Агрокешен көп жаңалық күтеді немесе ғылым мен өндірісте үндестік керек

551

0

 Әлемде ауыл шаруашылығы – жетекші саланың бірі. Жерден ризық терген еңбекші жұрт осылайша агроөнеркәсіп саласын дамытуға ерекше мән береді. Шартарапты шолып шықсаңыз, төрт түлікті түлеткен, қара жерден қазына жинаған мемлекеттер аз емес. Мұндай жағдай біздің Қазақстанға да тән. 
Десе де, бұл саланы ғылымсыз елестету мүмкін емес. Сыр өңірінде Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандарының атқаратын еңбегі зор. Институт ғалымдары соңғы жылдарда бірқатар жобалар бойынша нақты нәтижеге қол жеткізді. Алайда, ғылым-іркіліссіз ізденістің көзі. Қазір елдегі еңбекшінің алдында үлкен міндеттер бар. Мол өнімге қалай негіз қалауға болады? Жаңа күріш сорттары енгізіле ме? Дақылдарды түрлі ауру мен зиянкестен қалай қорғаймыз? Институт директоры Бақытжан Дүйсембековпен әңгіме осы тұрғыда өрбіген еді.
Соңғы жылдары кү­ріш­­­тің жаңа сорттарын шы­ға­руда институт ға­лым­дары нә­тижелі істер атқар­ғанын білеміз. Биыл сол сорттар қаншалықты өн­діріске ен­гізіледі? Алдымен осы жа­ғынан хабардар етсеңіз.
– Рас, Сыр өңірінде ұзақ жыл­дар бойы сорт жаңарған жоқ. Ол күрделі мәселеге айналды. Біздің институттың өзі көптеген қиындыққа ке­зікті. Зардабы аз болған жоқ. Көршілес Ресейден күріш сорт­тарын алып келдік. Десе де, жергілікті климат пен жердің ыңғайына бейімделген түрлерін енгізу мол және сапалы өнімге негіз қалайды. Кейінгі ке­зең­де институт ғалымдары нә­ти­желі іс атқарды. Сырдың климаты мен топырағына сай келетін «Сыр сұлуы» сорты шығарылды. Біз былтыр оны тәжірибеден өткіздік. Нәтиже жаман емес. Оған жергілікті фермерлердің қызығушылығы артты. Себебі бар. Бұл сорт толықтай бәсекеге сай келеді. Шамамен 110 күнде піседі. Айта кетелік, біздегі кейбір сорттар бойынша егілген күріш алқабына 125-130 күнде орақ түседі. Сонда шамамен 15-20 күн уақытты үнемдей аласыз. Демек, біздегі диқандар үшін өте маңызды. Күзгі жауын-шашынға дейін егінді жинап алуға мүмкіндік бар. Былтыр «Сыр сұлуы» сорты бойынша егілген күрішке 23 тамызда орақ түсті.
Байқағанымыз, ол өңірдің барлық аймағына толықтай сай келеді. Облыс аудандарын климаттық жағдайына орай оңтүстік, орталық, солтүстік деп үш аймаққа бөліп қарас­тырсақ, «Сыр сұлуы» олар­дың әрбірінің табиғи, жер жағ­дайына қолайлы. Қазіргі нарық талабы өзгеріп келеді. Байқасаңыз, күріштің сопақша, шынылығы жоғары түрлері бағаланады. Біз де сол талап негізінде жұмыс жасауымыз тиіс.
Жергілікті сорттарға ма­ңыз берілетін секілді. Оған қажетті тұқым қоры жинақ­талды ма?
– Технология бойынша облыстағы «Ера­лы» және «Мағжан» шаруа­шы­лық­та­рын­да 25 гектар ал­қапқа «Сыр сұлуы» егіл­ді. Оған қоса институт ен­ші­сіндегі «Қарауылтөбе» тә­жі­рибе алқабында 30 гектар алқаптан өнім жинадық. Қазір қолымызда 110 тонна тұқым бар. Биыл бұл сортты егетін көлемді арттырамыз.  
