Журналистиканың жауы – жауапсыздық

62

0

Қайнар ОЛЖАЙ, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:


ЖУРНАЛИСТИКАНЫҢ ЖАУЫ – ЖАУАПСЫЗДЫҚ

– Сіздер қалам ұстаған уақыт пен бүгінгі күнді салыстыруға келмейтін шығар. Солай десек те бұрынғының бары мен жоғы қандай еді, бүгінгінің өкініші мен қуанышы ше?
– Дәл журналистика саласын ғана мысалға алайын. Бұрынғы қалам иелерінде жауап­кер­шілік бар еді. Қазір де жауапкершілік жоқ дей алмаймын. Алайда бүгінгі жауапкершілік сені сотқа сүйрейді. Ал бұрынғы журналистердің әрқай­сысы ішкі жауапкершілігін жақсы білетін. Ол уақытта баспасөзді оқитын, басылым­нан шындықты табатын, оның үстіне бұрынғы баспасөз әрбір үйге жететін. Әлі есімде, бала күнімде «Социалистік Қазақстан», «Ленин­шіл жас», «Қазақсан пионері», «Қазақ әдебиеті», «Спорт» атты бес газетке бес бала жазыла­тынбыз. Әке-шешеміз «Қазақстан комму­нисін», «Мәдениет және тұрмысты», «Қазақстан әйелдерін», «Жұлдызды» оқитын. Ол кездегі публицистер мықты болды. Жекен Жұмақанов­тың деңгейіндегі ғажап публицисті тауып көріңіз қазір. Нұрмұхан Оразбековтің жазғанда­рын талай тамсана оқыдық. «Лениншіл жасқа» шыққан Оралхан Бөкейдің әр дүниесін іздеп жүре­тінбіз. Оның очерктері ғана емес, «Жылымық» секілді әңгімелері де «Лениншіл жасқа» басылды.
Иә, сауалыңызға оралайын, ол уақытта жур­на­листердің халық алдындағы жауапкершілігі зор еді. Екіншіден, менің құрдастарым әртүрлі тақырыпқа жарысып жазды. Біреу бір тақырыпты жазған соң, екіншісі ол тақырыпты қаузамайтын. Біздің алдыңғы буын да солай еді. Әдебиеттің өзінде сол дәстүр сақталған-тын. Мысалы, Роллан Сейсенбаев Талдықорғандағы аккумулятор зауытын жазды, Қалмұхан Исабаев Ертіс-Қарағанды каналын тақырып қылып алды. Журналистика сол дәстүрден ауытқымады. Біреу бір тақырыпты көтерген екен, ол тақырып соның еншісі болды. Қазір бір газеттің жазғанын екінші газеттен сол қалпы оқисың, тағы он сайт өзгертпей басады. Демек, бүгінгі журналистикада ізденіс жоқ. Бұрынғы журналистикада ізденіс көп болатын, бұл екінші айырмашылық. Үшіншіден, бұрынғы журналистика жалпы адамдарға арналатын. Қазіргі журналистика жеке адамдарды дәріптейді. Иманғалиды мақтау керек болса, жер-көкке сыйғызбай мақтайды, Есімовті даттау керек болса, жер-жебіріне жетеді. Бұл жерде нақты адамдардың атын шартты түрде, мысал үшін ғана атап отырмын. Бұрынғы мақалада жалпы халыққа арналған дүниелер көп қозғалатын. Қазір сын көп, бірақ баспасөзде сынның жанры жоқ. Фельетонды ешкім жаза алмайды. Кезінде қандай ғажап фельетоншыларды бас алмай оқыдық. Жақында Қызылордада қайтыс болған Өтеген Жаппархановтың жанры фельетон еді. Балғабек Қыдырбекұлы, Нұри Муфтах, Қажытай Ілиясов, Көпен Әмірбектер фельетонды майын тамызып отырып жазды. Міне, осындай ғажайып жанр жоғалып кетті. Памфлет деген жанр болды. Иракты АҚШ бомбалап жатса, Сирияда соғыс басталса, тіпті Қытайдағы түрлі оқиғаларды памфлет қылып жазатын. Памфлеттің шебері Нұрмұхан аға Оразбеков болатын, бірлі-жарым памфлетті мен де жаздым. Көпен Әмірбектің Израильдің жаппай қарулануы туралы «Тал түсте жоғалған танкілер» деген памфлетінің тақырыбын Көпеннің өзі ұмытып қалған шығар, менің әлі есімде… Қазіргі қазақ журналистикасында жоғалған жанрлар өте көп. Қазір, репортаж жаза алмайтын әріптестерім бар. Газеттің бірінші беті репортажбен басталуы керек қой. Осы күні 1-2 бетте есеп сіресіп тұрады: басшылар кімді қабылдады, бас партия не істеді, өңір басшылары не дейді. 6-8 беттік газеттің 1-2 беті репортажбен басталуы керек еді. 3-4 бетте ой ­салатын, көлемді мақалалар болғаны жөн дейтін. Төртінші бетінде отбасымен бірге отырып оқитын, көңіл сергітетін, шабыт сыйлайтын, қысқа, әдемі өлеңнен бастап, сөзжұмбақтарға дейін орналасатын. Біз сол стандарттан айырылып қалдық. Қай басылымға қарасақ та есеппен басталып, мақтаумен аяқталған мақалалар. Бір газеттер тек мақтап, екіншілері тек қана даттап әлек.
