ТУҒАН ЖЕР – ТӘРБИЕ БАСТАУЫ

982

0

 Қазір елімізде «Туған жер» бағдарламасы бойынша бірқатар іргелі істер атқарылуда. Соның аясында біздің өңірде де берекелі бас­тамалар бой көтеріп, атажұртты ардақтау мәселесіне ұдайы көңіл бөлініп келеді. Осыған орай, Сыр елінен шыққан танымал азаматтардың туып-өскен жері, өз атамекені хақындағы ой-пікірлерін білуді мақсат еткен едік. Бүгінгі сұхбаттасушымыз – белгілі ғалым, публицист, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ғылым саласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Бауыржан ОМАРОВ.
– Қаратерең деп аталатын балықшылар ауылында өмірге келдіңіз. Аға, балалық шақты еске түсіріп көрейікші. Бала Бауыржан қандай болды?
– Көп баланың бірі болған сияқтымын. Жүрген жерін ала тайдай шулататын тентек атандым дей алмаймын. Себебі, мені он орап алатын сотанақтар ауылда жеткілікті. Бірақ қой аузынан шөп алмайтын аса жуас та болмадым-ау деймін. Жалпы, о бастан ұйымдастыру ісіне ептірек едім. Сірә, жұртты ұйыстыра білу қасиетінің  жекелеген элементтері  бойымда ұшырасты білем. Жазу-сызуға бейімділігім ертерек байқалған болуы керек. Бірақ мектепте менен де қабілетті балалар көп-ті. Негізі, сол қабілетті ұштау да қажет қой. Мен соны үздіксіз жетілдірумен айналыстым. Алдыма мақсат қойдым. Өзімді әр салада сынап көрдім. Тіпті ауыл сахнасында дүйім елдің көзінше фокус жасадым. Кәдімгі шарға істік темірді тығып, оны жарып алмай ұстап тұрудың құпиясын игердім. Жіппен көз алдаудың сан алуан түрін меңгердім. Ал бұған қол жеткізу оңай емес-ті. Сол тұстағы бала біткеннің ақылшысы –  «Қазақстан пионері» газеті арқылы жыл бойы сырттай үйрететін жас фокусшылар үйірмесіне қатыстым. Көзбояу өнерінің профессоры, белгілі иллюзионист-теоретик Наум Веллерге хат жаздым. Сөйтіп, ісім нәтиже бере бастады. Көркемөнерпаздар байқауында менің класым бас жүлдені жеңіп алды. Домбыра тарттым, гитарада ойнадым. Мұның бәрі өмірден өзіңді іздеу жолындағы талпыныстар еді. Қалағаныңды аласың, қаламағаныңды қалдырасың. Мақсатты түрде ізденсең, әйтеуір бір жерден шығасың.
– «Жастық – арман. Бұл – сенім. Бұл – ерлікке құштарлық. Бұл– әрі лирика, әрі романтика. Бұл – бо­ла­шақ жөніндегі үлкен-үлкен­ жос­парлар» дейді Назым Хикмет. Аға, әңгімемізді сіздің жастық кезіңізге қарай ойыстырсақ. Қандай студент болдыңыз?
– Жаман студент болғаным жоқ. Мен Алматыға аттанғанда «елге қайтып ораламын» деп кеткен бозбала едім. Себебі, астанада мықтылардың мықтысы ғана қызмет істейтін шығар деп ойладым. Бірінші семестрдің ең бірінші емтиханы – КПСС тарихынан семіз «үш» алдым. Топ бойынша үш-төрт адам ғана «үш» алыппыз. Екінші емтиханды көрнекті ақын Қадыр Мырзалиев қабылдады. Ол кісі арық «төрт» қойды. Курстың жартысы «бес», жартысы «төрт» алыпты. Үшінші пән – сол тұста атағы жер жарып тұрған ғибратты ғалым Тау­ман Амандосовтың сабағы. Студенттерге  талабы аса қатал профессор жауабымды «беске» бағалады. Бар болғаны бір-ақ семестрдегі өсу эволюциям осындай болды. Содан қамшыны бас­тым. Үзбей мақала жаздым. Редакциялардың табалдырығын тоздырдым. Оқу бітіретін жылы «Лениншіл жасқа» берілген жалғыз жолдама менің еншіме тиді. Бесінші курста танымал басылымда қызмет істеп жүрдім.
– Үйдің тұңғышы болдыңыз. Кішілерге қамқорлық көрсету, сүрін­генді сүйеп, жол сілтеу сынды ағалық қасиеттер сізді ерте есейтіп жіберген жоқ па?