Сондай-ақ, біз Сыр өңірінің күріш егетін аймақтарында оның сапасы мен өнімділігін жоғарылату үшін дақыл тұ­қымын сауықтыру тех­но­ло­гиясын енгізу жобасын жүзеге асырдық. Жаңақорған ауданы Түгіскен ауылындағы шар­уа­шылықта «АйКерім», «Мар­жан» және «Лидер» сорттары егілді. Күріш тұқымының фи­то­сараптамасы, олардың өнгіштік сапасын (өсу энер­гиясы және өнгіштігі) анық­тау мақсатында нәтижелі жұмыс­тар атқарылды. Тұқым дәрілейтін тиімді препараттар таңдалды. Оны өңдегеннен кейін саңырауқұлақ және бактериялық микрофлораны басу нәтижесі бойынша пре­па­раттың тиімділігі баға­ланды. Жоба бізге не берді? Күріш тұқымының түрлі мик­рофлоралардан сауықтыру, олардың егу сапасын жақсарту және өсу дәуірі кезеңінде инфекциялық аурулардың алдын алуға болатыны нақ­тыланды. 
Сауықтырылған тұ­қым өсімдіктің өнгіштігін 100, өнімділігін 25-30 пайызға арт­тырады. Тұқым себу нормасын гектарына 280 келіден 220 келіге төмендетуге мүмкіндік беретіні сарапталды.
Өткен жылы ғалымдар Жаңақорған ауданының тау беткейінде дәнді және майлы дақылдарға ылғал сақтағыш тәсілдерді қолдану арқылы ресурс үнемдейтін технология бойынша зерттеу жасағанынан хабардармыз. Бұл жоба көңіл­ден шықты ма?
– Қазіргі таңда әлемде климат өзгеріп барады. Оны бәріміз білеміз. Ашығын айтайық, бұл аграрлық салаға да айтарлықтай әсерін тигізді. АҚШ, Қытай, Ресей секілді алпауыт елдер де әрекет ете бастады. Ғылым тілінде аквагель деп айтылатын пре­парат бар. Ол өсімдіктің толық пісіп-жетілуіне жағ­дай жасайды. Ылғалды бойына сіңіреді. Сол арқылы то­пы­рақтағы макро және мик­ро­элементтерді бо­йына қабылдай алады. Жалпы, жауын жауғанда немесе суғарылғанда жердің беткі қабатындағы құнарлылық пен пайдалы тыңайтқыштар шайылып кете береді. Бұл технология сондай келеңсіз жағдайдан сақтайды.  
Оның өнімділікке де, шығым­­дылыққа да оң әсері бар. Өзге де көптеген пара­ме­трлерге тән дүниелерді бір ғана препараттың көмегімен атқаруға болады. Ол артық берілген ылғал мен пайдалы тыңайтқышты бойына сіңіріп алып, тамыр арқылы қайтадан өсімдікке береді. Өсімдік толық пісіп-жетілгенше сол деңгейін сақтайды. Қысқасы, дақылдың қалыпты жағдайына септігін тигізеді.
Осы тәсілмен 80 гектарға күздік, 3 гектарға жаздық бидай және 2 гектарға мақсары дақылы егілді. Оларға үнемі бақылау жасалды. Жоғары нәтижеге негіз қаланды. Би­дай­дан 13,5, мақсарыдан 7,5 центнерден өнім жиналды. Бұл – біздің аймақ үшін жоғары өнім. Облыс диқандарына на­сихаттау мақсатында арнайы семинар өткізіліп, еңбекшілер тиімділігіне көз жеткізді. Сол технология бойынша егіл­ген алқапта топырақты 20 санти­метрге дейін қазып көргенде ылғалдылық жақсы екені байқалды. Ал оның қасындағы былайғы жерде бұл мүлдем көрініс бермеді.
Әртараптандыру бағы­тында қандай жұмыстар бар?
– Байқасаңыз, Қызылорда облысында мал шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Ен­дігі кезекте мал азығындық дақылдар егу ісін дұрыс жолға қоюымыз қажет. Мәселен, құрама жем жөнінде айта кетелік. Оның құрамында бар­лық құнарлы элементтер қамтылғаны артық емес. Ашы­ғын айтайық, бізде қазір тек күріш қалдықтарына ғана көңіл бөлінеді. Ал оның құнары қандай? Белогы мен протеині өз деңгейінде ме? Күріште ол басқа дақылдарға қарағанда төмендеу. Мәселен, арпа, бидай, жүгері, мақсары, күнбағыс, майбұршақпен са­лыстырып көр­сеңіз, оған көзіңіз айқын жетеді. Біз сол дақылдарды қамти алсақ, мал шаруашылығы да жоғары қарқынмен дами түсер еді. Малдың да, құстың да азығы құнарлы болуы тиіс. Сонда өнімділік те, сапа да арта түседі.
