Ақпарат айдынындағы айтулы белес

1856

0

Осыдан 30 жыл бұрын аймақтың төл телеарнасы көрерменге жол тартты. Содан бері «Qyzylorda» телеарнасы БАҚ ретінде тек ақпарат таратумен шектелмеді, діттеген тұсқа дөп түсіп, мәселелердің түйінін тарқатты, өңірдің рухани, мәдени дамуына үлес қосты. Осылайша тұрақты көрерменін қалыптастырды. Ең бастысы, мұнда айта да, жаза да білетін айтулы тілшілер шоғыры қалыптасты.

«Қазақстан» РТРК» АҚ Қызылорда облыстық филиалының директоры, «Құрмет» орденінің иегері Жағыппар Қарабаламен сұхбаттасудың сәті түскен еді, телеарнаның өткені мен бүгіні туралы кеңінен сөз қозғадық.

– Жағыппар Аманжол­ұлы, «Qyzylorda» телеарнасының ашыл­ғанына 8 ай болғанда қыз­метке келіпсіз. Содан бері ғұмы­рыңыз телевидениеге арналды. Отыз жыл бұрынғы уақытқа шолу жасайықшы…

–       Республикада ол кезде 19 аймақ бар еді. Біздің телеарна сол об­лыстардағы телеарналардың кен­жесі. Себебі, Сыр елінде телеарна ашуға ынта болғанымен, алдын ала типтік тұрғыдағы студия болмаған. Бірақ көштен қалмау керек. Сейілбек Шаухаманов аға­мыз, Виталий Брынкиннің күш­теуімен типтік болмаса да, об­лыс­тық партия комитеті саяси ағар­ту үйінің ғимараты беріледі. Ком­партия жабылмай тұрған уақытта. Ал, компартия жабылмай тұрып, оның ғимаратын алу оңай дүние емес. Телеарна қазіргі «Қа­зақстан» республикалық телерадиокорпорациясы, сол кезде те­левизия және радиохабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік ко­ми­тетінің Қызылорда облыстық ко­митеті болып ашылған. Алды­мен жарты жыл дайындық жұмы­сы жүргізіледі. Бүкіл техника Ле­нин­град қаласынан әкелінген. Алғашқы жарты сағаттық хабар 1991 жылдың 30 сәуірінде жарық көреді әрі өте сәтті шыққан. Ба­қытымызға орай дейік пе, ертеңіне 1 мамырға арналған Орталық алаң­дағы мерекелік шеруден 45 минут бойы тікелей репортаж жүргізудің мүмкіндігі туады. Ол да сәтті бастама болды. Жалпы бұл шаруалардың басы-қасында аза­маттық тұрғыда позициясы би­ік, шығармашылық тұрғыда потен­циалы өте мықты Жақсылық Бекқожаев деген ағамыз тұрды.

Телеарнаның ашылу бойына 45 минуттық тікелей репортажбен бас­талуы қазірдің өзінде оңай емес. Алғашқыда 1 сағат, араға уақыт салып, тәулігіне 3 сағат, кейінірек 5 сағатқа дейін хабар таратуы – үлкен ерлік. Қазіргідей мобильный техника жоқ. 2 минуттық сюжет дайындау үшін кемі 5 сағат монтаж жасалатын болған. Ол біздің кінә емес. Бұл – жалпы елде телевизиялық өндіріс дами қоймаған уақыт. 2004 жылдан бастап тәулігіне – 7, 2009 жылдан бастап – 12, қазір – 15 сағат бойы хабар таратамыз. Алғашқыда процесстің күрделілігі сондай 1 сағаттық хабар дайындауға 120 адам қатысқан. Бүгінде 15 сағаттық хабарды 80 адам шығарамыз. Бұл – телевизиядағы революциялық өз­герістер нәтижесінде қол жеткізген жетістік.

– Сол жағдайға қарамастан облыстық телеарналар арасын­да сараптамалық хабарды бі­рінші болып жасапсыздар. Сыр­дағы телевизия салаға қандай жаңалықтар әкелді?

