«Көрші көршіден үлгі алады»

2372

0

«Іргесі бекем ел» жобасы аясында Қазақстанда экспедиция жұмысы басталды. Оның құрамында әлеуметтанушы, саясаттанушы мамандар мен еріктілер бар. Жоба жетекшісі Ғалымжан Өтелбайұлымен Қызылордаға сапары кезінде жолықтық. Әңгіме кезінде экспедициядан өзге де жайттар сөз болды.

– Жоба үш айға созылады екен. Бір тоқсанның еншісіне қандай жұмыс еніп отыр?

– Мақсат – Қазақстанмен түйісетін елдер шекарасының бергі бетіндегі ауыл-аймақтың әлеуметтік картасын жасау. Тұрғындардың тыныс-тіршілігі, шаруашылық кәсібі, саяси көзқарасы, менталитеті, тілі, этникалық мәселелері, идео­логия­лық тұтастығы мен сәйкестігі, өзге де тақырыптар қаперге алынады. Оны шекараның арғы бетіндегі көрші мемлекеттер тұрғындарының жай-күйімен салыстырамыз. Осылайша биліктің назарына объективті картина ұсынғымыз келеді. Зерттеу жинағын шығарып, танымдық фотокөрме ұйым­дастыру ойда бар. Сәтті жүзеге асырылған жағдайда жоба нәтижесі құзырлы мемлекеттік органдар үшін көмекші құрал болады деп есептеймін.

– Экспедиция тобы анық­тағысы келген мәселелерді құзырлы орындар біледі емес пе?

– Өзіңіз білетіндей, Қазақстан солтүстік пен батыста Ресеймен, шығыста – Қытаймен, оңтүстікте Өзбекстан, Қырғызстан және Түрікменстанмен түйіседі. Жер көлемі жөнінен тоғызыншы орында. Өзбекстаныңыз – Қарағанды, Германияңыз Ақтөбе облысына сыйып кетеді. Ұлан-ғайыр жерде мәселе аз болмайтыны анық. Демек, мұны санаулы институт немесе орталықтың мойнына іліп қоюға болмайды. Жұмысты дұрыс жолға қоймаса, ұлтаралық түсініспеушілік туындайды. Экономикалық, әлеуметтік, тұрмыстық түйткілдер таусылмайды. Жер мәселесі – күнкөрістің қайнар көзі. Жобаға кіріскендегі ойымыз – іргемізді бекемдеу арқылы көршілерге үлгі көрсету. Сонда ешкім қазақтың кең-байтақ жеріне көз тікпейді.

– Мына сөзіңіз ресейлік саясаткер Никоновтың «Қазақстанның территориясы – Ресейдің сыйы» деген сандырағына жауап сияқты…

– Ескеретін нәрсе, ол Ресейдің ресми билігінің пікірі емес. Самарқандты, Ташкентті немесе Орынборды «біздікі болған» деп кез келгеніміз айта аламыз. Қытайдың ауқымды бөлігін Шыңғыс ханның ұрпағы билегенін мақтаныш ету қиын емес. Бірақ шекара жа­йын тартысқа салудың, пікірталасқа айналдырудың қажеті жоқ. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында Президент екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз барын, енді оған ешкім дауласа алмайтынын атап өтті. ХХІ ғасырда ұлттық саясатты жүргізумен шектеліп, радикалдануға немесе вакуумға түсуге тағы болмайды.

– Орыс саясаткерінің сандырағынан, Бораттың мазағынан кейін қазақ өре түрегелді. Қалай ойлайсыз, бұдан қазақтың рухы оянды ма?

– Лев Толстойдан сұраса керек: «Орыс-жапон соғысына қалай қарайсыз?» – деп. Сөйтсе, жазушы: «Адам – құнды жаратылыс бола тұра, өз потенциалын соғысқа жұмсауы – трагедия», – деп жауап беріпті. Мысалы, қоңсы қонған қос үйдің егелері өздерін бір-бірінен үстем санаса, ынтымағына сызат түспей ме?! Ұлттан ұлттың артықшылығы – «біз одан күштіміз» дегенінде емес, адами болмысының кеңдігінде. Қазақтың рухы – философиясында, ауыз әдебиетінде, жыр-дастаны мен қанатты сөздерінде. Ендеше, Қазыбек би айтқандай, біз – ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Ендігі жерде руха­ниятымызға берік болсақ екен. Әйтпесе, әлі жүз жыл футбол ойнасаң да Испанияға, Аргентина немесе Бразилия­ға жете алмайсың. Америка, Жапония, Оңтүстік Корея мен Германия жасанды интеллект жүйелерін дамытудан алдына жан салмайды. Бұл – сол мемлекеттердің артықшылығы. Бізге велосипед ойлап табудың керегі жоқ. Мәселен, «Боратыңыз» – сайқымазақ. «Оны өйтем-бүйтем» деу неге керек? Қоғамың жезөкше, жемқордан таза болса, үндемей қоя сал. Әйтпесе, біздің іс – «сезікті бұрын секіредінің» кері. Осы күні көптеген отандасымыз Оңтүстік Корея, Ресей, Түркия немесе Еуропа елдерінде жұмыс істеп жүр. «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?!» Кеткендерді жазғыра алмайсың, күнкөрістің қамы үшін. Ал оларды елде ұстап тұру үшін жағдайын жасау керек. Өзімізде өндірісті дамыту керек. Міне, бас қатыратын басқа мәселе де жетеді бізде.