– Шаңырақтағы үш ұл, бес қыздың үлкенімін. Әулетіміз бойынша оқу іздеп ауылдан алғаш шығандап шыққан менмін. Кейінгі іні-қарындастарым Алматыға мені сағалап келді. Сегіз перзенттің төртеуі ҚазГУ-ді, екеуі медицина институтын, екеуі педагогикалық жоғары оқу орнын бітірген. Үшеуі – журфактың түлегі. Бәрін де дерлік шамам келгенше ғылымға тарттым. Бірақ түрлі себеппен ешқайсысы ғылыми еңбек қорғаған жоқ. Арасында аспирантура бітіргендері де, сирек тілдерді меңгергені де, әскери шені полковникке дейін жеткені де бар. Әрқайсысы өмірден өз орнын тапты. Бәлкім, соған баратын жолды ашуға аздап септігім тиген болуы мүмкін. Алайда, осының бәрі мені қатты есейтіп жіберетіндей қыруар күш жұмсағаным жоқ.
– Әр тұлғаның қалыптасу жолы­ның бас­тауында өзі өмірге келген отбасы, ата-анасы тұрады. Сіз жүріп өткен жолдағы отбасы инсти­тутының маңызы қандай болды? Үлкендердің қандай сөзі санаңызда сақталып қалды?
– Мен әжемнің қолында тәрбие­лендім. Басы жерге жеткенше иіліп, өмір бойы бүкшеңдеп жүретін сол Імия кемпір менің бұл жалғандағы пірім еді. Одан артық ғұламаны білген емеспін. Мені шын ниетімен шексіз жақсы көрген де, менен бірдеңе шығады деп алдымен сенген де – сол кісі. Ауыл ішінде түнімен қаңғырып, үйге таң алдында келгенімде ақырын ғана: «Әй, балам, абайла, «Көп қыдырған жолығар үзбентайға» деген бар» дейтін. Әжем дүниеден өткенде қатты қайғырдым. Ол кезде жасым жиырма сегізде еді. Барымнан айрылғандай күй кештім. Алматыдан шыққаннан Аралға жеткенше көзімнің жасы құрғаған жоқ. Қазіргі әдеби псевдонимім – Бауыржан Омарұлы. Жазушылар одағының билетінде де осылай көрсетілген. Кітаптарымның бәрі солай шықты. Мақалаларыма да сөйтіп қол қоямын. Ресми емес жерлердің бәрінде осы атаумен танылдым.
Әкем Жұмахан Атыраудың балық шаруа­шылығы техникумында оқыған. Ол кезде оқудың төресі осы еді. Жас кезінде бір түскен. Есейген шағында қайта жалғастырған. Ақыры аяқтаудың сәті келмеді. Сөйте тұра, «Бір шаруа­ны соңына дейін неге жеткізбейсіңдер», – деп бізге ептеп кейістік білдіріп қоятын. Менің бетімнен бір сүймей, маңдайымнан бір иіскемей өмірден өтті. Өйткені, даланың жазылмаған заңы солай. Бірақ ол кісінің рухы маған ептеп риза шығар деп ойлаймын. Себебі, мен оның дұрыстау жолмен жүрген алғашқы төлі ретінде өзге бауырларыма жөн көрсеттім. Өзім жұмыс істеген ірілі-ұсақты мекемелердегі қызмет бөлмемнің есігінің сыртында әкемнің де есімі үнемі жазулы тұрады. Маған қайырылған қызметтестерім аты-жөнімді айтқанда, ол кісінің де есімін қоса атайды. Өмірден өтетін кезде кемпір-шалдың баласына, яғни маған «өз балаларын» жақсылап тапсырды. «Сен әулетіміз ойлап көрмеген дәрежеге жеттің, – деді. – Енді бұларға қарайласып жүр». Бірақ жас­тау кезінде азды-көпті шарапатымды көрген, қай-қайсысы да белгілі бір жетістікке жеткен іні-қарындастарым бұл кезде менің көмегіме соншалықты зәру емес еді. Ал, жалпы, өсем-өнем деген белгілі-белгісіз талапты жастарға көп көмектестім. Бәріне де тілекші болуға ты­рыс­тым.
Ауылымның өрісті өнегесі, әжемнің тағы­лымды тәрбиесі маған көп ықпал етті. Жалпы, туған жер дегеніміз – тәрбиенің тұнық бастауы, тектіліктің биік тұғыры.
– «Қаратереңнен қанат қаққан жастардың көбісі ұшқыш немесе суретші болды» деген едіңіз. Ал сізді журналистикаға қарай жетелеген қандай құдірет?
– Ұшқыш – біздің ауыл үшін ең мәртебелі мамандық. Жекелеген ұшқыштарды айтпа­ғанда, тек қана авиаторлардан тұратын әулеттер бар ауылда. Ол кезде жігіттің жігіті ғана ұшқыш атана алатын. Өйткені, бұл мамандықты игеру үшін денсаулығың өте мықты болуы шарт. Білімділік, ептілік, спортқа бейімділік барынша талап етіледі. Олар ұшқыштың әдемі формасын киіп, ауылға каникулға келіп, Қаратереңнің көшесінде алшаң басып жүргенде, елдің бәрі қызыға қарайтын. Солармен бірге мен де тамсандым. Бірақ шам жарығымен кітап оқимын деп, жастайымнан көзілдірік киген менің ұшаққа аяқ артпайтыным бірден белгілі болды. Сондықтан оларға тек қана сұқтанумен күн өткіздім. Тағы бір қадірлі мамандық – суретшілік. Табиғаты жұтаң біздің аядай ауылдан нағыз қылқалам шеберлері көптеп шықты. Берісі Шымкент пен Алматыда, арысы Мәскеуде оқыды. Олар кейін Қазақстанның танымал суретшілеріне айналды. Сурет салуға ептеп бейімім болғанымен, ақ параққа «Ну, погоди!» мультфильміндегі қас­қырдың бейнесін таңбалаудан аса алмадым. Тісі ақсиған менің қасқырым шынында да керемет еді! Бірақ сол қасекеңнен өзге нәрсеге қолым жүрмей қойды. Қасқыр маған, мен қасқырға риза болумен шектелдік. Сонымен, суретшілік өнерім тәмамдалды.
