Ирандық қазақ «Қорқыт ата» кітабының үшінші нұсқасын тапты

979

0

Әлемде Қорқыт ата кітабының біз білетін екі-ақ нұсқасы бар. Бірі Германиядағы Дрезденде болса, бірі Италиядағы Ватиканда сақталған. Дрезден нұсқасында 12 сюжет, Ватикан нұсқасында соның алтауы бар. Біз жиі айтатын Қорқыт атаның нақылдары, оғыз-қыпшақ ұлыстардың құрылу тарихы, оғыз батырларының ерліктері осы кітаптарда. Белгілі, бұл – түбі бір түркіге ортақ қазына.
Ал, жуырда тұтас түркі жұртын елең еткізерліктей жаңалықтан хабардар болдық. Қорқыт ата кітабының үшінші нұсқасы Иран елінен табылды! Бір қызығы, мұндағы жыр бұрынғы нұсқаларда кездеспейді. Осы жаңалықты естіген бойда Түркия, Америка сынды елдерден «мен таптым» деп 8 адам БАҚ-қа хабарласып, жарияға жар салған көрінеді. Бірақ, «Қорқыт ата» кітабын қолжазба күйінде сатып алып, құнды дүние екенін сезіп, көшірмесін ғалымдарға ұсынған адам біреу-ақ. Ол – ұлты қазақ Уәлимұхамед Қожа. Ал біз тағдырына осындай аса маңызды дүниені табу, оны көпшілікке жариялау бұйырған Ирандағы қандасымызбен Сыр елінде ұйымдастырылған түркітілдес елдердің өнер фестивалі қарсаңында жолықтық. Кітап көне түркі шағатай тілінде. Беттері сарғайған көне қолжазбаның көшірмесін біз де көрдік, бірақ оқи алмайтынымыз бесенеден белгілі. Бастысы, мұның әлі қазақша аудармасы жоқ.
Уәлимұхамед Қожа «Қорқыт ата» кітабын қалай тапты, ғалымдар не дейді, Қазақстанға қалай келді? Бұл туралы өзімен әңгімелестік. Сөз арасына түркімен, парсы сөздерін қосып сөйлейтін болғандықтан, бізге ағылшын-парсы тілдерінің маманы Нияз Тобыш көмекке келді.
– Уәлимұхамед аға, алдымен өзіңіз туралы айтып беріңізші. Білуімізше, атажұртыңыз қазақ елі екен…
– Иә, өзім Иранда туып-өскеніммен, ата-бабаларымыз Маңғыстаудың маңайында өмір сүрген. Руым – қожа. Өткен ғасырда ер басына күн туып, елдің молда, ишандары, білімділері мен байлары қудаланған тұста туыстарымыз шекара асуға мәжбүр болған көрінеді. Әкем Әбдижан ахун елге сыйлы, ғұлама ғалым болған. Осыдан 15 жылдай уақыт бұрын, 105 жасқа келіп, дүниеден озды. Өзі жүздеген ахунды тәрбиелеген, сол жақтағы қазақтармен тығыз қарым-қатынаста болған қария еді. Ал, өзіме келсек, әдебиетке емес, техникаға жақын адаммын. Шамамен қырық жылдай уақыт бұрын тігін машинасын үйрену үшін Ираннан бір топ делегация болып Еуропаға, Данияның Копенгаген қаласына аттандық. Сонда бір жылдай оқып, келген соң Иранда жұмысшыларға киім тігетін цехтардың бірінде бас инженер болып қызмет еттім. Кейіннен жасым келіп, зейнетке шыққан соң балаларыммен бірге өзіміз тұрып жатқан Гомбеде-Кавус қаласында тігін машинасын, оның бөлшектерін сататын дүкендер аштық. Сондай-ақ, 15 жылдан бері әкемнің аманаты бойынша ескі қолжазба, көне кітаптарды жинай бастадым. Қазір ауламдағы кітапханамда 33 қолжазба, 300-ден аса көне кітап бар. Әкем – Хиуада, Бұқарада білім алған кісі. Өзі дүниеден қайтардан 5-10 жыл бұрын «Балам, мен білім алған жерлерде көп­теген қолжазба кітаптарым бар. Көбі Бұқара, Хиуа, Қазан, Уфадан шық­қан. Өзіңнің де жағдайың бар, осы кітап­тарды, қолжазбаларды жинақтап, кітап­хана жаса» деп өсиет еткен болатын.