– Шекаралық ауылдар Сыр бойында да бар. Өзіңіз сапарлатқан өңірде қандай жайттарды көзіңіз шалды?

– Иә. Өйткені Қызылорда облысы оңтүстік-батысында Қарақалпақстанмен, оңтүстігінде Өзбекстанның Науаи облысымен шектеседі. Сырдария өзені бізге Өзбекстаннан жалғасып жатыр. Облыста онымен байланысты көптеген мәселе бар. «Сыр – Алаштың анасы» дейді, неге? Өйткені, жау жан-жақтан қыспаққа алғанда осы дарияны жағалап, паналады және көшпелі қазақ үшін жайлау да, қыстау да болды. Отырықшы-егіншілік мәдениетке ауысқан уақытта күріш пен тары өндірісіне ден қойды. Алайда, содан бері арада ғасыр­ға жуық уақыт өтсе де психологиялық-моральдық тұрғыда отырықшылық санамызға әлі толық сіңген жоқ. Өзім шет елге жиі барам. Басқаны былай қойғанда, Өзбекстан, Әзербайжан, Түркиямен салыстырып, айырмашылықты аңғарам. Қайткен күнде де көшпелі өмір салтына оралмайтынымыз анық. «Көрші көршіден үлгі алады, қауын қауыннан рең алады» деген бар. Сондықтан жан-жағымыз­дағы мемлекеттерге қарап бой түзегеннің әбестігі жоқ. Егінді әртараптандыру, ­бау-бақша шаруашылығын дамытуда үйренеріміз көп. Ал бұл тіршіліктің бәрі Қызылорда облысының барлық ауданын кесіп өтетін өзенмен байланыс­ты. Шындығында, атауының мағынасы да, тарихы да тереңнен тамыр тартқан Сырдария – Сыр жұртының ғана емес, Қазақстан халқының берекесі, байлығы. Соның қадіріне жетудің қамында болуымыз керек.

– «Өзен жағалағанның өзегі талмас». Бірақ Сырдария соңғы кезде сыр бере бастағандай…

– Сырдарияның қазіргі хәлі маған жақсы таныс. Уақыт өткен сайын су тапшылығы мәселесі күрделене түсуде. Сырдың бойы қаншама мемлекет сыйып кетерліктей болса да 500-600 шақырым жерден Аралға суды жеткізе алмай отырмыз. Себебі егін алқабын суару тәсілі ескірген. Каналдар бұрылып кетеді. Ол құмға сіңіп, қайтпайды. Сондықтан, ауыл шаруашылығы, су ресурсы саласына жауапты құзырлы органдар, жергілікті әкімдік және мамандар, кәсіпкерлер бірлесіп, кешенді, жүйелі іс-шаралар қабылдап, кезең-кезеңімен іске асыруды күшейту керек деп есептеймін. Әуелі су аз қажет ететін дақылдарды егу, яғни егінді әртараптандыру. Екіншіден, суды ысырапсыз пайдаланудың тиімді технологиясы керек. Балық шаруашылығына мемлекеттік қолдау бола тұра су маржаны неге сауда айналымына жетпейді? Өйткені тоқпен ұрып балық аулау тыйылмай тұр. Біз барған ауылдардың халқы «браконьерлер Сырдарияда балық қалдырмады» деп отыр. Ал бұл – табиғат тағылықтан тозатынының бір ғана көрінісі.

– Егінді суарудың ыңғайлы тәсілдерін диқандар білмей ме сонда?

– Диқандар деп бөліп-жарып айтуға болмайды, бұл жерде әңгіме кешенді шаралар, ауыл шаруашылығы саласына жаңа технологияларды ендіру жөнінде болып отыр. Әлгінде бір ғасырдан бері отырықшылық өмірге үйренісе алмай келе жатқанымызды айттым. Осылай жалғаса берсе, аяң жүріспен алға озбаймыз. Озық мемлекеттерде ауыл және су шаруашылықтарында жаңа технология қолданылады. Қоғамның барлық саласында жасанды интеллектке сұраныс жоғары. Сол себепті көптеген мамандық керек болмай қалды. Мысалы, банкте адамның орнын робот пен бот басты. Бұл индустриялық революция кезінде жүн иіру станогы пайда болып, мыңдаған адамның жұмыссыз қалғаны сияқты нәрсе емес. Нанотехнологияға жүгіну – тек экономиканың дамуына сеп. Ал ол артса, халықтың тұрмысы жақсарады, яғни жасанды интеллекттің ерекшелігі – адамдар оны игеру арқылы ауыр жұмыс­тан, бейнеттен құтылып, оңай шаруасын ширатып, егінін егіп кете береді. Қарапайым мысал, диқанның жерін жыртып, дәнін сеуіп, өнімін жинап беретін техникасы жоқ. Бәрі қара жұмыс, асарлатып әрекет қылып жатыр. Сондықтан тиімді басқару тәсілі ауыл шаруашылығына да ауадай қажет.

