Қоғамда қаншама мамандық түрі бар десек те, әр мамандықтың өзіне тән көтеретін жүгі бар. Уақыттың талабына қарай кей мамандықтар өз-өзінен жойылып кетсе, керісінше, жаңа бір қызмет түрлерінің қажеттігі айқындалып отырады. Айталық, соңғы 10-15 жыл көлемінде елдегі діни ахуалдың дұрыс қалыптасуын қадағалайтын дін саласы мамандарының тапшылығы кәдімгідей байқалады.
Осы бағытта алғашқылардың қатарында «Нұр-Мүбәрак» университетінде оқып, «Исламтану» мамандығы бойынша докторантурада дәріс алып жүрген Дастан Құрманбаев қазіргі таңда университет жанынан ашылған ғылыми орталықта қызмет атқарады. Жас маманмен бірқатар толғақты мәселелер турасында әңгімелескен едік.
– Жалпы бүгінгі таңда жастардың дін саласында оқып, мамандық алуға деген көзқарасы қандай? Олардың жұмысқа орналасуында қиындықтар кездеспей ме?
– Бұл бағытта бүгінгі жастардың ізденісі мен ынта-ықыласы көңіл қуантады. Мысалы, осыдан 10 жыл бұрын еліміздегі іргелі діни оқу орны – «Нұр-Мүбәрак» университетін жылына 50-60 студент бітіретін болса, қазір жылына 200-ден астам студент арнайы мамандық алып шығады. Сондай-ақ, бұрынғы уақытта мешіттерде жұмыс жасайтын имамдар білімін жетілдіретін еді. Ал бүгінде мектеп бітірісімен осы салада мамандық алуға талпынғандар қатары артып келеді. Әрине, бұған мемлекет тарапынан бөлінетін гранттың да септігі бар. Айталық, өткен жылы республика бойынша бакалавр бағытына 200 грант бөлінді. Одан бөлек, облыс әкімдігі жыл сайын ондаған мектеп бітірушіге қаржылай қолдау көрсетеді. Мен осы қолдаудың нәтижесінде білім алып, өз таңдауыма қол жеткізген жастардың бірімін. Ал жоғары білім алған мамандардың жұмысқа орналасуына ешқандай кедергі жоқ. Қанша маман келсе де, бұл салаға көптік етпейді деп ойлаймын. Себебі, дін саласындағы ақпараттық қауіпсіздік шаралары көптеген қиындықтардың алдын алады. Айта кетейік, бүгінгі таңда «Нұр-Мүбәрак» университетінде 70-ке жуық облыс жастары оқып жатыр. Өткен жылы университет бітіріп келген 10 жас маман жұмысқа орналасты.
– Өзіңіз білесіз, шет елдердің базбір діни оқу орындарында білім алған жастарымыздың кейбірі өзге бағытқа бой алдырып жатады. Бұл біз үшін өзекті мәселе. Демек, осы салада жастардың шетел асып оқуына қандайда бір шектеулер бар ма?
– Әрине, бар. Өйткені уақыттың талабы осындай. Айталық, кез келген жас шетелге барып оқу үшін, ең алдымен, еліміздегі арнайы діни оқу орындарының бірінен білім алуы керек. Содан кейін мүфтияттың жолдамасымен шекара асып, білімін жетілдіруіне мүмкіндігі бар. Бірақ бұл оқу орындарының да саны шектеулі. Ел жастарының білім алуына тек бірқатар шетелдік жоғары оқу орындарымен арнайы келісім жасалған. Бұл оқу орындарында білім алған жастардың болашақта тұрақты жұмыспен қамтылуы жоспарланған. Осы орайда айта кетейік, Сауд Арабиясындағы кейбір діни оқу орындарының жарнамасы әлеуметтік желілер арқылы кеңінен таратылады, сондай-ақ, оқу орындары бірнеше жеңілдіктер ұсынады. Жастарымыздың кейбірі осындай жарнамалардың жетегінде кетіп қалатыны жасырын емес. Алайда өз бетінше діни білім алып келген мамандарды жұмыспен қамту қарастырылмаған.
– Жастарымыздың діни бағытта дұрыс таңдау жасай алмай, адасып жататыны жасырын емес…
– Дұрыс айтасыз. Тәрбие жұмысындағы олқылық, ол – қоғамдық бақылаудың жеткіліксіздігі. Яғни, білім алып жүрген балаларды мешіт имамдары қадағалап отырғанымен, көбіне ата-ананың, туған-туысының, дос-жарандарының бейғамдығы байқалады. Көпшілігіміз бала мешітке барып, сабақ алып жүрсе, демек ол тура жолға түсті, қадағалаудың қажеті жоқ деп ойлаймыз. Алайда, ол – бала. Өзіндік таңдауы әлі қалыптаспаған. Сондықтан отбасында ата-анасы, мектепте мұғалімі тарапынан тұрақты бағыт-бағдар беріп отыруы қажет. Мешітте кімдермен араласып жүр, қандай оқулықтар оқиды? Мұның бәрі назардан тыс қалмауы керек.
– Жат ағымдар деп жатамыз. Ал, оған еріп кеткендермен дін өкілдерінің жұмысы қаншалықты нәтиже беріп отыр?
– Көп жағдайда жолынан жаңылысып, өзгелердің «сойылын соғып» жүрген адамдар өз кемшілігін түсініп, қайта оралып жатады. Дегенмен біз қазір «санасы уланған» жандармен жұмыс жасай отырып әсіресе оның алдын алуда жастармен жан-жақты жұмыс жүргізуге баса назар аударуымыз қажет.
Әңгімелескен
Ғазиза ӘБІЛДА.
«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<