– Ал, Қорқыт ата туралы бұрын­нан білетін бе едіңіз?
– Әкем маған көзі тірісінде «түркі дүниесінде Қорқыт атадан асқан әдебиетші, ойшыл дүниеге келмеген, енді келмейді де. Қазақстанға жолың түссе, Қорқыт атаның басына барып, зиярат ет» деген болатын. Ал Қазақстанға алғаш қалай келдім? Нияздың отбасы (бізге көмектескен аудармашы) бірнеше жыл бұрын ата- жұртқа көшіп келген соң, мен де ата-бабамның елін бір көруге бел будым. Үлкен атам Қатам ишан – Маңғышлақта әулие болған кісі. Мен сол кісінің төртінші не бесінші ұрпағы болып келемін. Қазақстанға келген соң, бұрын көзкөрген Ниязбен кездесіп, үйінде қонақ болдым, бабам­ның басына бардым. Бұл 2011 жыл болатын. Сол жолы әкемнің өсиеті бойынша, Қызылордадағы Қорқыт ата­ның кесенесіне арнайы келіп зиярат еттім.
– Ал «Қорқыт ата» кітабының үшінші нұсқасын қалай тауып алып жүрсіз?
– Бір жылдары түс көрдім. Түсімде Қорқыт ата қолымнан ұстап, жоғары шығарды. Бұл қалай болғаны деп таңырқап қалдым. Арада екі-үш ай өткен соң әдеттегідей Иранның астанасы Тегеранға барып, ескі кітаптар сатып алдым. Кейіннен су алу үшін бір дүкенге кіргенім сол еді, бір адам матаға оралған бір кітапты көрсетіп, сатамын деді. Қарасам, кітаптің мәтіні әдемі жазылған. Бірден-ақ басылған кітапты алмайтынымды, тек қолжазба жинайтынымды айттым. Бір кезде дүкенші де келіп, әлгі кітапты ұстап көрген соң, «Мына жазбаны түсініп болмайды екенсің, алғаның дұрыс. Бұл – қолжазба кітап» деді. Сонымен әлгі жерде кітапты бар болғаны 35 түменге (300-400 теңге шамасында) сатып алдым. Ал содан кейін көне тілдерді түсінеді-ау деген адамдарға әлгі кітаптың көшірмесін жібердім. Арада сегіз айдай уақыт өтті, хабар жоқ. Кейіннен Түркиядағы білімді досыма жібердім, ол ғалым Сема Барутчуға көрсететінін айтты. Сема Барутчу мұның құны жоғары, өте маңызды қолжазба екенін жеткізді. Қуанғаным соншалық өзім білетін бірнеше білімді адамдарға тағы хабарластым. Осыдан кейін-ақ Түркия, Америка секілді елдерден 8 адам бірінен кейін бірі  Түркістаннан, кейбірі Әзербайжаннан «Қорқыт атаның кітабын таптық» деп газет-журналдарға шыға бастады.
– Бұл қай уақытта болған оқиға?
– Былтыр күзде. Тауып алғанда басында мән бере қоймағаныммен, әлгінде айтқандай, біртіндеп бас­қа­ларға көрсете бастадым. Германияның Кельн деген қала­сында шығыстану, мұсылман әлемінің жұмыстарын зерттеу орталығы бар көрінеді. Кітаптың көшірмесі, суреттері сол жерге жеткенде, олар түркиялық ғалымдармен бірге «Бұл – бұрын-соңды ешкім көрмеген, көрінбеген Қорқыт ата қолжазбасының үшінші нұсқасы» депті. Содан кейін маған әртүрлі қалалардан шақырту түсіп, 3-4 рет Стамбул, Измир, Анкараға барып, кітапты таныстырып, газет-журнал, телевидениеге сұхбат бердім. Сондай бір кездесуде қазақстандық Асқар Тұрғанбаевпен таныстым. Ол «Қорқыт атаның жай тапқан жері – Қызылордада. Екі-үш жыл сайын Сыр елінде түркі халықтарының ғалымдары, өнерпаздары бас қосатын фестиваль өтеді» деп мені арнайы осы жиынға шақырды. Өзімен бірге Тегераннан Стамбулға, Стамбулдан Алматыға алып жүріп, бүгін, міне, Қызылордаға жеттік.
