Қайтер едің, жаным-ау? (әңгіме)

378

0

Тіршілікте қилы-қилы тағдыры бар жандармен кездесесің… Өзімен-өзі томаға-тұйық жүрген жас жігітпен шипажайға келген күннің ертесіне танысқанмын. Дәрігердің қабылдауына кезек күтіп отырғанымда оның жерлес екенін біліп, әңгімеге тартқам.

– Есімім Самат, аға, – деді ол, – туған жерім Сырдарияның бір қолтығындағы «Қызылқия» деген ауыл. Мамандығым – мұғалім. Жасым 25-ке шықты. Сезім азабы қиын екен.

Жігіттің жүзі қарақошқылданды. «Қалай болды?» деп сұрау бұл жерде оғаштау болатынын білдім де, әңгімені өзіме қарай бұрдым.

– Менің аты-жөнім Жарас Басбай. Екеуміз де Сыр бойынан екенбіз, айналайын…

– Сіз жазасыз ғой аға, білемін. Осы сәтте дәрігер шақырды да, мен ішке кірдім.

Келесі күні Самат бөлмеме келді. Кешегідей емес, жүзі бозаңдау көрінді. Мен сөз бастадым:

– Ақындар айта беретін, ай-хай жиырма беске аттаған екенсің, қызың бар шығар?

– Қызым болып еді…

– Е, соны айтпайсың ба?

Жігіт сәл бөгеліңкіреп қалды да:

– Аға, әуелі мына әнді тыңдап алыңызшы, – деп ұялы телефонының нүктелерін баса берді. Сол-ақ екен өзім ерекше ықыласпен тыңдайтын әншінің қоңыр, жұмсақ дауысы естілді:

– Сүймеймін деп айтшы сен     шамаң келсе,

Мен деп соққан жүрегің соған сенсе?!

Қайтер едің жаным-ау, қайтер едің,

Мына менің күйімді саған берсе…

Жай ырғақпен басталған ән бірте-бірте көтеріліп, жан-дүниеңді қимас бір сезімге орап алып бара жатқандай әсер қалдырады. Елжіремеуің мүмкін еместей. Одан әрі іштей қосылып кеткеніңді өзің де байқамайсың:

– Аңсауменен күй болып,           селдетермін

Сағынумен өзіңді енді өтермін.

Сені ғана кеудемнің бесігіне,бөлеп қойып, әніммен тербетермін…

– Аға мінекей, осы әнді кім жазса да құдды менің тағдырым. Сөзі де, әуені де жүрегімді жарып  шыққандай болады да тұрады.

– Кім жазғанын білмеймін, бірақ орындап тұрған Еркін Нұржан ғой, – дедім мен.

– Еркін орындағасын да жүректен жүрекке жетіп жатқан жоқ па?!

– Ал енді қыздың жайына көшейік?

– Тыңдасаңыз айтайын, аға.

– Құлағым сенде, Саматжан.

Менің ықыласты екенімді білгесін, Саматтың айтқаны еді:

– Біз ауылда көрші тұрғанбыз. Ағайынды екі қыз еді. Айсара мен Гүлсара. Айсара екеуміз бір сыныпта оқыдық. Ал Гүлсара бізден екі сынып кейін оқыды. Гүлсара сұңғақ бойлы еді, өсе келе Айсарамен егіздің сыңарындай болып кетті. Мектеп бітірген соң, Айсара екеуміз университеттің «Ән және музыка» бөліміне, тоғызыншы сыныпты аяқтаған Гүлсара медицина колледжіне түсіп, үшеуміз де студент атандық. Екеуі қала ортасынан пәтер жалдап тұрды да, мен жақын ағамның үйіне жатып оқыдым. Кішкентайымыздан бірге өскесін болар, енді екі қыз менің бауырларым сияқтанып кетті. Шыны керек бірінші курста сабақтан бас бұрып, онда-мұнда шығуға мүмкіншілік аз болды. Екінші курстан бастап, демалыс күндері үшеуміз бірге қыдыратынбыз. Солардың пәтерінде музыка тыңдап, әңгіме-дүкен құрушы едік. Құрдас ретінде Айсарамен сөзіміз жараса кететін. Мектептегі күндерімізге шегініс жасап, кейбір бастан өткен қызықты сәттерді еске алатынбыз. Мұндайда Гүлсараның оқшаулау қалып, бізге қызғаныш көзбен қарайтынын білмеппіз. Мамырдың бір кешінде қыздармен ұзағырақ отырыппын. Такси ұстағым келіп, көшеге шыға беріп едім, алдымды тосқан үш жігіт темекі сұрады.

«Темекі шекпеймін», деп едім, «онда қалтаңда не бар» деп әмір етті ересектеуі. Ақша  сұрап тұрғанын білдім де, ештеңе шығармайтынымды айтып «жөндеріңе  жүріңдер» дедім тайсалмастан. Сол-ақ екен, біреуі жағымнан тартып жіберді. Мен де қарап қалмай, оны иектің астынан бір періп құлаттым. Жақындай берген екіншісін құлақ шекеден қойғанымда ол да қаңғалап қалды. Осы сәт арқам шым етті. Бірдеңе кіргенін білдім, бірақ сонда да қимылымды тоқтатпадым. Күшім таусылып, дәрменім азайып бара жатқанда бір мәшиненің жарығы бізге тура түскен еді. Әлгілер қараңғы жерге қарай қаша жөнелді. Жеңіл мәшинеден түскен екі адам мені сүйемелдеп әкеліп, көліктеріне отырғызып жатты. Одан арғысы есімде жоқ… Көзімді ашсам, аурухана төсегінде екенмін, жанымда Гүлсара отыр. Артымнан келген үшінші бұзық арқамнан пышақ ұрыпты… Ертесіне ертелетіп Айсара  келді. Оншақты күннен соң мені шығарды. Екі қыз пәтерлеріне алып келді. Ас-суларын алдыма тосып, бәйек болды.

