Несиеге кепілдік – ауыл кәсіпкеріне көмек

922

0

Бизнес – береке бастауы. Сонымен бірге кәсіпкерлік мемлекеттің тірегі, қозғаушы күші саналады. Сондықтан да қазіргі таңда өз ісін бастағысы келетін тәуекелшіл жандарға мемлекет тарапынан үлкен қолдау бар. Өз ісін өркендетем дегендерге көмек қолын созатын түрлі ұйымдар құрылып, жұмыс істеуде. Соның бірі – «ҚазАгроКепіл» АҚ. Осы мекеменің облыс бойынша өкілдігінің директоры Айдос Жылқайдаровпен компанияның жұмысы туралы әңгімелесудің сәті түскен еді. 

– Айдос Әмірқұлұлы, «Қаз­АгроКепіл» АҚ қай уақыттан бері жұмыс істейді, оның негізгі міндеті қандай?

– Бұрын «Астық қолхаттары бойынша міндеттемелердің орындалуын кепілдендіру қоры» бүгінде «ҚазАгроКепіл» АҚ аталады. Мемлекеттік аграрлық азық-түлік бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйым ретінде 2003 жы­лы құрылды. Мақсаты – аграр­лық-өнеркәсіптік кешен субъекті­лерінің міндетін орындауды сақтандыру және кепілдендіру.  Біздің мекеменің міндеті осы ұғымға саяды. Сақтандыру және кепілдендіру саласында аграрлық сектордағы хеджирлеу жүйесін дамыту. Ал хеджирлеу дегеніміз – болуы мүмкін шығындарды төмендету үрдісі.  Облыстағы өкілділік 2016 жылдан бері жұмыс істейді.

Елімізде кәсіпкерліктің дамуына ерекше маңыз берілуде. Бүгінде кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік саясаттың ажырамас бір бөлігіне айналып отыр. Со­ған орай  Елбасы тапсырмасы­на сай «2017-2021 жылдары нәти­желі жұмыспен қамту және жап­­пай кәсіп­керлікті да­мы­ту» бағ­дар­ла­­­масы жұмыс істеуде. Ал Сыр өңірінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың бас­­тамасымен 2018 жыл «Жаппай кәсіпкерлікті қол­­дау» жылы болып жарияланды. Кә­сіп­­керлікпен айна­лыса бастау үшін көп жағдайда қаржы керек. Оны, әдетте, кар­жы институттары­нан немесе басқа да несие­лік ұйымдардан алады. Несие беретін ұйым кепілдік дүние сұрайтыны анық. Ал ауылдық жердегі кәсіп ашқысы келген адамдар үшін бұл тұрғыда өзіндік қиындықтары бары белгілі. Ауылдық жерде кепілдік дүние ретінде ұсынылатын жылжымайтын мүліктерді көптеген қаржы институттары өте арзанға бағалайды, ал кейбіреулері қарызға кепілдік ретінде қабылданбайды.

Осындай жағдайда біздің ұйым шаруаларға көмек қолын созады.

– Кепілдендіру жүйесі қалай жүзеге асады?

– Біз ауыл шаруашылығы сала­сында кәсіпкер ретінде тіркелгеніне 3 жылдан аспаған азаматтардың стартап жобаларымен жұмыс істейміз. Кәсіп ашуға талпынған адам несие алатын болса, қаржы институты кепілдік сұрайды. Осы кепілдікке қар­жы­сы жетпеген жағдайда біз кө­мекке келеміз. Кәсібін ашқалы жат­қан адам «Атамекен» ҰКП жү­зеге асыратын «Bastau Бизнес» бағдарламасы аясында бір ай оқып, сертификатын алуы тиіс. Сол сертификатымен мына үш мекеменің біріне келеді. Олар: «Микроқаржы ұйымы», «Кре­диттік серіктестік», «Қызыл­орда өңірлік инвестиция орталығы».

«Кредиттік серіктестіктің» Қы­зылорда қаласында бір және әр ауданда орналасқан 7 өкілдігі бар. Ал «Микроқаржы ұйымы» екі жерде бар. Бірі – «Қызылорда өңірлік инвестиция орталығы», екіншісі – «Group Invest». Осылардың біріне барып, кәсіпкер кеңес алады және несие алу үшін арнайы құжаттарды жинайды. Біз осы аталған үш мекемемен де тығыз байланыста жұмыс істейміз. Егер кәсіпкердің құжаты тексеруден өтіп, бірақ кепіл қаржысы жетпесе, оның құжатын бізге жібереді. Мәселен, «Мына кәсіпкер 5 миллион теңге несие алғалы жатыр, осының 3 миллион теңгесіне кепіл бола аласыздар ма?» деп бізге сұраныс жолдайды. Біз өз тарапымыздан құжаттарды толықтығын және дұрыстығын растап «ҚазАгроКепіл» арасында үшжақты келісім әзірлейміз. Ісін жаңадан бастаған кәсіпкерге несие көлемінің 85 %-ке дейін кепілдік алуға мүмкіндігі бар.

– Білуімізше, екі бағдарлама аясында жұмыс істейсіздер. Осы туралы толығырақ айтып өтсеңіз.

– Жоғарыда айтылған стартап жобаны кепіл­ден­діру жүйесі «Еңбек» деп аталатын «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асуда. Ісін енді бастаған кәсіпкерге берілетін кепілдіктің 2018 жыл­ға белгіленген көлемі – 6 012 500 теңге. Ал  кооперация қатысу­шысы үшін белгіленген көлем – 12 025 000 теңге. Ескере кететін бір жайты, егер мал шаруашылығын дамытуды көздеген жеке кәсіпкер болса, оның ұзақ уақытқа жалдаған жері болуы міндетті. Ал егістікпен айналысатын шаруа қожалығы болса, онда жеке жері болу керек.

Екіншісі – «Сыбаға» атты мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы. Жеке және қарыз қаражатынан қарыздар бойынша несиелік мөлшерлеме субсидия­лау жылына 4% құрайды. Фермерлер асылтұқымды мал мен ірі қара малды сатып алу үшін 15 жылға несие алу мүмкіндігіне ие болады. Бұл бағдарламаға ісін жаңа бастаған кәсіпкер қатыса алады. Бұл ретте біз несие сомасының 25 %-ке дейін кепілдеме бере аламыз. Бірақ бірнеше талап бар. Бір шаруа қожалығының алатын мүйізді ірі қара мал саны – 50-ден, ұсақ қара мал саны 600-ден көп болуы тиіс. Ал малдың жиынтық саны – ірі қара мал – 100-ден, ұсақ қара мал 1200-ден аспауы тиіс.         

– Сіздер қанша кәсіпкерге қолдау көрсеттіңіздер? Олар­мен байланыс жасап тұра­сыздар ма?

– Айта кету керек, Казақ­стан бойынша 2017 жылы кепілдендіру жүйесіне 187 ферма иесі жүгінген. Оның ішінде 82-сі, яғни 44%-і ісін жаңа бастағандар. 2017 жылы облыс бойынша 13 шаруа қожалық иесі кепілдеме алды. Олармен байланыс жасап тұрамыз, әрине, олар шешімдеріне риза. Бизнесін өрістетеді, жаңа жұмыс орындары пайда болады. Кәсіпкерлердің несиесін кепілдіндіру биылғы жылы да жалғасуда.

– Әңгімеңізге рахмет!

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<