– Бір елге ғана емес, тұтас түркіге ортақ мұраны тауып алдым деп, абырой жинағысы келетіндер көп болып тұр ғой…
– Иә, биыл наурыз айында түркі әлеміне қатысты конференция өтіп, Қазақстанға, Ақтау қаласына келдім. Сонда кітапты да ала келгенмін. Менімен бірге Ирандағы Мақтымқұлы атындағы әдеби бірлестіктің басшысы және тағы бір кісі де жиынға қатысты. Әлгі кітапты қонақүйде кейбір ғалымдарға көрсетпесім бар ма, сонда түріктің бір ғалымы да болған. Қолжазбаны көріп, бір-екі суретін де алды. Кейін Стамбулға барғанда әлгі кісі Қазақстаннан құнды дүние таптым деп, БАҚ-қа жариялап, аздап абырой да жинап алыпты. Содан кейін Түркияның Анкара, Измиріне шақырту түсіп, менің кітапты Тегераннан тапқаным дәлелденді.
– Кітап туралы тереңірек айтып беріңізші…
– Қазір кітап неміс-ағылшын, түрік, парсы, әзербайжан тіліне аударылды. Бірақ кітаптың аудармасын жасау өте маңызды мәселе. Сондықтан, мен кітаптың ақиқатын анықтау үшін осында, Сыр еліне арнайы келдім. Әзербайжандар «Қорқыт атаның қабірі бізде, Қаратау деген жерде» дейді, түріктер Байбурт деген жерде деседі. Бірақ мен қай жерде жүрсем де Қорқыт атаның өмірден өткен жері Қызылордада деп айта жүремін. Шетелдік газет-журналдарға сұхбат бергенде де осыны нақты айтамын. Кітапты сұраушылар бар. Тіпті менен кітапты Иранның трактор жасаумен айналысатын түріктері 7 млрд түменге (700 мың доллар) сатып алуға ұсыныс жасаған. Бірақ мен оны Қорқыт атаның өмір сүрген жеріне барып, сонда тапсыратынымды айттым. Шынымен де, осы жолы келген мақсатым кітапты көпшілікке таныстыру.
– Біз оқыған «Қорқыт ата» кітабында 12 жыр бар. Әуелбек Қоңыратбаев аударған алғашқы басылымы Дерсеханұлы Бұқашжан туралы жырдан басталады. Ал сіз тапқан қолжазбаның нендей ерек­шелігі бар?
– Кітапты түгелдей оқып шықпадым. Бұл кітап ғылымда көне түркі шағатай аталатын тілде жазылған. Қожа Ахмет Яссауидің кітаптары да сол тілде жазылған екен. Оның ішінде қазақ, түрік, парсы, араб сөзі бар. Егер сол тілдердің әрқайсысынан азды-көпті хабары болмаған адам мына кітапты оқып жарытпайды. Ал, кітапта ғалымдардың айтуынша, бұрын кездеспеген жаңа жыр бар.
Біз тапқан кітапта Қазан ханы дас­таны бар. Қазан хан палуаны бір елде елін аждаһадан құтқарады. Ал Қорқыт ата Пайғамбардан 90 жыл бұрын өмір сүрген екен.  Қой бағып жүргенде бір ескі ауылдың жұртынан құман тауып алады. Құманның ішінде 4 дән бар екен. Бидай, арпа, жүгері және тағы бір дән. Сондай-ақ, киіктің терісін көреді. Теріде әлдебір жазу бар болып шығады. Бірақ Қорқыт мұны кімге көрсетсе де, жазбаны тап басып ешкім оқи алмайды. Сонымен шопандықты тастап, осы жазбаны қалай да оқимын деп, 10-15 жылдай білім алыпты. Теріде ешкімді алдамау керектігі жазылған. Содан кейін Қазан хан дастанын жазады. Ал құманнан табылған 4 тұқымды көрші елдер пайдалана бермейді, бұл қазақ жерінде өсетін өсімдіктер.
– Кітапханаңызда тағы қандай кітаптар бар?