– Аға буын журналистердің көбі репортаж болсын, очерк болсын, жанрлардың жоғалғанын айтады. Бұл қазақ журналистикасының ғана өкініші ме, әлде әлемдік тенденция ма?
– Тұтас дүниенің журналистері түрлі жанрлардан айырылып қалып отыр дей алмас едім. Түрлі репортаждар, табиғат, экологияға қатысты очерктер шетел журналистикасында әлі де бар. Әлемдік баспасөзде жеке тұлғалардың портреттері, очерктері де көп. Бізде портреттер жасалмайды. Портрет жазам деп, өзін сипаттап кеткен дүниелерді де көп оқып жүрміз. Ал енді бұл жанрлардың бізде жоғалуына кім кінәлі? Бірден айтайын, заманды кінәлауға болмайды. Заманға салсаң, көп сөз өтпейді.
– Есесіне, ондай ұзақ-сонар дүниелер оқылмайды деген сөз бар…
– Оқылады. Көркем, әдемі жазсаң бәрі оқиды. Жетектеп жазсаң көп сөзді де өткізуге болады. «Тазша баланың» қырық өтірігі сияқты, еуропалық Мюнхгаузеннің «бір жіптің басын майлап жерге тастап едім, оны бір үйрек жұтып алды, оның тамағынан өтіп, құйрығынан шыққан жіпті екінші үйрек жұтты, бір-ақ жіппен бірнеше үйректі алдым» деген сипатта бір оқиғасы бар еді ғой. Міне, очерк осындай болуы керек. Егер оқырман бірінші сөйлеміңді жұтып қойса, екінші, үшінші сөйлеміңді де жұтады. Ал бізде кейбір көлемді дүниелер бірінші сөйлемінен-ақ баурай алмайды. «Әуенді тап» деген бағдарламада үш нотадан, екі нотадан әуенді табады ғой. Мен де жақсы журналистерді екі-үш сөйлемінен ажырата алатын едім. Қазіргі журналистердің ешқайсысын үш сөйлемі тұрмақ, мақаланы аяқтап, аты-жөнін оқығанша ажырата алмаймын. Себебі бүгінгілер бір қалыптан шыққандай, бірінің жазғанын екіншісі қайталап жатқандай. Ал жанрлардың өтпей қалатын себебі, оның көркемдігі, қаңқасы жоқ. Бұл жанрлар қазақстандық өзге тілді журналистикада да өмір сүріп жатыр ғой. «Комсомолканы», «Казправданы». «Эскпрес К»-ны оқимын. Бұрын «Новое поколение» де жақсы шығатын еді. «Комсомолканың» очерктері, журналистік зерттеулері мықты. Қазіргі журналистиканың мүмкіндігі мол ғой. Графикамен берілетін ақпарат, яғни инфографикамен-ақ газеттегі мақаланың шырайын келтіріп жіберуге болады. Бұл біздің кезімізде болмаған құрал. Ең болмаса жаңа ­заман жаңалығын пайдамызға асырайық.
– Жанрлардың жоғалуы оқырманның аздығынан немесе ол сөздің оқырманға түсініксіз болуынан емес пе?
– «Лениншіл жаста» жүрген кезімізде марқұм Сейдахмет Бердіқұлов былай дейтін. Ол кезде Алматыда жалғыз базар, редакция сол жақта. Сейдағаң: «Жігіттер, қыздар, сендер базардың сөзімен жазбаңдар. Көркем жазыңдар, ана базардағы адамдардың мәдениеті көтерілсін» дейтін. Міне, осы ұстаным ұмыт қалды. Халыққа түсінікті боламыз деп, базардың сөзіне жабысып алдық. Базардың сөзі БАҚ тіліне енбеуі керек еді. Бұл сіздің «оқырманға түсініксіз» деген сөзіңізден шығып отырған ой ғой. Оқырманға түсінікті тілде сөйлеймін деп, кез келген БАҚ базардың сөзімен сөйлей бастағанынан кім ұтады? Бізде Қабатов базардың сөзімен сөйлейді. Нұржан Мұхамед­жанова басқарма төрағасы, мен орынбасары ­болып тұрған кезімде бейберекет сөзді пышақпен кес­кендей қылатынбыз. Одан кейінгі басшы қалай келді, Қабатовтардың жолы ашылды. «Оқырманға сол жақынырақ» дейтін желеумен берекесі қашқан сөз эфирден айтыла бастады. Ондай әңгімені Қабатовтар тойда айта беруіне болады, жеке парақшасында жазсын. Алайда ақпарат құралындағы тіл базардың тілі болмасын. Ол көркем сөйлеуі керек, халық сол көркемдікпен көтерілуі керек. Біз, керісінше, халықтың лексиконына еріп, БАҚ-ты базардың сөзімен былғап жүрміз, халықты базардың сөзімен семіртіп жатырмыз.
– «Лениншіл жастан» бастап бірнеше басылымда, телеарналарда қызмет еттіңіз. Ол кездегі құрылым, әркімнің мойнындағы жауапкершілік әртүрлі еді. Қазір қалай?
