Арман ӘЛИЕВ, «Оңтүстік-цирк» мекемесінің директоры: ЦИРК ӘРТІСІНЕ ҚАТЕЛЕСУГЕ БОЛМАЙДЫ

919

0

 Цирк – ерекше өнер. Ептілік пен күштілікті талап етеді. Мұнда  қызмет ететіндер де – ерекше жандар. Күн сайын қаншама қиындықпен бетпе-бет келеді.

Бүгінде елімізде үш мемлекеттік цирк бар. Соның бірі – Шымкент қаласындағы «Оңтүстік-Цирк». Жуырда оның директоры Арман Әлиевпен әңгімелесудің сәті түскен еді. 

– Өзіңіз басқарып отырған өнер ұжымы жайлы айтып өтсеңіз. Цирк жұмысын қай кезде бастады?

– Оңтүстік циркі 2011 жылы «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» аясында ашылды. Халыққа қызмет етіп келе жатқанымызға 7 жыл болды. Қазіргі таңда ұжымда 185 қызметкер бар, оның 111-і – шығармашылық ұжым өкілдері. Джаз оркестріміз жұмыс жасауда. Ал, біздегі үйретілген жануарларымызға келсек, 4 арыстан, бір аю, шотландиялық 3 пони, 6 жылқы бар.

– Бұл өнерге келгісі келетін әрбір өнерпаз не нәрсеге дайын болуы керек?

– Біріншіден, қиыншылыққа  шыдамдылық керек. Келген адамдардың көбі шыдамай кетіп жатады. Сондай-ақ, үлкен жүректілік пен сүйіспеншілік қажет. Мәселен, көптеген саланың жұмысы бір сыдырғы болып келеді. Бізде керісінше, күніге бір жаңалық, бір өзгеріс болып жатады. Бір өнерпаз бір трюк қосса, ол – біз үшін үлкен жетістік. Оған қоса күн сайын дайындық жұмыстары қызу жүреді. Бір күн дайындықсыз қалуға болмайды. Өйткені, адам қалыптан шығып қалады. Үнемі үздіксіз ізденісті, жанкештілікті талап ететін өнер болғандықтан, мұндай қиындыққа төзіп, талмай еңбектену керек. Сонда ғана бұл өнердің шыңына жете аласыз.

– Өзіңіз айтып өттіңіз, «әр күні бір жаңалық болады» деп. Сіздердегі басты жаңалық ол өнерпаздың үйренген трюгі. Бір трюкке қанша уақыт кетеді? Циркке керек реквизиттерді қайдан аласыздар, елімізде бар ма?

–  Адамды негізі бет-әлпетіңмен не жылтыраған киіміңізбен таңқалдыра алмайсыз. Цирктегі таңқалдырудың басты тетігі – ешқандай сақтандырусыз қауіпті жағдайда өнер көрсету. Сол себепті трюк жасап үйрену жанрына байланысты болып келеді. Кейде 1-1,5 жыл дайындалса, қағылез мінезді аңдармен жұмыс жасағанда 3 жылға дейін созылады. Қаншама қажыр мен қайратты, уақытты талап етеді. Ал, реквизиттерге келсек, өкінішке орай, Қазақстанда бірде-бірі жоқ. Тапсырыс арқылы Ресей, Германиядан алдыртамыз.

– Байқағанымыздай, цирк өнері басқа театр қойылымдарына қарағанда өте қауіпті. Қателесуге болмайды…

– Дұрыс айтасыз, цирк әртісіне қателесуге болмайды. Егер мүлт кетсе, жарақаттанады, тіпті, өліп кетуі мүмкін. Мәселен, театр қойылымдарында кейбір қателіктерді кейінгі көрсетілімдерде қайта түзеуге мүмкіндік бар. Ал бізде олай емес. Тікелей эфир сияқты бір-ақ рет көрсетіліп, өтеді де кетеді. Мен үнемі айтып жүремін, өзге өнер ұжымдарының басшылары өз қойылымдарын демалып отырып көретін болса, мен әр қойылымда жанымды шүберекке түйіп отырамын. Әртістердің өмірінің қауіпсіздігіне алаңдаймын, аңдармен жұмыс істеу оңай емес.

 

– Кез келген салада өзін-өзі дамыту үшін өзгелермен тәжірибе алмасып жатады. Шет елмен әріптестік бар ма, бар болса, мамандардың өзге тілді білу  жағы қалай?

– Бүгінгі күні Қырғызстан, Өзбекстан, Украина, Беларусь, Ресей, Грузия, Түркіменстан, Тәжікстан, Қытай сияқты елдермен әріптестік қарым-қатынастамыз. Бір айта кетерлігі, біздің елімізде цирк әртістерін арнайы дайындайтын оқу орны жоқ. Сол себепті мамандарды тәжірибе алмасып, біліктіліктерін жетілдіру үшін осы елдерге жібереміз. Алдағы уақытта Еуропа елдеріне шыққымыз келеді. Біздің өнерпаздардың шет елде өнер көрсетуге әлеуеттері  толық жеткілікті. Мәселен, циркте батылдық шеңбері деген жанр бар. Сол үштік семафор бойынша біздің өнерпаздардың бір бөлігі қазіргі күні Қытай елінде өнер көрсетіп жатыр. Бұл үлкен батылдықты талап ететіндіктен кез келген адамның қолынан келе бермейді. Бірақ қазақ жігіттері мұны бағындыра білді. Тілге келсек, аудармашымен жұмыс жасаймыз. Дегенмен, арнайы ағылшын тілінде оқытып жатырмыз. Сондай-ақ, Қытайда өнер көрсетіп жүрген әртістер, тәжірибе барысында өз беттерінше үйреніп алған. Қытай тілінде еркін сөйлейді.

– Жеті жыл көп те, аз да уақыт емес. Осы уақыт аралығында ұжымның жеткен жетістеріне тоқталып өтсеңіз…

– 2016 жылы 12 мемлекет қатысқан «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк фестивалінде күміс жүлдегер атандық. 2017 жылы өткен «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінен Перизат Анарбекова деген бүлдіршініміз қола жүлдені жеңіп алды. Биыл Алматы қаласында өткен әуе гимнастарының арасынан Диана Мералиева есімді өнерпазымыз қола жүлде иегері болды. Біздің ұжым «ЭКСПО-2017» көрмесінде де өнер көрсетті. Осы жылы өтетін «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк фестиваліне қатысып, жүлде алуға үмітіміз бар.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<