Ұрпақ тәрбиесіне үлкендер жауапты

1297

0

Бізде балалардың жеке басының қадір-қасиетін қорлаудан, үлкендер тарапынан ұрып-соғу, ұрлыққа жұмсау, қаңғыбастыққа итермелеу сынды теріс әрекеттерден қорғайтын заң бары белгілі. Әрі бала өз ойын, пікірін еркін жеткізуге құқылы. Тәрбиені бесіктен бастайтын дана халқымыз бала құқығын қорғауда талайға үлгі бола алады. Бірақ соңғы жылдары отбасыдағы осы дәстүрден тым алшақтағандар қатары кемімей тұр. Былтырдың өзінде сотпен 262 адамға қатысты әкімшілік іс қаралған. Оның ішінде 199 тұлғаға қатысты әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарылып, 62 тұлғаға қатысты әкімшілік іс өндірістен қысқартылған.

Біз осы орайда облыстық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Қанатбек Абдуллаевпен сұхбаттасқан едік. Жасөспірімдердің қылмысқа бой алдыруының басты себебі, балалар арасындағы құқық бұзушылықтың өзекті мәселелері әңгіме арқауы болған еді.

– Қанатбек Амангелдіұлы, алдымен оқырманға түсінікті болу үшін аталған соттың негізгі функциясына тоқталсаңыз…

– Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 3 бағыт бойынша істер қарайды. Олар азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істері. Мысалы, азаматтық істерді айтатын болсам, бала асырап алу, алимент мөлшерін азайту, балалардың тұрғылықты мекен-жайын анықтау, әкелікті анықтау мен алимент өндіру туралы, балалармен кездесу уақытын белгілеу және девиантты мектепке жіберу, ата-аналық құқығынан айыру, т.б. бойынша қаралады. Қылмыстық істер бойынша көбінесе ұрлық, тонау сынды істер қаралса,  әкімшілік істерге кешкі уақытта кәмелетке толмаған бала заңды өкілінсіз үйінен тыс жерлерде, ойын-сауық орындарында жүруі, қоғамдық жерлерді ластауы  сияқты бұзақылықтар жатады.

– Жыл басынан бері сот қарауына қанша іс келіп түсті? Облыста жасөспірімдер арасындағы бұзақылықтың қай түрі жиі орын алып отыр? 

– Жыл басталғалы сотқа  8 қылмыстық іс қаралып, 6 іс бойынша 7 адамға, оның ішінде 3 кәмелетке толмағандарға қатысты үкім шығарылды. Азаматтық бойынша 134 іс өндірістен аяқталып, оның ішінде 93 іс бойынша шешім қабылданған, 7 іс медиация тәртібін қолданумен аяқталған. Сонымен қатар, аталған мерзімде сотпен 61 адамға қатысты 61 әкімшілік іс қаралған, оның ішінде 40 тұлғаға қатысты әкімшілік жаза қолдану туралы қаулы шығарылды, 14 тұлғаға қатысты әкімшілік іс өндірістен қысқартылды.

Бізде көбіне-көп 18 жасқа толмай түнгі ойын-сауық орындарында жиі жүретіндер көп. Компьютерлік ойындарға құмарлар баршылық. Ұсақ бұзақылықтар мен ұялы телефон ұрлау сынды әрекеттер де  кездеседі.

– Медиация деп қалдыңыз. Соттың ұйғарымымен дауды медиация тәртібімен реттеу туралы кеңірек айтсаңыз…

– Сотқа талап арыз түскен күннен бастап, алдын ала сот отырысына бітістіруші судья тараптарға медиация тәртібін және оның тиімді тұстарын түсіндіріп, оларды ортақ бітімге шақырады. Сондай-ақ, тараптар бітістіруші судьяның сөзіне құлақ асса, медиативтік келісім жасап, сот ұйғарым шығарады. Сөйтіп, екіжақты наразылық болмай, іс тоқтатылады. Яғни, татуласады.