Мені журналистикаға алғаш тал­пындырған адам – қадірлі ұстазым Бибайша Алпысбаева. Ол маған қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген кезде мектепті жаңа ғана бітірген талдырмаш бойжеткен еді. Өзі өте ажарлы. Ауылдық кеңес төрағасының бұлаңдап өскен ерке қызы. Ешкімге ұқсамайды. Сабаққа күніге бір көйлек киіп келеді. Бұған да бала біткеннің назары ауады. Сол Бибайша апайым бір күні бізге сабақ үстінде «Алғашқы қар» деген шығарма жаздырды. Келесі сабақта жазғанымызды асықпай оқыды. Оқып болған соң жазбаларды оқушылардың бәріне таратып берді. Тек менің шығармам ғана қолында қалды. Ол сосын маған қарап: «Сен бері келші», –деді. Мен сүйретіліп орнымнан көтеріліп, апайымның қасына барып тұрдым. Ол шығарманы сөмкесінен алған «Авиа» деген жазуы бар конвертке салды. Оның сыртына «Арал қаласы, Ворошилов көшесі, 60-үй. «Толқын» газетінің редакциясына» деп жазды. «Мынаны почтаға барып, жәшікке салып келе ғой», – деді сосын. Бүкіл класс мені көзімен ұзатып салды.
Далаға шықтым. Күн аяз. Күртік қар. Почтаға қарай безектеп келем. Сол жолы «Қара жерге тимейді кейде аяғың, Қолтығыңның астынан жел көтеріп», – деп жырлаған Қадыр ақынның күйін кештім-ау деймін. Әрине, бұл мақала «Толқынға» шыққан жоқ. Күніге ақпаратпен сіресіп тұратын аудандық газет қайдағы бір Қаратереңнің алғашқы қары туралы лирикалық толғанысты қайтсін?! Соны кейінірек публицистикадан несібе терген апайым екеуміз де біле қоймаппыз. Бірақ бесінші класта оқитын мен дәл осы күні ардақты Биғаш апайымның ақжолтай тілегімен, алғашқы батасымен қазақ журналистикасындағы кейін өзім жеткен биіктерімді бағындыруға кетіп бара жаттым. Ол кісі маған сол сәтте адам айтқысыз алапат күш берді. Басымды иемін сол үшін…
– «Шанжархан Бекмағамбетов пен Сәмен Құлбарақов көсіле сөйлеп кеткен кезде сабақ үстінде тыныш отыра алмайтын сотанақтардың өзі сілтідей тынатын еді» деген едіңіз бір жазбаңызда. Сізді әдебиетке құштар еткен осы ұстаздарыңыз жайлы айтып берсеңіз.
– Қаратерең орта мектебіне Шанжархан Бекмағамбетов 1975 жылы, Сәмен Құлбарақов 1977 жылы мұғалім болып келді. Бірі КазГУ-дің, екіншісі КазПИ-дің түлегі еді. Екеуінің де білімі көл-көсір. Сабақты жаңаша өткізеді. Бәрімізді шығарма жазуға баулыды. Жазған-сызғанымызды саралады. Талғам дегеннің не екенін ұқтырды. Сонда бір байқағаным, менің клас­тастарым жазуға өте бейім екен. Біз осындай мықты бәсекелестік ортада шыңдалдық. Оның үстіне Сәмен ағайдың ауылда бокс секциясын ашуы баршамызды оған бір табан жақындата түсті. Өзі қазақ боксының атасы, әйгілі Шоқыр Бөлтекұлының шәкірті екен. Бұлардың екеуі де тегін жігіттер емес еді. Қазір еліміздің іргелі жоғары оқу орындарында бірі тіл саласынан, екіншісі  әдебиет пәнінен сабақ береді. Біреуі – филология ғылымдарының докторы, профессор, екіншісі – филология ғылымдарының кандидаты, доцент. Мен мектеп қабырғасының өзінде осындай қарымды ұстаздардан дәріс алдым. О бастағы жолым түзу болды.  
– Жасынан сөз өнерін серік еткен қалам­герлердің еңбек жолы аудандық баспасөзден басталады. Ал сіздің тұңғыш туындыңыз қай газетке шықты?
