Қайратбек СӘРСЕНБАЕВ, Жалағаш ауданының әкімі: ЖАҢАШЫЛ БАСТАМАЛАР ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ

922

0

Жалағаш ауданының негізгі тіршілік тынысы – ауыл шаруашылығы. Оның ішінде  күріш  өсіруде аудан диқандарының тәжірибесі мол. Айта­лық, өткен жылы облыс  көлемінде жинал­ған 500 мың тонна астықтың үштен бірін осы аудан еңбеккерлері өндірген еді. Көктемнің әр күні жылға азық екенін көңілге түйген диқан қауым тоң жібіп, топырақ беті жұмсарғаннан-ақ  ша­руаға жұмылып, егіске әзірлік жұмыстарын еңсеріп тастады.

«Көрікті қызған кезде соқ» деген, көктемгі қарбалас тірліктің арасында аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаевпен әңгімелесіп, Елбасы бас­та­маларынан туындайтын міндеттер және ауданда өзге де салаларда атқарылып жатқан  жұмыстардың жайын білген едік.

– Қайратбек Әубәкірұлы, өзіңіз білетіндей, ел егін қамына кірісіп кетті. Жалпы бұл салада алға қой­ған меже қандай?

– Жалағаш – Сырдағы дара дақыл – күріш өсірумен аты шыққан аудан. Сондықтан еңбеккерлердің бұл салада жиған тәжірибелері жет­кілікті. Өткен жылы аудан бойын­ша 129 млн тонна күріш өнді­ріл­гені осы сөзіміздің дәлелі. Де­ген­­мен, ауыл шаруашылығын әр­та­­­­раптандыруға байланысты қа­жетті шаралар қабылданып, ­егіс­тік жердің құнарлылығын сақ­тауға, тың тәсілдерді енгізуге, өнім­ді­лікті көтеруге ұдайы талпыныс бола беретіні мәлім. Сол секілді, алдағы уақытта өндірілген ауыл шаруашылығы дақылдарын өңдеу мәселесін де назарға алып отырмыз. Сыр қауынын сыртқа экспорттап келетін «Магро» фермерлік қожалығының жұмысын да одан әрі дамыту ойымызда бар.

Жалпы, ауданның ауыл шаруашы­лығы саласында бүгінде 14 жауап­кершілігі шектеулі серіктестік, 133 шаруа қожалығы және 25 фермерлік қожалық болса, сонымен қатар, олар арқылы құрылған 40 өндірістік кооператив жұмыс жасайды. Олар мемлекет ұсынған жеңілдіктерді тиімді пайдаланып, жүйелі жұмыс жасап келеді.

Биыл аудан бойынша  32 722 гектар егін орналастыру межеленуде. Оның ішінде 18 100 гектар күріш, 285 гектар жаздық бидай, 50 гектар арпа, 2200 гектар мақсары, 3500 гектар жаңа жоңышқа, 5900 гектар ескі жоңышқа, 900 гектар картоп, 787 гектар көкөніс, 1000 гектар бақша дақылдары бар.

Диқан қауым көктемгі ақ егісті аяқтауға жақын. Таяу күндерде күріш егісіне кірісетін боламыз.

– Қай сала болмасын қазіргі на­рықтық экономикада кәсіпкер­лік­пен біте қайнасып жатыр. Оның үстіне, облыс әкімінің бастамасы­мен биыл облыста «Жаппай кәсіп­керлікті қолдау жылы»  жарияланды. Қаржылай қол­дауға барынша басымдық берілуде. Бұл орайда жалағаштықтардың қандай жоспары бар?

– Иә, өте орынды сұрақ. Ауданның тіршілік тамыры негізінен ауыл шаруашылығымен сабақтас екенін айтып өттік.  Сондықтан бұл салада аудан еңбеккерлерінің тәжірибесі қалыптасқан, табысты еңбек етіп келеді. Дегенмен, ауданда өндірілген өнімді өңдеу технологиясын қолға алу қажет деп ойлаймын.  Яғни, ауыл шаруашылығы саласында қанша өнім өндірілгенімен, оны нарық талабына сай өңдеп, өтімді тауарға айналдыру мәселесі жолға қойылмаған. Осыған байланысты біз биыл аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы облыс басшысының қолдауын тиімді пайдаланып, ауданда көкөніс-бақша өнімдерін өңдейтін, күріш қалдығынан құрылысқа қажетті бұйымдар шыға­ратын өндіріс орындарын ашуды жоспарлап отырмыз. Дәлірек айтсақ, Германия технологиясы негізінде күріш қалдығынан құрылыс бұйымын жасау жобасы жүзеге асырылатын болса, жылына 4 мың тоннаға дейін күріш қалдығын өңдеуге мүмкіндік туады. Ал көкөніс-бақша өнімдерін жаратудың көптеген әдістері бар. Тек жүйелі жұмыс қажет. Бұл жобалар бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сәтін салса, аудандағы «Серпін» өндірістік аймағында жұмыстарын бастайтын болады.

