«Ливандағы соғыс жарасы бүгін-ертең жазылмайды»

837

0

Сәулет Қалдашов – Қазақстанның Қарулы Күштері бас әскери-медициналық басқармасының аға офицері, медицина қызметінің подполковнигі, медицина ғылымының магистрі. Біріккен Ұлттар Ұйымының миссиясына қатысушы тұңғыш қазақстандық бітімгер әскери дәрігер. «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының өткен жылғы жеңімпазы. 

Қармақшы ауданының Дүр Оңғар ауылында дүниеге келген. Жұбайы Аягөз екеуі бес бала тәрбиелеп отыр. Қазір Нұр-Сұлтан қаласында тұрады.

 

– «Қазақстанның 100 жаңа есімі» қатарынан жерлесімізді көріп, қуанып қалдық. Құтты болсын! Жоба жеңімпазы болу өміріңізге қандай да бір өзгеріс әкелді ме?

– Рахмет! Жобаға қатысу арқылы, біріншіден, қолдаушыларымның аз емес екенін, екіншіден, жауапкершіліктің бұрынғыдан да күшейе түскенін сезіндім. Елбасы бастамасының мақсаты – күнделікті еңбегімен өз саласының, мемлекеттің дамуына үлес қосып жүрген жандарды, олардың еңбегі мен жетістіктерін дәріптеу, жастарды осылайша еңбексүйгіштікке, отансүйгіштікке баулу. «Мемлекет маған не береді деп емес, мен мемлекетке не берем?» деп сұрақ қой» дейді Джон Кеннеди. Ол үшін тау қопарудың қажеті жоқ, өзіңе жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып, кәсібіңді шын сүйіп, сенің жұмысыңның нәтижесі халықтың әл-ауқаты мен елдің өркендеуіне тікелей әсер ететінін сезінсең болғаны.

– Сәулет, бітімгершілікпен Ливанда болған тұңғыш қазақстандық әскери дәрігер екенсіз. Сізге қандай міндет жүктелді?

– Әлемдік бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау ісіндегі міндеттемелерін орындау мақсатында Қазақстан 2018 жылдың қазан айынан бастап тұңғыш рет «Біріккен Ұлттар Ұйымының Ливандағы уақытша күштері» деп аталатын миссияға азаматтарын жібере бастады. Біз әлемнің 42 мемлекетінен келген тәжірибелі әскери қызметкерлермен бірлесе жұмыс атқардық. Міндетіміз – Израиль мен Ливан арасындағы уақытша «көгілдір сызық» деп аталатын шекараның бұзылмауын, атыстың, заңсыз іс-әрекеттер мен қимыл-қозғалыстың болмауын қадағалау. Сонымен қатар, Ливан Үкіметі мен Қарулы Күштеріне жан-жақты көмек көрсету арқылы елдің аяққа тұруына ықпал жасау. Біздің офицерлер мен сарбаздар Израиль мен Сирия жақтағы 24 сағаттық бақылау бекеттері мен сол елдерден келетін жолдардағы көлік қозғалысын бақылап-тексеретін блокпосттарда қызмет атқаруда.

Бөтен елде, бөтен жерде, таңсық жағдайда «24 сағат – 7 күн» тәртібімен миссия мандаттары талаптарының толық орындалуына атсалыстық. Қызмет барысында ешқандай құқықбұзушылық, кемшілікке жол бермей, миссия басшылығының ілтипатына ие болдық. Ливан халқы мен ел басшылығы да ізгі лебізін білдірді. Тіпті, біздің әлі де болғанымызды қалады. Өзім үнді-қазақ батальонының тыл бөлімінде тыл жөніндегі офицер ретінде Ливанның оңтүстік шығысында, Израильмен, Сириямен шекаралас аймақта қызмет атқардым. Күнделікті тыл мәселесінен басқа, өзіміз бен шетелдік әскери қызметкерлерге, жергілікті халыққа медициналық көмек ұйымдастырумен айналыстым. Әртүрлі елдердің осында орналасқан Біріккен Ұлттар Ұйымы госпитальдарын араладым. Жұмыс барысында госпитальдардың құрылымымен, емдеу-профилактика жұмысының ұйымдастырылу, жүргізілу тәртібімен таныстым. Медициналық қажеттілікпен жабдықталуын, медициналық құжаттардың жүргізілу ерекшелігін зерттедім. Білімім, тәжірибем мен машықтарым болашақ әскери госпиталь дайындауда және оны Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясына жіберуде қажет болатынына сенімдімін.

