БИЗНЕС-МЕКТЕП: бастаушыға жол, іскерге қол

1209

0

Әлемдік экономиканың даму тәжірибесі көрсетіп отырғандай, шағын және орта кәсіпкерлік кез келген елдегі негізгі тұрақтандырушы фактор болып табылады. Сондықтан біздің елімізде де оның дамуына барынша жағдай жасалған. Көптеген мемлекеттік бағдарламалар жұмыс істеуде. Мысалы, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасы мен «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламалары бар. Ал біздің облысымызда биыл «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» болып жарияланды. Осы орайда облыстық Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлік негіздерін үйретуге арналған оқу курстары ұйымдастырылған. Жалпы бұл бағыттағы жұмыс ырғағы, ел үшін ең маңызды мәселелер қандай? Кәсіпкерлікке қадам жасаған адам алдымен не істеу керек? Осы және биылғы батыл бастамаларға қатысты Кәсіпкерлер палатасының бизнес-тренері Мәдина Қасымжанмен пікірлескен едік.

– Мәдина Қасымжанқызы, өзі­ңіз білетіндей, ең бастысы білім және соған лайық икем, қабілет қажет. Қазіргі курстарға кімдер қатыса алады?

Мысалы, мен кәсіп жасауға ын­талансам неден бастауым керек? Әуелі осыны айтыңызшы.

– Алдымен, бізге келетін адам міндетті түрде кәсіпкер болуы тиісті емес. Өзін қызықтырған мәселелер мен сұрақтарға байланысты кеңес пен жауап алуына болады. Жалпы, бірінші кезекте барлық мемлекеттік бағдарламаларға қатысу үшін қажетті шарт, ол – кәсіпкерлік негіздерін оқы­ғаны туралы құжаты болуы керек. Ол не үшін қажет? Себебі, кәсіпкерлікпен айналысам деген аза­мат  кәсіп деген не, кәсіпкер деге­німіз кім деген сұрақтардың жауабын біліп, бизнес-жоспар, мар­кетингтік жоспар жөнінде түсінігі болуы  тиіс. Содан кейін барып кәсіп­керлік бағыттағы іс-шараларды атқаруына болады. Сондықтан бізде Кәсіпкерлер палатасының жанында «Бизнестің жол картасы-2020» бағ­дарламасы аясында бизнес мектептері жұмыс жасайды. Сол бизнес мектепте «Биз­нес-кеңесші» деген екі күндік қысқаша курс ұйымдастырамыз.

– Осыны нақтырақ айтсаңыз…

– «Бизнес мектеп» «Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасына сәйкес жұмыс атқарады. Мақсаты – кәсіпкерлік негіздері бойынша 3 бағытта дәріс беру. Бірінші сатыдағы, екі күндік қысқамерзімді оқулар «Бизнес-кеңесші» курсы деп аталады. Бұл курс кәсіпкерлік қызметтің не екенін, оған қалай келу керек, қан­дай психологиялық дайындығы бо­луы тиіс, қандай ұғымдарды білуі қажет, қай кәсіпке бағыт алған дұрыс деген сияқты кәсіпкерліктің негізгі әліппесін үйретеді. Оны білмесе, ертеңгі күні жеке ісімен айналысамын деп несие алып, қай бағытта жұмыс жасарын білмей тоқырауға ұшырауы мүмкін. Осындай келеңсіздіктерді болдырмау мақсатында «Бизнес кеңесші» курсы ұйымдастырылады.