«Жатқан үйіңе ертең-ақ барарсың, бүгін осында бол, біз кеше ауруханадағы күндеріңе дәрігерден анықтама алып қойдық» деді қыздың үлкені. Айсара әлдене қажет болып дүкенге кеткенде, Гүлсара менің қасыма жақындап отырып «Сен олай-бұлай болып кетсең, мен қайтер едім» деді де көз жасына ерік берді. Менің оң қолымды екі алақанының арасына қысты да,  еңкейіп құлағыма «Мен сені ешкімге қимаймын, Самат» деп сыбырлады. Қыздың ыстық демін сезгенім сол-ақ екен, жүрегім дүрсілдеп кеудеме сыймай бара жатты… Енді Гүлсараны көргім келе берді, бірақ мұнымды өзге түгілі өзімнен де жасыратындай күйге түстім. Көпке дейін солай еттім де. Десе де, он сегізден енді ғана асқан жасөрім қыз маған дегендегі оттай ыстық сезімін билей алмады…

«Сен оның туған ағасындай емес пе едің», деп Айсара шықты. «Екеуің бірге оқып, бірге өстің, енді жоғары оқу орнында да бірге білім алып жатырсыңдар, бізге кішкентайы емес, үлкені дұрыс» деп ауылдағы әкем мен шешем шықты.

«Айсара екеуіңнің тойларың қашан болады, сендер бастасаңдаршы» деп курстастарымыз шықты… Бір күні кешкілік Айсара телефон соғып, менің тез жетуімді өтінді. Бардым. Төсекте көзін ашпастан Гүлсара жатыр. Сіңлісінің аяқасты ыстығы көтеріліп, сандырақтағанын айтты да Айсара еңіреп жылады.

Сүт пісірімдей уақыт шамасында Гүлсара көзін ашты. Айсара бізді оңаша қалдырып, сыртқа шығып кетті. «Самат келдің бе? Менің өмір сүргім келмейді, туған әпкем жақсы көретін жігітпен қалай көңіл жарастырамын, мені кешір…» Әрі қарай ештеңе айта алмады. Осы сәтте «Жедел жәрдем» жеткен.

 Үшеуміз де оқу бітірдік. Айсара ауылға барып, мектепке орналасты да, сөз салған Алпысбай деген шопыр жігітпен тұрмыс құрып кетті.

 Гүлсара аудан орталығындағы емханаға жұмысқа тұрды. Оған бірнеше рет бардым, бірақ жақындатпады… Қалада қалғаныммен жарытып қызмет істей алмадым, той-томалақта ән айттым, асаба болып күнкөріс жасадым. Кей-кейде екі қыз тұрған өзіме таныс көшені әрлі-берлі кезіп кететінмін. Алдымнан Гүлсара шыға келетіндей сияқты елеңдейтін едім.

Саматтың әңгімесі осы жерден үзілді. Біршама үнсіздіктен соң: – Әлгіндегі әніңді қосшы, – дедім.

Ол жалма-жан ұялы телефонының түймелерін басқан: «…Сені ғана кеудемнің бесігіне, бөлеп қойып әніммен тербетермін». Үлбіретіп, үзілтіп әкеліп қайырғанда ән аяқталған шығар десем, «қайтер едің жаным-ау, қайтер едің, мына менің күйімді саған берсе», деп әнші үш қайтара созды. Көзім терезе жаққа ауған еді. Әлгінде сіркіреп қана жауып тұрған жаңбыр бір сәт сатыр-сұтыр етіп әйнек бетін тілгілей бастады. Айғыз-айғыз тамшылар сорғалап жатыр, сорғалап жатыр…

…Арада екі жыл өткен. Шілденің бір кешіне таяу үйімнен шығып, Сарқырама бойында демалып отырғанмын. Сонадайдан қолтықтасып келе жатқан қыз бен жігітті көзім шалды. Жақындай бергенде жігітті таныдым. Бұл Самат болатын. Қос қолын беріп амандасып, мені құшақтай кетті. Шамасы кім болды екен деп қалса керек, қыз екеумізге кезек-кезек қарай берді.

– Аға, міне сізге айтқан Гүлсарам осы.

Ұзын бойлы, ақ көйлекті ару келбетті көрінді…

Есіме бір ақынның: «Аққу мойын, ақ көйлекті қайыңдар, дәл сендердей менің де аппақ айым бар» деп басталатын өлең жолдары түсті. Саматқа риза болдым. Біраз әңгімелестік. Жақында үйлену тойлары өтетін көрінеді…

Қоштасарда сөз ретін Гүлсараға бұрып:

– Саматыңды қадірлей біл, алтын жігіт ғой бұл! Міне, махаббат деген құдіретті сезімнің  қандай кедергі кезіксе де, бұзып өте алатынын көрдік. Екеуіңе де ризамын, бақытты болыңдар! – дегенімде қыздың ақша жүзі албырады.                                           

     Темірбек  ЕСЖАНОВ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<