– От пен оқтың ортасына баратыныңызды үй іші қалай қабылдады? Бұл әскери бұйрық па әлде?..

– Бір гарнизоннан екіншісіне, бір қаладан келесі қалаға көшіп жүруге әскерилер әбден үйренген. Тиісінше отбасы қасында болып, жауапты қызметтің ыстығы мен суығына бірге көніп, ауыртпалығын бірге бөлісіп отырады. Әскери ортада «сенімді тылың – жұбайың» деген бар. Менің қолдаушыларым – әйелім мен балаларым. Біріккен Ұлттар Ұйымы миссиясына әскери бақылаушы ретінде мені таңдады. Әуелі бірнеше жыл бойы еліміз бен шет елдердегі әртүрлі оқу-жаттығу, семинар-конференцияларға үйренуші ретінде қатыстым. Кейінгі 5-6 жылда Біріккен Ұлттар, Шанхай ынтымақтастық, Еуропадағы ынтымақтастық және қауіпсіздік, Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарт ұйымдары өткізген шараларға дәріс беруші, нұсқаушы ретінде шақырылып, тәжірибе жинадым. Одан алған әсерімді үнемі үйдегілерге айтып отырғандықтан олар бітімгершілік миссиясының маңызын жақсы түсінді. 2018 жылы, сөйтіп, Ливанға барған қазақ бітімгершілік ротасына қосылдым. Сын сағаттар өзімді сынауға, білім-тәжірибемді көрсетуге мүмкіндік берді.

– Халқының саны 6 миллионнан әзер асатын ел неге қақтығыстан көз ашпай отыр? Онда барар алдында мұны әбден зерттеген боларсыз…

– Ливан өткен ғасырдың жетпісінші жылдарына дейін «Таяу Шығыстағы Париж!» немесе «Таяу Шығыстың Швейцариясы!» деген атауға лайық гулденген, экономикасы өрлеген көпұлтты және көпконфессиялы ел болған. Алайда, діндер мен конфессиялар араздығынан бүлік туып, оған сыртқы күштер араласып, азамат соғысы белең алды. 70-ші жыл соңында халқы жік-жікке бөлініп, ауызбіршілігі мен ынтымағынан ажырады. Жеріне көрші мемлекет басып кіріп, жер дауы халықаралық жанжалға ұласты. 2000 жылдың басында Ливанға Біріккен Ұлттар Ұйымы көмекке келді. Таяу Шығыстағы ахуалдың күрт өзгеруі, Сирия мен Палестинадан келген миллионға жуық босқынның осы елді паналауы жергілікті халықпен арада кикілжіңнің пайда болуына әкеп соғып, онсыз да күйзелісте тұрған ел экономикасына ауыртпалық салды.

Дәл қазір онда өршіп тұрған соғыс жоқ. Бірақ тыныштық кез келген уақытта бұзылып, соғыс өртіне ұласуы мүмкін. Жоғарыда аталған жағдайлар өндіріс пен инфрақұрылымның кенжелеуіне, халықтың әлеуметтік жағдайының нашарлауына, сыртқы донорларға экономикалық тұрғыдан тәуелді болуға, тұтыну тауары мен қызмет түрлерінің күрт қымбаттауына, жұмыссыздыққа, артынша жастардың көп бөлігінің нәпақа табу үшін шет ел асып кетуіне, елде саяси тұрақсыздықтың пайда болуына әкеп соқты. Нәтижесінде 2019 жылдың қазан айында халық үкіметке қарсы ереуілге шықты. Ол үлкен қақтығыстарға ұласып, саяси және әлеуметтік ахуал құлдырады. Дәрігер ретінде білем, Ливан халқы, оның ішінде балалар басынан өткерген жан жарасы бүгін, ертең, тіпті ондаған жылда да ұмытылмайды, жазылмайды. Кеуде мен көңілдегі соғыс жарасы уақыт өте, ұрпақ жаңара келе ғана жазылатын шығар, бәлкім.