Ең бірінші кезекте кәсіпкерлік бастамасы бар адам осы жерге ке­ліп кеңес алуы қажет. Қандай бағ­дарламалармен жұмыс істей алатынын, жалпы мемлекеттік қан­­дай бағдарламалар бар екенін біл­гені жөн. Екіншіден, келген азаматтың өзінің төл бизнес идеясы болуы керек. Бізге қандай кәсіппен айналысуға болады, немен айналыса аламыз, қандай кәсіппен қазір на­рыққа шығуға болады деген көптеген сұрақтар түсіп жатады. Бірден айта кетейік,  Кәсіпкерлер  палатасы тара­­пынан бұл сұрақтарға жауап бере алмаймыз. Себебі, әрбір келген азаматтың өзінің дербес идеясы болғаны дұрыс. Егер біз белгілі бір кәсіптің түрімен айналыс деп бағыт беріп жіберсек, келешек ол адам бұл бағытты түсінбей тоқырауға түсуі мүмкін. Сондықтан өзінің төл идеясы болуы керек. Біріншіден, немен айналысады, қолынан не келеді соны шамалап алуы тиіс. Ал егер өзінің ешқандай бизнес жобасы болмаса, біздегі «Бизнестің 100 жобасы» деп аталатын жинақты қарап, өзінің көңілі толатын, жұмыс жүргізе алатын идеяны таңдап алуы керек. Осы жинақта шағын және орта кәсіп бойынша 100 идея жинақталған. Содан кейін «Бизнес кеңесші»  оқуына қатысып, 2 күн бойы толықтай кәсіпкерлік негіздерімен танысып, білімін жетілдіреді.

– Оқу курсынан өткендер қандай несиелерге қол жеткізе алады? Оларға қандай жеңілдіктер қарастырылған?

– «Бизнес-кеңесші» курсы бойынша бізде  460 адам оқыды.  Оған қосымша Инновациялық грантқа қатысу үшін 800 адам курстан өтті. Осы инновациялық грант­қа қатысудың талаптарының бірі  «Бизнес кеңесші» курсының сертификаты болуы керек. Осыған орай ниет білдірген жандардың бәрі құжаттарын тапсыруға мүмкіндік алсын деп бөлек оқу ұйымдастырып отырмыз. «Бизнес-кеңесшіге» оқыт­қанда біз тек бастапқы негізгі ұғым­дармен таныстырамыз. Мұ­нан өзге «Бизнес кеңесші» кур­сына жұмысы бар азаматтар да, жұмыссыздар да қатыса алады. Шек­теу қойылмаған.

Жалпы «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасы негі­зінде бастауыш кәсіпкерге 20 млн, ал әрекет етуші кәсіпкерлерге 180 млн теңгеге дейін несие беріледі. Бастауыш кәсіпкер дегеніміз 1 жыл­дан 3 жылға дейінгі уақыт ара­лығында кәсіппен айналысып жат­қан жан. Ал 3 жылдан асқандары әрекет етуші кәсіпкерлерге жатады. Қала тұрғындары үшін банк став­касының  40 процентін, ауыл тұр­ғындары үшін 50 процентке мем­лекет субсидиялайды. Бастауыш кәсіпкерлерде 30 процентке дейін кепілдік мүлкі болуы керек, ал әре­кет етуші кәсіпкерлерде 50 про­центкедейінгі кепілдік мүлкі болуы тиіс. «Бизнестің жол картасы» бойын­ша несиелендіру екінші деңгейлі банктер арқылы жүргізіледі және бұл бағдарламаға қатысу үшін жасына, жұмысбастылығына байланысты шек­теу жоқ. Яғни, жұмысы болса да, болмаса да барлық тұрғындар бағдарламаға қатыса алады. «2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамыту» бағдарламасы бойын­ша 7 жылдық мерзімге дейін 6 проценттік несиелендіру жүзеге асырылады. 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін беріледі. Бұл жерде бастауыш кәсіпкерлерде 15 процентке дейін кепіл мүлкі болуы керек, ал әрекет етуші кәсіпкерлерде міндетті түрде 50 процентке дейін кепіл мүлкі болуы тиіс. Бағдарламаның бір ерекшелігі – негізгі басымдылық ауыл тұрғындарына беріледі. Одан кейін «Нәтижелі жұмыспен қамту» бағдарламасына тек жұмыссыздар, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар ғана қатысады.

«Нәтижелі жұмыспен қамту және жастарды еңбекпен қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша не­сие­­лендіруді микроқаржылық ұйым­­­­дар жүзеге асырады. Атап айт­­­қанда, «Ауыл шаруашылығын қаржыландыру қоры», «Өңірлік ин­вес­­тициялық орталық», «Агро­несие­корпорациясы» мен оның несие серіктестіктері жүзеге асырады.

