Кейінгі толқыннан көп үміт күтемін

462

0

Биыл – жастар жылы. Атаулы жылдан күтер үміт көп. Қай кезде де ел болашағы – жастар – назардан тыс қалған емес. Кейінгі толқынға дұрыс бағыт-бағдар беру, жақсы тәлім-тәрбие беру аға буынның міндеті деп санайтын ұстаз, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры, халықаралық педагогикалық білім беру академиясының академигі, Қазақстанның құрметті спорт қайраткері Жақсыбек Егізбайұлымен сұхбатымыз осы тақырыпқа арналды.

– Биыл Жастар жылы деп жарияланғаны бәрімізге белгілі. Бұл жылда жастарға мейлінше, қамқорлық, қолдау шаралары жасалатыны айтылды. Сіз­дің­ше, жастар ең әуелі қан­дай қамқорлыққа мұқтаж. Материалдық, әлде рухани?..

– Тұңғыш Президент – Елбасы Жастар жылының ашылуындағы шарада қай елде болмасын, жастар жұмыссыздығы көкейтесті мәселе екенін атап айтты. Жасыратыны жоқ, қос дипломды қалтаға са­лып, жұмыссыздар қатарын кө­бейтіп жүргендер де бар. Шы­нын айтқанда, дипломмен емес, бастағы біліммен жұмыс іздеу керек. Күн сайын өзгеріске ұшы­рап жатқан қоғам, көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан технология ілініп-салынып жүріп диплом алатын жайбарақаттық пен немқұрайлылықты көтермейді. Уақыт көшіне ілесу үшін тек оқу-білім, ізденіс қажет. Әри­не, жастардың материалдық қажет­тілігін өтеу үшін жұмыспен қам­тамасыз ету қажет, ал нарық сұ­ранысы – білікті, білімді, тәр­биелі маман. Сол себепті жастар терең білімді, озық ойлы болуға, ғылымды мең­геруге ұмтылу керек. Бұл үшін көп оқып, көп іздену керек. Ғылым-білім, тәрбие де – кітапта. Ұлы философ Гидроның «Кітап оқымаса ой тоқырайды» деген сөзі бар. Кітап адамның білімін толықтырып ғана қоймайды, рухани өсіреді, тәрбиелейді. Түрлі шы­ғармадағы түрлі кейіпкердің іс-әрекетіне үңіле отырып, оқу­шы өзінің мінезін түзейді, дүниетанымы кеңейеді.

– Технократтық заманда кейінгі толқынның кітаптан алыс­тап қалғаны жасырын емес. Газет-журнал, кітапты гаджет алмастырды…

– Озық технологияның пайда­сымен қатар зияны да бар. Қазір кез келген ақпаратты қолдағы ұялы телефон арқылы іздеп тауып, оқи салу оңай болғанмен, ол білім болмайды. Әрине, ға­лам­торды пайдалана да білу керек. Алайда, бұл әлеуметтік желі­лерге жіпсіз байлану деген сөз емес. Ең қиыны да сол, асып-тасыған ақпараттың ішінен керегін іріктей алмайтынымыз, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін екшей алмайтынымыз. Бұл да  білімнің аздығынан. Кейбір жастар осындай пай­дасыз ақпараттың соңында жүр. Білімді, ізденімпаз, рухани то­лысқан жастар ғаламторды бас­қарады, ал білімі таяз болса, өзіндік пікірі қалыптаспағандарды әлеуметтік желілер басқарады. Ғаламторға соншалықты тәуел­ділктен-ақ олардың деңгей өл­шемін аңғаруға болады. Сол се­бепті де аға буынның «жастар кітап оқымайды» деп дабыл қағуы бекер емес. Білім мен тәрбие, бар асыл қазына кітапта екенін әр­дайым айтып жүрмін. Әрине, жаңа технологияны меңгеріп, оны жұрт қажетіне жаратып жатқан жас­тар аз емес. Жаңа заманға бе­йім­денген кейінгі буынның осы өкіл­дерінен көп үміт күтемін. Олар­­дың осы жетістікке тынымсыз оқу мен ізденіс арқылы жеткендігі қа­­тарластарына үлгі болса екен деймін.

– Сексен жасқа таясаңыз да  еңбекке араласып жүрсіз, ши­рақтығыңыз бен белсенділігіңіз көпке үлгі. Бұл орайда жастарға айтар кеңесіңіз.

– Бала күнімнен еңбекпен өстім. Кесек құю, шөп шабу, мал бағу шы­нықтырмаса, қажытқан емес. Үнемі дене белсенділігі, қимыл-қоз­ғалыс денсаулық үшін пайдалы. Әр­дайым көлікпен жүру дұрыс емес. Мүмкіндігінше жаяу жүру қа­жет. Таза ауада, табиғат аясында сер­уендеу адам жанын сергітеді. Қа­зір біз табиғаттан да алыстап кеттік. Табиғатты тамашалау, ай­на­­­ладағы сұлулықты сезіну, сыл­­дырап аққан бұлақтың, жасыл құ­рақ жаныңды сұлуландыра тү­седі. Бос уақытта ән тыңдау, әр­дайым күліп жүру – денсаулықты сақ­тау­дың бір жолы. Тағы да айтар ке­ңе­сім: денені шынықтыру қажет, зиян­­ды әдеттерден аулақ болған жөн.

Жақында мен республикалық ғылыми конференцияда  «Ұлттық ойындар арқылы жастардың бойында рухани құндылықтарды қалып­тастыру» тақырыбында баян­дама жасадым. Ұлттық ойын арқылы ұлттық намыс оянып, жігер­лендіретінін ұлттық рух қалыптасатынына көз жеткіздім.

– Қазақ қоғамында ажырасу белең алғанын Елбасының өзі атап айтқан еді. Отбасылық өмірге, өмірдің ыстық-суығына мек­теп жасынан дайындау мәсе­лесі де атап айтылды.

– Меніңше, бұл тәрбие бала­бақшадан басталу керек. Отбасын­дағы әкенің, ананың орнын бала күнінен ұғынып өсуі тиіс. Қа­зіргі кезде жас отбасылардың шаңырақ көтергеннен кейін көп ұза­май ажырасып жатуын түрлі себеп­терге телиміз. Отбасының бұзы­луына қаржылық мұқтаждық, ата-енемен тіл табыса алмау, жұ­мыс­сыздық негізгі себеп емес. Мұ­ның себеп-салдары тереңде жатыр. Бұл екі жастың отбасын құруға моральдық-психологиялық тұр­ғыдан дайын болмауынан. Бұл мәселеге қоғам болып назар аударған жөн.

– Сұхбатыңызға рахмет.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА.

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<