– Ол уақытта басқа облыс­тарда 20-30 жылдық тарихы бар телеарналар болған. Ал, ашыл­ғаннан кейін 2-3 жыл ішінде ақ­­параттық-аналитикалық хабар ашу аймақтарда бізден бас­та­лып­ты. Бұл осы бағыттағы жур­на­лис­теріміздің өресінің мық­тылығын көрсетеді. 1993 жылы сол хабарды Айткүл Шалғынбаева ашып, 14 жыл бойы тікелей эфирде жүргізді. Аналитикалық хабар – жа­ңалық­тардың жиынтығы ғана емес, ау­қымды оқиғаларға үн қосу, қоғам дамуына үлес қосу. Бір кездері Аралдың экологиялық жағдайы жақсарған жоқ, сонда да Сыр өңірі халқына берілетін әлеуметтік қо­сымшаларды алып тастау мәселесі көтерілді. Себебі, өнімді экс­порт­тағанда экологиялық аймақтан келгені үшін кедергілер туындаған. Облыс басшылығының өзі мұны Үкіметтің алдына мәселе етіп қойған. Содан халық қарсылық танытқанымен, ешкім ресми түр­де айтпайды. Мәселеге Айткүл Же­тібайқызы ерекше назар аударып, 1 сағат тікелей эфирде аналитикалық хабарды жүргіздік. Сол кезде экология департаментінің басшысы Қуанышқали Шапшаңов ағамыз, тағы бірнеше қоғам белсендісі, ға­лымдар келіп тақырыпты тал­қылады. Мәселені халық іліп әкет­ті. Сыр еліне Премьер-министр келіп,  жағдайды зерттеп, ақырында мәселеге нүкте қойып кетті. «Бұл проблема әлі бар, экологиялық қосымша алынбайды» деді. Осылайша жеке басынан қорықпай, принципті соңына дейін ұстанатын мықты мамандарымыздың арқа­сында қоғамдық-әлеуметтік маңы­зы бар мәселені көтеруге қол жет­кіздік.

Онан кейін қазіргі №15 мектеп-гимназия, Оқушылар сарайының жекешелендірілетіні туралы ресми хабар шықты. Оны газеттен оқыдық. Жекешелендіру науқаны болды сол кезде. Барлық мектепте үйірмелер болмауы мүмкін, бірақ ең мықты үйірмелер Оқушылар сарайында еді. Сол жекеге өтіп кетейін деп тұр. Бұл мәселені де аналитикалық хабарға шығарып, соның арқасында екі мекеме де жекеге өтпеді. Бұл – телеарна ма­мандарының интеллектуалдық по­­­тенциалы мен азаматтық пози­циясының арқасы. Соның нәти­жесінде халық телевидение арқылы біраз мәселенің шешілетініне көзі жетті.

– Телеарнаға продюсер де­ген ұғымды ала келдіңіз. Музы­калық контенттің қалыптасуы жас таланттарға жол ашқан се­кілді…