Біздің ұлттық заңнамамызда медиация инс­титуты «Медиация туралы» Қазақстан Рес­публикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы заңымен реттелген. Заң медиацияны ұйымдас­тыру саласындағы қоғамдық қатынастарды реттейді, оны жүргізу қағидаттары мен рәсімін, сондай-ақ медиатордың мәртебесін айқындайды. Аталған рәсім жеке немесе заңды тұлғалардың қатысуымен болатын азаматтық, еңбек, отбасы және басқа құқық қатынас­тарынан пайда болатын дауларды өркениетті әрі жедел жолмен реттеуге мүмкіндік береді.

Біз ата-баба жолынан алыстаған жоқпыз. Тура, әділ билер ел көңілінен қашан да шығып отырған. Енді қараңыз, сол заманғы ақылды билер, істі ушықтырмай, екі жақты бітімге шақырады. Тіпті, бітістіріп қоймай, татулыққа үндеп, ата-баба жолымен ағайындықты арттырады.

Айтқым келгені, бүгінгі медиация ­жұмыса да сол ертеден келе жатқан билер дәстүрінің жалғасы. Яғни, медиатор – екі жақты бітістіруші тұлға. Ол сотқа дейін не сот процесі барысында ұрлыққа қатысты, төбелес сияқты мәселелерде жәбірленуші жақтың кешірім беріп, жазаланушы тараптың шығынды өтеу сынды жұмыстарын ұйымдастырып, қанағаттандырады.

– Кәмелетке толмағандармен жұмыс жүргізу, білім орындарымен қатынас, мектеп психологымен бірлескен жұмыс жоспары бола ма?

– Әрине, болады. Ата-аналық құқығынан айырылған не болмаса девиантты мектепке жіберілген балалардың тікелей мінез-құлқы, тәртібі назарға алынады. Жіберілген кемшіліктер бойынша білім беру орындарына жекеше ұйғарым жолданып, басты қадағалау солармен бірлесе жүргізіледі.

– Көше бұзақыларына қатысты кейбір жоғары сынып оқушыларының еліктеуін байқап қаламыз. Шылым тарту, ішімдік, ұрлыққа әуестене бастау… Қалай ойлайсыз, мұның астарында нендей түйткілдер бар?

– «Тәрбие тал бесіктен» деп бабаларымыз текке айтпаған. Ата-аналар осы сөзге басымдық берсе екен. Біз балаға қалай тәрбие бердік, ол солай қалыптасады. Мысалы, ұрлық. Бала қызығушылықпен әдемі қаламсапты сыныптағы оқушының сөмкесінен ұрлады. Байқатпай. Ол келесі жолы тағы да байқамайды дейді де, басқа заттарды ұрлауға әуестенеді. Бұл сосын әдетке айналады. Ұрлық пен өтірік айт­пауға өз шаңырығымыздан бастап үйретуіміз керек. «Ала жіпті аттамау» жайлы бабалардан келе жатқан тәрбие құндылығын ұрпақ санасына құя берсек екен.

Рас, сіз айтып отырған отбасыдағы қиындық, жетіспеушілік бала санасына әсер етпей қоймайды. Тұрмыстағы жанжал, әке не шешенің балаға көңіл аудармауы, оның жылулықты басқа жақтан іздеуіне себеп болады. Себеп болғаны соншалық, ата-анадан қайыру көрмей өскен жасөспірім түрлі қылмысқа бе­йімделе бастайды. Өзіңіз сұрақта айтқандай, ұрлық пен тонау, түрлі көше бұзақыларына еліктейді.

Ал енді «жаздым», «жаңылдым» деп келгенімен сот тарапынан оны заңға сәйкес жаза күтіп тұрады. Осыны ұмытпасақ екен. Бала тәрбиесіндегі басты салмақ үлкендерге түседі. Солар жауапты болуы тиіс.