– Әлгінде Кеңес үкіметінің тұсында білімділер мен байлардың қудалауға түскенін айттық. Бір ғалым Иранға көшерінің алдында тау тесігіне кітап­тарын жасырып кеткен екен. Сол кісі дүниеден өтер алдында әкеме «егер азаттық болып, елге барсаң, менің тауға жасырған кітаптарымды тауып ал» деп өсиет етіп, қағазға жазып беріпті. Әкем бұл қағазды 45 жылдай өзімен бірге сақтаған. Ал әкем дүниеден өтерде қа­ғаз­ды маған беріп, «Қазақстанға барсаң, әлгі кітаптарды тауып, иесіне тапсыр» деп аманаттады. Бұл менің есімнен шығып кетті, арада 10-15 жыл өтті. Кейіннен Нияздар осында көшіп келді, маған да туған елге келудің сәті түсті. Сонда бір кісі үйіне қонаққа шақырып, 30 жыл бойы қой баққанын, тау арасынан кітаптар тауып алғанын айтып берді. Байқасам, әлгі таудың аты таныс секілді. Иранға оралған соң, бірден әкем берген қағазды іздей бастадым, бірақ таппадым. Арада бірнеше ай өткенде бір танысым оқуға кітап сұрап, қайтып берерде, ішінде қағаздар бар екенін айтып кетті. Қарасам, кітаптың арасында әкем берген қағаз тұр. Сонымен Қазақстанға келіп, әлгі тауға барып, киізге оралған сандықты таптық. Кітаптардың 4-5 данасын өзіммен бірге Иранға алып кеттім. Бірақ, Иранда кітап иесінің балаларын іздеп таппадым. Соның ішінде Қожа Ахмет Ясауидің кітабы бар екен. Мен оны Ирандағы елшіліктегі Айтжан Айдашовқа бердім. Ол Түркістанға не Ұлттық музейге тапсыратынын айтты. Қазір Қожа Ахмет Яссауидің 180-дей хикметі болса, менің тапқан кітабымда 300-ден аса хикметі бар.
– Ғалымдар өркениет алдымен Шығыста, кейде Еуропада басталған дейді. Түркі өркениеті әлемдік деңгейде өзімізді жарқырата көрсетуге қаншалықты үлес қосады?
– Бір білеріміз, түркі әлемі өрке­ниетке көшіп-қонуға ыңғайлы ағаш үйді, доңғалағы бар арбаны әкелді, ең бастысы, даланың асау жануары – жылқыны қолға үйретті.
– «Қорқыт ата» кітабының қай жылы шыққаны, авторы туралы мәлімет бар ма?
– Кітап араб тілінде жазылғандық­тан, әдеттегідей емес, соңынан бас­тап оң жағынан ашылады. Кітаптың төлқұжаты осы жерде болуы керек, бірақ бұл жерде жазылмаған. Мүмкін кітапты саудалаған кісі мән бермей, беттері түсіп те қалған шығар.
–  Өзіңіз қанша тіл білесіз?
– Қазақ тілінен өзге араб, иран тілдерін аздап білемін.
– Отбасыңыз бар ма? Әйеліңіз қазақ па?
– Қазақтар жеті атаға дейін қыз алыспағанмен, көршілес түрікмен, парсы, өзбектер жақынымен үйлене береді емес пе? Менің де әйелім өзімнің немере туысым. Жеті балам бар. Бірақ осы кезде жақынынан қыз алыспаған қазақ халқының ұстанымы дұрыс екеніне кө­зім жетіп келеді. Ең бірінші, мұның ба­ла денсаулығына зияны көп болады екен.
– Уәлимұхамед аға, қазір Сыр елін­де «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фольклорлық өнер фестивалі бесінші рет ұйым­дас­­­тырылып отыр. Бұл жиынға Халықаралық ТҮРКСОЙ ұйы­мының ұсынысымен Түр­кия, Иран, Әзербайжан, Грузия, Сербия, Өзбекстан, Қырғызстан, Баш­құртстан, Саха елдерінен белгілі ға­лымдар мен айтулы өнер шебер­лері арнайы шақырылған. Ал, былтыр ЮНЕСКО-ның адамзат­тың ма­териалдық емес мәдени мұра­сының ұлттық тізбесіне «Қорқыт ата мұралары» енгізілді. Биыл сіздің сонау Ираннан Қорқыт ата кітабының үшінші нұсқасын тауып, әрі оны Сыр еліне хабарлау үшін арнайы келгеніңізді біліп, қуанып отырмыз. Бұл оқиғаларда тарихи сабақтастық та бар секілді.
Әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен
Айдана ЖҰМАДИНОВА,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<