– Ең алғашқы мақалам Қаратерең орта мектебінің 7-класында оқып жүргенімде «Қазақстан пионері» газетінің бірінші бетіне жарияланды. «Балық тізуге барғанда» деп аталады. Жанры – репортаж. Ол кезде оның репортаж еке­нін қайдан білейік?! Бар білетінім, жіберген мақалам бір әрпіне дейін өзгермей жарық көрді. Осының өзі маған қатты әсер етті. Ғаламат жігер сыйлады. Бұл 1976 жылдың 13 маусымы еді. Мен өз соқпағымды осылай бастадым. Содан соң өндіріп жаздым…
– Мектепте жүрген бозбала шағыңызды «зат алмасу процесі сияқты хат алмасу процесі де үздіксіз жүріп жататын еді» деп еске алыпсыз. Сол хат жазу да қаламгерлік қабілетіңізді шыңдауға үлес қосқан болар?
– Мен жас шағымда қыздарға сезімімді хат арқылы білдіре қоймадым. Себебі, ойымды ауызша айта алмайтындай тым жігерсіз емес едім. Оның есесіне, бүкіл қатарластарыма хат жазып бердім. О, қайран менің хаттарым сұмдық еді!   Қаласам, өлеңмен жазам, кейде қара сөз­бен төгілтем. Соның бәрі қыз-қырқынның емешесін құртып, егілтуге молынан жарайды. Тіпті, өзімнен жасы әлдеқайда үлкен ағаларыма да хат жазу арқылы көмектескен кезім болды. Мәселен, мектеп бітірген жылы құрылыста Абай деген жігітпен бірге жұмыс істедім. Сол Абай ағамның құрылысқа көрші ауылдан келген Пісте деген қызға аяқ астынан есі кеткені. Хаттың алғашқы екі жолын өзі жазып әкелді. «Қалқатай, кешіктірмей қайтар жауап, Қалмасын Абай ағаң жерге қарап»… Болды. Осы жетеді. Әрі қарай жалғастыра жөнелдім. Қанасына сыймай жүрген он жетідегі бозбаламын ғой. Өлең дегенің ағылып жатыр, төгіліп жатыр… «Жүрегім сені аңсайды, іште – жалын, Бақытым боласың ба, Пісте жаным?»… Міне, хат ішіндегі нақ осы жолдар болашақ Пісте жеңешеміздің бетін бері қаратқан сияқты. Қазір екеуінің пәленбай ұрпағы бар. Қаратереңдегі ең бақытты шаңырақтың бірі. Сөйтіп, менің хаттарым өз шығармашылығыма да, өзге тіршілікке де пайдасын тигізді.
– Ауылда жүрген шағыңызда жазушы Қуаныш Жиенбайды «Лениншіл жас» арқылы таныған едіңіз. Кейін сол кісімен бір қызметте болуыңыз кездейсоқтық па, әлде «мен де сондай болам» деп белді бекем буған жігіттік шешім бе еді?
– Кездейсоқтық деуге де, олай емес деуге де болады. Кездейсоқтық дейтінім, мен қызметке тұратын жылы «Лениншіл жастағы» («Жас алаш») сол кісі басқаратын бөлімде орын босады. Әйтпесе, басқа бөлімге де баруым мүмкін еді ғой. Олай емес дейтінім, Қуаныш ағаға студент кезімнен жиі барып, үнемі мақала апарып тұрдым. Ол кісі шетінен шығарып беретін. Көп нәрсе үйрендім. Ол жақсы аға, мен ізетті іні болдық. Әлі күнге дейін сыйластығымыз үзілген жоқ.
– Студенттік шақты әде­мі де әсерлі суреттейтін «11-ші қаламұш» кітабын жазу идеясы қай кезде туындады?
– Бұл ой 2007 жылы «Астана хабары» газеті бас ре­­дакторының бірінші орын­­­басары болып жұмыс істеп жүрген кезде туында­ды. Бас редакторым, бел­гілі публицист Нұртөре Жүсіп екеуміз басылымды көр­­кейту жөнінде күнде ақыл­дасатынбыз. Бір күні өзгелердің мәселесін қоз­ғай­тын, ал өздері үнемі тасада қалатын журналистер туралы портреттік мақалалар жариялап отырайық деп шеш­тік. «Болар елдің баласы…» деген айдар аштық. Содан мен өзіммен бірге оқыған қарымды журналистер туралы жаза бастадым. Өйткені, жастайымнан жақсы білетін әріптестерім жөнінде қалам сілтеу оңайлау еді. Оның үстіне, олар менің жеңіл юмормен шымшылап отырып, еркіндеу жазатын стиліме әбден көндіккен-ді. Яғни, мақала жарияланған соң біреулер секілді аттандап шыға келмейді. Ал бұл кезеңді бейнелеу үшін студенттік өмірді қамтымаса болмайтыны белгілі. «11-ші қаламұш» – танымал журналист Талғат Батырхан туралы эссенің атауы. Себебі, ол біздің бала кезімізде бәріміз жазу өнерін үйренген 11-ші қаламұшты әлі күнге дейін пайдаланатын. Осы детальді тұтас бір бір буынның ортақ машығы ретінде қарастырдық. Содан басталды… «11-ші қаламұш» кейін «Төртінші билікке» жол ашты. Біріншісіне Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов, екіншісіне Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Құл-Мұхаммед алғы сөз жазды.