– Мектеп оқушылары мен студенттер арасында кездесулер өте ме? Бәлкім, сот жазасы туралы естіп, бұзақылықтан бой тартуы мүмкін ғой.

– Жиі өткіземіз. Жыл басында Қызылорда облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ішкі жұмыс жоспары құрылады. Яғни, ай сайын өткізілетін іс-шаралар бойынша міндетті қызметкерге жүктеледі. Судьялар білім беру орындарымен, оның ішінде орта және жоғары оқу орындарымен  ай сайын кездесуге барып та жүр. Кездесу барысында оқушыларға, студенттерге құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын және заңға қайшы мінез-құлықтың алдын алудың неғұрлым тиімді жолдарын қарастыра отырып, түрлі лекциялар оқылады. Пікірталас болып, сұрақтарға жауап беріледі. Сондай-ақ оқу орнында қиындық тудырған оқушылар, яғни, бұзақылыққа бейім жасөспірімдер тобын дер кезінде анықтауға осындай мектеп, басқа да оқу орындарымен өтетін кездесулердің біз үшін пайдасы өте көп.

– Ажырасудың көп себебі бар. Ал енді өкінішке орай, кейбір ата-аналар «бала түгілі, бас қайғы» деген сылтаумен өз ұрпағын қараусыз қалдырып жүр. Далада қалған баланың жайы қалай болмақ?

– Бізде сотқа дейін арнайы комиссия құрылып, оның ішінде психолог, ювеналды полиция, тағы басқа мамандардың көмегімен қарастырамыз. Мысалы, анасы ішімдікке салынып, әкесінен мүлдем бейхабар, қаңғыбас­тыққа ұшыраған балалар бар. Сондай-ақ, өз әке-шешесінен безініп, суып кеткендерді қосыңыз. Олар тіпті өзін дүниеге әкелген жандарды тыңдамайды да. Түрлі қылмыс жасап, отбасын шаршатқандар бұлар. Осылайша, өз ұрпағынан жерініп, сотқа келетіндер де жетерлік.

Біз комиссияның қорытындысымын оларды арнайы бейімдейтін мектепке орналастырамыз. Бір немесе бірнеше жылға, одан қалса, 18 жасқа дейін сол мектепте қалдырамыз. Бұл тек соттың шешімімен жүзеге асады.

– Неке бұзылғаннан кейін бұрынғы ерлі-зайыптылар бір-бірінен бөлек тұратыны белгілі. Осы жағдайда балаларын көру-көрмеу себептері болып жатады. Айтыңызшы, балалардан тыс қалған екінші тараптың құқығы қалай болмақ? Мысалы, анасы көрсетпеген жағдайда әкесі өз балаларын ұрлап қашқан жағдайлар да болды емес пе?!

– Неке бұзылғаннан кейін, ортадағы бала әлбетте анасының не әкесінің қолында қалдырылады. Сонымен қатар, бұл жерде баламен кездесу уақытын белгілеу дауы туындайды. Мұндай жағдайда тұрғылықты мекен-жа­йына байланысты қалалық не болмаса аудандық білім бөлімдеріне баламен кездесу үшін өтініш жазады. Шығарылған шешімге баланың анасы қарсы болып, көрсетпей жатқан жағдайда сотқа жүгінеді. Сот отырысында баланың пікірін тыңдап, жас ерекшелігін ескере отырып, тараптардың оған зиян келтіре алмайтындығына көз жеткізе отырып, шешім шығарамыз. Себебі, бала әкесін де, шешесін де көруге құқылы. Балаға ата-ана махаббаты қажет, оның саналы азамат болып тәрбиеленуіне екі жақты процесс болуы тиіс.

Әрине, мұның бәрі оңай емес. Ең бастысы – бұған жол бермеу. Отбасын сақтау бүкіл қоғам үшін құндылық болып саналады.

Әңгімелескен

Ержан ҚОЖАСОВ,

 «Сыр бойы».

Суретті түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<