттарды дайындау болды. Киім тіктіру үшін аудандық комитеттен, облыстық мәдениет басқармасынан Мәдениет министріне өтінім-хат жаздырып алып, Алматыға кеттім. Сол кездегі Мәдениет министрі Қызылорда облысының азаматы Мүсілім Базарбаевқа кіріп, хатты бердім. Ол кісі қарамағындағы жауапты кісілерді шақырып алып, 15 күнде киімдерді дайындауға тапсырма берді. Дайын болғандарын пошта арқылы жіберіп тұратын болды.

Біздің сол кездегі жақсы шараларымыздың бірі Оспанхан мен Әсеттің ауыл аралап, халықпен жүздесуі еді. Әсет ән айтады, Оспанхан өлең оқиды. Қызықты естеліктер айтып, жұртшылықтың сұрақтарына жауап қайтарады. Көрермен қауым алғыс айтып, ризашылық білдіріп жатады. Сондай кездесудің бірінде орталыққа кештеу оралып, Жалағашқа кіреберістегі «Әйтек» каналының көпіріне келіп тоқтадық. Қонақтар машинадан сыртқа шығып демалып тұрған. Таң арайланып атып келеді. Әсет құшағын кең ашып, жан-жағына мейірлене қарап: «Мына жиденің жұпар иісін-ай! Даланың желпіген самал желін-ай! Таза ауа толқындап бетті өбеді! Халқы да осыған сай неткен ақкөңіл, дархан, қонақжай ел еді! Оспанхан аға, біз жұмыс жасап жүрміз, сонымен қатар жақсы демалып та жатырмыз. Қарашы, Жалағаштың жаңа таңы арайланып атып келеді, нұрын сеуіп тұр ғой, үлкен бақыттың басы басталғандай. Жалағаш келешек күріштің үлкен кеніне айналып, табысқа жететінін хабарлап тұрғандай. Сондықтан Жалағаштың арайланып атып келе жатқан ақ таңына орай ансамбльдің атын «Арай» қойсақ қайтеді?» деді. Оспанхан: «Мынау атауың – келешектің үлкен табысы, жақсылықтың нышаны ғой, бұл ансамбль Одаққа белгілі болатын сияқты» дегенді айтты. Арайдың алдына сөздің асылы, тастың жақұты «алтын» деген сөзді қосып, «Алтын арай» деп атайық деді. Сол жерде тұрған кісілер де осы атты құптап, «Алтын арай» атына құтты болсын айтып, бір-бірінің қолдарын қысып жатты. Мұны аудан басшылары да мақұлдады. Ансамбльдің аты «Алтын арай» болып белгіленді».

Әңгімені ұзатып жаза беруге бір мақаланың ауқымы көтермейтіндіктен Байділда Сәрсенов ағамыздың естелігін осы жерден тоқтатамын.

Межелі күн де жақындайды. Жақсы дайындықпен облыс орталығына барған «Алтын арай» аймағымыздың жеті ауданы мен қала өнерпаздарын артқа тастап, байқауда бірінші орын алады. «Алтын арайдың» оза шапқан қадамы ақ күріштен тау тұрғызып жатқан Жалағаш ауданының мәдениет саласындағы мәртебесін осылайша тағы бір биіктеткен. Содан бері есептеп отырсақ, 54 жыл өткен екен. Алдымыздағы жылы республика көлемінен асып, Одаққа аты шыққан халықтық ән-би ансамблінің құрылғанына 55 жыл толады. Біздіңше бұл – лайықты деңгейде атап өтуге тұрарлықтай тарихи оқиға.

Өмір көші кідірмейді. Бірнеше толқын алмасты. Бірақ «Алтын арай» бар. Жаңарып, жасарып көрермендерімен қауышып келеді. Жақында ғана Ақтау қаласында өткен жас бишілер сайысынан жүлделі екінші орынды алып қайтыпты.

Аса талантты композитор, ән әлеміндегі құбылыс Әсет Көпбайұлы Бейсеуов 1996 жылы сүйікті жары Зәмзураның қазасын көтере алмай, 40 күннен кейін небәрі 58 жасында дүниеден озған. Егер тірі болғанда бүгінде 85 жасқа келер еді. Бірақ халқы барда қазақ ән өнерін, оның ішінде эстрада жанрын шырқау биікке көтерген Әсеттің есімі ұмытылмайды. Өзі оқыған «Қарғалыдағы» орта мектепке композитордың есімі беріліпті, сол ауылдағы үлкен көшелердің бірі атында екен. Музей де бар көрінеді. Оның ашылуына сол жылдары Алматы облысын басқарған Заманбек Нұрқаділов көмектесіпті, мемлекет тарапынан алған марапаттары, ұстап-тұтынған заттары, т.б. қойылған.

Әсет Бейсеуов 1972 жылы «Қызыл сұңқарлар» әні үшін Ленин комсомолы сыйлығына ие болды. 1991 жылы «Қазақстанның Халық артисі» атағын алды. Көзі тірісінде-ақ елі сүйсініп, әуелете шырқаған сан нақышты әсем әндерімен өзіне тұғырлы ескерткіш қойып кетті десек қателеспейміз.

 Темірбек ЕСЖАНОВ,

Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

*сурет ашық дереккөзден

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<