«Негізгі мақсат – халықты сапалы әрі үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету»

8

0

ХХІ ғасырдағы жаһандық қауіптің бірі – ауызсу тапшылығы. Ғалымдар ауызсуды мейлінше үнемдеу қажеттігін ескертіп, келешекте тұщы су қорының күрт төмендеуі мүмкін екенін айтып, дабыл қағуда. Демек, біз күнделікті тұтынып отырған судың қадіріне жетуіміз қажет. Өйткені қазірдің өзінде әлемде 1 миллиардқа жуық адам ішуге жарамды суға зәру.

Сәуір айының 1-нен бастап облыста ауызсу бағасына өзгеріс енді. 20 жыл бойы өзгермеген тарифті қайта қарауға қандай факторлар негіз болды? Жаңа тариф қаншаға артты? Бұл туралы біз облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан  Ізмағамбетовтен сұраған едік.

– Бауыржан Нұрланұлы, өткен жылы қабылданған жаңа Су кодексі аясында өңірлерде бірқатар өзгеріс қолға алынуда. Соның ішінде ауызсу тарифіне қатысты шешім қоғамда қызу талқыланып жатыр. Бұл өзгерістің негізгі себебі неде?

– Иә, бұл – өте өзекті мәселе. 2025 жылғы 9 сәуірде қабылданған жаңа Су кодексіне сәйкес жергілікті атқарушы органдарға ауызсудың бір текше метріне төлемақы мөлшерін бекіту міндеті жүктелді. Осыған байланысты Үкіметтің өкімі және министрлік бекіткен әдістеме негізінде өңірлерде нақты есептеулер жүргізілді. Қызылорда облысы бойынша да әлеуметтік-экономикалық талдау жасалып, жаңа тариф белгілеу қажеттігі туындады.

– Әлеуметтік-экономикалық талдау қандай нәтижелер көрсетті?

– 2022-2025 жылдар аралығында халықтың табысы мен негізгі экономикалық көрсеткіштері айтарлықтай өскен. Мысалы, орташа жалақы 32, ең төменгі жалақы 30, жан басына шаққандағы табыс 24 пайызға артқан. Жалпы алғанда, негізгі көрсеткіштердің орташа өсімі шамамен 25%-ды құрап отыр. Ал ауызсу тарифі соңғы 20 жыл бойы өзгеріссіз қалғанын ескерсек, бұл теңгерімсіздік қалыптастырды.

– Жаңа тариф нақты қандай деңгейде бекітілді?

– Жүргізілген есептеулер нәтижесінде Қызылорда облысында ауызсудың бір текше метрі үшін есептеу құралдары бар тұтынушыларға – 70 теңге, ал есептеу құралдары жоқтарға 120 теңге болып бекітілді. Бұл шешім 2026 жылғы 20 наурызда облыстық мәсли­хаттың №239 шешімімен ресми түрде қабылданды. Мұндай екі деңгейлі тариф тұрғындарды суесептегіш құралдарын орнатуға ынталандырады деп күтілуде.

– Тариф республикадағы орташа көрсет­кіштермен қаншалықты сәйкес келеді?

– Әдістемеге сәйкес, тариф белгілі бір шектен аспауы тиіс. Өткен жылдың 1 қаңтарындағы дерек бойынша республикада орташа тариф 109 теңге болса, облыс бойынша орташа тариф 208 теңгені құрады, яғни бекітілген төлемақы осы аралық шекте қалып отыр. Бұл – әлеуметтік тұрғыдан оңтайлы шешім.

– Дегенмен, халық арасында тарифтің көтерілуіне алаңдаушылық бар сияқты?

– Бұл – түсінікті жағдай. Кез келген тарифтің өзгеруі тұрғындарға әсер етеді. Бірақ мұнда бір маңызды жайт бар: су тарифі 2006 жылдан бері өзгерген жоқ. Осы уақыт ішінде электр энергиясы, жанар-жағармай, құрылыс материалдары мен қызмет көрсету шығындары бірнеше есе өсті. Соған қарамастан, тариф ұзақ уақыт әлеуметтік тұрақтылық үшін төмен деңгейде ұсталып келді.

– Бұл шешімнің басты мақсаты қандай?

– Негізгі мақсат – халықты сапалы әрі үздіксіз ауызсумен қамтамасыз ету. Су жүйелерін күтіп ұстау, жаңғырту, апаттардың алдын алу – барлығы қаржыны талап етеді. Егер тариф экономикалық тұрғыдан негізделмесе, жүйенің жұмыс істеуі қиындайды. Бүгінде жыл сайын бюджет есебінен су құбырларын жаңарту жұмыстары жүргізілуде.

– Су ресурстарын үнемдеу мәселесіне тоқталсақ…

– Бұл – өте маңызды мәселе. Су – шектеулі ресурс. Өкінішке қарай, тұрғындар тарапынан ауызсуды бейберекет пайдалану фактілері әлі де кездеседі. Мысалы, ауызсумен қора суару, көлік жуу сияқты тұрмыстық мақсатта тиімсіз қолдану тоқтамай отыр. Соның салдарынан әсіресе жаз айларында су тапшылығы туындап, бұл өз кезегінде тұрғындардың орынды ренішін тудырады.

Осыған байланысты уәкілетті органдар тарапынан рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Негізгі мақсат – суды ұқыпты пайдалану мәдениетін қалыптастыру.

– Тұрғындарға не айтар едіңіз?

– Ауызсу тарифінің өзгеруі – уақыт талабынан туындаған қажетті шешім. Оның басты мақсаты – сапалы қызмет көрсету мен инфрақұрылымның тұрақтылығын қамтамасыз ету. Сондықтан әрқай­сысымыз суды үнемдеп, тиімді пайдалану мә­дениетін қалыптастыруымыз қажет. Бұл – баршамызға ортақ міндет.

Сұхбаттасқан

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

 «Сыр бойы»