– «Қазақстанда мемлекеттік идеология жоқ» деген тіркесті жауыр тақырып болса да қайталайын. Сіздіңше, оны кім және қалай жасайды?

– Идеология еңбектеген баладан еңкейген кәріге де­йін жүрегіне сіңген, түсінігіне ыңғайлы әрі тарихтан тамыр тартқан болуы тиіс. Оны қолдан жасаудың қажеті жоқ. Бірақ, «қазақ боламыз», «өз ата тегімізді танытамыз» деп жастарды орта ғасырлық өмір салтына үгіттемеуіміз керек. Керісінше, өткен дәуірде жасап кеткен ата-бабамыздың ғажайып кереметтерін таныту арқылы бүгінгі буынның ой-өрісін кеңейтіп, жасанды интеллект деңгейіндегі озық жетістіктерге жетуіне саналы ой қалдырған абзал. Мысалы, АҚШ жастары осыдан 70-100 жыл бұрынғы батыс ғалымдарының цифрлық технология­ға қатысты айтып кеткен, сол уақыттағы адамдар үшін ­қиял-ғажайып болғанымен, бүгінде шындыққа айналған болжамдарын жүзеге асыруды негізгі бағыт ретінде ұстанады. Осылайша, батыс өрке­ниеті қиял-ғажайып болжамдар мен теорияларды қорықпай іс­ке асырумен, сол идеяларды аяқсыз қалдырмайтынды­ғымен ерекшеленіп отыр. Ал, біз «қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман келеді» деген болжамды іске асыруға, соны зерттеп-зерделеу­ге мүлдем мән бермейміз… Шындығында Ұлттың ең басты құндылығы осы болжамды тео­рияда тұр. Бұл біздің ұлттық идеологиямыз болуы қажет. Сондықтан бізге барды пайдалана отырып, ата-бабамыздың арманындағы «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманды» жа­қындатуға жұмылу керек.

– Коронавирус пандемиясына байланысты былтыр бірнеше мерейтой онлайн форматта өтті. Бұл қаншалықты тиімді?

– Іс-шараларды виртуалды түрде өткізудің маңызы шамалы. Ас беруді онлайн форматта өткізе алмайтынымыз сияқты концерт те солай. Өйткені халық оны телеарнадан күнде көріп жүр. Менің ойымша, ең өтімді өнім – көркем фильм. Қаптаған іс-шараның орнына тарихи-танымдық дүние жасауға ден қойған дұрыс болар еді.

– Отандық киноны дамыту жайына Мемлекет басшысы да тоқталды. «Көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз «Құрманжан датқа» фильмі арқылы анық көрсетті», – деді Президент…

– Көркем фильм саяси жү­йенің араласуынсыз түсірілгені дұрыс. Қаржылай қолдау болса, шығармашылық энтузиазм өкілдерінің қолынан келетін іс. Бұл жерде Ресей, Қытай мен Түркиядан үлгі алатын тұстар бар. Осман патшасы Сүлеймен туралы бір ғана түрік телехикаясы туристердің Анадолыға ағылып келуіне әсер етті. Қаншама қазақ теледидарға телміріп соны көреді. Президенттің сөзі жөн: «Көркем және деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік және мемлекетшілдік идеясы әрдайым көрініс табуы қажет.

– Саяси жұмыстың басында жүргеніңізді білеміз. Сөз соңында биліктің ауыл әкімдерін сайлау бастамасына көзқарасыңыз?

– Сайлауды құптаймын. Бұл бұрын эксперимент ретінде өтті. Біріншіден, бұл – халықтың дауыс беру құқығын жүзеге асыру. Екіншіден, қаншалықты рулық деңгейден шығып, мемлекеттік деңгейге көтерілгенімізді анықтау­ға көмектеседі. Біз билік пен бұқараны көбіне бөліп-жарамыз. Бірақ билік – халықтың айнасы. Өйткені ондағы адамдар халықтың ортасынан шығады. Сайып келгенде, әкімдер сайлауы – биліктен әділдікті талап етіп келе жатқан халықтың әділдігі де сыналатын сәт.

– Уақыт бөлгеніңізге рахмет!

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<