«ОЯН» МОТИВІ КҮЛЛІ ТҮРКІГЕ ОРТАҚ

610

0

  Анкара Қажы Байрам Уәли университетінің профессоры Хулия Касапоғлы Ченгелмен түрік телеарнасына берген сұхбатын тыңдап, сырттай таныс болдым. Көп ұзамай ол Қызылордада өткен «Сыр өңірінің түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі алар орны» атты халықаралық ғылыми-теориялық кон­ференцияға келді. Сол кезде қазақ пен түріктің ұлт- азаттық күресін жүргізген тұлғалар арасындағы ұқсастықты салыстырып зерттеген ғалым­мен кездесіп, сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Хулия ханым, Алаш арыстарын күллі түркі дәулетіне таныстырудағы еңбегіңізден аздап хабардармыз. Тілі, діні мен ділі бір туыстарды  сонау ХХ ғасырдың басында түртіп оятқан «Оян» мотиві туралы өз аузыңыздан естігіміз келеді…

– Түркістандағы алғашқы тәуелсіз мемлекет 1917 жылы Қазақстанда құрылды. Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейхан және оның жанындағы оң қолы Міржақып Дулатұлы болды. Міржақыптың «Оян» деген кітабы бар. Түркі дүниесінде «Оян» мотиві өте маңызды. Бұл мотивті басқа ақындар да пайдаланған. Өйткені түрік дүниесінің зиялылары бір-бірін оқитын еді. Міржақып 1909 жылы:

– Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты, – деп жазды.  Ал Анадолыда 1918 жылы түрік ақыны Мехмет Акиф Ерсой:

– Қарашы, кім күрсініп жылап жатқан?

Өмір сүру құқың сенің ей, мұсылман!

Құтқар ол бейшараны Алла үшін

Енді өлім ұйқыларынан оян!

Мұнша уақыттан бері ұйықтадың,       қанбадың,

Шекпеген азабың қалмады,        шаршамадың,

Аяққа таптады жұртыңды түгелімен,

Сен бір рет болса да қимылдамадың, – дейді. Шығыс Түркістанда 1922 жылы Абдулхалық Ұйғыр шайыр:

– Ей, пақыр ұйғыр, оян, ұйқың жетер,

Сенде мал жоқ, енді кетсе жан кетер,

Бұл ұйқыдан құтқармасаң өзіңді,

Сенің хәлің қатер, хәлің қатер, – деді.

Өзбек әдебиетінің өкілі Абдулхамит Сулейман Шолпанның  да «Ояну» деген жыр жинағы жарық көрген. Осыдан келіп «Оян» мотивті өлеңдердің қайнар көзі – Міржақып Дулатұлы деуге толық негіз бар. Өйткені бұл өлеңдердің барлығындағы рух бірдей.

– Ғылыми зерттеулеріңізге Алаш арыстарының өмірі мен шығар­машылығын арқау етуге не әсер етті?

– Егер алаштықтар тек Қазақстан тәуел­сіздігі үшін күресті десек, қателесеміз. Олар түгел түріктің азат­тығына қызмет етті. Әлихан Бөкей­ханның, Мағжан Жұмабаевтың, Міржақып Дулатұлының кітаптарын оқи отырып, осыған көз жеткіздім. Қазақстан Тәуелсіздігінің, Алаш зиялыларының мерейтойларына орай өзім қызмет істейтін университетте конференция­лар ұйымдастырдық. Бір өкініштісі, осындай асылдарымызды Түркияда да, Қазақстанда да түркітанушылар,  алаштанушылардан басқалары, әсіресе, жастардың барлығы біле бермейді. Алаш зиялылары әртүрлі мамандық иелері болғанымен, ағартушылық қызметке аса ден қойды. Олар білімсіз ұлтты басқа білімді ұлт басқаратынын білді. Мақсатым – бүкіл түркітілдес халықтарға ХХ ғасырға дейінгі ортақ тарихымызды, «Орхон-Енисей» жәдігерлерімізден бас­тап барлық мұраларымызды, тәуелсіздік күрескерлерін таныту.

– «Сыр өңірінің түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіндегі орны» тақырыбындағы конференцияда баян­дама жасадыңыз. Соңғы жылдары жарық көрген Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» мақа­лаларымен таныстыңыз ба? 

– Әрине, таныстым.  Президент Назарбаев – бүкіл түркі жұртының көшбасшысы. «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасы тек қазаққа емес, түгел түркі халықтарына арналған деп қабылдадым.

Тарихтан Сыр бойында  оғыздар мен қыпшақтар бірге өмір сүргенін білесіз. Сондықтан  Қорқыт атаны ортақ бабамыз дейміз. Түркі халықтары үшін бұл жер ата­жұрт саналады. Ақмешіт астана бол­­­ған кезеңде Алаш қайраткерлерінің алғаш­­қы кі­­таптары осы жерде жарық көрген. Конференцияда өз баяндамама тағдыр­лары Ақмешітпен тығыз байланысты Алаш арыстарын арқау еттім. Қоңыр­қожа Қожықов, Әлібек Қоңыратбаев, Серқұл Ал­дабергенұлының өмірі мен қызметі туралы айттым. Мен дәрістерімде олардың барлығын қазақтың аристократтары деп түсіндіремін. Адам тек біліммен ғана ұшпаққа шықпайды. Алаш қайраткерлерінде біліммен бірге адамгершілік және қарапайымдылық, кішіпейілдік және жауапкершілік қасиеттері болды.  Әлихан Бөкейханның «елдің тәуелсіздігі үшін күрес жолына келгендеріңізге өкінбеңіздер» деген сөзін тұтас идеология деуге болады. Қошке Кемеңгерұлы «менің нысанам – великорусь тоқпағы тиген ұлттардың  өткен және қазіргі хәлімен қысқаша таныстыру»  дейді. Көрдіңіз бе, ол тек қазақ демейді, қысым көрген бүкіл түркі халықтарын айтып отыр. 

– Сіз Анкарадағы негізін Ататүрік қалаған «Түрік тілі» қоғамының  мүше­сісіз. Қоғамның қазіргі атқарып жатқан жұмыстары туралы не айтасыз?

– Бұл қоғамда мен бөлім басқарамын. Екі жобам бар. Біріншісі – Алаш қайраткерлері туралы кітаптарды түрік тіліне аудару, екіншісі – антология шығару.

– Сізбен ортақ мерекеміз – Ұлыстың ұлы күні қарсаңында сұхбаттасып отырғандықтан, Түркиядағы Наурыздың атап өтілуі туралы сұрағым келеді. 

– Біз еуропаланудың әсерінен Наурыз мерекесін ұмыттық. Батыстағы мұсыл­мандарға қарай жақындау арқылы діни мерекелерді бірінші орынға шығардық деп ойлаймын. Мәселен, бізде Ораза, Құрбан айттар кеңінен  тойланады. Наурыз Түр­кия­ның шығыс аймағында сақталған. Бір қуанарлығы, уақыт өткен сайын табиғаттың жаңару мерекесі біздің елде де үрдіс алып келеді. Болашақта ресми мереке ретінде аталып өтеді деген ойым бар.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Сұхбатты жүргізген

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<