– Телевидениеге келген уақы­тымда продюсер деген термин айтыла қоймайтын. Мұн­дағы қызмет  – ақпарат тарату, түрлі жанрда тақырыптық хабар дайындау. Ал музыкалық конкурс, фестиваль өткізу біздің функциямызға жатпайды. Телевидениенің ерекшелігі – халықтың шығармашылығын эфирден көрсетуі керек. Сондық­тан басты мақсатымыз музыкалық хабарлар дайындап, жергілікті му­зыкалық контентті дамыту бол­ды. «Әнші балапан», «Бота­қан», «Жыр керуен», «Сыр жұлдыз­дары», «Таңшолпан» сынды теле­байқауларды өткізіп, сонау құм­дағы ауыл балаларының ішінен та­лант­тарды таныдық. Олардың көбі облыс тұрмақ, аудандағы бай­қауларға да қатыспаған. Балаларды облысқа әкеліп, содан бағы жанып, лауреат атанғандардың өне­рін республикаға насихаттай бас­тадық. Біздің конкурстардан шық­қан өнер иелерінің ішінде жетеуі Қа­зақстанның еңбек сіңірген қай­раткері атағын алды. Бибігүл Жанұзақ – «Астана операның» жетекші солисі. Қазақстан қыз-келіншектерінің ішінде 10 алтын дауыс иесінің қатарында. Тахауи Рахметовті алғашқы іріктеуден өткізіп, байқауға алып келген кезде даусы керемет болғанымен, өзі кіп-кішкентай, қап-қара болатын. Сахнада қалай болар екен деп уайымдайтынбыз. Таңертеңнен кеш­ке дейін күннің астында асыр салып жүрген ауыл баласы ғой. Қазір Абай атындағы опера және балет театрында жетекші солист, табысты өнер иесі. Ал ең үлкен жетістігіміздің бірі – Алмас Кіш­кенбаевтың «Super star»-да  жеңіп шығуы. Телебайқауларда көзге түсті. Кейін «Бөбек» қоры ұйымдастырған «Айналайын» ат­ты дарынды жеткіншектердің ха­лық­аралық фестивалінде Гран-при алды. Содан бағы жанып, бір жылда екі рет Парижге барып өнер көрсетті. Бірінде делегацияның құрамында барса, бірінде мен апардым.

– Эфирдің сәтті, сапалы шы­ғуы бір емес, бірнеше ма­манға байланысты. Телеарна өзіндік мектеп қалыптастыра алды ма?

– Телевизия – ұжымдық жұмыс. Мұнда мәселе сценарий жазушыға байланысты емес. Оператор, монтажер, дыбыс режиссері, дизайнер түсінісіп, команда ретінде бір шешімге келгенде ғана жақсы хабар шығады. Егер соның біреуінің қызметінде кемшілік кетсе, хабар өз мақсатына жетпейді. Жап-жақсы дүниенің дыбысы дұрыс болмаса да көрермен қабылдамайды.    

Ұжымның шығармашылық, техникалық әлеуетінің жоғарылы­ғынан команда ерте қалыптасты. 1993 жылдың өзінде бастамасы мықты еді. Баян Исламбаева, Айткүл Шалғынбаева, бас инженер Бақытжан Шүкенов, Жәнібек Жұманов, бас режиссер Нұрлыбек Шахметов сынды мамандардың ұм­тылысының мықтылығынан ойы бір жерден шығатын команда жа­сақталды. 1994 жылдан бастап бәсекелестікті арттыру мақсатында облыстық телеарна жанынан екі телеарна ашылды. «Дидарды» Баян Исламбаева, «Асарды» Дана Рысмұхамедова мен Бақыт­жан Шүкенов құрды. Ол кезде облыс­тық телеарна сенбі, жексен­біде эфирге шықпайтын.  Біз көбіне рес­ми ақпаратпен шектелсек, екі телеарна бейресми материал­дар беретін. Аптасына бір рет, 3-5 сағат шықса да, ол екеуі бәрін басып кетті. Бір жағынан осы ар­қылы жақсы табыс таптық әрі қызмет­керлердің 40 проценті сол екі телеарнада қосымша жұмыс істеді. Телеарна жаңадан ашылған кезден-ақ табыстың көзі жақсы, коммерциялық жұмыстар да жол­ға қойылған еді. Басшымыз Әб­діжәлел Бәкірдің бастамасымен, жиналған қаражаттың үлкен бір бөлігі осы жердегі әлеуметтік мә­селесі шешілмеген мамандарға үй алып беруге бағытталды. Жалпы саны 23 қызметкер үй алды. Сол азаматтардың 80-90 проценті әлеуметтік жағдайы шешілгені үшін осы жерде тұрақтап қалды.