– Жауапкершілікті бөлісу керек. Ең үлкен жауапкершілік басылымның басшысына түсетін. Қазір бірінші басшылар мүлдем жауап­кершілік алмайды. Бірде «Лениншіл жас» газетіне шыққан мақаланы біреу сынап, оны басқа басылым басты. Сонда газетті бас редактор қорғады. Сейдахмет Бердіқұлов бұл іске ешкімді араластырмай, өзі көлемді мақала жазды: «… деген адам бар. Дорбасына бір уыс батпақ толтырып алады. Бәленбай деген құрметті адамымызға, сосын «Лениншіл жас» газетімізге әлгі батпақты әкеліп шашады» деп образды түрде бейнелеп, сынның жөнсіз екенін дәлелді сөзбен қорытты. Ол кезде оның қарамағында бір орынбасары, бір жауапты хатшысы, он бөлім меңгерушісі, жиырма тілшісі бар еді. Бірде-біреуін ол іске араластырмады. Қазір қалай? Өткенде Думан Рамазан «Егемен Қазақстан» газетіне орынды ма, орынсыз ба, оның себебін анықтап отырғым келмейді – біраз ауыр сын айтты. Ақыры не болды дейсіз бе? «Егемен Қазақстан» меншікті тілшілеріне дейін жауап жазғызды. Журналистің жұмысы басқа, басшының жұмысы басқа. Газетті басшысы қорғауы керек. Журналистердікі – бал тасыған ара секілді, басылымға мақала тасу.
– БАҚ-тың қай саласы болсын, тақырып қою­дың өз ерекшелігі бар. Қазір «іздеу» қызметін бас­қанда көп кездесетін сөз тақырыпқа енуі керек дейтіндердің қатары көбейді. Бұл сөзге келі­сесіз бе? Жалпы дұрыс тақырып қандай болуы керек еді?
– Қазір газеттердің барлығының да ­сайты бар, сонда да қандай да бір тақырып қою «іздеуге» қолайлы болады деу жаңсақ пікір. Шын мәнінде, қазақ интернеті қанша жерден дамыды дегенмен, контент толық қалыптаспай отыр. Қазақ газеттерінің мақалалары ­интернетке әлі де толық енбегенін байқаймыз. Ал енді «іздеу» туралы әңгіме жеңіл жолды іздеуден, жан қинамаудан шыққан дүние. Себебі тақырыпты тауып қою – жан қинау деген сөз. Ал тақырыптың тап өзіне келсек, оны қоюдың бірнеше тәсілі, бірнеше өлшемі бар. Бірінші, тақырып қанша сөзден құралуы керек? Бір-ақ сөзді тақырыптар болады, оны ұлы тұлғаларға ғана қояды. Кезінде «Лениншіл жасқа» Күләш туралы мақала бергенде Сейдахмет Бердіқұлов оған «Бұлбұл» деген тақырып қойды. Күләшқа «Бұлбұл» деген тақырып жарасады, Қаныш Сәтпаев туралы көлемді мақалаға «Ғұлама» деуге болады. Екі сөзден тұратын тақырыптар болады. Онда екі сөз бір-бірімен үйлескені жөн. Үйлесімнің екі түрі бар. Не мағыналық жағынан немесе дыбыс үндестігі жағынан үйлессе тіптен жақсы. Кезінде Пәкістан туралы мақалаға: «Пәрәнжасыз Пәкістан» деп тақырып қойдым. Біріншіден, біз көрген Пәкістанда әйелдер пәрәнжа кимейді екен, басына жаулық орай салады, мойны мен маңдайы жабық, бет-жүзі ашық қыздарын көшесінен көп байқадық. Екіншіден, ол жаққа барған журналистерге Пәкістанның тауы, құмына дейін, айлағынан зауытына дейін бүркемелемей көрсетті. Демек, тақырып ретінде мазмұнын ашады, екінші «Пә-Пә» екі сөзі үйлесіп тұр. Бірақ бұл сөз қууға айналып кетпегені маңызды. Газеттерге ең қолайлысы – үш сөзді тақырып. Осы жерде бір мысал келтірейін. Көпшілік жолаушыларға арналған көлік болады, жолаушылар сирек мінетін көлік болады. Міне, журналистика тіліне көшсек, үш сөзді тақырып жалпы көпшілік жиі мінетін көлік те, екі не төрт сөзден құралған тақырып жолаушылары сирек мінетін арнайы көлік іспетті. Үш сөзді тақырыпта, біріншіден, мағына болу керек, екінші ішкі иірім сақталғаны дұрыс. Иірім бірінші сөз бен үшінші сөздің ұйқасында болса, тіптен керемет. Нью-Йорк туралы мақала жазғанда «Тас орманның тасасында» деген тақырып қойдым. Иә, Нью-Йорк тас орман секілді, биік ғимараттардың көлеңкесінде қалған тіршілік тасада тұр. Бұл мағыналық үйлесім. Екінші бірінші сөздегі «тас» пен үшінші сөздегі «таса» тас-тас болып сөздің иірімін көрсетіп тұр. Ал төрт сөзден құралатын тақырыпта не ұйқас, не контраст сақталуы керек. Тағы да өзім жазған мақаладан мысал келтірейін. Ұлыбританияға барған сапарымнан жолжазбаны «Лондонның қаймағы мен қаспағы» деп бердім. Қаймақ сүттің бетінде, қаспақ та дәмді, бірақ шөгінді ғой. Лондонның түнгі клубтары, көшеде ұйықтай беретін