– Енді инновациялық грантқа кеңірек тоқталып өтсеңіз…

– «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасына сәйкес, әр жылда инновациялық грант ұйым­дас­тырылады. Бұл Кәсіпкерлік және туризм басқармасы тарапынан ұйым­дастырылып, биылғы жылы оған мемлекеттік бюджеттен 10 млн теңге бөлінді. Биыл Қызылорда облысы үшін кәсіпкерлікті қолдау жылы болып жарияланғандықтан, облыстық бюджеттен қосымша 190 млн теңге қаржы бөлінді. Сонымен, инновациялық гранттың барлық көлемі 200 млн теңге болып шықты. Грантқа қатысудың негізгі талабы ұсынылып отырған жоба инновациялық бастама болуы керек.

– «Бастау Бизнес» курсының ерекшелігі қандай?

– Нәтижелі жұмыспен қам­ту бағдарламасы бойынша «Бас­тау Бизнес» курстары  ұйым­дас­тырылады. Ол – ҚР Ұлттық Кәсіп­керлер палатасының  өткен жылдан бастап ұйымдастыра бастаған ерекше жобасы. Ол ауыл адамдарын кәсіпкерліктің бүге-шігесіне дейін үйрететін бір айлық толық курс. Оны оқыған адам өзінің жұмысын бастауға жеңілдікпен несие алуына болады. «Бастау бизнесті» оқыған азаматтар біржола бизнес жоспарларын әзірлеп, оны қорғап, несие алуға біртабан жақындайды. Бұл жобаның сөз жоқ, қаржылық және әлеуметтік тиімділігі болады.  Біріншіден, кешегі жұмыссыз жүрген адамға өз бетінше нан табуға, ал кәсіпкерлік жолын таңдаған адамның кәсібін өрістетуге мүмкіншілік  сыйлайды. Екіншіден, әрбір жоба орта есеппен 1-4 жұмыс орнын құрайды. Ал жобалардың өзі жергілікті ауданның тұтыну мүмкіндігіне орай, сонымен бірге бизнес-жаттықтырушылардың нақты маркетингтік зерттеулері нәтижесінде жасалады.

Жобаға қатысушыларды таңда­ғанда кәсіпкерлікке бейімін, ынтасын анықтайтын тест те қолданылады. Оқу кезінде табысты бизнесмендермен кездесулер, бизнес-ойындар, шы­найы бизнес жағдайларды модельдеу ұйымдастырылып тұрады. Мұнан бөлек, көпшілік алдында ойларын еркін жеткізуге үйрететін тренингтер де өтеді. Бұл жерден жинаған тәжірибе болашақта жобаны түр­лі комиссиялар мен қаржы инсти­туттары өкілдері алдында қорғағанда көп көмегі тиетін болады. Ең маңызды жайттардың бірі – жоба аясында оқу тегін, ол республикалық бюджеттен қаржыландырылады. Же­ке кәсіп бастауды жоспарлап жүр­гендерге «Бастау Бизнес» мектебін оқып шығуды ұсынамыз. Яғни, ең бастысы – білім алу. Білім, білік­тіліксіз алынған ақша мен несие құрдымға апарады. Менің ойымша, кәсіпкер өте төзімді, білімге құмар адам болуы керек. Білім алуға ерінген, төзімсіз адамнан жақсы бизнесмен шықпайды.

– Оқуға қатысушыларға қан­дай талаптар қойылады?

– Оқу кезінде сабақтан қалмай мар­кетингтік зерттеулерге, жеке кеңес алуларға, шешендік сөйлеу тренингтеріне  белсене қатысып, биз­нес-жоспар дайындап, оны бизнес-жаттықтырушы көмегімен қаржылық моделін есептеп шығарып тұру керек.

Оқу кезеңін аяқтап, Кәсіпкерлер палатасының қаржыландыру тура­лы шешімін алғаннан кейін жүзеге асырылған жобалар 12 ай мерзім палата бақылауында болады. Осы мезгілде «Бастау-Бизнеске» қатыс­қандар бизнеске қатысты туындаған сұрақтары бойынша ауызша және жазбаша жауаптар ала алады. Жобаға қатысушылардың шағын бизнес ұйымдастыруына немесе жұмыс істеп тұрған бизнесін ұлғайтуға, болмаса, ауылшаруашылық кооперативтерін құруына болады. Шағын бизнеске несие – 5 жыл, ал мал және егін шаруашылығы кооперативін ұйым­дастыруға несие 7 жыл мерзімге беріледі. Оқуды бітіргені жөнінде сертификат алғандар, сондай-ақ, ауыл шаруашылығында шағын және орта бизнесті дамытуға бағытталған басқа да, атап айтқанда, «Береке», «Бірлік», «Игілік», «Ынтымақ» секілді бағдар­ламаларға қатыса алады.