Телеарнадағы мұнан кейінгі ең үлкен даму 11 ай басшылық қызмет атқарған Амантай Шәріптің тұсында болды. Өте жоғары эрудит, талапшыл, бірақ халыққа сон­шалықты жақын басшы болды. Адам неғұрлым білімді болса, соғұрлым мәдениетті болатынын сол кісіден көрдім. Ол қызметке келгеннен кейін хабарларымыз 80-90 процентке өзгеріп, республика бойынша көшбасшы телеарна қатарында болдық.

– Қазір рейтинг бойынша қай бағдарламалар көш бастап тұр?

– Телевидениенің беделі, рей­тингісі жақсы хабарлардан тұрады. Ең бірінші жаңалықтар қызметі мен аналитикалық хабарлардың жо­ғары деңгейде болуын назар­да ұстаймыз. Егер жаңалық бүгінгі күннен қалып қойса, ол енді ма­ңызды емес. Оперативтілік – бі­рін­ші кезекте. Әр жаңалықтар топ­та­масында өзекті, маңызды, проблемалық мәселе көтерген жа­ңа­лықтың болуына мән береміз. Кө­рермен негізінен «Жаңалықтар», «Новости», «Үштаған» ақпараттық-сараптамалық хабарларын бірінші кезекте қарайды. «Үштағанды» телеарнаның бас редакторы, әрі сол хабардың редактор-сарапшысы Айнұр Тұңғышбаева жүргізеді. Айнұр – Сыр бойындағы журналист қыз-келіншектерінің ішіндегі көшбасшыларының бірі. Ол тә­жі­рибелі ғана емес, үлкен аналитик публицист. Айта кету керек, «Жаңалықтар» қызметіндегі ақпа­раттардың негізгі саясатын анық­тайтын, хабарларды  реттейтін  шеф-редактор, интеллектуалдық тұр­ғыда мықты журналисіміз – Мөлдір Құлмырзаева. Орысша ха­бар тарату бөлімінің шеф-редак­торы, шағын хабарларының өзі халықаралық конкурстарда лауреат атанған – Бақыт Қалдыбаева. Ал, Алтынай Молжанованы тіке­лей эфирдің патшайымы десек бо­лады. Өйткені, тікелей эфир – журналистің кәсіби біліктілігі айқын көрінетін алаң. Бұл ретте Алтынай – облыстық, республикалық деңгейде  өтетін шаралар мен теле­көпірлердің жүгін үлкен кәсіби шеберлікпен арқалап жүрген ма­ман­дарымыздың бірегейі.      

«Өмірдің өзі» ток-шоуын біздің ғана емес, басқа облыстардың тұр­ғындары да тамашалап, арнайы тікелей эфирде байланысады. Ке­­йінгі кезде халықтың арнайы хабар­ласып, алғысын білдіріп жүрген хабарларының қатарында – «Сыр елінің тұлғалары» деген деректі хабарлар циклы бар. «Туған өлке», «Ақиқат алаңы», «Өзек­жарды» ха­барларының өз кө­рермендері қа­лыптасқан. Жас­тарға арналған «Көш­басшы.kz», Қы­зылорданың өнім­дерін көрсететін «Қызылордада жа­салған», «Қызыл­орда музейлері», «Бизнес-бағдар» сынды 40-қа жуық арнайы бағдар­ламалар бар.

– «Бүкіл телеарнаға монтаж үстелі біреу-ақ, ескі аппаратура, камера да кәсіби емес, суфлер жоқ». Сол кездегі жағдай – бұл. Арадағы 30 жылда техникалық жағдай қалай өзгерді?

– Расымен, кезектің көптігінен сюжет шығуына 10 минут қалғанда да монтаж жасалатын. Монтаж жасайтын сол  аппарат бұзылып қалады-ау деген ой да жоқ, оны бұзуға құқығымыз да жоқ еді. Қазір монтаждайтын техника саны – бесеу, жалпы  техникалық тұрғыдан жарақтануымыз өте мықты. Рес­публикалық телеарналармен бір­дей деңгейде хабар таратамыз.