– Шәкірат, Шәкізат Дәрмағам­бетовтер, Бегімбай Ұзақбаев, Толыбай Абылаев, Сайлау­бай Жұбатыров сынды қаламгерлерді аудан халқы мақтан тұтады. Ал сіз Сыр бойынан шыққан жас журналистердің қайсысынан үміт күтесіз?
– Мен де ол кісілерді өте құрметтеймін. Тек бұл тізімді әріден бастау керек. Аралдың атын әлемге танытқан аса талантты қаламгерлер баршылық. Әбдіжәміл Нұрпейісов, Зейнолла Шүкіров, Абдулхамид Мархабаев, Молдахмет Қаназ, Жарасқан Әбдірәшев, Шөмішбай Сариев, Жақсылық Түменбаев, Жақау Дәуренбеков, Қуаныш Жиенбай… Солардың даңқты жолы бізге үлгі болды. Бәрін де мақтан етеміз. Кейінгі буын ішінен де қабілетті жастар өсіп келеді. Соңғы жылдары солардың арасынан үшеуіне назар аудара бастадым. Бәрі де – осыдан жиырма екі жыл бұрын Қызылорда гуманитарлық университетінің ректоры, көрнекті ғалым, қоғам қайраткері Бақберген Досманбетов ашқан, өзім де негізі қалануына үлес қосқан Сыр бойындағы журналистика бөлімінің түлектері. Біріншісі – «Қазақстан» ұлттық арнасының Еуропа елдеріндегі меншікті тілшісі Нұрсұлу Қасымова, соңғы екеуі – Ұлыбританияда білім алып жатқан жас журналистер Ғалымжан Бәйімбет пен Нұрбек Әмиша. Үшеуін де титімдей кезінен жақсы білемін. Көз алдымда жетіліп келеді. Бұлар қазір жақсы жолда жүр. Бір кезде Бақберген ағам министрліктегілермен арпалысып жүріп ашқан бөлім осылайша жемісін берді. Тағы бір тілегім, қай-қайсысының да күнделікті ақпараттан гөрі сүбелі де сүйекті туындыларға ұмтылатын уақыты жетті. Өйткені, қазір журналистердің тіл білуі де онша жаңалық емес. Шетелде оқығандар жетіп артылады. Ал шеберліктің аты – шеберлік. Мен осы үшеуінен үлкен үміт күтетін болған соң бөле-жара атап отырмын. Егер менің көмегімді қажетсінше, қолымнан келгенше қолдап-қуаттауға тырысамын.
– «Ауыл аймағының тыныс-тіршілігінің бәрі балықпен байланысты еді. Сол жылдарда аудандық «Толқын» газетінің «Теңізден маржан сүзгендер», «Береке – балықтан, бас­тама – халықтан» сынды мақа­лаларынан да балықтың исі шығып тұратын. Тіпті, сатиралық бетінің өзі «Қармақ» аталды» деп жаздыңыз «Қаратерең вальсі» кітабыңызда. Аға, бүгінгі Аралға қарап қандай ой түйесіз?
– Бүгінгі Арал – үміт пен күдіктің, қасиет пен қасіреттің не екенін жақсы білетін көнбіс жұрттың мерейлі мекені. Өйткені, аралдықтар бұдан да ауыр кезеңді бастан өткерген. Халқының біраз бөлігі үдере көшкенде елді қимай, атажұртта қалғандар қазір еңбегінің игілігін көруде. Әсіресе, өзім туып-өскен Қаратереңнің ахуалы жақсы. Ілгерідегі тоқал тамдардың бірі де жоқ. Бәрі дерлік үйлерін еңселі етіп қайта салған. Бір қарағанда, баяғы Алматы облысындағы атақты Николай Головацкий басқарған ауылды көзге елестетеді. Шаруашылық ондай мықты болмауы мүмкін, бірақ көшелер сондай көрнекті. Құдабай Жиенбаев деген іскер әкіміміз бар. Шындығында, Кіші Аралдың бар қызығын осы ауыл иеленіп отыр. Өзге ауылдар да осындай дәрежеге жетсе деймін. Аймақ басшысы Қырымбек Елеуұлы өзі бастап қолға алып жатқан Аралды құтқару жөніндегі жобалардың мақсаты да осы деп білемін. Бүгінгі Кіші Арал – қателікті қайталамаудың, қасіретпен күресудің символы.
– Қазірде «Арал» десе, басқа өңірлерде «тартылған теңіз», «тұзды аймақ» екені ғана айтылады. Ал сол теңіздің толқыны тулап жатқан кездегі аты аңызға айналған «Барсакелмес» аралы туралы неге көп адам біле бермейді деп ойлайсыз?
