Қызылорда

439

0

Қызылордам, заңғарым, зер көңілді,

Анамсың жеті жуған жөргегімді.

Жетейін даналыққа саған қарап,

Жеткізейін өлеңмен өрнегіңді.

Шырайың сәулеленіп шырақ оттан,

Жаралған жамал бейнең дүр абаттан.

Сен тұрсың астаналар шеруінде,

Сыр тартсам сырға соққан Сығанақтан.

Қайырылып қолына алған ақ алмасы,

Қалыпты Сырда талай қаған басы.

Шежіреңді шырақ қып төрге қойдым,

Алаштың алты қанат ақ ордасы.

Сұлулап сипатыңа сөз көсілттім,

Пар келмес парқы саған өзге жұрттың.

Баһадүр, шах-әмірлер басып өткен,

Тізерлеп топырағыңды көзге сүрттім.

Кетіпті кәрі тарих керуен боп,

Келбетім көкжиектен көрінер деп.

Мен жүрмін сұлулықпен қолтықтасып,

Сүлейлер аллеясын серуендеп.

Шашыңа жасын түссе, көркем анам,

Мен болам қара талың өрт ораған.

Дүрбелең дүниенің дидарында,

Бейнең тұрсын – бүгін сау, ертең аман.

Әлемнің жерұйығын табам деген,

Асанқайғы арманын бағамдап ем.

Жер шарын жеті мәрте сапарласам,

Айналып адаспастан саған келем!

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<