– Бітімгер ретіндегі бір күніңізді суреттеп беріңізші…

– Күнделікті жұмысым таңғы сағат 6-да дене шынықтырудан басталады. Ауқаттанған соң штабта үнді әріптестеріммен тылдық қамтамасыз ету жөніндегі өзекті сұрақтар мен мәселелерді талқылаймыз. Басшылықтан азық-түлік, киім-кешек және медициналық қажеттілікпен қамтамасыз ету бойынша құжаттарға жауап дайындаймын. Штабтағы жұмыстан соң қазақстандық бітімгершілік ротасы орналасқан базаға, бітімгершілік нысандарына барам. Ондағы әскери қызметшілердің денсаулығын тексеріп, көңіл-күйін сұрап, жатын орындары мен тұрмыс жағдайын қараймын. Жұмыс барысында пайда болған кездейсоқ мәселелердің шешімін тауып, сұранысты қанағаттандыру да міндетіме кіреді. Денсаулығына шағымданғандар мен аяқасты ауырғанғандарға орта буын медицина қызметкерлерімен бірге медициналық көмек көрсетіп, оларды госпитальға эвакуациялауды ұйымдастырамын.

Одан әрі батальонға қарасты бірінші деңгейлі госпитальдағы шетелдік дәрігерлермен бірге медициналық сұрақтарды талқылап, науқастардың жай-күйімен танысам. Аптасына 5 күн жергілікті халыққа медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырып, науқастарға ем-дом жасауға тікелей қатысамын. Бұл әскеріміздің беделін арттырып, халықпен достық қарым-қатынас орнатуға септігін тигізеді. Кестеге сәйкес жеңіл көлікпен патруль бастығы ретінде 2-4 сағат шекараны шолып шығам. Ондағы мақсат – Ливанның Израильмен шекарасындағы «көгілдір сызық» бойымен жүріп өтіп, күнделікті миссия мандатының сақталуын тексеру және бақылау.

Тыл офицері ретінде ротаның материалдық-техникалық сұрақтары бойынша Нью-Йорк пен Ливанда миссия штабы орналасқан Накура қаласынан келген тексерудің өтуін ұйымдастырдым. Оның қорытындысы бойынша ротамыз шетелдік әскери контингенттерге қарағанда жоғары рейтингтен көрінді. Бұдан басқа, Ливан елі және әскерімен қарым-қатынасты нығайту мақсатында миссиядағы көпұлтты әскери контингенттер арасында өтетін мәдени-спорттық шараларға белсене араластым.

– Ливанның халқы, өмір сүру салты, ас-ауқат, ауа райы несімен ерекшеленеді?

– Ливан – Жерорта теңізінің шығыс жағалауында орналасқан Таяу Шығыстағы кішігірім ел. Солтүстігі мен батысында Сириямен, оңтүстігінде Израильмен шектеседі. Көбінесе таулы, орманды, далалы жерлерінің өзі төбелермен ұласып жатады. Ауа райы жұмсақ, жер бедеріне байланысты тез өзгермелі, туризм мен ауыл шаруашылығына өте қолайлы. Жаз мезгілінде таулы аймақтар үнемі желді, құрғақ болады. Қазан, ақпан, наурыз айларында толассыз жаңбыр жауады. «Бека» деп аталатын ойпатты даласында және екі таулы қырат жоталарында қыс мезгілінде қар өте қалың түсіп, ұзақ уақыт ерімей жатады. Ауа райының қолайлылығы мен ерекшелігі бақша дақылдарын, цитрус жемісінің барлық түрін өсіруге мүмкіндік береді.

Тарихынан Александр Македонский, Сұлтан Бейбарыстың аяғы тиген жер екенін білдік. VІІ ғасырда Ливан аумағына арабтар келген. Одан кейін Осман империясы жаулап алған, соңынан француз елінің басшылығында болған. Халқы негізінен араб, сонымен қатар, көпшілігі француз және ағылшын тілдерінде сөйлейді. Дін жағынан таңғаларлық мәлімет келтірейін. Бұл халық – алуан дінді және көпконфессиялы. Арабтар келгенге дейін Византия билігінде болған жергілікті халық христиандықты мойындады. Арабтар келген соң ислам діні тарады. Сондықтан халқының 54 проценті – мұсылман, оның жартысы – суннит, жартысы – шиит. Қалғаны – христиан, басқа да дін өкілдері. Христиандардың өзі бірнешеге бөлінеді. Оған қоса, халқының 4 проценті – друздықтар, бұлар мұсылмандарға жақын. Бірақ ғасырлар бойы бөлектеніп, өз алдына басқа тармаққа айналған сияқты. Мұсылман бөлігі ислам діні талаптарын қатаң ұстанады. Оны киім үлгілері мен күнделікті қарым-қатынасынан байқайсыз.