– Алдымен бір нәрсеге анықтама бере кетейік. Сырт аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Барсакелмес» пен «Возрождение» аралдарын үнемі шатастырып алады. «Бір кезде «Барсакелмес» аралында бактериологиялық қару сыналған» деген сипаттағы ақпараттардан көз сүрінеді. Егер Барсакелмес­те қару сыналса, сонау 1953 жылы Түрікменстанның Бадхыз қорығынан жеткізілген құландардың бүгінгі ұрпақтары шетінен баудай түсіп, сес­пей қатып жатпай ма? Бұл – Сыр   бойы    журналистерінің «Бар­сакелместі» кеңінен насихаттай қойма­ғанының әсері. Екеуі – екі түрлі арал. «Барсакелмес» – төсінде құлан жортқан белгілі қорық. «Возрождение» – әскери нысандарға мекен болған құпия орын. Бір заманда теңіздің төріндегі екі аралға да жету қияметтің қияметі болды.  «Барсакелмес­ке» анда-санда рұқсат беріліп қалатын. Содан жаныңды шүберекке түйіп, ұшы-қиыры жоқ теңіздің үстімен қалт-құлт еткен самолетпен ұшып барасың. Ал «Возрождение» сені маңайына жолатпайды. Қазір теңіздің суы қайтқан соң екеуі де құрлықпен тұтасып кетті. «Возрождение» баяғыда-ақ жұмысын тоқтатты. «Барсакелмес» қорығы да, оның қорықшылар сирек көретін құландары да дін-аман. Өз басым «Жас алашта» қызмет істеп жүрген кезімде «Барсакелмес» қорығының сол тұстағы директоры Сабырбай Мұсаевпен сөйлесіп, «Арал қойнауындағы арал» деген көлемді мақала жарияладым. Ал осыдан алты-жеті жыл бұрын қорықтың қазіргі директоры, білікті менеджер Зәуреш Әлімбетованың шақыруы бойында «Барсакелместі» армансыз аралап шықтым. «Барсакелмес» туралы көп айтылды, қаншама көркем шығармалар жазылды. Тек бұл тақырыпқа ептеп қызығу керек.
– Бала кезіңізді еске алғанда «қас қарая балықшылар ауылының бүкіл баласы дас­тарханда бас түйістіреді. Білте шамның жа­рығымен жағаласып отырып, асқан балықты жабыла жейді» деген едіңіз. Бүгінде дастарханыңызда көк теңіздің көксеркелерін қаншалықты қонақ етесіз?
– Аралдықтардың шаңырағы балықсыз отыр­мауға тиіс. Алайда, астаналықтарға ұдайы балық жеудің реті келе бермейді. Себеп көп. Өзге жердің балығы Аралдың балығына жетпейді. Шалғайдағы ел жақтан үнемі алдырып тұрудың жөні жоқ. Сол талғампаздық балыққа көп мо­йын бұрғыза бермейді. Дегенмен, сары сазанды, тікенсіз тістіні анда-санда үйге әкеліп, өзіміз де, балалар да бір жырғап қалатын кезіміз болады. Балықты пісіру –  үлкен өнер. Әсіресе қарманы жасау өте қиын. Жұрт жаппай үрдіс қылмайтын, ұмытылып бара жатқан тағамның түрі. Бірақ отбасымызбен Аралда өскен соң, бірдеңе етіп игеруге тырысамыз.
– Аға, ауылдан ұзап шыққаннан бастап, еліміздің түрлі аймақтарынан жора-жолдас таптыңыз. Көп жерлерде іс-сапарда бол­дыңыз. Сондай сәттерде өзіңіз айтқандай, «теңізбен тамырласып, балықпен бауырласып» жататын Арал халқының болмысы басқалардан қалай ерекшеленіп тұрады екен?
– Теңіз жағасында өскен қыз-жігіттердің мінезі өзгелерден бөлектеу болады. Басқалармен тезірек тіл табысады. Байқаған нәрсесін сол бойда бетке айтып тастағанды жаны қалап тұрады. Шетінен аңғарымпаз келеді. Әр құбылыс туралы өзіндік ой-пікір қалыптастыра біледі. Сондай-ақ ептеген қырсықтықтан да ада емес. Бір қасарысса, шалқайып жатып алады. Бірақ бәрінің де қайтымы тез. Қай-қайсысы да адамға жақсылық жасаудан ләззат алады. Мұны алғаш айтқан мен емес. Оны әлемге әйгілеген – атақты жазушы Әбдіжәміл Нұрпейісов. Сенбесеңіз, Әбеңнің шығармаларын оқыңыз. Еламан, Кәлен, Сүйеу, Тәңірберген, Ақбала, Судыр Ахмет, Жәдігер, Бәкизат, Әзім, Сары Шая, Көткеншек Көшен… Осылардың бойындағы қасиеттердің бәрі Арал адамдарының қанынан табылады. Менің жақын араласатын дос-жарандарым тек Аралдың перзенттері ғана емес. Бірақ олардың арасына аралдықтарға тән ақжарқын мінез-құлықтың арқасында көбірек сіңдім дей аламын.  
– «Бақыт дегеніміз – адамның өзіне-өзі разы кезі. Адал өмір сүру деген де осы» дей­ді М.Горький. Өз-өзіңізге разы болатын кездеріңіз жиі бола ма?