қайыршылары біздің көзге қаспақ болып көрінді, ал дамыған жағы қаймақ секілді. «Егеменде» жүргенде Татарстанға бардым, татарлардың өмірін жазу керек еді. Бәрін көрдім, тек тақырып таппаймын. Қазан ханының бөркінің көшірмесі Татарстанда бар екен, алайда түпнұсқа Мәскеуде. Баяғы заманда хандықты жеңіп, Сүйімбикемен қоса Қазан хандығы құрыды деген емеурінмен хан­ның бөркін алып кеткен. Қазір Мәскеудегі музейде тұр, «Қазан патшасының бөркі» деп жазып қойған. Тақырыпқа осы жағынан ойландым, бір жағынан контарст, екінші жағынан ұйқасы да келісе кетті: «Бөркі кеткенімен, көркі кетпеген» деп ат қойдым. Жеке халық ретінде көркі бар, бірақ егемендік бөркі жоқ. Тағы бір мы­салмен төрт сөзді тақырыптың жайын аяқ­тайын. 1990-жылдардың басында қазақ тілін үйре­тетін тіл үйірмелері, түрлі ұйымдар ашыла бастады. Редактор «Қаладағы қазақ тілін үйрену ­жағ­дайы қалай, анықтап кел» деп тапсырма берді. Вокзалға бардым, әуежайға бардым, екі тілде хабарлап жатыр. Дүңгіршектерге бардым, қазақ газеттерін сатады. ЖОО-ларды араладық, қазақ тілінен пәндер ашыла бастапты. Тек тіл үйрену ғана қалғандай. Байқап қарасақ, тілді үйрете­тін әдіснама жазылмапты. Қазақ тілін қалай оқытамыз дегенде, оқулықтар табылмай қалған. Біраз жұрт қазақ тілінің үйірмесіне ­жазылып қойған, үйірмені жүргізетін мұғалім жоқ. Сол мәсе­лені жазған кезде контрастқа жүгіндім: «Қағазы бар, қаламы жоқ». Контрасты тақырып ұтымды шығады. Газет мақалаларының тақыры­бын­дағы ең шегі – төрт сөз. «Қалада автобустар жүрмей тұр» – бұл тақырып емес. Төрт сөз, бірақ тақырып емес. Бес сөзді тақырып тақырып емес. «Егеменді» сынап едім, басшылары ренжіді, алайда айтпасқа болмайды. «Жаңа су-электр стансасы ашылды» деген тақырып қояды, мақаланың соңына қарасаң «Жамбыл облысы» деп тұр. Үш бағанаға 150 жол мақала берген. «Биыл қасқыр көбейіп тұр», аяғында Шығыс Қазақстан облысы дейді. «Ірі жол апаты болды» дейді де соңына Оңтүстік Қазақстан облысы деп жазып қояды. Оның несін оқимын? Бәрі жазы­лып тұрған жоқ па? Қазір газеттер өздерін өздері оқытпауға жұмыс істеп жүр. Осыны ескеру керек.
Тақырып – газеттің бөркі. Адамның бас киіміне қарағанымыз сияқты, мақаланың тақырыбына мән береміз. Осы күні дәл өзіме «Алматы ақшамының» тақырыптары ұнайды. Онда тақырып қоюдың дәстүрі сақталған.
Кейде дүниені төңкеріп жіберетін тақырып­тар болады. Сейдахмет Бердіқұлов басшылық етіп тұрған кезде Қарағанды облысының Қар­қа­ралы ауданында Мақсұм Омарбеков деген журналист «Лениншіл жасқа» жазып тұрды. Қыңырлау кісі еді, қоғамға қарсылығы, наразы­лығы басымдау мақалалар беретін. Сол кісіден тағы бір мақала келіпті. Шопанның қызы ­бірін­ші класқа баратын болады, қиырдағы қыстауда тұрғандықтан қызын Қарқаралы ауданының орталығындағы әжесіне әкеп береді. Бірнеше күннен кейін қыз бала мектептен үйіне келе жатып, жоғалып кетеді. Ал Қарқаралы, барған жұрт біледі, жан-жағын тау-тас, қарағайлы орман қоршап тұрған ­мекен. Әжесі немересін түні бойы іздейді, күтеді. Ертесіне немерем жоғалып кетті деп аудандық радиоторапқа барады. Ол заманда аудандық газет ­жанында аудандық радио торабы жұмыс істейтін. Қазақ радиосынан бөлек, таңертеңнен кешке дейін ауданның жаңалығымен таныс­тырып, қаңғырлап тұрады. Міне, әже «радио торабынан немеремнің жоғалып кеткенін хабарлап, өзгелерге айтсаңыздар, баланы көргендер көмектесіп, үйге алып келер» деп, аудандық байланыс бөліміне барады. Сөйтсе, ондай хабарды айту үшін аудандық партия комитетінің рұқсаты керек екен, сол болмаса хабарлай алмаймыз дейді. Апамыз аудандық партия комитетіне барады. Рұқсатты бірінші хатшы береді екен. Ол жұмысында жоқ, жиналыста жүр дейтін көрінеді. Немересін іздеген әже арлы-берлі шапқылап жүргенде екінші күн өтеді. Үшінші күні қорқып өлді ме, аштан өлді ме, мұздап өлді ме – бір қарағайдың түбінен қыз баланың денесін іздеушілер тауып алған. Мақала сол туралы. Өте ауыр мақала. Тақырыбын «Орманда адасқан қыз» деп берген. Мақалада «хабарландыру уақытылы берілсе, күздің кезі емес пе, қыз жоғалған