– «Бизнес өсу» курсын да  Кәсіп­керлер палатасы оқыта ма?

– Иә, «Бизнес өсу» курсын да Кәсіпкерлер палатасы өткізеді. Ол қысқамерзімді курс болып табылады. Оқу 5 күнді қамтиды. «Бизнес өсу» курсын ұйымдастырмас бұрын біз шағын және ортакәсіпкерлік субъектілерінен алдын ала сауал­нама жүргіземіз. Сауалнама жүр­гізудегі мақсатымыз – алдағы уа­қыт­та кәсіпкерлік субъектілеріне білік­тілігін арттыруға қажетті тақы­рыптар мен бағыттарды анықтау. Биыл да сауалнама жүргізіп, осы жылы өткізілетін курстың тақы­рыптық бағытын анықтап алдық. Бірінші орында іскерлік кездесулер, маркетинг тақырыбы, мұнан кейінгі орындарда бизнес жоспарлау және персоналды басқару тақырыптары. «Бизнес өсу» курсының «Бизнес- кеңесшіден» айырмашылығы: бірін­­шіден, тақырыптарды алдын ала сауалнама арқылы анықтауға бола­ды. Екінші айырмашылығы, «Бизнес өсу» курсына тек қана «Бизнес кеңесші» курсынан өткен, сертификаты бар, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері ғана қатыса алады. «Бизнес өсу» курсынан өткен азаматтарға да сертификаттар беріледі.

– «Жобалық оқыту» курсы тура­лы айтсаңыз…

– «Жобалық оқыту»  – өте қы­зықты, ұзақмерзімді курс. Оқу ұзақтығы 2 айды қамтиды. Жыл басында облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасымен бірге тақырыптар бекітіледі. Биылғы жылы біз арнайы сауалнама жүргізу, кәсіпкерлермен пікірлесу арқылы қандай бағыттарға сұраныс бар екенін анықтадық. Осылайша 7 тақырып бекітілді. Оның ішінде мал бордақылау алаңдарын, тігін цехтарын, баспахана, оқу орталығын ашу сынды тақырыптар қамтылған. Жобалық оқыту курсының қандай ерекшелігі, айырмашылығы бар? «Жобалық оқытуға» қатысу үшін шағын және ортакәсіпкерлік субъек­тісі болуы қажет немесе қатысушы азаматтың міндетті түрде «Бизнес- кеңесші» оқу курсын бітіргендігі жөнінде сертификаты болуы тиіс. Бұл бірінші ерекшелігі. Екіншіден, «Жобалық оқытуда» таңдалған бір тақырыпқа бірнеше кәсіпкер бірі­гіп оқиды. Дәрістерді бизнес-тренерлермен қатар, сол салада 3 жылдан астам тәжірибесі бар, озық кәсіпкерлер беретін болады. Тек дәріс беріп қана қоймай, осы кәсіптің ішкі «кухнясын» көрсету үшін тыңдаушыларды кәсібіне, шаруашылығына апарып көрсетеді. Бұл – кәсіпті жаңа бастап немесе кәсібінің бағытын өзгертемін деген кәсіпкер азаматтар үшін таптырмайтын мүмкіндік және үлкен тәжірибе. Барлық оқу курстарының өткізілу мерзіміне қатысты кестелер алдын ала бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жарияланады. Мұнан өзге, бұл курстардың барлығы да тегін өткізіледі.

Қазіргі уақытта мемлекет тара­пынан кәсіпкерлерді қолдауға ерекше мән берілуде. Жоғарыда айтып өткен оқу курстары мен басқа да жеңілдіктерді отандастарымыздың барынша игілігіне жаратқанын қалай­мыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<