ТҰТЫНУШЫЛАР МҮДДЕСІН ҚОРҒАУ – МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ

1136

0

Облыс аумағында тұтынушылардың құқықтарын қорғауды Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті жүзеге асырады. Оқырмандар тарапынан туындаған сауалдарға байланысты газет тілшісі аталған комитеттің облыс бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Гүлмира Өтегеноваға жолығып, сауалдарға жауап беруін өтінген еді.

– Өткен жылдың маусым айынан бастап департамент тұты­нушылардың құқықтарын қорғау функциясын жүзеге асырып келеді, – деді бізбен әңгімесінде Гүлмира Сейітбекқызы. – Департамент базасында тұтынушылардың құқықтарын қорғау сұрақтары бойынша «Қауырт желі» жұмыс жасады және облыс тұрғындарына тегін кеңес берілді. Сонымен қатар департамент мамандары тарапынан азаматтарды қабылдау жүргізіліп, олардың ауызша немесе жазбаша өтініштерін қарады, кеңес беріп, әдістемелік көмектер көрсетілді.

Тұтынушылар арасында бөлшек сауда, туристік, электр қуатымен жабдықтау, қоғамдық көлік қызметі тақырыптарында сауалнамалар жүргізілді. Сауалнама жүргізілген салалардағы проблемаларды жан-жақты зерделеу және оларды шешуге ұсыныстар әзірлеу үшін тұрақты түрде семинарлар, дөңгелек үстелдер өткізілді. 

Бұл ретте 2017 жылы департаменттің ұйымдастыруымен мемлекеттік органдар, облыстық кәсіпкерлік палатасы, нарық субъектілері, тұтынушылардың құқығын  қорғау қоғамы, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен  6 кеңес, 12 дөңгелек үстел,  7 семинар, оның ішінде  4 ауданда (Арал, Қазалы, Жаңақорған, Шиелі),  36 лекция,   14 «Ашық есік» күндері өткізілді. 

– Гүлмира Сейітбекқызы,  нарықта жүз мыңдаған тауар түрі бар. Оларды таңдау кезінде сапасы мен сақталу мерзіміне назар аудару қалыпты нәрсе. Алайда, кейде осындай жағдайларға мән бермей, тауарды сатып алған соң өкінетініміз жасырын емес. Мұндайда сатып алған тауардың ақшасын қалай кері қайтаруға болады?

– Тиісті сападағы, яғни қалыпты, бірақ сізге осы немесе басқа себептер бойынша, мысалы, өлшемі, түсі, фасоны бойынша  ұнамай қалған тауарды қайтару үшін сіз сатушыға 14 күн ішінде жүгінуіңіз қажет. Егер сіз сәйкессіздікті 15 күнде анықтаған болсаңыз, сіз оны ауыстыра алмайсыз. Сатушы сізді кері қайтарады және ол дұрыс жасайды. Ал егер де сатушы 14 күнге дейінгі мерзімде оны айырбастаудан бас тартатын болса, сіз тиісті орындарға жүгіне аласыз. Бұл орын алған жағдайларды құқықтық реттеу Заңының 14, 30-баптарында атап өтілген.

Заңнама бойынша дәрілік заттар, медициналық мақсаттағы бұйымдар, іш киім, шұлық бұйымдары, жануарлар мен өсімдіктер, метрлеп сатылатын тауарлар (талшықты маталардың барлық түрі, трикотажды және перделік мата, жасанды тері, кілем бұйымдары, тоқыма емес маталар, ленталар, шілтерлер, кестелер, сымдар, баулар, кабельдер, линолеум, багет, пленка мен клеенка) айырбастауға жатпайды.

Сапасыз тауарды айырбастау әлдеқайда оңай. Заңның 30-бабы 1-1 тармақшасына сәйкес, сатушы мерзімі өткен, техникалық регламентпен белгіленген, өнімнің нормативтік құжаттарының талаптарына сай емес, соның ішінде зияткерлік меншік құқықтары бұзылып өндірілген, оның пайдаланғанына, тауарлық түрінің, қасиеттерінің, пломбасы мен заттаңбаларының сақталмағандығына қарамастан сапасыз тауарды сатушы сатып алынған 30 күнтізбелік күн ішінде, айырбастауға  немесе ақшасын қайтаруға міндетті. Сатып алынған сапасыз тауар қолданыста болмаған сондай тауарға айырбасталуы немесе тұтынушыға тауарға жұмсаған сомасы қайтарылуы тиіс.

Заңның 30-бабы, 2-тармақшасына сәйкес, тұтынушы тауардың кемшіліктерін анықтап сатушыға оның айырбастау жөнінде талап қойған жағдайда сатушы (өндіруші) оны дереу айырбастауға міндетті. Тауардың сапасын қосымша тексеру (сараптама) қажет болған жағдайда сатушы (өндіруші) айырбасты талап қойылған мерзімінен 30 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырады. Тауар сапасын қосымша тексеруді (сараптама) сатушы төлейді. Егер сараптама барысында тауардың сапасыздығы анықталмаса немесе тұтынушыға сатылғаннан кейін оның пайдалану және сақтау ережелерін бұзу, үшінші тұлғалардың пайдалануы салдарынан орын алса, тұтынушы сатушыға (өндірушіге) тексеруге және оны ұйымдастыруға кеткен транспорттық шығындарды өтеуге міндетті. Тұтынушы тауардың сапасын тексеру сараптамасына өзі немесе сенімді тұлғасы арқылы қатысуға, сондай-ақ оны өз қаражатына өткізуге құқылы.

– Тиісті сападағы және тиісті сападағы емес тауарды кері қайтарған кезде сатушы тауарды кері қайтарып алудан бас тартты делік. Осы жағдайда тұтынушы қандай іс-әрекеттер жасауы қажет?  

– Егер сатушы тауарды кері қайтып алудан бас тартса, «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 22-бабын басшылыққа алып құқықтарыңыз бен заңды мүдделеріңізді қорғауыңызға болады.

Тұтынушы тауарды сатушыға өз құқықтары мен заңды мүдделерін бұзушылықты жою туралы және осы бұзушылықтардан тұтынушыға келтірілген залалды ерікті түрде өтеу туралы кінә қоюға, яғни наразылық жазуға құқылы. Егер сатушы наразылыққа 10 күн ішінде жауап бермесе немесе келтірілген залалды ерікті түрде өтеуден бас тартса, тұтынушы сотқа жүгінуге құқылы.

– Дүкен ішіндегі тауарларға фото/бейне түсірілім жасауға  бола ма?  

– Дүкен – ол қоғамдық орын, ал қоғамдық орында суретке түсіруге болады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 20-бабына сәйкес кез келген азамат заңда тыйым салынбаған кез келген тәсілмен еркін ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Сонымен қатар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының 24-бабының 12-тармағына және 18-бабына сәйкес сіз тек қана фото және бейнетүсірілімге түсіріп қоймай, оны сауда жасағаныңызды растайтын ресми дәлел ретінде ұсынуға құқығыңыз бар. Осылайша, егер дүкен күзетшісі дүкен ішінде жеке мақсаттарға суретке түсіруге тыйым салатындай болса, онда сіз сенімді түрде Қазақстан Республикасы Конституциясына және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңына сілтеме жасап, полиция шақыра аласыз.  

***

Г.Өтегенова сөз соңында азаматтардың құқықтары бұзылған жағдайда департаментке келіп жолығуға болатынын мәлімдеді.  Қысқасы, департаментте тұтынушылар құқын қорғауға байланысты барлық мәселелер бойынша түсіндірме алуға болады.

Ж.ӘЛМАХАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<