– Горький ақсақал өте дұрыс айтқан. Өзіне-өзі риза адам бақыттың да  бағасын сезінеді. Бірақ бақытты екенмін деп, таңертеңнен кешке дейін қамсыз отырған да дұрыс емес. Өйткені, ертең не болатынын Алла біледі. Бақытты болудан гөрі, сол бақытты ұстап тұру өте маңызды. Жалпы, қанағатшылдық сезімі маған жақындау. Тіпті өз-өзіме соншалықты риза болғанның өзінде оны жалпақ жұртқа жария етуге аса құмар емеспін.
– Ауылға жиі ат басын бұрасыз ба?
– Әрбір адам туған жерінен тамыр үзбеуі керек. Біздің Қаратереңнен шыққан талантты ақын Талғат Тілеулесовтің «Топырақ шашпан көпке мен, Бірлікті жаным қалады. Кім болсын, мейлі, жек көрем, Ауылын сағынбағанды», – деген өлең жолдары бар. Сол Талғат інім дұрыс айтады. Ауылға көп уақыт бойы ат ізін салмай кетсек, ақын ғана емес, өзімізді өзіміз де жек көріп кетеміз. Әртүрлі себеппен ел жаққа жолымыз түспей жатады. Сондайда жат болып бара жатқаныңды сезесің. Биыл ауылыма арнайы бардым. Сегіз жастағы тұңғыш немерем Аяжанды ертіп шықтым. Оны Қаратереңнің ысылдаған шеге құмымен жаяу жүргіздім. Балық шаруашылығы мекемелерін аралаттым. Көкарал тұсындағы балықшылардың балықты қалай аулап жатқанын көрсеттім. Кіші Арал туралы әңгімелеп бердім. Не түсінгенін қайдам, немерем әйтеуір екі құлағы қалқайып, тыңдады да отырды. Жалпы, немерелерімнің бәрі де Қаратереңде болды.
– Баяғы бозбала Бауыржанды өзіңізге бетпе-бет әкелсе, оның қай арманын орындап берер едіңіз?
– Негізі, оның көптеген армандары орындалды деп ойлаймын. Өз армандарына өзі қол жеткізуге мүмкіндігінше тырысып бақты. Ал кейбір армандардың арман күйінде қалғаны дұрыс. Ол тым арманшыл болатын. Ал мен қазір онша арманшыл емеспін, оның есесіне тәубешілмін.
– Қазір неге шүкіршілік айтып, неге тәубе жасайсыз?
– Өткен өміріме, тындырған ісіме шүкіршілік етемін. Бала-шағамның, немерелерімнің аман­дығына тәубе деймін.  
– Өткенге қарап өкінетін сәттеріңіз бар ма?
– Жоқ, өкінішім бар деп айта алмаймын. Уайым-қайғы, өкініш-күйініш, қуаныш-шат­тықтың бәрі Алланың қалауымен болады. Әркім өз тағдырына риза болуы керек. Тек қана алға қараған жөн. Қараңғылықтың ар жағында да жарық бар…
– «Жақсы кітап–ақылды адамның әңгі­месімен бірдей» дейді. Сіздің өміріңізге бетбұрыс жасап, жақсы ой тастаған қандай кітап?
– Көп қой. Әр кітап әртүрлі әсер етеді. Әрқайсысы белгілі бір ой салады. Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасы», Төлен Әбдіковтің «Әкесі», Сайын Мұратбековтің «Жабайы алмасы», Мұхтар Мағауиннің «Мені», Нодар Думбадзенің «Мәңгілік заңы», Зияддин Нахшабидің «Тотынамасы»… Кейінгі оқыған шығармам – Рахымжан Отарбаевтың әлі кітап болып шықпаған «Бас» романы. Осылардың бәрінен де тағылым алдым.
– 150-ден астам ғылыми мақалалар мен оншақты ғылыми және публицистикалық кітап жаздыңыз. Солардың ішінде өзіңіздің азаматтық позицияңыз бен адамзаттық болмысыңызды ашып берген, оны оқып отырып сізді танитындай туындыңыз қайсы?
– Бәріне де көзқарасым бірдей. Әйтсе де, ғылымдағы «Зар заман поэзиясы» деген монографияма және публицистикадағы «11-ші қаламұш» деген кітабыма жұрттың ықыласы көбірек ауды-ау деймін. Бірақ мәселе онда емес, менің қандай қызметте жүрсем де жазуды ұмытпағанымда. Өзімнің шығармашылық жоспарым бойынша тұрақты жұмыс істедім. Еркін шығармашылықпен айналысатын әріп­тестерімнен кем еңбек еткенім жоқ. Қай кезде де, шамам жеткенше сапалы жазуға, өз салам бойынша қатарымнан кем қалмауға тырыстым.
– Сіз жастарға сенесіз бе? Ізіңізден ерген іні-қарындастарыңызға қандай ақыл айтар едіңіз?