Тағы бір айта кетерлігі, біздің өңірде асқабақ сорттарына да өз деңгейінде мән берілмей отыр. Білгенге оның адам ағзасына пайдасы ұшан-теңіз. 
Сондықтан әртараптандыру бағытында асқабақ егу ісін жандандыруға әбден болады. Осы мақсатта инновациялық технологияларды қолдану ар­қылы отандық және шетел­дік мал азықтық асқабақ сорт­тарын тауар өндірушілерге енгізу және тарату бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылды. Асқабақтың «Афродита», «Ка­рина», «Мозолевская» де­­ген сорттары бар. Олар ауыл шар­уашылығында мал азықтық ретінде пайда­ла­ны­лады. Мә­се­лен, иннова­циялық технологияны қол­дану нәтижесінде қолмен атқа­ры­латын жұ­мыс 80-85 пайызға дейін тө­мен­деді. Оларды өн­діруге кететін шығын да еселеп азая түсті. Аталған сорттардың өнім­ділігі гек­тарына 20-25 тоннаны ша­малады.
Облыстың бірқатар шар­­уа­шылығында мақсары мен соя дақылына байланыс­ты тәжі­ри­белік зерттеу жа­салғанын білеміз. Нәтижесі қандай?
– Біз өңірде күрішті не­гізгі дақыл дейміз. Өзгесіне өз деңгейінде мән беріп жүрміз бе? Алдымен осы жағын ойлауымыз керек. Әр­тарап­тандыру мәселесіне жылдам өте алмай жүруіміздің себебі бар. Кез келген нәрсені өз деңгейінде атқару үшін қар­жы қажет екені белгілі. Мәселен, техника жетіспейді. Елдегі ағайынның қолын осындай дүниелер байлайды.
Бүгінде әлемде соя дақы­лына сұраныс өте жоғары. Әріге бармай-ақ, көршілес Қытай елі сояны көп тұтынады. Оны сонау Аргентинадан ұшақ арқылы алдырады. Қаншама шығын. Біз сол нарықты игере алсақ, қаншама пайдаға қол жеткізген болар едік.
Алматы облысының шар­уалары осыған бетбұрыс жасай бастады. Бұрын онда соя өсімдігінің алқабы 50 мың гектардан аспайтын. Қазір 3-4 есеге дейін өсті. Әрине, өнімді экспортқа шығарудың өз талабы бар. Сертификат алу қажет. Бұл орайда, Қы­тай­дың өз заң­дылығына сай жұмыс жасалады. Қазір­гі таңда онда өздерін қам­та­масыз ету мақсатында би­дай, майлы дақылдар, бал өнімі және барлығы 18 ауыл шаруашылығы өнімін сырт­тан тасымалдауға жол ашы­лып отыр. Қытайдың ауыл шаруашылығы министрлігінің мамандары қазақстандық әріп­тестерімен бірге сол өнім­дерді сараптамадан өт­кі­­зеді. Дақыл егілген ал­қап­тың топырағына дейін назар аударылады. Мұн­дай жұ­мыс­тар аккредита­ция өткен зертханаларда жүр­гі­зіледі. Экологиялық таза өнім екеніне көзі жеткеннен кейін ғана өз елдеріне экспортқа шығаруға келісім береді.
Облыста соя дақылы ау­қымды көлемде егілген жоқ. Әзірге ішкі нарық сұранысына сай жұмыс бар. Оны құрама жем өндірісінде де кәдеге жаратуға болады. Сояда крах­мал, протеин, белоктар көп, 45 пайызға дейін белок бар. Ал күріште 7-10 пайыздан ас­пайды. Бұл дақылда марганец, темір, мырыш секілді адам ағзасына қажетті дүниелер молынан кездеседі. Сондықтан әртараптандыру бағытында осын­дай тиімді дақылдарды егу­ге мән берілгені абзал.