Өзіңіз білесіз, ауылдық ­жерде жұмыс көзі тапшы. Бірді-екілі ғана бюд­жеттік мекеме бар. Шаруашы­лықта жұмыс жасайтын­дардың өзі жылдың жарты мезгілінде бос болады. Сондықтан  ауылда кәсіп көз­дерін ашуға көбірек көңіл бөлуіміз қажет. Бұл мақсатта әрбір ауыл әкіміне кәсіпке ынталы азаматтарға мемлекеттік бағдарламалардың бағыт-бағдарын кеңірек түсін­діріп, кемінде бес жоба әзірлеп, енгізу тап­сы­рылды. Сонымен қатар, әр елді мекенде жылыжай салу бастамасын қолға алып отырмыз. Ауданда жылдан жылға мал басы көбейіп, ет, сүт өнімдерінің де көлемі артып келеді. Бұған байланысты да алдағы уақытта тиісті шаралар қабылдау қажет деп ойлаймын. 

Айта кетейік, өткен жылы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақ­сатында мемлекеттік бағдарла­ма­лар аясында жалпы құны 1 млрд. 408,4 млн теңгені құрайтын 174 жоба қаржы­ландырылды. Жыл қоры­тындысы бойынша ауданның кәсіп­керлік саласында 1131 млн тең­генің өнімдері өндіріліп, бюджетке 103 млн теңге салық түсті. Сонымен қатар, ауданда кіші кәсіпкерліктің баяу дамуы ескеріліп, 2015 жылы облыс әкімінің қолдауымен «Жалағаш ауданының экономика салаларын дамы­тудың 2015-2017 жылдарға ар­налған Жол картасы» бекітілген болатын. Жол картасы бойынша 3 млрд 710 млн теңгенің 32 жобасын іске асыру жоспарланып, 603 жұмыс орнын ашу көзделген. Өткен жылы осы 32 жобаның басым бөлігі аяқталып, 569 жұмыс орны ашылды. Ал биылғы жылдың 1 наурызына ауданның кәсіпкерлік саласында 256,4 млн теңгенің өнімдері өндіріліп, бюд­жетке 95,7 млн теңге салық түсті. Сондай-ақ, биыл 2358 шағын кәсіп­керлік субъектісі тіркелген болса, өткен жылмен салыстырғанда 156 субъектіге артып отыр. Жалпы бұл салада 8547 адам еңбек етеді.     

– Өзіңіз білетіндей, ­Мемлекет бас­шысы­ның биылғы Жолдауында әлем­дік өркениет жолында жаңа техно­логиялық қалыпқа бейімделіп, таяу жылдарда табысқа жетудің орайлы 10 міндеті көрсетілді. Соның бірі – «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын іске асыру. Осы бағыттағы жұмыс жайын білсек…   

– Иә, Жолдаудың өзегі – өнеркә­сіпті технологияландыру және цифр­ландыру. Қазақстан халқын сапа­лы, үздіксіз және 4G мобильді байланы­сымен қамту. Бұл орайда  ауданда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруға негізделген бірқатар жұмыстар басталып кетті.

Бүгінгі таңда ауданға қарасты Аққыр, Жаңадария, Жаңаталап, Далдабай, ­Мырзабай ахун, Жаңақоныс елді мекендері сымсыз EVDO байланысы арқылы интернет желісіне қосылған. Дегенмен, байланыстың бұл түрі пайдаланушылардың интернетке деген сұра­нысын толық қана­ғаттандырмайды. Осыған байланысты биыл 4G мобильді байланысын тарату қолға алынбақ. Бұл ретте ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «КаzSat» ғарыштық бай­ланыс жүйесі ауылдық елді мекен­дерді кеңжолақты интернетке қолжетімділікпен қамтамасыз етуді 2021 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асыру мүмкіндігін қарас­тыру­да. Соның ішінде, «Цифр­лық Қазақстан» мемлекеттік бағдарлама­сының  бірінші кезеңінде Мырзабай ахун, Аққұм, Аламесек, Жаңадария, Жаңаталап, Мақпалкөл ­ауылдарын жердегі талшықты-оптикалық байланыс желілері арқы­лы, екінші кезеңінде Аққыр ауылы мен Далдабай, Жаңақоныс елді мекендерін LTE-800 мобильді байланыс желілері арқылы интернетке қосу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, аталған бағдарламаның үшінші кезеңінде «KazSat» ­сериялы байланыс спутниктері арқылы Жалағаш кенті, Ақсу, Бұқарбай батыр, Мәдениет, Таң, М.Шәменов, Қаракеткен, Еңбек ауылдарын кеңжолақты интернетпен  қамтамасыз ету қарас­тырылған.