бірінші-екінші күні орманға саңырауқұлақ тере барғандар, қызды көріп, үйге алып келер еді» дейді. Шынымен әлдебір орыстардың қыз баланы көргені туралы да дерек бар. Қыз бала орысша білмейді, үйімнен адасып кеттім деп айта алмаған. Орысты көрсе қашқан. Аналар «ойнап жүрген бала екен» деп, мән бермеген. Ал радиоторабынан хабарландыру уақытылы берілсе, қыз баланың жоғалып кеткенінен барлық жұрт хабардар болар еді де, қыздың қашқанына қарамай, үйіне әкелер ме еді? Сейдағаң солақай еді. Мақаланың бір сөзін өзгерткен жоқ. Сол қолымен «Орманда адас­қан қыз» деген тақырыпты сызды да «Адасқан кім?» деп түзеді. Дүние төңкеріліп түсті. Бірінші хатшы жұмысқа келмей қойған, аудан­дық радио торабы хабарландыру бермеген, мектеп іздемеген; қыз бала ғана емес, бүкіл қоғам адасқаны ғой…
Кейде тақырып мақаланың ішінде болады. Көп ретте журналистер өздері жазады, бірақ тақырыбын таппайды. Оған да бір әдемі ­мысал бар. Мұзафар аға марқұмның алпыс жасқа толған мерейтойы болды. Әдебиет бөлімі жақсы мақала әкелді. Тақырыбы Сейдағаңа ұнамады. Тақырыбын қарайық деп еді, ешкім тақырып ұсына алмады. «Осы мақаланың өзін оқып көрейік» деп мақаланы қарай бастадық. Мұзафар Әлімбаев ақын болған соң, мақалада өлеңдері келтіріліпті. Бір өлеңінің ішінде «Тәуекел танкісіне мініп едім» деген жол жүр екен. «Міне, тақырыбы тұр ғой» деп Сейдағаң қуанып кетті де, бірінші жақтағы сөйлемді екінші жаққа айналдыра салып: «Тәуекел тан­кісіне мініп едің» деп қойды. Контраст келіп тұр. Мұзафар ағаның өмірі тәукелден тұрған ғой. Соғысқа қатысты, ең қиын жанрға тәуекел етіп, тер төкті. Тақырыпты қоюдың осындай ерекшеліктері бар, оны ұмытпауымыз керек.
– Журналистиканы ақын-жазушылар басқарып кетті деген пікір болып еді. Қазір ол сала өкілдерін былай қойғанда, басшылыққа саясаттану­шылар, әлеуметтанушылар, қоғамтанушылар да келе бастады…
– Ақын-жазушылардың БАҚ-ты басқаруынан зиян көрмедік. Бұрындағы халықтың сөзін айтатын жалғыз ұйым Жазушылар одағы болды да, Шерхан Мұртазаның, ­Сейдахмет Бердіқұловтың, ­Камал Смайыловтың БАҚ тұтқасында отырғаны сол ақпарат құралына әрі абырой, әрі пайдалы болды. Түрлі сыни мақала-сюжеттер сол басшылардың абыройымен өтіп кететін. Ал қазіргі жағдайда, өзіңіз айтқандай өзге сала өкіліне ақпарат құралын ұстату қате. Олар ақпарат құралының қалай шығып жатқанына араласпай, керісінше, нақты бір тақырыпта ­сараптама, сұхбат беруі керек тұлға еді. Ал БАҚ-та жұмыс істеу журналистің маңдайына жазылған. Қазір тамақ пісірсем ­болды деп, шикілі-күйген өнімін қуыра салғандай, аспаз емес адамдардың жаппай тамақ істеп кет­кені секілді бір күй бар. Қазір көптеген өзге сала өкілдері ақпарат құралын басқа­рамыз деп, өз абыройынан айырылып қалған жағ­дайы бар. Жекелеген ақпарат құралда­рында отыр­ған басылымдардың қандай екенін, қандай ­жағ­дайға түскенін біліп отырмыз. Сөз бен сөй­лемнің қалай жазылатынын білмейтіндер БАҚ басқарды да, сөйлемнің мағынасыз, тақырып­тардың түкке тұрғысыз болып қалуы ақпарат құралдарының жағдайын нашарлатып жіберді.
Екінші, қазіргі ақпарат құралдары басшыларының арасында тәлім алмаған, ұстаз алдын көрмегендер де бар. Бұрын тәлімгер деген сөз көп айтылатын. Ұстаздан өнеге алатын. Саттар Бөлдекбаевтан ұстаздық ­Сейдахмет Бердіқұловқа берілді. Сейдағаңның қызметкерлері кейін жеке-жеке редактор ­болды. «Ана тілін» алғаш басқарған Жарылқап ­Бейсенбаев та Сейдағаңның шәкірті еді. ­Шерхан ағадан үлгі алғандар тіптен көп. Оралхан Бөкейден бастап, Шерағаның кезінде бөлім меңгерушісі болған Нұртөре Жүсіпке дейін сол кісінің шәкірттері еді. Телевизияда Камал Смайыловтың көзін көрген Сағаттар, Шалахметтер төраға болды. Ал кейін осы институт жойылып кетті. Менің өзім Сейдағаңның да, Шерағаң­ның да, Қалтайдың да, Әбіштің де қазақтың төрт үлкен қаламгерінің тәлімін көрдім. Шәмшид­дин Паттеев Қалтай ағаның тәлімін көрді, кейінгі бірлі-жарым басшылар сол шәкірттердің шәкірті деп естимін, алайда, не десек те қазір журналистикада тәлім алу деген үрдіс тоқтап қалды.
