БІЛІКТІ БАСШЫ – КЕМЕЛДІ КЕЛЕШЕК

453

0

Зерттеуші-ғалым, географ Шоқан Уәлиханов халықтың кемеліне жетіп, өркендеп өсуі үшін ең алдымен азаттық пен білім керек екенін айтады. Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін дүние – білім болатын болса, қазақ елінің өзге елдермен терезесінің теңдігіне де ешкім дауласа қоймас. Себебі, қазіргі білім саласындағы жаңа бағдарламалар мен өзгерістер озық технологияларды меңгерумен қатар ұлт болашағының дамуына бағытталған.

Осы орайда білім саласындағы бағыттар мен реформалардың орындалуы жөнінде №264 Т.Есетов атындағы мектеп-лицейінің директоры Ұлбосын Махановамен аз-кем пікірлескен едік.

– Ұлбосын Ибрайханқызы, ұстаздық әрі бүгінгі жаңашылдық туралы не айтар едіңіз?

– Еңбек жолымды С.Сейфуллин атындағы №4 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып бастадым. Сол сәтте мектеппен қатар институтта физика пәнінен дәріс оқыдым. 4 жыл шалғай ауылда да ұстаздық еттім. Уақыт өте келе информатика пәні мұғаліміне сұраныс көбейе бастады. Ақпараттық технологияны меңгеру үшін осы салаға бағыт бұрдым. Байқасаңыз, бәрі жаңару, уақытқа бейімделу бағытында белең алып барады. Бүгінгі күнге дейін білімімді жетілдірумен келемін. 2014 жылы білім беру жүйесіндегі ақпараттық ІТ технологияларды пайдалануға байланысты Болгарияда, 2015 жылы Қазан қаласында өткен «Информатика пәнінен олимпиадаға дайындаудың тиімді жолдары» атты тәжірибе алмасу семинарларына қатыстым.

– Үш тұғырлы тілдің білім саласын жаңғыртудағы орны ерекше екені белгілі. Сіз басшылық ететін білім ордасында бұл қалай жүзеге асуда?

– Қызмет барысында көптеген жерде басшылық жасадым. Қай жерде болмасын ең бірінші мұғалімдердің білім деңгейіне баса мән беріледі. Ұстаздың теориялық білімі кемшін болса, онда оқушыдан да көп нәрсе күте алмаймыз. Мектебімізде физика, информатика, химия және биология пәндерінен үш тілде дәріс беретін мұғалімдеріміз бар. Әр педагогикалық кеңесте ұстаздарымызға ата-аналар алғыстарын жеткізіп жатады. Сондай мұғалімнің бірі – Салтанат Асқарова. Физика маманы ағылшын, орыс тілдерін жоғары деңгейде меңгеріп, жақында Кореяға да барып, білімін шыңдап келді. Білім ордаларында қазақ тілін оқыту барысында орыс тілі, ағылшын тілі пәндерін біріктіре алу мұғалімнің шеберлігіне байланысты жүргізіліп жүр. Бұл жерде өтіліп отырған бағдарламаға сай үш пәнді біріктіре отырып, пәнаралық байланысты жүзеге асыруға болады. Дәстүрлі оқытуда тек аударма жасатумен ғана шектеліп отырсақ, қазіргі оқыту технологиясында түрлі шығармашылық бағыттағы тапсырмалар бере отырып, оқушының ізденісін арттыруды, яғни, жеке тұлғаның әрекетін дамытуды мақсат етудеміз.

– Сіздерде инклюзивті білім беру бағдарламасы қалай жүріп жатыр?

– Инклюзивті оқыту – оқушылардың тең құқығын анықтайды және ұжым іс-әрекетіне қатысуға, адамдармен қарым-қатынасына қажетті қабілеттілікті дамытуға мүмкіндік береді. Бұл әдіс арқылы барлық балалардың мұқтаждықтарын ескеріп, ерекше қажеттіліктері бар балалардың білім алуын қамтамасыз ететін жалпы білім үрдісін дамытуға болады. Мұндай оқыту түрі арнаулы білім беру жүйесінде қалыптасқан және даму үстіндегі формаларды ығыстырмайды, қайта жақындатады. Қазіргі таңда мектепте 23 мүмкіндігі шектеулі оқушы білім алады. Оның ішінде тіл мүкістігі бар, ақыл-есі баяу дамитын, аутизммен ауыратын балалар да кездеседі. Бұл ерекше балалармен сабақтан соң жоспарлы түрде дефектолог, психолог, логопед, әдіскер сияқты 7 маман жұмыс жасайды.

Өткен жылы инклюзивті оқыту бойынша 3 сыныпқа бір оқушы қабылданды. Аталған бағыт мүмкіндігі шектеулі балаларды оқуда жетістікке жетуге ықпал етіп, жақсы өмір сүру мүмкіншілігін қалыптастырады. Осы бағытты білім беру жүйесіне енгізу арқылы оқушыларды адамгершілікке, ізгілікке, қайырымдылыққа, толеранттылыққа тәрбиелеудің үлкен бастауы барын назарда ұстаған жөн.

– Рақмет.

Әңгімелескен:

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<