Сұлтан МАҚАШОВ, Қармақшы ауданының әкімі: ӘРТАРАПТАНДЫРУ АТАКӘСІПТІҢ ӘЛЕУЕТІН АРТТЫРАДЫ

710

0

Қармақшы ауданының жер жайы да, тұрғындарының қолайы да атакәсіп – мал және егін шаруашылығын дамытуға бейімделген. Кәсіпкерлікке қатысты жобалардың басым көпшілігі осы ауыл шаруашылығы саласымен сабақтасып жатыр. Ауданға барған сапарымыз барысында өз кәсібін ашушылардың мал ыңғайымен ауылдан алыстап, жеке фазендаларға орналасуы үрдіске айналғанын байқадық. Дән себу науқаны басталып, мал төлдеп жатқандықтан шаруашылықтардағы қарбалас күнұзаққа тоқтамайды. Жауапты науқан кезіндегі тыныс-тіршілікке сырттай қанығып, кәсіпкерлікті дамыту, еңбек өнімділігін, экспорттық әлеуетті  арттыру сынды еңбек ырғағының жай-жапсарын тереңірек білуде аудан әкімі Сұлтан Мақашовпен әңгімелесудің сәті де түскен еді.

– Сұлтан Ысқақұлы, аймақ­та ауыл шаруа­шылығын дамы­тудың нәтижеге жету жол­дары айқындалған нақты бағдар бар. Олардың ең негізгілері – еңбек өнімділігін көтеру, әртараптандыру және өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру. Сіз басқарып отырған ауданның асыраушы саласы – осы ауыл шаруашылығы болғандықтан, жауапкершілік жүгі салмақтырақ. Көрсе­тілген бағыттар бойынша қандай шаралар қолға алынған?

– Елбасы алдағы 5 жылда ауыл шаруа­шылығы саласындағы еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру туралы тапсырма берді. Менің ойымша, жер тегіс болмайынша, жаңа техника, сапалы тұқым пайдаланбайынша, агротехникалық талап сақталмайынша жоға­ры өнім алынбайды. Сондықтан бірін­шіден, күріштің өнімділігін арттыруға басымдық беріп отырмыз. Жалпы жоғары өнім алу үшін жерді лазерлік тегістегішпен тегістеу, жоғары репродукциялы тұқым  егу және жаңа техникаларды пайдалануға ден қойдық. Бұл – еңбек өнімділігін арттыруға оң ықпал ететін қадамдар. Жоғары репродукциялы тұқымды пайдалану үлесі жыл сайын артып отыр. 1,2,3 репродукциялы тұқымды араластырып пайдалануды азайтып, 1 репродукциялы тұқымға, элиталы сорттарға көшу қажеттілігі туындады. Биыл барлық тұқымның 15 процентін элиталы сорттар құрайды. Әрине, бағасы  қымбат, бірақ салған ақшаңыз қайтады. Көп шаруашылықтар тұқымға қаржы жұмсаудан қиналады да, күзде ойдағыдай өнім жинай алмайды.

Өнімділік туралы айтқанда, тағы бір мәселеге назар аудармай болмайды. Ол – жердің жағдайы.  Қазір аудан шаруа­шылықтарында 7 лазерлі тегістегіш бар, биыл 3 «Мара» техникасы сатып алынды. Оған тағы да 7 тегістегіш қосылмақ. Тегіс жерге егілген егіннің өнімділігі 25 процентке жоғары болатыны дәлелденген. Алдағы 2-3 жылда ірі 5 шаруашылылық жерін тегістеп егуге мүмкіндік алады. Тегіс жерге су біркелкі шығады. Су егістікте бір деңгейде ұсталуы тиіс. Бұл агротехникалық талап жер тегіс болмағандықтан сақталмайды. Суды үнемдеуде де ұтылып жататынымыз содан. Бұл күріштің жетілуіне, пісуіне кері әсер етеді.

– Жалпы экономиканы, оның ішінде ауыл шаруашылығын  әртараптандыру тап­таурын жолдан шығып, басқа сүрлеу табуға уақыт, нарық, сұраныс сияқты факторлармен терең үндестік орнатуды көздейді. Соңғы жылдары бұл шараның жаңа мүмкіндіктерге жол ашқанын байқап жүрміз. Аудандағы осы бағыттағы жұмыстар жайын айтсаңыз…

–   Еңбек өнімділігі артқан сайын жұмыс көзі азаятыны мәлім. Жалпы жаңа техно­логия­ларды енгізудің, өндірісті автомат­тандырудың көлең­келі жағы – адам қолымен атқа­рылатын тірліктің азаюы. Бұрын 10 адам істеген жұмысты 2 адам жасағанда өздігінен жұмыссыздық мәселесі туындайды. Ескі әдіспен қалып қоюға тағы болмайды. Нарықта бәсекеге төтеп бере алатын өнім шығару үшін алдыңғы қатарлы технологияны өндіріске енгізбеске амал жоқ. Осы жерде саланы әртараптандыру күн тәртібіне шығады. Өйткені жұмыстан босаған адамды жаңа орынға қою керек. Күріштен басқа да дақылдарды егу туралы бастама осы жерден шықты.