Бізге не кедергі?
– Сыр өңірі диқандары ұзақ жылдан бері күріш өндірісімен айналысып, одан мол тәжірибе жинақтады. Қыр-сырын жақ­сы біледі. Соя дақылын өсіру – біздің аймақ үшін тың кәсіп. Оған қандай техника керек екенін біреу білсе, біреу білмейді. Қажетті техника болуы тиіс. Мәселен, тұқым сепкіш, комбайн және басқа да дүниелер еңбеккерлер қолында жоқ. Техниканың бағасы қымбат. Шаруаның қалтасы көтермейді Осы орайда инс­титут базасында агропарк құруымыз тиіс деп ойлаймын. Жоспарымыз жүзеге асқан жағдайда ол Қарауылтөбе тә­жірибе шаруашылығында орналасады.
 Біз былтыр жеті жобаны шаруашылықтарда тәжірибелік негізде қолға алдық. Оны бір мәрте ғана жасауға мүм­кіндік бар. Семинар ұйым­дастырылды. Одан кейін шар­уалар ол жобамен кеңінен танысудан шет қалады. Ал агропарк құрылған жағдайда оларға сол технологияны жыл бойы үйретуге жол ашылады. Өйткені, арнайы технологиямен жабдықталған шаруашылық бетбұрыс жасайды. Тағы бір тиімді тұсы бар. Мұнда ең­бек­шілер ғалымдардың ақыл-кеңесімен жұмыс жүргізе ала­ды. Күріштің ауыспалы егі­сінде бұл істің тиімді тұсы көп деп санаймын. Бұл дақылдар топырақты қалпына келтіруге оң әсерін тигізеді.
Айтқандай қант құ­майы, түйе­жо­ңыш­қа секілді дақылдарға да зерттеу жұ­мыстары жүр­гі­зілгенін бі­леміз. Олардың тиімділігі қандай?
– Қант құмайы, түйе­жо­ңышқа біздің өңірге өте қолайлы. Олар топырақтағы тұздарды өзіне сіңіреді, та­мыры жерде қара шірік болып қалады, азоттандырады. Келесі жылы ол өскен кезде балауса күйінде орып, жермен қоса жыртып тастаған жағдайда биоорганика болады. Қант құмайы – жүгері секілді өсетін дақыл. Әлемде одан 50-ге жуық өнім алуға болатыны дәлелденген. Биоэтанол, спирт, қант шырынын алуға және одан қалған қалдықтан мал азығындық өнім өндіруге мүм­кіндік бар. Балауса күйінде жем-шөп есебінде пайдалана аласыз.
Қант құмайы – суға он­шалықты тәуелді емес, негі­зі­нен Африкада өсетін дақыл. Су тапшылығы болған уақытта да ол жасыл күйінде тұра береді, ылғалдығын сақтайды. Содан кейін су берсең, қайтадан көктеп, жа­пы­рағын жая түседі. Мұндай жағдайда жүгері сарғайып, қурай бастайтыны белгілі. Оны өндіріске пайдаланған жағдайда екі-үш жылда өз шы­ғынын толық ақтайды екен. Мәселен, бір гектардан 40 мың АҚШ долларына дейін кіріс кіреді деген деректер бар. Әлемде одан өндірілген 1 келі шырын 4 АҚШ долларына жуықтайды. Есепке салып қарасақ, бір шаруашылық 150 гектарға қант құмайын егіп, одан түрлі өнімдер алса, мол табысқа кенеледі. Сондықтан әртараптандыру бағытында осындай тиімді дақылдарды қолға алу мәселесін ойлауымыз тиіс. Ауыспалы егісте біз де күріш пен жоңышқаны пай­даланамыз. Жоңышқадан кейін үш-төрт жылдан соң күріш егуге болады.  
Келтірген деректеріңіз ой саларлық екен. Ал біздің шаруалар егіп жүрген картоп пен асқабақ егіншілігін қалай дамытамыз?