Ливанның ұлттық тағамдары әралуандығымен ерекше. Түрік, араб, француз тағам үлгілерінің араласуын көресіз! Вегетариандық тағамдардың басым екені байқалады. Асханада көбіне бұршақ, жаңа піскен жеміс, көкөніс, ет тағамдарынан балық, құс, қой еті, дәмдеуіш кеңінен пайдаланылады. Тәтті тағамдарға өте бай. Көптеген тағамдар грильде дайындалады, зәйтүн майында пісіріледі немесе қуырылады. Сусындардан кофені ерекше стильмен дайындаса, біздегі айранға ұқсас сүт сусындары да жеткілікті. Оған қоса, ливандықтар – қызыл шарап дайындаудың шебері. Салт-дәстүрінде біздің халыққа ұқсас тұстары бар, ол – қонақжайлылығы мен үлкенді сыйлауы. Сыпайылыққа мән береді. Қонағына ерекше құрмет көрсетіп, дастарқанын кеңге жайып, жаныңыздан кетпей, әңгімеге тартып, қызығушылық танытады.

– Сәулет, қанша тіл білесіз? Сұраған себебім, ондағы өзге ұлт өкілдерімен қалай түсінісіп, жұмыс істедіңіз?

–Қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік білем. Француз тілін үйреніп жүрмін. Ливанда жұмыс істеу оңайырақ болды, өйткені жергілікті халық көбіне ағылшын, француз тілдерінде сөйлейді. Осы елге шығар алдында араб тілінде күнделікті қолданыстағы біршама сөз бен сөйлемді жаттадым. Ливанда орыс тілінде сөйлейтін егде жастағы адамдар да кездесті. Олар негізінен дәрігер, инженер, педагог, зейнет жасындағы әскери адамдар еді. Сөйтсем, олар Кеңес одағы кезінде Алматы, Мәскеу, Харьков қалаларында білім алған екен.

– Ливан сапары көзқарасыңызды өзгерте алды ма?

– Біріккен Ұлттар Ұйымының бітімгершілік миссиясындағы жұмыс бізге тәжірибе жинауға, жаңа мүмкіндіктерге жол ашты. Бұл, бір жағынан, мемлекеттің халықаралық аренадағы беделін арттырады. Миссия адамның дүниетанымын өзгертеді деп айта аламын. Соғыс пен қақтығыстардың ауыртпалығы мен салдарын көріп, әлемге басқаша қарайсың. Барлық күш-жігерді бейбітшілікті қорғауға бағыттау қажеттігін білесің. Ливан мысалында еліміздің күші – халықтың бірлігінде екенін, ал ауызбіршілік пен ынтымақсыз мемлекет болмайтынын түсінесің. Aбaй атамыздың «Әлiмcaқтaн беpi ел бoлудың aмaлы – iшкi бipлiк» деген нақылы әлі де өзекті. Себебі бірлік пен келісім орнаған жерде ғана бейбітшілік бар. Бізге қазақ шаңырағына біріккен халықтар мен этностардың бір-біріне деген ыстық-ықыласы, түсіністігі мен келісімі маңызды. Сондықтан бейбіт өмірдің болу-болмауы да өз қолымызда. Оны сырттан бізге ешкім әкеп бермейді.

– Көпбалалы әке ретінде айтыңызшы, ұлыңыз әскери саланы таңдаса, қарсы емессіз бе? Қанша дегенмен, қиындығы көп…

– Қарсы емеспін. Өйткені ел қорғаны болу – әрбір ер жігіттің азаматтық парызы. Ұлым Мұхаммедәли әскери ортада өскендіктен әскери өмірдің ерекшеліктері оған таңсық емес деп ойлаймын. Биыл мектеп бітіруші ретінде дәрігер болуды мақсат етіп отыр. Келешекте әскери салада қызмет атқарады деп ойлаймын.

– Уақыт бөлгеніңізге рахмет!

 

 

    

Сұхбаттасқан 

Назерке САНИЯЗОВА, 

«Сыр бойы» газеті. 

Суреттер Сәулет Қалдашовтың жеке архивінен алынды

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<