Алдағы науқанда егілетін майлы дақыл­дардың үлесін  көбейттік. Мақсарыны 50 процентке ұлғайтып, 1700 гектарға егеміз. Былтыр біздің жерге ирандық сорт жерсінді. «Ақтөбе» ЖШС бұл сортты 500 гектарға егуге дайындалып жатыр. Тағы бір үлкен жоба өнімді өңдеу саласымен байланысты. Күріштің тек экспорттық әлеуетін арттырумен шектелуге болмайды. «Тором Хошеми» сортын серіктестіктің күріш зауытында ақтап, дайын күйінде Иранға жеткізгенде сапасы жағынан өздерінде өндірілген күріштен кем еместігіне көзіміз жетті. Сату бағасы да жоғары, 3 доллар 80 центке бағаланды. Бұл біздің күріштен 8-9 есе қымбат. Келесі жылдары бұл сортты басқа шаруашылықтарда да егуге жұмыс жасаймыз. Биыл 1000 тоннаға дейін «Тором Хошемиді» экспорттауды жоспарлаудамыз.

– «Ақтөбе» ЖШС-ның құс фабрикасы – облыстағы инвес­тициялық  жобалардың бірегейі. Қазір бұл жоба қай сатыда тұр?

– «Байқоңыр» ӘКК-ден бөле­тін алғашқы қаржы түсті. Мердігерлермен арадағы келісім­дерге қол қойылды. Енді аз күнде құрылыс басталады. Онда жылына 1500 тонна құс еті өңделмек. Бұл – облыстың 40 процентін құс етімен қамтамасыз етуге жететін қуаттылық. Биыл құрылыс бітсе, инфрақұрылым жет­кізілсе, келесі жылдың орта шенінде толық аяқталады.

Фабрика іске қосылғанда айына 20 тонна жем қажет болады. Жүгері, соя, арпа, бидай дақылдарын егуге тура келеді. Сырттан тасымалдау өнімнің өзіндік құнына әсер етеді. Шаруашылықтарға осы дақылдарды егуге дайындалу туралы айтып жатырмыз. Қазірдің өзінде 500 гектарға соя, 700 гектарға жүгері, 150 гектарға күнбағыс, 1400 гектарға бидай отырғызу керек. Бұл дегеніңіз қосымша  3000 гектар жаңа дақылдар егуге, «Ақтөбе» ЖШС сұранысына сай әрекет етуге мүмкіндік туды деген сөз. Шаруашылықтардың бидай мен күнбағыс егуден тәжірибесі бар. Қазір бағаларын келісіп, әр шаруашылық әр дақыл­ды егуге бейімделуде.

Біз күріштің Отаны екенімізді мақта­нышпен айтқанмен, оны өңдеуді әлі де игере алмай келеміз. Бұл дақылдан 20 түрлі өнім жасауға болады. Күріштің сүті, майы, крахмалын шығару мүлде жолға қойылмаған. Ақай аулындағы «Миаприм» деген кішкентай кәсіпорын күріштен қытырлақ тағам шығарды. Өнімді Мәскеуге, Алматыға жіберді. Сұраныс бар. Иесі В.Павлов тамақ өндірісіне арналған крахмал шығаруға әзірленіп жатыр.

Жалпы өнімді өткізудегі бір кедергі туралы айтсам. Мәселен, ірі сауда орталығына «Миаприм» қытырлағын 65 теңгеден апарды. Ондағылар үстеме қосып, сату бағасын 130 теңгеге бір-ақ шарықтатты. Осындағы кәсіпкерлер тіпті 200 теңгеге жетеғабыл баға белгілеп қойыпты. Міне, кәсіпорын осындайдан ұтылады. Бұл өнім бағасы бақылауда ұсталатын әлеуметтік маңызы бар тауар емес.  Өндірушінің әр қорабынан – 2, әрі кетсе 5 теңге пайда көрсем деген жоспарына осындай оралымсыздықтар кедергі келтіреді.

– Біздің өңір бірнеше жыл бойы мал өнімдерін сыртқы саудаға шығара алмайтын буферлік аймақта болды. Бұл шектеу алынғалы бері ет экспортына жол ашылды. Мал шаруашылығымен мақ­­сатты түрде айналысып жатқан қожалықтар тек мал басын көбейтумен шектелмей, осы бағытқа бұрылуы керек сияқты. Осы орайдағы жұмыстар туралы айтсаңыз…

– Ет экспортын жолға қою қолдағы бар малмен бітпейтін шаруа. Тұқымды асылдандырмаса, бұл істің пайда әкел­мейтініне қожалық иелерінің көзі жетті. Былтыр «Болашақ құрылысы» ЖШС-на 1800 бас Ордабасы қойы әкелінді. Оған 1200 бас қосты. Енді мал бордақылау алаңы салынбақ.