– Қазір елдің назары – You­Tube-та. Телевизияға лайықты бәсекелес емес. Дегенмен, телеарна көрерменін жоғалтып алмау үшін қандай шаралар жасауда?

– YouTube ауыл тұрғындары­ның бәріне бірдей қолжетімді емес. Сондықтан телеарнадан жаңалық күтіп, арнайы бағдарламаларды қа­райтын халық аз емес. Телевизия өндірісіндегі барлық жобаларымыз телеарнаның YouTube-тағы каналына, әлеуметтік желілердегі парақшаларына жарияланып, бұл саладағы сұранысты да қатар дамытып отырмыз. Көрермендер не­гізінен ток-шоуларды жақсы кө­реді. Біздің басқа облыстық теле­арналардан ерекшелігіміз – халық шығармашылығын дамы­туға үлес қосуға арналған бағдарла­ма­­ла­рымыз болуында. Бірнеше жанр­дан тұратын «Ботақан» облыс­тық фестивалі, 13-18 жас аралы­ғындағы эстрадалық әндерді орын­дау­шылардың облыстық теле­байқауы – «Таңшолпан» эфирге шығады. Ол біраз үзілістен кейін биыл 11-рет көрерменімен қайта қауышты. 18-25 жас ара­лығындағы орындаушыларға ар­нал­ған «Сыр жұлдыздары» деген телебайқау бар. Оның негізін мәдениет саласын басқарған кезде Бақтияр Тайлақбаев салған еді. Негізінде, YouTube пен телеарнаны салыстыруға болмайды. Телеарнада мәселені кәсіби мамандар зерттеп, зерделеп қана көрерменге ұсынады.

– Нұртілеу Иманғалиұлы бір сұхбатында: Жас балалардың «ауруы» бар. Эфирде оқып отыр­ған кезде ақпаратты емес, «мені көрдің бе?» деп отырады. Ол өзі – табиғи заңдылық. Сол аурудан кім ертерек айығады, сол адам нағыз телемаман болуы ық­ти­мал» депті. Телеарнада кадр қа­лай іріктеледі?

– Нұртілеу Иманғалиұлының айтқаны өте орынды. Ол кісі – те­левидениенің мэтрі ғана емес, көптеген журналистің ұстазы. Бізде кадрлар үлкен сұрыптаудан өтеді. Корпорацияға қарағаннан кейін қызметке қабылдаудың бел­гілі бір заңдылықтары да бар. Қа­зіргілер эфирде бірден жұлдыз болғысы келеді. Бірақ бізде эфирде бет-әлпетін ғана ойлап отыратын жүргізуші жоқ секілді. Хабарды дайындап әрі өзі жүргізетін, қонақты да өзі шақыратын болға­сын оның хабарда бет-жүзін ойлап отыруға мұршасы да  болмайды. Олар сценарийді, мәтінді судыратып оқып бермейді, хабарды түсініп, мәтіннің қай тұсына басымдық беру керегін біледі.

– Карантин дүбірлі тойға, емен-жарқын дидарласуға мүм­кіндік бермей тұр. Биыл мерейтой қалай атап өтілмек?

– Арнайы номинацияларды анықтап, ардагерлерді марапаттап, түлектерді шақырып, салтанатты үлкен шара жасауға талпындық. Бірақ пандемияның тұсында оған мүмкіндік болмай тұр. Одан ше­гі­ніп, 30 жылдық тарихымыз, об­лыстық, жалпы жергілікті теле­ар­налардың қоғамдағы орнына бай­ланысты ғылыми-практикалық кон­ференция өткізуді де ойла­ғанбыз. Карантин кезінде ол да мүмкін емес. Сондықтан, үлкен ша­ралар өтпейді. Мерейтойға орай арнайы брифинг өткіземіз. Теле­арнаның туған күнінде 3 сағаттық телемарафон тікелей эфирде көрер­менге ұсынылады.

Әңгімелескен

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<