Жалпы, халықтың компьютерлік сауатты­лығын арттыру үшін биыл 1761 адамды білім беру ұйымдарының базасында оқыту көзделіп отыр. Болашақта жаңа технологияның тіз­гінін ұстайтын жастар. Сондықтан олар­ды мектеп қабырғасынан бастап қарыштап дамып бара жатқан ғылыми прогреске ілесуге даярлауымыз қажет. Бұл бағытта білім беру саласы бойынша аудандағы 20 мектеп түгел интернетке қосылған. Сондай-ақ, кеңжолақты интернетті пайдалану үшін 16 мектепте 26 интернет нүктесі орнатылды. Бүгінде жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес ауданның 11 мектебі ­«Электронды күнделік» жүйесіне қосылып, нәтижелі жұмыс жүргізілуде.       

– Келешектің қамын ойласақ, жастарға артылар үміт зор. Олардың әлеу­мет­тік мәсе­ле­лерін шешуде мемле­кеттік қолдаудың да маңызы ерекше. Жалпы, жастар мәселесі қан­шалықты шешіліп келеді? 

– Жастар мәселесіне байланысты басты жаңа­лық – былтырғы жылдан бастап аудандық бюджеттен 11 млн 518 мың теңге қаржы бөлі­ніп, ішкі саясат бөлімі жанынан 7 штаттық бірліктен тұратын «Жалағаш аудандық жастар ресурстық орта­лығы» мекемесі құрылды. Биыл  бұл бағытқа 4 млн 580 мың теңге қаржы қаралды. Мемлекеттік жас­тар саясатын жүзеге асыру, жастар ұйымдарын қолдау және дамыту  мақсатында құрылған бұл орталық  «Дипломмен – ауылға!», «Жасыл ел», «Қолжетімді баспана-2020», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Серпін-2050» «Жастар кадрлық резерві» сияқты мемлекеттік бағдарламалар мен аймақтық жобалар­дың орындалуына жұмыс жасайды.

 Соңғы дерек бойынша ауданда 14 пен 29 жас ара­лығында 8865 азамат тіркелген. Демек, жалпы халықтың 25 процентке жуығын жастар құрайды. Оның ішінде еш жерде жұмыс жасамайтын, оқымайтын 400-ден астам жаспен әлеуметтік қызметтер аясында тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бұл мәселе біздің тұрақ­ты назарымызда. Осы ­орайда айта кетейін, аудан жастарының спорт саласындағы жетістіктері көңіл қуантады. Айталық, өткен жылдың қорытындысымен аудан спортшылары халықаралық жарыстарда – 2 алтын, 2 күміс, 3 қола, республикалық жарыстарда – 5 алтын, 7 күміс, 11 қола медаль, облыстық жарыстарда – 9 алтын, 7 күміс, 6 қола медаль жеңіп алды. Әрине, бұл – аудан үшін үлкен көрсеткіш. Біз аудан орталығынан талапқа сай спорт мектебін ашуды ойластырдық. «Туған жерге тағзым» акциясы негізінде ауданның тумасы жеке кәсіпкер С.Сексенбаев мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында Жалағаш кентінің орталығындағы бұрынғы автобаза ғимаратын спорттық кешен ретінде қайта жаңғыртуға қаржы салып,  жыл аяғына дейін нысанды пайдалануға беруді жоспарлап отыр.  Одан бөлек, былтырғы жылы Мәдениет ауылында спорт мектебінің құрылысы басталып, үстіміздегі жылы пайда­лануға беріледі деп күтілуде.

Сонымен қатар, бүгінгі күннің талабына орай жастарды кәсіпкерлікке тартып, олардың жаңа­шыл идеяларын жүзеге асыруға жергілікті атқарушы орган тарапынан әрдайым қолдау бар екенін айтып өткеніміз жөн.

– Әр жылдың өзіндік жаңалығы болады. Бұл орайда Жалағаштың жаңа бастамалары туралы тарқа­тып айтсаңыз…