Ал кейінгі уақытта шеттен оқып келсе болды деген бір түсінік пайда болды. Бізде ең боламаса орынбасар болып көрмеген адамдардың көктен түскендей ақпарат құралдарын басқара кетуі тіпті қисынсыз. Тіл мәселесінде мүлде бағдарсыз адамдардың ақпарат құралдарын басқаруына жол бердік. Ұстаздың мектебінен тікелей өтудің де керегі жоқ, мысалы мен өзімді Мағауиннің шәкіртімін деп есептеймін. Бірақ Мағауин бізге дәріс оқыған емес. Студент кезімізде әдебиет теориясынан Зейнолла Қабдолов берді, Мұхаң ол кезде ҚазПИ-де ұстаз еді. Бірақ үнемі Мұхтар Мағауинді оқу арқылы шәкірт болдым. Әлі де көштен қалмаған жақсы журналистер бар. Қалихан, Оралхан, Мағауин, тағы да жақсы жазушылардың кітаптары тұр ғой. Сырттай шәкірті болсын, оқысын. Көркем әдебиеттің бетін ашып көргісі келмейтіндердің ақпарат құралына басшы болып келуі қасіретті жағдай.
– Кез келген аға буын өкілімен сөйлесе қалсақ, қандай да бір кітапты жастанып өскенін айтады. Сіз де кітапты оқымаудың қасіретін айттыңыз. Кітап өтпейді, оқылмайды деп айта алмай­мыз, соңғы кездері жекелеген тұлғалардың кітаптары тіпті қымбат бағамен сатылып, «пышақ үстінде» таратылып жатыр. Ал сіздің оқы дегеніңіз қандай кітап?
– Алдымен кітап оқу туралы. Отбасымның мысалынан айтайын, әйелім кітапты көп оқиды, өзім қазақ әдебиетін тауысқан адаммын, ұлым мен қызым қазақ-орыс-ағылшын тіліндегі әдебиеттерді түпнұсқа тілден оқи береді. Үштілділікті заңмен бекітудің керегі жоқ. Жастар онсыз да үш тілде оқып жүр. Ал журналистерге кітап оқу не үшін керек? Біріншіден, ол сөз байлығы. Кітапты неғұрлым көп оқысаң, жазу мәнерің соғұрлым жақсарады. Екінші, кітап стиліңді табуға көмектеседі. Үшіншіден, кітаптағы кейіпкерлер, образдар өмірде кездеседі, сонда салыстыруға керек ­болады. Мысалы, Дархан Әбдік деген журналист 90-жылдардың аяғында, «Хабар» агенттігінде жаңалықтар бөлімін басқарып тұрғанымда бізде жұмыс істеді. Кез келген қоғамда экономикалық дағдарыс басталса, биліктің әртүрлі тармағы қылмыс әлемімен байланыс орнатып кетеді. Ол заманда да сондай бір мінездер байқалып жатыр еді. Бір күні Дарханды шақырып алдым да «милиция қызметкерлері мен қылмыс әлемі бірігіп алды, сол туралы журналистік зерттеу жаса» деп тапсырма бердім. Дархан үлкен сюжет дайындап келді. Соңын бір сөйлеммен түйіндеген. Әлі күнге сол сөйлем естен кетпейді. Портретті шегемен ілесің ғой. Кейбір мақала, сюжеттер неге есте сақталып қалады, себебі оның шегесі бар. Дарханның шегесі: «Бұлар осы заманның Құрымбайлары ғой» деген сөйлем. Ол Бейімбетті оқыған, милицияның әрекетін көркем әдебиеттегі бейнемен салыстыра алады. Төртінші, кітапта сол кезеңнің бейнесі, суреті болады. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділерін», Мұхтар Мағауиннің «Аласапыранын» оқыңыз. Біраз тарихи жайтты көркем бейнеде ұғасыз. Мопассанның «Пышкасын» оқысаңыз, пруссактардың Германияны қалай басып алғанын түсінесіз. Поэзия да жаныңызды жадыратады. Жеке басым 1976-77 жылға дейінгі қазақ поэзиясын жатқа білемін. Олардың өлеңдері өз-өзінен қалам ұшына құйылып тұрады. Мақаламда бір-екі шумақ өлең жүреді. Онда екі мақсатты көздеймін. Ең болмаса ақынның екі-үш шумағын оқырман қайталап оқыса, сол арқылы ұмытып бара жатқан шайырды есіне алса деймін. Тоқаш Бердияровтан мысал келтірдім. Қазір оның аты көп аталмайды. Жүсіп Қыдыровтың өлеңін мақалаға қостым, ол да кейінгі кездері ұмыт бола бастағандай. Екінші, қатты жақсы көретін ақындарым бар. Солардың сөзін халыққа жиірек жеткізгім келеді. Мысалы, екі мақаланың біреуінде Қадырға жүгінемін, Өтежанды жақсы көремін. Кез келген көлік жүргізушісі қыста бес минуттай, жазды күні бір минуттай машинасын дүрілдетіп қыздырады ғой. Жазуға кірісерден бұрын жақсы дүние оқу керек, ола да сені қыздырады. Үмбетбай Уайдин:
Сыпырып жүрдім-дағы есік алдын,
Сұмдық бір сұлу қызды есіме алдым, – дейді. Тіпті есік алдын сыпырып жүрген адамның санасында әдемі күй ойнап тұрғаны жақсы. Мен де әлдене жазардың алдында үстелімде Ғабеңнің күнделіктері, Қасымхан Бегманов шығарған Жағда Бабалықұлының «Этнографпен әңгімесі», Қадыр Мырза-Әлінің «Иірімі», Үшкілтай Сұбханбердина апам құрастырған «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің кітаптары жатады. Соның екі-үш бетін оқимын да жазуға отырамын. Аққу бірден ұша алмайды, ол көлдің бетін сабалап барып көкке көтеріледі. Аққудың көлдің бетін сабалауы – журналистің кітап оқуы. Бізде бірде-бір кітап оқымаған адам жазуға отырады.