– Біз Шиелі ауда­нын­да­ғы «Бестам» шаруа­шы­лы­ғын­да картоп пен асқабақ ектік. Сол алқаптан 250 тоннаға дейін картоп алынды. Былтыр күннің ыстық болуы салдарынан кейбір шаруашылықтарда картоптың сабақтары мен гүлдері солып қалды. Ал «Бестамда» ондай жағдай кездес­кен жоқ, алқап жайқалып тұрды. Оған түрлі препараттар қолданылды. Бұл аумақта суперэлита егілді. Оның ауруы жоқ, сақтауға да қолайлы. Біз картоптың бұл сортын картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандарынан алып келдік.
Ал асқабақтың жем өнді­рі­сіне қолайлы түрі егілді. Оны құрама жемге қосып берген жағдайда сиырдың сүттілігін 20-30 пайызға дейін арттыруға болады. Мәселен, асқабақтың бауыр мен қан айналымына пайдасы – сиырдың ас қорыту жүйесін жақсартады. Онда көптеген витамин түрлері бар. Асқабақтың бұл сорты, ең бастысы, облыстың табиғи ерекшеліктеріне қолайлы.
Қазіргі таңда аймақта асқабақ, қияр, қарбыз секілді дақылдарға ақпәлек деген ауру пайда болды. Тамыз айында ауа райы өзгере бастайды ғой. Таң мен кешкі мезгілде салқын болады. Ауа райы күрт өзгерген кезде өсімдіктер ауыра бас­тайды. Түйнек піспей қалады. Соның салдарынан кейбір шар­уалар егістігін тастап кетуге мәжбүр. Сол түйткілді шешу мақсатында қажетті жұмыстар жасалды. Оны дәрілеуді, өсу барысында биологиялық препараттар беруді үйреттік, ауруға қарсы бір реттік өңдеу тәсіліне назар аударылды. Осындай жұмыстар арқылы мол өнімге негіз қалауға болады. Көршілес шаруа қожалықтарында картоптан гектарына 100-120 центнер өнім жиналса, біз тәжірибе жүргізген алқапта көрсеткіш 250 центнерге дейін жетті. Қысқасы, жаңа технология арқылы таза, мол өнім жинауға жол ашылады. Осы орайда картоп және көкөніс шаруашылығы ғы­лыми-зерттеу институты ма­мандары тарапынан біздің өңірге аудандастырылған «Тоқ­тар» сынды сорттар бар. Біз­дің еңбекшілер сол сорттар бойынша жұмыс жасайды.
Осы біздің қауын-қарбыз егудегі мүмкіндіктеріміз қа­на­­ғаттандыра ма?
– Бізде қауынның «Либера», «Балшекер» деген сорттары бар. Диқандар негізінен сол түрлерін кеңінен қолданады. Қазіргі таңда бұл өнімдерді экспортқа шығару мәселесі алғашқы кезекте тұр. Есесіне талап та өзгерді. Көлемі үлкен қауындар қазір айтарлықтай сұранысқа ие емес. Сондай-ақ, тасымалға шыдамды түрлеріне үлкен мән беріледі. Сол себепті барлық іске сарап, тиянақтылық қажет.
Кейінгі жылдарда диқан­дар күріш ауруларынан көп қиындық көріп жүр. Инс­титут ғалымдары осыған қандай пәрмен көрсете алуда?
– Жаңақорған ауданы Тү­гіскен ауылындағы шар­уа­шылықта күріштің ауру­ларына қарсы, тұқымды сауық­тыру және өнімділігін арттыру бағытында арнайы жоба жү­зеге асты. Біз фитосараптама ша­ра­ларын қолға алған едік. Нәтижесінде сараптама жа­салған күріш тұқымында жеті ауру түрі кездесті. Ол әрине, өнімділікті төмендетеді. Тү­гіскендегі зерттеу шаралары нәтиже берді. Бұрын шаруалар гектарына 40-45 центнерден өнім алса, оны 50-55 центнерге дейін көтеруге мүмкіндік туды. Қысқаша айтқанда, өсімдіктің тығыздығы, шығымы артады, тұқым сауықтырылады. Өнім­ділік 25-30 пайызға дейін өседі. Бұл технологияны біздің аймақта жаппай енгізуге толық негіз бар. Алдағы уақытта осы шараларды пысықтап, ел ырзығын молайтуға еңбек ете береміз деп білемін.
Әңгімелескен
Әділжан ҮМБЕТ.
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<