Американдық физик, футуролог (болашаққа болжам жасаушы), Нобель сыйлығының лауреаты Митио Каку бүкіл ғаламның, яғни ғарыштық кеңістіктің қалай құрылғанын түсіндіретін теория авторы ретінде танымал. Әлемге әйгілі ғалым сонымен бірге адамзатты болашақта қандай өзгерістер күтіп тұрғаны туралы тақырыпта әртүрлі аудиторияларда баяндамалар жасап, көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Ол былтыр Ресейде өткен «Ашық инновациялар» форумына қатысып, журналистер тарапынан қойылған сан түрлі сауалдарға жауап берген болатын. Солардың бірқатарын ықшамдап аударып, оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
– Адамзатқа цифрландыру технологиясы не әкеледі – жаңа қауіптер ме әлде жаңа мүмкіндіктер ме?
– Жаңа технологияның дамуы туралы айтқанда тәуекел әр уақытта болатынын ескеру қажет. Алайда, қалай болғанда да оларды пайдаланудың қоғам үшін пайдасы болары анық. Цифрлық трансформация қазіргі капитализмнің қарама-қайшылықтарын жоюға көмектесіп, оның тиімсіз тұстарынан, өндіруші мен тұтынушының арасында болатын, бизнес процесте қажетсіз, ешқандай құндылығы жоқ делдалдардан құтылудың мүмкіндігін алып келеді деп сенемін.
– Сандық технология тауарларды тұтыну мен қызмет көрсетуді қалай өзгертеді?
– Негізгі өзгеріс үйреншікті капитализмнен жетілдірілген капитализмге өтуімен байланысты болады. Капитализмнің классикалық жүйесінде бағаны ұсыныс пен сұраныс анықтайды. Бұл жүйе Адам Смиттің кезінде жаман жұмыс істеген жоқ. Онда тұтынушылар қолжетімді тауарлардың басым көпшілігінің бағасы қалай құралатынын біле алатын. Ал қазіргі күні біз көп жағдайда тауарлардың өзіндік құны туралы ештеңе айта алмаймыз, өйткені, жетілмеген және әділетсіз капитализмнің арқасында сатып алып қайта сататын делдалдар ғана ұтысқа ие болады. Ал жетілген капитализмге ауысуға жаңа техникалық интеллектуалды қондырғылар көмекке келеді.
Елестетіп көріңіз, адам дүкенге барарда киетін контактілі линза болады. Ол линзаны киіп алып, тауарға қарайды, «ақылды линза» тауардың бағасын, сапасын, басқа сауда орталықтарындағы осындай тауарлардың бағасымен, сапасымен салыстырып, қай жерден нені сатып алу жөнінде сол мезет ақыл-кеңесін береді. Сатып алушы әп-сәтте өзін қызықтырған тауар жөніндегі барлық пікірлерді қарап шығып, ол туралы қажетті ақпараттың барлығына қол жеткізе алады. Мұндай қондырғы әрбір тұтынушыны рынокты жете білетін сарапшыға айналдырып шығарады. Ұсыныс пен сұраныс идеалды түрде бір-біріне сай келетін болады. Демек, капитализмнің жетілген түрі жұмыс істей бастайды.
– Мұндай қондырғылар көмегімен тек тұтынушы ғана ұтысқа ие бола ма, әлде бизнесмендер де ұтысқа шыға ма?
– Қажетсіз делдалдардан басқалардың барлығы да. Тұтынушылар төмен бағамен сапалы тауарға қол жеткізеді. Өндірушілер тауарды көптеп сата алатын болады. Басты себеп, ретейлерлер қонымсыз үстеме баға қоюды доғарады, техникалық қондырғыларынан «мол ақпаратты» сараптап, әрбір тұтынушысының портретін анық көре алады. Олар тұтынушыларға қосымша құндылықтар жасау үшін жаңа технологиялар толқынын ұстап қалып, өздерінде қалдыруға тырысады. Ал тым жоғары баға қою, үлкен аудиторияға арналған жарнамалар келмеске кетеді.
Бүгінде Airbnb және Uber секілді сервистер немен айналысады? Қажетсіз делдалды жоюмен айналысады. Нәтижесінде одан барша қоғам ұтады. Өйткені, тұтынушылар рыноктан жаңа құндылықтарды таңдай алады, ал өндірушілер тұтынушылардың талап деңгейінің өсіп келе жатуына орай тауарлар мен қызмет сапасын үнемі көтеріп отыруға мәжбүр болады.
– Қазірдің өзінде технологиялардың дамуы жақын болашақта ондаған мамандықтың жойылуына әкеп соғады деген болжам жасалуда. Бұл қоғам үшін қатер ме, әлде жақсылық па?
– Жойылатындар қазірдің өзінде пайдасы аз сол делдалдық мамандықтар. Мәселен, техникалық қондырғылар біліктілігі төмен дәрігерлерді алмастыратын болады. Егер сіз таңертең ұйқыдан тұрғанда өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, төсекте жатып-ақ виртуалды докторыңызға қаралуыңызға болады. Сізге ешқайда барудың қажеті жоқ, тіпті арнаулы тетіктерді де басып жатпайсыз. Рободоктор «Қай жеріңіз ауырып тұр?», «Қайтіп ауырып тұр?» сияқты басқа сұрақтар қойып, содан соң өзінің бай базасына сүйеніп, диагноз қояды. Мұндай рободәрігер арнайы сенсорлар арқылы ДНК құрамын тексере алады, инфрақызыл камерасы арқылы қызуыңызды өлшеп, кейбір сараптама түрлерін жасап береді. Ал бұдан күрделі жағдайларда ғана нағыз дәрігерге көрінесіз. Осындай жасанды интеллектіні қолдануға құралған жүйелер медицинаны алға бастырып, адамдардың денсаулығы мен өмірін сақтап қалуға көмектеседі.
