ЖАҢА ӨЗГЕРІС – ӘЛЕУМЕТТІК ӘДІЛДІККЕ ЖОЛ

469

0

Елбасы Жолдауларында халықтың әлеуметтік жағдайына ерекше мән беріледі. Биыл да «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында зейнетақы төлемдеріндегі өзгерістерге айрықша тоқталды. Осы ретте жаңа жылдан бастап қолға алынған зейнетақы жүйесіндегі жүзеге асатын жаңалықтарды «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес акционерлік қоғамының Қызылорда облысы бойынша филиалы «Әлеуметтік төлемдерді ведомствоаралық есептеу орталығы» департаментінің директоры Салхадин Мырзабековтен сұраған болатынбыз. Әңгіме төмендегідей өрілді.
– 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап «Зейнетақы заңына» өзгерістер енгізілетіні белгілі. Ол қандай өзгерістер болмақ?
–  Бүгінгі күні базалық зейнетақы азамат­тың еңбек өтіліне және табысына қарамастан, баршаға бірдей тағайындалған. Алдағы уақытта мемлекеттік базалық зейнетақыны тағайындау әдістемесі өзгереді. Яғни, базалық зейнетақы тек қана жалпыға бірдей белгіленген зейнеткерлік жасқа жеткен кезде (58-63/63 жаста) және зейнетақы жүйесіне қатысу өтіліне байланысты тағайындалатын болады. Ол үшін қатысу өтіліне 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі және 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі (міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеу кезеңдері) жинақтаушы зейнетақы жүйесіне қатысу кезеңдері есепке алынады. Бұған қоса, басқа әлеуметтік маңызы бар кезеңдер – үш жасқа дейінгі балаға, 16 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтім жасау, дипломаттардың жұбайларының шетелде тұрған, әскери қызметшілердің, әлеуетті құрылымдар қызметшілері жұбайының жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоқ болған жерлерде, бірақ 10 жылдан көп емес, тұрған кезеңдері және «Байқоңыр» кешенінің ресейлік ұйымдарындағы 1998 жылғы 1 қаңтардан кейінгі еңбек қызметінің кезеңдері де қосылады.  
– Зейнетақыны қайта  есептеу үшін халық қосымша құжаттар өткізу керек пе?
– Базалық зейнетақыны қайта есептеу үшін қосымша құжаттарды ұсыну талап етілмейді, зейнеткерлер ешқайда бармайды. Өйткені, олардың зейнетақы істерінде еңбек өтілі туралы мәліметтер бар. Ал, міндетті зейнетақы жарналары аударылған кезеңдері аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы дерекқорында бар мәліметтерден алынады.
– Жоғарыда әйел адамның еңбек өтіліне 16 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтім жасаған уақыты қосылатынын атап өттіңіз. Мәселен, әйелдің 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі 13 жыл болса, қазір 10 жасқа толған мүгедек баласының күтіміне байланысты 9 жыл үйде отыр деп есептелік. Зейнетақы қорына ешқандай аударымдары жоқ. Мұндай жағдайда базалық зейнетақының мөлшері қандай болады?
–  Иә, заңнамада базалық зейнетақыны тағайындаған кезде 16 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтім жасау кезеңі де есепке алынатын норма көзделген. Осыған сәйкес, базалық зейнетақыны тағайындау кезінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін (13 жыл) еңбек өтілі және 16 жасқа дейінгі мүгедек балаға күтім жасау уақыты да (9 жыл) есепке алынады. Осылайша, жалпы еңбек өтілі 22 жылды құрайды, базалық зейнетақы мөлшері 28284 теңге болады.
– Ал еш жерде жұмыс істемеген, бірақ 5 баласы бар көпбалалы анаға базалық зейнетақы тағайындалады ма?
– Базалық зейнетақы еңбек өтілі болмаған жағдайда да тағайындалады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыс істемейтін балалы әйелдердің бала күтімінің уақыты, бірақ әрбір бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегіндегі уақыт базалық зейнетақыны тағайындаған кезде есепке алынады.
Бұл жағдайда еңбек өтілі 12 жылды құрайды және базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 58 проценті мөлшерінде тағайындалатын болады.
– Өзіңіз білесіз, әскери адамдар үнемі көшіп жүреді. Кейбірінің жұбайларына жұмыс істеу мүмкіндігі болмайды. Базалық зейнетақы тағайындалған кезде бұл кезеңдер есепке алына ма?
– Әрине,  есептеледі. Бірақ, жұмысқа орналасу мүмкіндігі болмаған жерлерде тұрған кезеңді растайтын құжат ұсыну керек. Сондай-ақ, әскери қызметшілердің жұбайларының мамандығы бойынша жұмысқа орналасу мүмкiндiгi болмаған жерлерде жұбайларымен бiрге тұрған, бiрақ жалпы жиынтығы 10 жылдан аспайтын кезеңдері есепке алынады.
– Жалпы бұл өзгерістің тиімділігі неде?
– Бұндай тәсіл, әлеуметтік әділдікті орнатады. Адам көп жыл жұмыс жасаған сайын, оның зейнетақысы да жоғары болады. Бұл барлық зейнеткерлерге қолданылатын болады. Мәселен, базалық зейнетақы төлемінің мөлшері зейнетақы жүйесіне қатысу өтілі 10 жыл немесе одан аз болса немесе мүлдем болмаса, онда оның мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 %-ін құрайды, 10 жылдан артық әрбір жыл үшін оның мөлшері 2 %-ке ұлғайтылады. Ал 33 жыл және одан көп болған жағдайда ол ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасына тең болады. Осылайша, базалық зейнетақының мөлшері бүгінгі күні азаматтар алып отырған зейнетақының мөлшерінен төмен болмайды.
– Сұхбатыңызға рақмет.

Әңгімелескен
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<