– Олай болса, алдымен аудан тұр­ғындарын толғандырып отырған бір­қатар мәселелер жайлы айтып өтейік. Мәселен, М.Шәменов ауы­лындағы №34 орта мектеп апаттық жағдайда болатын. Бұған байланысты жалпы құны 900 млн теңгені құрайтын 300 орындық жаңа мектеп салу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда мектеп құрылысының жоба-сметалық құжаты әзірленіп, республикалық ­бюджетке қаржыландыруға ұсы­нылды. Сондай-ақ, алдағы уақытта аудан орталығынан типтік жобаға сай 100 орындық аурухана салу мәселесі де шешімін табады деген үмітіміз бар. Ал аудан орталығындағы Иманқұл мешіті көп жылдардан бері тұрғындарға қызмет көрсетіп келгенімен, қазір келушілер үшін таршылық ете бастады. Әсіресе, Айт мерекесі, Қадыр түні сияқты халық көп жиналған кездері қиындықтар туындап жатады. Осы мәселенің шешімін табуда бізге ауданымыздың түлегі, кәсіпкер Е.Сағынбаев қаржылай қолдау көрсетті. Оның демеушілігімен кент орталығынан 300 орындық мешіттің іргетасы қаланып, жанынан 250 орындық асхананың құрылысы бас­талды. Сондай-ақ, өткен жылы облыстық бюджет есебінен ­жалпы құны 929,5 млн теңгеге типтік жобадағы аудандық ішкі істер бөлімі ғимаратының құрылысы басталған болатын. Бұл ғимараттар жыл соңына дейін ел игілігіне пайдалануға бері­леді.

Қаракеткен, М.Шаменов, Мырзабай ахун елді мекен­­дерінің сумен жабдықтау жүйе­лерін қайта жаңғырту және кеңейту жұмыстарына бюджеттен 521,2 млн теңге қаржы бөлінген болатын. Бүгінгі таңда Қаракеткен елді мекенінің тұр­ғындары сапалы ауызсуға қол жет­кізді. Ал М.Шәменов, Мырзабай ахун елді мекендерінде құрылыс жұмыс­тары жүріп жатыр. Ауыл тұрғын­дарына сапалы ауызсудың  жететін күні алыс емес. Алдағы ­жоспарда Мақпалкөл, Аққыр, Жаңадария ауыл­­дық округтерінің ­ауызсумен қамту жүйесін қайта жаңғырту, ал Жаңа­­қоныс, Далдабай елді мекен­дерінің ауызсу жүйесін жаңадан салу бағытында жұмыстар жасалуда.

Ауданда алғаш рет жүзеге асы­рылғалы отырған тың жоба – Жалағаш кентінде қуатты­лығы 30 МВт күн сәулесі электрстанциясын салу. Жобаны орналастыруға «Номад Солар» ЖШС-на (Астана қаласы) 164 гектар жер учаскесі бөлініп, қазіргі таңда жобалау-сметалық құ­жаттары әзірленуде. Құжаттарын рәсімдеуді  биылғы жылдың мамыр айында аяқтап, мем­лекет­тік сараптамаға тапсыру жоспарлануда. Қаржыландыру мәселесі оң шешімін тапса,  тамыз айында электр станциясының құрылысы басталады деген болжам бар.

– Кентті көркейту жайында айтып қал­дыңыз. Жасыратыны жоқ, ауылдарды айт­пағанда кенттегі көшелердің көбінің тозығы жетіп тұр. Тұрғындар тарапынан да жиі көтерілетін мәселенің бірі осы.  Бұл жөнінде қандай жоспарларыңыз бар?

– Иә, шынында кент орталығын­дағы көше­лердің басым көпшілігі жөндеуді қажет етеді. Бірақ бұл жұмыстарды кезең-кезеңімен қолға алмасақ, бір мезетте қаржы табу оңай емес. Сондықтан алдағы уақытта он көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, аудан орталығын абаттандыру бағытында бірнеше жобаларды іске асыратын боламыз. Айталық, кенттің көрнекті жерінен Т.Жүргенов, І.Қабылов сынды ауданнан шыққан Алаш ардақтыларына, Еңбек ерлеріне, қоғам қайраткерлеріне арналған аллея салу, сонымен бірге, Еңбекшілер аллеясын, Дәуімбай елді мекеніндегі демалыс орнын жөндеу бағытында жұмыстар жүргізіледі. Ардагерлер ­тарапынан көтерілген ұсыныс-пікірлерді назарға ала отырып, аудан тарихында айқын ізі бар Қарақұм көтерілісінің құр­бандарына арнап ескерткіш бел­гі қою, Ауған соғысы, Чернобыль апаты және ­Семей полигонының қатысушыларына ескерткіш  орнату жұмыстары да өз кезегімен іске асырылады.

Айта кетейік, биыл мемлекет және қоғам қайраткері Т.Жүргеновтің 120 жылдығы, Еңбек ері Ұ.Еспановтың 90 жылдығы, ауданда өзіндік тарихы бар «Батыр аналар» ансамблінің 30 жылдығы сынды мерекелік шаралар өткізу жоспарда тұр. Соған сай әзірлік шаралары жан-жақты жүргізілуде.

– Сұхбатыңызға рахмет! Алда атқары­латын ауқымды жұмыс­та­рыңыз табысты болсын!

Сұхбаттасқан

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<