– Кейбір мамандықтар қазірдің өзінде көз алдымызда жойылуда. Мәселен, ресейлік ірі банк басшылығы 3 мыңдай заңгерді қысқартпақ, оларды бағдарламалық кешендер алмастыратын болады.
– Заңгерлердің алғашқы кезекте болуы өте орынды. Бүгінде әлемде арыз, шағым жазу секілді қалыптасқан, күнделікті орындалатын жұмыстарды атқаратын ондаған робозаңгерлер жұмыс істеуде. Бұл енді қайтарымсыз процесс.
Дегенмен, адамдарды роботпен алмастырғанда ойланбай қадам жасаудан сақтандырғым келеді. Бүгінде көптеген банктерде жоғары жалақы алатын қаржы сарапшыларын жалақы сұрамайтын алгоритмдерге алмастыру туралы пікірлер пайда болуда. Алайда, алгоритмдер адамдарды толыққанды алмастыра алмайды – олар тек басшылық шешім қабылдар кезде мол ақпарат ұсынумен ғана көмек көрсетеді. Сол секілді, жоғарыда айтып кеткен рободәрігерлер де дәрігерлерді алмастыра алмайды, тек көмегін тигізетін болады. Күнделікті жалықтыратын жұмысы бар барлық салада қызметкерлерді жасанды интеллект ауыстырады. Ал қызметтен босағандар өздерінің уақыты мен энергиясын пайдалы, жасампаз жұмыстарға арнайтын болады.
– Интернеттің дамуымен болашақта өміріміз өзгере ме?
– Жақын болашақта интернет қазіргі электр секілді үйреншікті дүниеге айналады. Жүз жыл бұрын барлығы электр туралы жақсы білді. Қазір біз автомобильді немесе смартфонды пайдаланғанда олардың электр тогын қолданып жатқаны туралы ойлана бермейміз, солай болуы керек деп қабылдаймыз. Ол өміріміздің бөлінбес бөлшегіне айналып кетті, былайша айтқанда, алғашқы қауым адамдары үшін айналасында өсіп тұрған түрлі шөптер мен ағаштар секілді дүние. Интернетті де сондай тағдыр күтіп тұр. Барлық қондырғылар Желіге қосылып, біз біртұтас интеллектуалды орта ішінде өмір сүретін боламыз. Адамдар сиқыршы сияқты өмір сүрмек, олар жансыз материямен үнемі байланыста болып, дауысымен, ыммен, тіптен ойша заттарға белгілі бір жұмыстарды атқаруға бұйрық беріп тұрады.
– Ал қоғамның өзі қалайда өзгере ме?
– Әрине, тек тұтастай қоғам ғана емес, тіпті ой-сана және әрбір жеке тұлға цифрланатын болады. Компьютерлер миымыздан біздің әсерімізді және естеліктерімізді қабылдап алуға үйреніп, оларды ауқымды қорларында сақтайды және оны басқалардың миына құюға қол жеткізеді. Бұл бағыттағы зерттеулер Массачусетс университетінде жүргізілуде. Әсерлерді сақтауды цифрландыру тұтыну саласының төңкерісіне алып келеді. Өйткені, кез келген адам басқа тұтынушылардың өнімдермен танысуынан бастап оны сатып алғанға дейінгі әсерімен таныса алады.
Бұл тек басы ғана. Цифрлық технологиялар арқасында адамдар бір мағынада мәңгілік өмір сүрмек. Мәселен, Альберт Эйнштейн туралы барлық мәліметті жинастырып, соның негізінде оның цифрлық жеке тұлғасын реалистік голографиялық бейнесінде толықтырып жасауға болады.
Ал тірі жүрген адамның цифрлық тұлғасын жасап шығару анағұрлым жеңіл болмақ. Мысалға, кез келген адамның миынан ақпаратты қабылдап алып, виртуалды егізін жасап шығуға болады. Мұндай цифрлық аватар нағыз иесіне өте жақын болады. Егер сіз дүние салсаңыз, ол сіздің орныңызға өмір сүріп, сіздің мінез-құлқыңыздың негізінде дамып, адамдармен байланыс нәтижесіндегі әсерлерімен естеліктерді толтыра береді.
– Мұның бәрі енді ғылыми фантастика саласына жататын секілді. Ал енді осы айтылғандарды біздің көретініміз анық па, әлде болашақ ұрпақ көре ме?
– Жиырма жыл бұрын интернет өмірімізде дәл осылай орын алады деп ойлап па едік. 15 жыл бұрын бүгінгі адамдар смартфондарынан ажырамастай болатынын, үнемі оның көмегіне жүгінетінін тіптен болжаған жоқпыз. Жаңа мүмкіндіктердің пайда болуы жаңа шешімдерге қатысты емес. Бұлардың көпшілігін футурологтар әлдеқашан болжап қойған болатын.
Әлемнің өзгеруіне технологиялық мүмкіндіктердің өсуі де өзіндік үлес қосуда. Мәселен, процессорлардың өнімділігі әрбір 18 айда екі еселенуде. Бұл жағдайда Мур заңы да алдағы уақытта жұмыс істемей қалады. (Intel-дің негізін салушы Гордон Мур интергралды схемада орналасқан транзисторлар саны әрбір екі жыл сайын өзгеретінін байқаған. Ол Мур заңы деп аталады). Енді кремний дәуірі аяқталып келеді. Біз ақпарат таратушы жаңа дүниелерді игеретін боламыз. Қоғамды цифрландыру басталды. Ол біздің көз алдымызда жүзеге асуда, енді бұл процесті кері қайтара алмаймыз.
Әзірлеген Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,«Сыр бойы».
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<