Ақыры журналиске керек әдет жайлы әңгіме бастадық қой, осы орайда ойда жүрген бір-екі дүниеммен бөліссем деймін. Бізде жоғалып кеткен бір мінез бар. Ол шығармашылық адамының өзімен-өзі отырып жұмыс істеуі. Кеңес заманында соған көп көңіл бөлетін. Жазушылардың шығармашылық үйі болған. КСРО-ның табиғаты таңғажайып жеріне шығармашылық демалысқа жіберетін. Шығармашылық адам ара-тұра оңаша қалуы керек. Жақсы ойлар оңашада келеді. Біздің журналистердегі кемшілік, оңаша отырып ойланбайды. Кешкілік Есілді бойлап жаяу жүріп келгенде үш-төрт мақаланың желісін ойлап қоямын. Кейде тақырыбымды анықтап аламын. Жазылып қойған, әлі жарияланбаған мақалаларыма қатысты тың ойлар да сол кезде пайда болады. Ал біздің журналистерді ырду-дырду құртады. Топпен жүріп классик болған ешкім жоқ. Иә, олар күнделікті өмірде топпен жүреді, бірақ жазған кезде оңаша қалады.
Екінші, журналистер бір-бірін оқитын. Қазір біреудің мақаласын біреу оқымағаны, біреудің сюжетін біреу қарамағаны былай тұрсын, өзі жазған мақаланы қайталап оқымау деген қасірет пайда болды. Ең болмаса өзіңнің жазғаныңды қайталап оқысаң, нені қате жібергеніңді білер едің. Адам бір рет қателесуге құқылы. Бірақ сол қатесін екінші рет қайталауға болмайды ғой. Бізде осыны түсінбейді. Тұманбай Молдағалиев:
Алдыма бірде келіп бала Тұман,
Мен оған осы сәтте аға туған.
Кішісінің өлең деп жазғандарын
Жасқанды үлкен Тұман жаратудан, – дейді. Тұманбай жас кезінде жазған өлеңдеріне кейін сын көзбен қарап тұр. Себебі ол бұрынғы өлеңдерін оқыған, қателіктерін біледі. Ал бізде журналист кеше не жазғанын білмейді, себебі өзінің мақаласын оқымайды.
Екінші, әлеуметтік желі – әркімнің күнделігі. БАҚ-та шыққан мақала, сюжетің камералық концерт болса, әлеуметтік желідегі жазба той әндері секілді. Бұрынғы уақытта да той әндері бар еді. Ол кезде көше әндері деп аталатын. Он ән жарық көрсе соның біреуі көше әні болатын. Ал осы күні он ән жарық көрсе, соның тоғызы көше немесе той әні болып кеткеніндей, шын журналистің де тұщымды мақала жазудан әлеуметтік желіде отырып алып шимайлауы көбейді. Әлеуметтік желі мен ақпараттық құралды шатастырып алмау керек. Ақыры әндерге келген екенбіз. Бір ойды бір ой қозғайды деп, оның да жайын айта кетейін. Тамаша әндеріміз саясаттың құрбаны болып кетті. Бала күнімізде:
Октябрьде қылыш қайрап,
Атқа мінген құрыш қайрат, – деп әндеттік. Иә, идеология, ол заманның әнін айтпай-ақ қоялық, алайда ғажап әуенді, тамаша ұйқасты неге жерге тастауымыз керек? Олар қазіргі той әндерінен әлдеқайда жақсы. Малшы, механизатор туралы әннің керегі жоқ дейді. Неге керек болмасын? Қазір бүкіл ән бұлдыр тұманға оранғандай, қолмен ұстайтын ештемесі жоқ…
– Қазақта «Әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ» деген сөз бар. Сөзіңіздің басында айтқан қате жазу, тереңге бойламау, салғырттық деген мінез, сол журналистердің жазғанына ешкімнің «тәйт» демеуінен деп есептемейсіз бе? Бұрындары жөн сілтеп отыратын аға буын функциясы бар еді. «Бас басылым» осылай жазды дейтінбіз деп үлкендер еске алып отыратын…
– Бұрын аға газет деген жақсы қоғамдық рөл болатын. Аға газет, өзіңіз білесіз, ­«Егемен» еді. Шерхан Мұртаза Түркияға барып келгеннен кейін «ұшақ» деп жазды, ұшақ сөзі айналымға еніп кетті. «Егеменде» Ержұман Смайылов марқұм екеуміз пенсионер сөзін «зейнеткер» деп өзгерттік. «Проспектіні» даңғыл дедік. Осындай мысалдар, айта берсем, көп. Оның бәріне тоқталмай-ақ қояйын. Қазір аға газеттің рөлі жойылды. Ол, бәлкім дұрыс та шығар. Алайда үлгі алатын ешкім қалмады. Иә, бірінші қателікке көз жұма, түсіністікпен қарауға болатын шығар. Он