– Ұлы Мағжан ақын сенген жастарға мен неге сенбеуім керек?! Әрине, сенем. Әркім – өз заманының қожасы. Қазіргі заманның тегершігі солардың қолында. Кейінгі іні-қарындастарыма ешқандай ақыл айтпаймын. Бәлкім, олардың көбі менен әлдеқайда ақылды шығар. Мүмкін, менің ақыл-кеңесіме мүлде зәру емес шығар. Қайдан білейін?! Бәрін де ойлаған жөн.
– Бүгінгі көңіл көзіңіз нені байқап жүр? Сізді қандай жайт қатты алаңдатады? Немесе не нәрсе қуантады?
– Кітап оқитын буынның қатары аза­йып келеді. Үлкенге құрмет кемшіндеу. Жас журналистердің сөздік қоры жұтаңдау. Жалпы, өзі бұған алаңдау керек пе, жоқ па? Өйткені, олардың өздері алаңдап жүрген жоқ қой осыған. Мүмкін, солай болуы заңдылық шығар? Көп балалы жастардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Мәселен, Қазалы аудандық газетінің бас редакторы Дәурен Омаров деген отыз бір жастағы әріптесімнің бес баласы бар екен. Мұндай жігіттерді тек қана құрметтеу керек.
– Аралды көркейту үшін қандай кәсіпті дұрыстап қолға алу керек деп ойлайсыз?
– Аралды көркейту үшін кәсіптен гөрі мәселені шешуді дұрыстап қолға алу керек шығар. Бұл – өте күрделі проблема. Талайларға жүк болған. Әлі де жалғасып келеді. Облыс әкімі, еліміздегі ең тәжірибелі басшылардың бірі Қырымбек Көшербаев үнемі мән беретін міндеттерінің бірі осы деп ойлаймын. Аралды сақтап қалу үшін көп нәрсе жасалып жатыр. Жақында елге барған сапарымда соның бәрін көзбен көрдім.
– Журналистикадағы өз жазу стиліңді қалыптастыру үшін не істеу қажет?
– Журналистикадағы өз жазу стиліңді қа­лыптастыру үшін… оны тезірек қалыптастыру керек. Атақты ақын Мұхтар Шаханов «Жол іздеймін әлі ешкім бастамаған, Өзіме шақ көгілдір аспан алам», – дейді. Мен оқуға түскенде өлең жазатын едім. Өлеңнің теориясын, ішкі иірімдерін жақсы білдім. Егер қаласам, қазір де тәуір өлең жаза аламын. Бірақ өлең жазу бір бөлек те, оның нағыз поэзия болып шығуы басқа мәселе. Менің курсымда ­Бауыржан Үсенов, Светқали Нұржанов, Гүлнар Салықбаева сияқты аса талантты ақындар болды. Сондықтан мен өлең өлкесін өз еркіммен тастап шықтым. Содан соң прозаға ауысқым келді. Алғашқы әңгімелерім жинаққа шықты. Алайда менімен қатарлас прозаиктер де өте тегеурінді еді. Нұрғали Ораз, Жүсіпбек Қорғасбек, Жаңабек Шағатай, Талаптан Ахметжан, Талғат Кеңесбаев, Асқар Алтай… Сөйтіп, прозаны да қойдым. Бір күні ойладым. Осы журналистік дүниелерді неге оқылатындай етіп, қызғылықты тәсілмен жазбасқа?! Әртүрлі форма іздедік. Көрші елдердегі әріптестеріміздің жазғандарын сараладық. Ақыры өз стилімізді тапқандай болдық. Сөйтіп, публицистикадан ептеп бағымыз жанды-ау деймін.
– «Адамгершілік жоғалса, адам аңға айналады» дейді жазушы Төлен Әбдік. Адами қасиеттерден айырылмау үшін оны үнемі баптап отыру керек пе, әлде ол қаннан келетін қасиет пе?
– Қанмен де келеді. Сондай-ақ, оны баптап та отыру керек. Әр адам өзіне күн сайын есеп беріп қойғаны жөн. «Осы істеген ісім адамшылық жоралғыларына қаншалықты сәйкес келеді» деп көңіл сүзгісінен өткізе салған дұрыс. Адамгершілік бүкіл қоғамның темірқазығы болуға тиіс. Ең қадірлейтінім және өзім ұдайы ұстануға тырысатын қасиетім – қарапайымдылық. Ал қарапайымдылық әлгі сіздің айтып отырған адамгершілігіңізге жол ашады.
– Көп қолданатын афоризм, нақыл сөз­деріңіз қандай?
– Жастау кезімде «Өлмегенге өлі балық кездеседі» деген сөзді көп айтатынмын. Балық­шы ауылдың баласы болғандыкі шығар. Кейінірек «Тас­пен ұрғанды  таспен ұр» деген Олжас  Сүлейменовтің қанатты сөзі көбірек ұнайтын болды. Қазір «Кең болсаң, кем болмайсың» дегенге тоқтайтын жасқа келдік. Жалпы, қазақтың қай мақалы да текке айтылмайды…

Әңгімелескен,
Әсем ҚҰЛМАНОВА.
Астана қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<