Аудан орталығынан шалғай орналасқан Көмекбаев ауылындағы  «Қуаңдария» су арнасы реттеу жобасына өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен 281 млн теңге қаржы бөлініп, Қарақ учаскесінен 2 су тоспасы салынды. Бұл тоспалар мал шаруашылығының дамуына, оның ішінде мал жайылымының  кеңеюіне, шабындықтардың сулануына оң ықпал етіп отыр. Көлдер суға толды. Биыл сол ауылдағы «Олжа» шаруа қожалығы  асылтұқымды ірі қара өсіруді бастады. Батыс Қазақстаннан 125 бас қазақтың ақбас сиырын, 7 бұқа сатып алды. Алдағы 3 жылда 500 басқа жеткізуді жоспарлап отыр.

Қазір бұл қожалыққа электр энергиясын жеткізіп беру мәселесімен айналысып жатырмыз. Көмекбаев ауылынан 15 шақырым қашықтыққа жоғары қуатты желі тарту қымбатқа түседі. Енді күн батареясын орнатудың тиімділігі зерттелуде.

– Төрт түлік баққан қожалықтар жақ­сы өнім алып, пайдаға шығу үшін мал азығы қорын жасақтаудың маңызы зор. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйесі қалай құрылған?

– Мал азығындық дақыл­дардардың, оның ішінде майлы дақылдардың көлемін арт­тырудың тиімді екені дәлелденді. Рапс дақылын өсіретін Жамбыл облысының шаруашылықтарымен байланысып, тәжірибе алмасу үшін мамандар жібердік. Бұл дақыл­дың майлылығы мақсарыдан 3,5 есе жоғары. Мәселен, күніге бір бау жоңышқа мен бір бау рапстың бестен бір бөлігін жеген мал бірдей семіреді.  Жоңышқа көлемі жыл өткен сайын көбеюде.

Біздің ауданда кәсіп ашушылардың басым бөлігі мал бағуға несие алады. Бірақ мал бағудың жөні осы екен деп есепсіз әрекет етуге болмайтынын үйретіп жатырмыз. Қожалық иелеріне орта есеппен 12 бас мал баққанда 3 ай сайын малдың қанша салмақ қосатынын, қанша жем-шөп пайдаланатынын, салыққа қанша төлейтінін, бір айналымнан қанша табыс түсетінін, бақташысының, басқа да жұмысшыларының айлығына кете­тін шығындарды, отбасының күнкөрісіне жұмсалатын қаржыға дейін есептеп бердік. Бірақ айналымдағы ақшаны басқа мақсатқа жұмсап, мал басын көбейте алмай қарызға батып отырғандар да бар.

– Қолымыздағы көрсеткіш­терге қара­ғанда ауданда мек­теп, балабақша, спорт және демалыс нысандарының, Бай­қоңыр қаласында тұрғын үй құрылысының, ең бастысы – газдандырудың қарқыны жоға­ры екені байқалды. Соның ішінде мем­лекет пен жекеменшік әріптестігі аясындағы құрылыстар туралы кеңірек айтып берсеңіз…

– Жуырда екіжақты келісім негізінде Ақтөбе ауылынан емхана құрылысы басталады. Жаздың соңына дейін пайдалануға беріледі. Ақай ауылынан салынатын спорт кешенінің жобасын нақтылап жатыр­мыз.

Кейбір шағын ауылдарға құны 200 млн тұратын клубтардың, кешендердің қажеті жоқ. Оларды салудың шығынын айтпағанның өзінде, кейін ұстап тұруы қымбатқа түседі. Бағасы 70-80 млн теңгеден аспайтын 100 орындық шағын клуб, 50-60 млн-дық шағын спорт кешеннің жобасын жасаудамыз. Мұндай құрылыстарды да мемлекет пен жекеменшік әріптестігі аясында салу жоспары бар. Кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық танытқандар табылып жатыр.

Ауызсумен қамтамасыз етуде аудан орталығындағы 2000 жылдары салынған ескі желілерді жөнге келтірудің техникалық шешім­дерін қабыл­дадық. Пилоттық жоба ретінде Жосалы кентінің ауызсу беру жүйесін автоматтандыру туралы бастамамыз «Арал» СЖҚБД филиалы тарапынан қолдау тапты. Шымкент қаласының тәжірибесін зерттедік. Кей жерлердегі қысымның әртүрлілігіне қатысты ақауларды зерттедік. Жоба жасалып біткен бойда мамандарды шақырамыз. Дайындық жұмыстары дер кезінде аяқталса, осы автоматтандырылған басқару жүйесін енгізсек дейміз. Бұл –  цифрландыру талаптарына толық жауап беретін жоба. Судың қысымын, желі ақауларын реттеу, бағасын есептеу автоматикамен басқарылады.

Ауданды газдандыру өткен жылы басталды. Бірінші жоба – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» құбырынан тар­тылған 14,5 шақырым желі құры­лысы мамыр айында бітеді. Әрі қарай ішкі жүйе, яғни кентті газдандыру жобасы 3,7 млрд теңге тұрады. Қазір құрылысты бастауға қаржы бөлінді. Конкурс жүріп жатыр. Мердігер белгілі болғаннан кейін АГРС-тан бері қарай кенттегі «Мөлтек» деген ауданнан бастаймыз. Ол тұста жаңадан мектеп құрылысы жүріп жатыр. Мектепті газдандыруға қосымша жоба жасалуда.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<