қатеге қалай бей-жай қарайсың? Шыдамның да шегі болуы керек. Бізде жүздеген қате кете береді. Қазақ тілінің соры – сұрауы жоқтығында. Мыңдаған адам көзі бақырайып қазақ тіліндегі қатені оқи береді. Қатемен күресу оп-оңай. Заңға қайта оралып, көшедегі жарнамаларда, ресми тіркелген ақпарат құралдарында, дүкендердегі тауарлардың этикеткасында қате кетсе, айып салатын бап енгізейік. Әріп қатесіне ­мынанша, мағыналық қатеге мынанша деп айқындап қоялық. Оның қате екенін анықтайтын Тіл білімі институты ма, «Тіл-Қазына» орталығы ма, сондай арнайы ұйым бекітілсін. Бір-ақ айда тіл түзеледі. Алматыға «Сергекті» қойып еді, бір-ақ айда жүргізушілер дұрыс жүруді үйреніп алды ғой. Міндеттейтін заң болса, ол заң бес жыл бұлжымай қызмет етсе, бәрі сауатты жазып кетер еді. Авгийдің ат қорасына топан су жіберіп, тазалап шыққаны сияқты, ол заң да тілімізді тазалап өтеді ғой.
– Сөз соңында тақырып қоюға қатысты бір сөзіңізге оралсам деймін. Тақырыпта сөздің, әріптің үйлесімі керек дедіңіз ғой. Қазір газеттерде байқалмаса да, телевидениеде сөзді әсіре ұйқаспен айту, төгіп сөйлеу сәнге айналып кеткендей. Мұны қайтеміз?
– Иә, мәселенің ол жағы да бар. Сөзді парқына бармай, ұйқас қуалап тізбектей ­беруге болмайды. Тақырыпта болсын, мақалада болсын, әр сөзде мән болуы керек. Қазір құр ұйқасқа құрылған көбік сөз көбейді. Оған қоса кейінгі уақытта сөзді бұрмалау деген әдет пайда болыпты. Басқаны былай қойғанда, Абайдың сөзін қағыс айта салатындар бар. «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген Абайдың көпке таныс сөзін бірде теледидардан «Асыққанның алды жөн, арты соқпақ» деп тұр. Мұндай білімсіздік тіптен көбейген. Бұл да жауапкершіліктің жоқтығы.
Жолбарыс аңшымен арпалысқанда, үлкен радиуспен айналып келіп, аңшының артынан шығады екен. Сұхбатымыздың басында айтқан сөзге қайта айналып келдік: қазір жауапкершілік жоқ. Жолбарыстың аңшыны аңдығаны журналистикадағы бір форма. Журналистикада мақала жазудың бірнеше формасы бар. Оның біріншісі – шеңбер. Бірінші сөзіңе мақалаңның ең соңында қайтып оралуың керек. Сонда сенің мақалаң шеңбер сызған секілді тақырыпқа қайта соғып тұрады. М.Мағауиннің Ораз Мұхаммед туралы «Аласапыран» роман-дилогиясында бір тарауында «қанды кісесін мойнына салды» дейді. Сол тараудың ең соңғы сөйлемінде әуел бастағы сөзіне қайта оралады. Бүкіл кітаптың бір бөлімі шеңбер түрінде жазылған. Мақаланың формасы әртүрлі болады. Формасын тауып алмай, мақала жазбаңыз. Үйді салған кезде алдымен каркасын құрып алады ғой. Міне, мақала да архитектура іспетті. Қазір не дайын материалы жоқ, не құрылымын жасап алмаған күйі мақала жазуға отырады. Ол мақала емес, пресс-релиздің сәтсіз көшірмесі. Оның сәтсіз мысалы газет пен сайттарда толып тұр.
Бізде шеңбер бойлап әуел бастағы пікірімізге келген екенбіз, жауапкершілік сөзімен әңгімемізді аяқтайық. Басылымның бас редакторының жауапкершілігі туралы сөз қылдым ғой, енді ортақ жауапкершілік туралы айтайын. Газеттің қатесіз шығуы бәріне ортақ. Жауапкершілік бүкіл редакцияда. Қате кетті ме, бас редактор корректорды кінәлі қыла салады. Корректор, кезекші, бас редактор ғана емес, газеттегі әрбір қатеге басылымның бүкіл қызметкері жауапты. Бізде, кешіріңіздер, журналист мақаласын жазып береді де, алды-артына қарамай кетіп қалады. Газет жұмысына әркім үлес қосуы керек. Ортақ жауапкершілік – ортақ абырой. Бүгінгі журналист басылымның емес, өзінің ғана абыройын көксейтіндей.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Қарагөз Сімәділ

Суретті түсірген Айтжан Мұрзанов,

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз